Цифрлы Қазақстан 2022

Цифрлық Қазақстан: қаржы саласын цифрландыру қандай деңгейде

Үкімет отырысында қаржы секторын цифрландыру мәселесі талқыланды. Мәселен, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов қаржы секторын цифрландыру бойынша Қаржы министрлігі 2017 жылы 18 млн қызметтің 16 млн-нын электронды түрде көрсеткенін айтты. Қаржы саласын цифрландыру қандай деңгейде жүзеге асырылып жатқанын келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы03 Шілде , 11:09

2017 жылы  18 млн қызметтің  16 млн-нын электрондық форматта көрсетілген.

«Бұл көрсеткіш  88 пайызға жеткіздік. Әлі де жалғастырамыз. Биылғы жылдың соңына дейін  6 мемлекеттік қызметті электрондық форматқа көшіруді жоспарлап отырмыз. Электронды түрде көрсетілген қызметті 95 пайызға жеткізіледі», - деді Б.Сұлтанов.

Министр сұранысы көп қызметтің түрі салық туралы анықтама беру екенін жеткізді.

«Орталықтандырылған дербес сот жүйесінің енгізілуімен салық берешегі бар-жоғы бойынша анықтама беру  үш күннен бірнеше  минутқа дейін қысқартылды. Дербес шоттарды орталықтандыру нәтижесінде салықты қате төлеу жағдайлары  3 есеге азайды. Бұл негізсіз өсімпұл есептеуді болдырмауға алып келді, сондай-ақ салық төлеушінің өтінішінсіз бір салықтан басқа салыққа автоматты түрде есепке жатқызу мүмкіндігі пайда болды», - деді Б.Сұлтанов.

Сондай-ақ, министр атағандай, келесі негізгі міндеттердің бірі бюджеттік жоспарлау процесін оңтайландыру және автоматтандыру болып табылады.

«Қазіргі таңда бұл жұмыс іс жүзінде қағаз тасығышта жүзеге асырылады. Бұл деректерді жинау мерзімін (80 жұмыс күніне дейін), бюджетті келісу мен оны бекіту мерзімдерін де (3 айға дейін) ұзаққа созып жібереді.Автоматтандыру бюджеттік өтінімді қалыптастыруға шығыстарды (қағаз, кеңсе тауарлары, іссапар шығыстары, пошта қызметтері) 70%-ке, ал келісу мерзімдерін 4 есеге (80-нен 20 күнге дейін) қысқартады.Бұдан әрі бюджеттік және стратегиялық жоспарлау процестерін интеграциялау іске асырылатын болады», - деді Б.Сұлтанов.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда елімізде мемлекеттік сатып алу толығымен электрондық форматта ғана жүзеге асырылады.

«Бұл жыл сайын әр тарапынан қатусышыға бизнес 10 мың теңгеге дейін (пошта және іссапар шығыстарына), ал мемлекетке - 200 млрд.теңгеден астам үнемдеуге мүмкіндік береді. Бюджеттік жоспарлау жүйесімен интеграциялау  қаржыландыру және мемлекеттік сатып алу жоспарларын автоматты түрде қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Бұл жыл сайын Бюджет қаражаты әкімшілерінің уақтылы игермеуі проблемасын шешуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Бақыт Сұлтанов тәуекелдерді басқару жүйесі үлкен көлемдегі деректерді интеллектуалдық талдау есебінен субьектілерге бағытталған тәсілге көшуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

«Бұл тексеру санын қысқартуға мүмкіндік береді және бизнеске түсетін жүктемені азайтады. Мүлтіксіз салық «тарихы» бар адал салық төлеушілер төмен тәуекел дәрежесіне жатқызылады, мемлекеттік кірістер органдарының назары жоғары тәуекел дәрежесі бар субъектілерге шоғырланатын болады», - деді Б.Сұлтанов.

Өз кезегінде, Данияр Ақышев қаржы секторын цифрландырудың өзекті мәселелері туралы айтып берді.

