Білім беру

Білім беру жүйесінде қандай жаңашылдықтар жүзеге асырылды

Мемлекет «оқимын» деушілерге барлық қолдауды көрсетіп отыр. Бұл туралы Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Үкіметтің кезекті отырысында айтты. Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының осы жылдың 6 айында іске асырылу барысы туралы БҒМ басшысы Ерлан Сағадиев баяндап берді. Толығырақ, келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы07 Тамыз , 11:40

Е.Сағадиевтің айтып өткендей,  2018 жылға 8 индикатор, 52 көрсеткіш, 150-ге жуық іс-шара орындау көзделген. Барлық индикаторлар мен көрсеткіштер орындалуда.

«Біріншіден, мектепке дейінгі білім және тәрбие бойынша қазіргі кезде 3-6 жастағы балаларды қамту 93 проценті құрайды. Бұған «Балапан» бағдарламасының, жан басына қаржыландыру және өткен жылы қабылданған жаңа санитарлық нормалар мен өзгерістер жақсы әсер етті», - деді министр.

Министр  электронды үкімет пен е-әкімдіктің интеграциясының арқасында елдегі 25 қала мен 6 ауданда балабақшаларға электронды түрде жолдама беру іске асырылғанын, сондай-ақ, жыл соңына дейін барлық өңір аталған жүйеге қосылатынын айтты.

«Орта білім беруде жаңартылған мазмұнға көшу жалғасуда. Өткен жылдан бастап 1, 2, 5 және 7 сыныптар жаңа оқу бағдарламасының оқулықтары бойынша білім алуда. Осы 2018-2019 оқу жылынан бастап қосымша 3, 6, 8 сыныптар жаңартылған мазмұн бойынша оқуға көшеді. Оларға арналған оқулықтар дайын, сараптамадан өтті және басылды», - деді Е.Сағадиев.

 Сондай-ақ, бұл оқулықтарды облыстарға жеткізу жұмыстары басталып кетті. Бірақ, бұл әкімдіктердің жауапкершілігінде.

«Жалпы, облыстар көлік компанияларымен кітаптарды жеткізу бойынша келісімшартқа отырған. Бірнеше өңір, соның ішінде, Астана қаласы, Батыс Қазақстан облысындағы Зерен ауданы, Түркістан облысындағы 4 аудан осы күнге дейін бұл жұмыстарды бастаған жоқ», - деді ол.  

Министр айтқандай,  сол себепті де  оқу басталуына 20 күн қалғанда оқулықтарды уақтылы жеткізбеу қаупі аталған өңірлерде орын алып отыр. Осы жылдың аяғына дейін балалардың 75 проценті жаңартылған мазмұн бойынша оқиды. Осы орайда, шамамен 150 мың мұғалім арнайы оқудан өткен.

«Қазіргі уақытта  73 мың педагог оқытылып жатыр. Жаңартылған мазмұн бойынша білім беретін  205 мың педагогтың жалақысы  30 пайызға артты», - деді министр.

Сондай-ақ, министр қала мен ауыл мектептерінің білім сапасы арасындағы айырмашылық сақталып отырғанын жеткізді.

«9 және 4 сынып оқушыларының арасында сырттай бағалау нәтижесі бойынша мемлекеттік бағдарламаның жоспарланған көрсекішіне қол жеткізілген жоқ. Осы айырмашылықты жою үшін Дүниежүзілік банктің арнайы кредит қаржысын жұмсап, ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын күшейту, ауыл мұғалімдерінің білім сапасын көтеру жұмыстары басталды», - деді Е.Сағадиев.

Сондай-ақ, министр жан басына қаржыландыру өте маңызды екенін жеткізді.

 «Жан басына қаржыландыру нормативі бекітілді. Астана қаласында толығымен  74 мемлекеттік және 11 жеке меншік мектепте жан басына қаржыландыру механизмі енгізілді. Бұл   жұмыс   Шымкентте де енгізілуде. Осы орайда мақсатымыз барлық өңірлер мектептерін механизмдеу», - деді ол.

Министрдің  айтуынша, елдегі үш ауысымды мектеп мәселесі әлі де толық шешімін таппай отыр.Республикалық бюджет есебінен жыл сайын 110-нан 170-ке дейін мектеп салынады.

Сондай-ақ, министр мектептер салынса да,  үш ауысымды және апатты мектептер проблемасы сақталып отырғанын айтты.

«Оны үлкен қалаларда жан басына қаржыландыру механизмі арқылы шешетін боламыз. Бүгінгі күні елде үш ауысымдағы 120 жуық мектеп сақталып отыр. Оның ішінде, Алматы облысында 27, Ақтөбе облысында 24, Түркістан облысында 12, Ақмола облысында 12, Атырау облысында 11 мектеп», - деді Е.Сағадиев.

Министр айтқандай, елде 44 мектеп апатты жағдпайда тұр. Оның көбі Түркістан облысында тіркелген. Мұнда тозығы жеткен 12 мектеп болса, дәл осындай білім ошағы Жамбылда – 7, Атырау – 6, БҚО – 6.

