Цифрлы Қазақстан 2022

«Цифрлық Қазақстан»: Әуе жүк тасымалы қағазбастылықтан құтылады

Қазақстанда «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында көлік саласындағы алғашқы МЖӘ жобасы іске қосылды. Бүгін «E-freight» Әуе жүк тасымалы саласына қағазсыз құжат айналымын енгізу және бейімдеу бойынша көлікті цифрландыру саласында Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің алғашқы жобасына қол қою рәсімі болды.
Астана қаласы14 Маусым , 11:29

Құжатқа ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек және «Transinfotech» ЖШС бірлескен кәсіпорнының бас директоры Мәлік Бердіғалиев қол қойды.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек  жобаның негізгі ерекшелігі ол жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылатынын айтты.

«Бюджеттен қаржы қарастырылмайды. Жоба құны – 3,3 млрд. теңге. Жоба Қазақстанның барлық халықаралық әуежайларында іске асырылатын болады және Келісімнің қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін «e-freight» ақпараттық жүйесіне иелік ету құқығы мемлекетке тегін берілетін болады»,-деді  Жеңіс Қасымбек.

ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев аталған стандарт бүкіл әлемде қолданылатын  бірегей стандарт екенін атап өтті.

«Аталмыш келісімнің  алғаш рет   азаматтық авиация саласында жүзеге асырылып отырғаны өте маңызды. Себебі, азаматтық авиация саласы көлік саласының маңызды инновациялық бағыты болып табылады. «E-freight» жүйесі құжаттарды азайтады. Бүгінде жүкті тіркеу үшін  30-шақты құжат керек. Оның 20 шақтысы цифрланатын болады. Тіркеуге бұрын бір күн уақыт кетсе, қазір ол  1 сағатқа дейін қысқарады. Бұл кәсіпкерлерге үлкен жеңілдік. Транзиттік әлеуетін дамытуға, жүк  тасудың санын арттыру үшін үлкен жәрдем болады», - деді Т.Ластаев.

Ол атап өткендей,  3,3 млрд. теңге 10 жылдың ішінде қайтарылады.

«Аталмыш жүйе  транзиттік жүк тасу үшін жеңілдік жасайды. Уақытты үнемдейді. Ең бірінші мақсаты транзитті дамыту болып табылады», - деді Т.Ластаев.

МЖӘ тарапынан келісімге  қол қойған «Transinfotech» ЖШС бірлескен кәсіпорнының бас директоры Мәлік Бердіғалиев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  өзінің Жолдауында төртінші өнеркәсіптік  революция жағдайында IT саласын дамытып, жаңа технологияларды тарту   қажеттігін айтқанын атап өтті.

 «Сондай-ақ, Президент  мемлекеттік - жекеменшік әріптестік арқылы инвестиция тартуды айтқан болатын. МЖӘ моделі бизнесті  мемлекет  дамуына қатыстыра алады. Бизнес өзінің қаржысын инвестициялайтынын ескерсек, сапалы қызмет көрсетуге  ынталандырады. Сондықтан да біз бүгін Елбасының тапсырмасын орындау жолында дұрыс қадам жасадық деп ойлаймыз. Себебі, біздің МЖӘ жобамыз барлық талаптарға сай, инвестиция тартуға дайын. IT саласында жаңа жұмыс орындарын ашып, елдің инновациялық-көліктік  әлеуетін дамытуға қатысады», - деді М.Бердіғалиев.

Айта кетейік, жоба ең алдымен Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес («100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 67-ші қадамы), транзиттік жүк тасымалдау тартымдылығын дамытуға және жақсартуға бағытталған.

Аягөз Құрмаш


 




Яндекс.Метрика