Сараптама

«Цифрлық Жібек жолы» аясындағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының дамуы (САРАПТАМА)

Эксклюзив
Қазақстан тәуелсіздігінің ширек ғасырлық межесі жедел және күрделі өзгерістермен тұспа-тұс келді. Жаһандық экономикалық мен геосаяси бетбұрыстар, миграциялық тенденция, экологиялық проблема мемлекетаралық қарым-қатынастардың жаңа форматын қалыптастыруда. Технологиялық трендтер қоғамның экономикалық, әлеуметтік-мәдени даму сипатына өзгерістер енгізеді. Бұл құбылыс Төртінші өнеркәсіптік революцияның алғышарты ретінде бағаланады.
Астана қаласы02 Наурыз , 09:05

Дүниежүзілік экономикалық форумның құрушысы Клаус Швабтың пайымдауынша: «Төртінші өнеркәсіптік революция жаңа ғасырда басталды және ол цифрлық революция негізінде жүзеге асады. Оның басты сипаттары – кең таралған, шағын өндірістік құралдар, жасанды интеллект және оқытушы машиналар». Әлемге танымал футуролог Митио Каку бұл құбылысты «кемелденген капитализм» деп сипаттайды. Оның айтуынша, экономиканың цифрлық трансформациясы кәсіпкер мен сатып алушының арасындағы делдалды ысырып, сауда тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Төртінші өнеркәсіптік төңкерістің тегеурініне дамушы мемлекеттер уақытында бейімделуді көздейді. Өйткені, әлем халқының 17 %-ы Екінші өнеркәсіптік революцияны күтуде, ал 1,3 млрд. адамның электр желісіне қосылуға мүмкіндігі жоқ. Әр аймақта цифрлық технологияны пайдалану деңгейі әртүрлі. Цифрлық экономиканың негізгі көрсеткіші – интернет қолданушылардың үлесі дамушы мемлекеттерде әлдеқайда төмен, не бары -15,2%.

Жаңа технологияның дамуына сәйкес мемлекетаралық ынтымақтастық цифрлық сипат алатыны заңды құбылыс. Аймақтар және көршілес мемлекеттер арасындағы экономикалық байланысты нығайту, инфрақұрылымдық бағдарламаларды тоғыстыру, шекаралық сауданы дамытуда «цифрлық ынтымақтастық» маңызды рөл атқарады. Осы орайда «Жаңа Жібек жолы» бастау алатын Қытай мен транзиттік мемлекет – Қазақстанның цифрлық төңкеріске ілесу потенциалы мен проблемалары өзекті мәселе болмақ. Оған «Бір белдеу – бір жол» бойында лайықты инфрақұрылым қалыптасуда. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының сауда-экономикалық қарым-қатынасын цифрландыру оны ашық, жедел және тиімді дамытуға мүмкіндік береді.

Цифрлық трансформацияның тұрпаты

Ұлы Жібек жолымен ежелден тауарлар, қызметтер және идеялар Еуразия құрлығының бойымен тамырдай таралды. Жібек жолы ғасырлар ағысында Азия, Еуропа мен Африканың ұлы өркениеттерін жалғап, олардың өзара диалогын орнатып келді. Жаңа технологиялық дәуірде Жібек жолы жаңғырып, үкіметтердің даму стратегиясы, «ақылды қалалардың» ынтымақтастығы және трансшекаралық сауда арқылы жаңаша сипат алып отыр. «Бір белдеу – бір жол» инициативасы – ежелгі сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастықты жаңғыртуға арналған инфрақұрылымдық бағдарлама. Масштабты инициатива «Жібек жолының экономикалық белдеуі» және «XXI ғасырдағы Теңіз Жібек жолы» бағыттарынан тұрады. «Жібек жолының экономикалық белдеуі» құрлық арқылы Еуропаға жетеді. Ал «Теңіз жолы» қос бағытта:

 Қытай, Пәкістан, Үндістан, Бирма елдерін байланыстырады. Сонда Қытай – Үнді мұхиты – Африка – Жерорта теңізі экономикалық дәлізі қалыптасады. Оңтүстік Қытай теңізінен Тынық мұхиттың оңтүстігіне қарай өту арқылы, Қытай – Океания – Тынық мұхиттың оңтүстігіндегі елдерді байланыстырады.