«Үш ауысымда оқитын мектептердің болуының басты себебі демографиялық және миграция процестері. Мысалы, 2017 жылы Астанаға еліміздің басқа аймағынан 80 мыңға жуық адам көшіп келсе, олардың 17 мыңға жуығы балалар. Бұл жыл сайын шамамен 15 жаңа үлкен мектеп салу қажеттілігін тудырады», - деді ол.

Е.Сағадиев айтып өткендей, қазіргі уақытта мемлекет мектепті жаппай салуға бұрын болмаған қаражат бөлсе де, осы мәселені толығымен шешу үшін жан басына қаржыландыру, яғни, жеке меншік компанияларды мектептер салуға тарту жұмысын барлық қалаларда қазірден бастап қолға алу қажет болып тұр.

Министр атағандай, республикалық бюджетте жеке меншік компанияларға инвестицияны қайтіп беру қаражаты қарастырылған, нормативтік база бар.

«ТжКБ бойынша Елбасының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік білім беру стандарты толығымен жаңартылды,  барлық мамандық бойынша  145 модульдік бағдарлама жасалды. Колледждерге бағдарлама мазмұнын жұмыс берушінің талабы бойынша  50 пайызға дейін және дуальді білім беруде 80 пайызға дейін өзгерту жасалатын нормалар енгізілді», - деді Е.Сағадиев.

БҒМ басшысы атап өткендей, ТжКБ жобасы жалғасуда, қазіргі кезде келуші студенттер қатары  25 мыңға артып,  100 мыңа жеткен.

Сондай-ақ, халықаралық талаптарға, соның ішінде WorldSkills стандарттарына сәйкес жаңа білім беру бағдарламаларына кезең-кезеңімен көшіп жатырмыз. Қазіргі таңда 170-тен астам жаңартылған бағдарламалар дайын, жыл соңына дейін тағы 70 бағдарлама дайын болады.

Білім беру ведомствосы басшысының айтуынша, ерекше білім беру қажеттілігі бар адамдарға техникалық және кәсіптік білімге еркін қол жеткізу  бойынша жол картасының жобасы әзірленді.

«Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде жұмыс бәсекеге қабілетті кадрларды дайындауға, білім, ғылым және инновацияны интеграциялауға бағытталған. Мемлекеттік ЖОО-лардың ректорларын тағайындау кезінде ашықтық пен басты талаптар сақталуда. Ашық конкурс арқылы 19 ректор тағайындалды. Әлемнің үздік университеттерінің QS WUR рейтингісіне 2018 жылы 10 қазақстандық ЖОО енді», - деді Е.Сағадиев.

Министр айтып өткендей,  Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында биыл мемлекеттік тапсырыс көлемі 20 мың орынға артты. 2022 жылға дейін студенттер жатақханаларында 75 мың орын әзірлеу жоспарланған. Бүгінде әкімдіктер 140 жер телімінің бар екенін растады.

«2018–2020 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстары ғылымды дамытатын жеті басымдық аясында орындалуда. ҒЗТКЖ-ды қаржыландырудың жалпы көлемінде тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығындар үлесі 25%-ға жуық құрады, жоспар бойынша 22% болған. 2018–2020 жылдары гранттық қаржыландыру бойынша 1 мыңнан астам ғылыми жоба және ғылымды нысаналы қаржыландыру бойынша 92 бағдарламаның орындалуы басталды», — деп түйіндеді Е. Сағадиев.

Өз кезегінде, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев мемлекет оқимын деушілерге барлық қолдауды көрсетіп отырғанын, ТжКБ тегін болса да бұл салаға жастардың қызығушылығы  төмен екенін айтты.

«Елбасы тапсырмасы бойынша баршаға барналған  ТжКБ тегін білім беру жобасы жалғасуда. Бүгінде мемлекеттік тапсырыс   100 мың орынға ұлғайды. Алайда,  14-24 жас аралығындағы  жастардың техникалық және бейінді білім берумен қамтылуы аз болып отыр. Ол небәрі  17 пайызды құрап отыр. Ең төменгі көрсеткіш Алматы облысында-10 пайыз, Түркістан облысында – 13,9 пайыз, Солтүстік Қазақстан облысында – 14,4 пайыз, Жамбыл облысында  14,5 пайыз», - деді Б.Сағынтаев.

Осыған орай, Премьер  БҒМ мен әкімдермен, ҰКП-мен бірлесе отырып жұмыссыз жүрген жастарды кәсіптік және бейінді біліммен қамту бойынша жүйелі шаралар жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ, Б.Сағынтаев ЖОО мен колледждерде  берілетін  білім  экономика мен цифрландыру бойынша артта қалғанын жеткізді.

«Біз өңірлерге барған кезде, активпен кездесуде,  жобалау кеңсесі бойынша есептер қабылдаған кезде айтып жүрміз. Осыған орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен БҒМ әкімдермен бірлесіп кадрларға қажеттілікті жоспарлау  жүйесін ретке келтірсін», - деді ол.

Қорытындысында, Б.Сағынтаев БҒМ-ге білім сапасына кепілдік беру және сақтандыру бойынша нақты шараларды тапсырды.

Аягөз Құрмаш  




Яндекс.Метрика