 2015 жылы жарияланған «Бір белдеу – бір жолды» бірлесіп салу іс-қимылы мен болашағы» жоспарынан кейін, Қытай Үкіметі «Теңіз жолындағы ынтымақтастық туралы» тұжырымдамасын дайындап, Теңіздегі Жібек жолын Солтүстік мұзды мұхит пен Еуропа арасындағы «көгілдір экономикалық дәліз» бағытымен толықтырды. 2017 жылы «Полярлық Жібек жолы» жеке тұжырымдамасы жарияланды. Құрлық пен теңіздегі, Мұзды мұхиттағы байланысқа белсене кіріскен Қытай «Цифрлық Жібек жолын» орнату мәселесін алға қоюда.    

2013 жылы ҚХР Төрағасы Қазақстанға ресми сапарында «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасын жариялаған соң, цифрлық экономикадағы әріптестік мәселесі сарапшы-ғалымдар ортасында талқыланды. 2016 жылы Қытай ғалымдарының бастамасы және 19 мемлекет,  7 халықаралық ұйымның қатысуымен «Цифрлық белдеу және жол бағдарламасы» (Digital Belt and Road Program (DBAR) табысты жұмыс істеуде. Бағдарламаның мақсаты – қоршаған ортаны мониторингілеу, Жерді бақылау бойынша ақпарат алмасу, «үлкен мәлімет» (big data) арқылы бірлескен саяси шешімдер қабылдау. Қытай ғылым академиясы DBAR қолдауға алдағы 5 жылда 200 млн юань (32 млн $) инвестиция құюды жоспарлап отыр.    

«Цифрлық белдеу және жол бағдарламасын» іске асыру мекемесінің құрылымы

«Цифрлық Жібек жолы» туралы жоғары деңгейде 2017 жылы 14 мамырда Бейжіңде өткен «Бір белдеу – бір жол» форумында айтылды. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин өз сөзінде: «Біз «Бір белдеу – бір жолды» инновациялар жолына айналдыруымыз керек. Инновация – дамуға серпін беретін маңызды күш. Біз «үлкен деректердің», «бұлтты» технология мен ақылды қалаларды дамыту арқылы оларды XXI ғасырдың Цифрлық Жібек жолына айналдыруымыз қажет» деді.

ҚХР цифрлық экономиканы дамыту бойынша Қазақстан үшін бірден-бір үлгі мемлекет бола алады. 2017 жылы 5 желтоқсанда Учжэн қаласында өткен Төртінші халықаралық интернет конференцияда Қытай киберғарыштық зерттеу академиясының баяндамасына сәйкес ҚХР ЖІӨ 30%-ын немесе 3,4 трлн$ (22,6 трлн юань) цифрлық экономика құраған. Осы көрсеткішпен Қытай әлемде екінші орында тұр. ҚХР экономикасы тұтынушыларға бағытталған цифрлық технологияның лидері ретінде қалыптасуда. Қытай – жаһандық транзакциялардың 40 пайыздан астамын алатын ең ірі электрондық сауда рыногы. Әлемдік ірі компаниялардың (стартаптары 1 млрд доллардан асатын) әрбір үшіншісі қытайлық болып есептеледі.

McKinsey халықаралық консалтингтік компаниясы Жаһандық институтының мәліметіне сәйкес, Қытайда цифрлық экономиканың дамуын көрсететін негізгі үш фактор бар: 

1).  Қытайдағы рыноктың үлкен ауқымы және жас интернет қолданушылардың көптігі цифрлық бизнес-модельдерді жылдам пайдалануға жол ашады. 2016 жылы қытайлық интернет қолданушылардың саны АҚШ пен ЕО қолданушыларын қосқандағы үлесінен асып, 731 млн. адамға жетті.

2).  Үш қытайлық интернет-алпауыттар (Baidu, Alibaba, Tencent) цифрландыру үрдісін жылдам және ауқымды жүргізуге қолайлы «экожүйе» қалыптастырды. 2016 жылы осы үш компанияның венчурлық инвестициясы жалпы Қытайдың венчурлық капиталының 42%-ын құрады.

3). Цифрлық компанияларды қолдау арқылы Қытай үкіметі мемлекетті цифрландыруға айтарлықтай септігін тигізуде. Үкімет цифрландырудың «дұрыс» атмосферасын орнатып, инвестор, құрастырушылар және тұтынушыларға қолдау жасау үшін бақылауды күшейтіп отырады. 

Қазақстандық қадам

Бүгінде көптеген елдер цифрлық трансформацияның өзектілігі мен маңыздылығын түсініп, цифрлық экономиканы ұлттық даму стратегиясының бағыты ретінде қарастырады. Оған мысал ретінде Қырғыстандағы «Таза коғам» (Таза коом), Беларус Республикасындағы Цифрлық экономика және ақпараттық қоғамды дамыту мемлекеттік бағдарламасы, Түркияның «Стратегия-2023» бағдарламасын айтуға болады.

Қазақстан Ұлы Жібек жолы бойындағы мемлекет ретінде цифрлық экономиканы дамытуға талпыныс білдіруде. Қазақстан Республикасы жаңа цифрлық дәуірдің талаптары мен сын-қатерлеріне жауап беру үшін әлеуметтік-экономикалық және рухани модернизацияны қолға алды. Оған қажетті бағдарламалық негіз толығымен қалыптасқан. «Қазақстан-2050» даму стратегиясы, 100 нақты қадам – Ұлт Жоспары, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы,  2018 жылы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктер» атты Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауы дәлел.

2017 жылы 10 қыркүйекте өткен Цифрландыру жөніндегі республикалық кеңесте ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Біз тәуелсіздік жылдары бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылдық. Қазір озық дамыған 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Ол Қазақстаннан жаңа инновациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді» деп цифрлық трансформацияның қаншалықты қажет екендігін анықтап берді. Жолдауда айтылғандай: «Білім беру жүйесін, коммуникация мен стандарттау салаларын жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажет болады. 2018 жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісу керек». Бұл бағытта Назарбаев Университеті, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, IT-стартаптардың халықаралық технопаркі сияқты инновациялық орталықтардың жұмысы жандануы қажет. Астанада өткен «ЭКСПО-2017» көрмесі технология саласындағы дамудың қаншалықты маңызды және оны жемісті жалғастыру қажет екенін көрсетті. 

2017 жылы қабылданған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы энергетикалық, қаржылық, көліктік және логистикалық салаларды цифрлық трансформациялаудан өткізіп, ақпарат ағымын ұлғайтуға бағытталған. Қазақстан 2050 жылы әлемнің ең озық 30 цифрлық экономикасының қатарына енгелі отыр. Бағдарлама көптеген салаларда  елеулі өзгерістерді көздейді. Атап айтқанда, 2022 жылға қарай цифрландыру есебінен 300 мың адам жұмыспен қамтылады. Мемлекеттік бағдарламаның іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2022 жылы интернет желісін пайдаланушылардың үлесін 82%-ға, халықтың цифрлық сауаттылығын 83%-ға, мемлекеттік органдардағы «бұлтты құжат» айналымына көшу, 2022 жылы «ақылды қалалардың» рейтингіне енген қалалар санын 5-ке жеткізу, ауылдарды кеңжолақты ғаламтормен қамтамасыз ету, ҚР киберқауіпсіздігінің рейтингін арттыру, 2022 жылы АКТ саласындағы дайындалған мамандардың санын (жыл сайын) 30 мыңға жеткізу межесі қойылған.

Бағдарлама аясында Астана қаласында «Ақылды қала» жобасы іске асырылып, қала көлемінде көлік қозғалысы мен қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау мақсатында 10 мың бейнебақылау камералары орнатылған. Бұл шара жолдағы заң бұзушылықты және қылмысты азайтуға әсер етті. Сонымен қоса, «Smart мектеп» (88 мектептің 19-ы қосылды), «Smart көше жарығы», «Smart емхана» (10 емхананың 2-уі қосылды) бағыттары бойынша бастамалар іске асырылуда. «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында «Цифрлық Жібек жолын іске асыру» - ішкі контур үшін де, Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін іске асыру үшін деректерді берудің, сақтаудың және өңдеудің жылдамдығы жоғары және қорғалған инфрақұрылымын дамыту бағыты» деп көрсетілген. Алайда бағдарламада Жібек жолы бойындағы елдермен ынтымақтастық тетіктері, «Цифрлық Қазақстан» мен «Цифрлық Жібек жолын» тоғыстыру жолдары кешенді қарастырылмаған.

«Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы  осы екі бағдарламаны байланыстырудың негізгі тетігі. «Қорғас» - трансшекаралық электрондық сауданы дамытудың тиімді жолы. ХШЫО аумағында «бір терезе» принципінде логистикалық қызметтің сапасын арттырып, желілік бақылау жүйесі азаматтар мен жүктің қозғалысын толық есепке алуға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның транзиттік жағдайын кеңейту және шағын, орта бизнес өнімдерін экспорттауға жол ашады. Қытай Халық Республикасының стратегиялық әріптесі, тату көрші мемлекет ретінде Қазақстан үшін «Цифрлық Жібек жолын» қалыптастыруға үлес қосу, мемлекетаралық сауда-экономикалық байланысты цифрландыра отырып, оның көлемін кеңейту маңызды міндет.

Қорытынды

Қазіргі өзгерістердің сипаты терең болғаны соншалық әлем тарихы дәл осындай ұлы мүмкіндіктер мен қауіп-қатерлер дәуірімен бетпе-бет келген емес. Көптеген көшбасшылардың ойлау жүйесіндегі төңкерісшілдіктің болмауы,  аралық мәселелерге көңіл бөлуі инновациялар мен күштерді стратегиялық сараптауға мүмкіндік бермейді. Қазіргі кезеңде «Бір белдеу – бір жол» бойында цифрлық ынтымақтастыққа бірнеше кедергі бар:

1) ақпараттың қолжетімді болмауы;

2) дамыған және дамушы елдердің арасында цифрлық даму көрсеткішінің алшақтығы;

3) осы бағыттағы ынтымақтастықтың әлсіздігі. 

Цифрлық ынтымақтастықтың дамуымен қатар Жібек жолы бойында киберқауіпсіздік мәселесі өзекті бола түседі. 2017 жылы ҚР Президенті      Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Қазақстанның киберқалқаны» киберқауіпсіздік тұжырымдамасы дер кезінде қабылданған құжат.        

    2022 жылға дейінгі іс-шаралар Жоспарында ақпараттық қауіпсіздікті нығайту, киберқауіпсіздік мамандарын даярлау, киберқауіпсіздік индексін арттыру, БҰҰ, ҰҚШҰ, ШЫҰ аясындағы шараларға қатысу қарастырылған. Қос мемлекеттің шекаралық аймақтары, ірі қалаларының дамуын сәйкестендіру, озық тәжірибелермен бөлісу, цифрлық экономиканы дамытуға қызмет ететін мамандарды даярлауда бірлескен іс-қимыл қажет. Ғылым мен технологияның жетістіктерімен алмасу, бірлескен зертханалар құру, технопарктердің арасындағы серіктестік және технологияларды беру маңызды мәселе болмақ. Қазақстан әлемде болып жатқан жаңалықтардан тыс қалмай, заманның технологиялық табыстарымен ілесе отырып, өзінің тың ұсыныстарымен енуі қажет. Қазақстан Республикасы «Цифрлық Жібек жолы» ұсынатын мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы оны құруға атсалысып, ұлттық және ақпараттық қауіпсіздік мәселесін назардан шығармауы тиіс. 

Олжас Бейсенбаев




Яндекс.Метрика