«Қаржы секторы цифрлық технологиялар белсенді түрде пайдаланылатын негізгі салалардың бірі болып табылады. Қаржылық қызмет көрсетудің өзі IT инфрақұрылымды және цифрлық шешімдерді пайдалану мүмкіндігімен тығыз байланысты», - деді Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев.

Д. Ақышев соңғы жылдары интернет және мобильдік қосымшалар арқылы онлайнқызметтер көрсету қаржы саласындағы ең маңызды үрдіс болғанын атап өтті. Бүгінгі күні Қазақстанның барлық банктерінде дерлік қашықтан банктік қызмет көрсету жүйесі енгізілген.

Мобильдік банкинг қызметтерін банктердің 60%-ы көрсетеді, олар банктердің бүкіл клиенттер базасының шамамен 90%-на қызмет көрсетеді. Бұл жүйелерде шамамен 10 миллион пайдаланушы тіркелген, олардың 30%-ы дерлік операцияларды тұрақты түрде жүргізеді.

«Күн сайын халық цифрлық банкинг арқылы 6 миллиард теңге сомаға 400 мың транзакция жүргізеді. Бизнес субъектілері қаржы операцияларының жетпіс пайызына да қашықтан қызмет көрсетіледі», - деді Қазақстан Ұлттық  банкінің басшысы.

Ол сондай-ақ клиенттерге қызмет көрсетуді оңтайландыру үшін мемлекеттік органдармен электрондық өзара іс-әрекет жасауға көшу іске асырылып жатқанын атап өтті.

«Клиенттерге қаржылық қызмет көрсету кезінде олардан талап етілетін қағаз нысандағы анықтамаларды жою мәселелері қаржы секторы үшін маңызды болып отыр. Біз жүргізген талдау клиенттердің қазіргі кезде қаржы ұйымдарына анықтамалар мен мәліметтердің 40-қа жуық түрін қағаз нысанда беретінін көрсетіп отыр. Бүкіл осы ақпарат мемлекеттік органдардың жүйелерінде бар және қаржы ұйымдары оны мемлекеттік қорлардан тікелей алуына болады», – деп хабарлады Қазақстан Ұлттық     банкінің  төрағасы.

Д. Ақышевтың айтуынша, осы міндетті шешу шеңберінде Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп тиісті Жұмыс тобы құрылды, Жол картасы әзірленді және қажетті жұмыс жүргізілуде.

«Ұлттық Банк жаңа технологияларды енгізуге байланысты жобаларды да іске асыруда. 2018 жылғы наурыздың соңында блокчейн технологиясы базасында «Invest Online» жүйесі іске қосылды. Осы платформаның көмегімен клиенттер онлайн-режимінде Ұлттық Банктің бағалы қағаздарына қаражатты орналастырады. Бүгінде жүйеде сатылған қағаздар көлемі 145 миллион теңгеден асып кетті», - деді сөзін қорытындылай келе Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы.

Данияр Ақышев Қазақстан Ұлттық Банкі цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту мақсатында бірқатар жаңа бастамаларды іске асырды Қазақстан Ұлттық Банкі цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту мақсатында банк қоғамдастығымен бірлесіп бірқатар жаңа бастамаларды іске асырып жатқанын айтты.

«Бүгінгі күні ішкі істер, әділет, ақпарат және коммуникациялар министрліктерімен бірлесіп мемлекеттік дерекқордан биометрикалық көрсеткіштерді және мәліметтерді пайдалана отырып клиенттерді онлайн сәйкестендіру мәселелері пысықталуда», - деді Д.Ақышев.

 Оның айтуынша, онлайн-сақтандыруды енгізу жобасы халыққа міндетті сақтандыру шарттарын сақтандыру компанияларының интернет - ресурстары арқылы электрондық нысанда жасасуға мүмкіндік береді.

«Сол сияқты Қазақстан Ұлттық Банкі жанынан лезде (жылдам) төлемдерге арналған инфрақұрылымды ұйымдастыру бойынша жүйе платформасы құрылады. «Ол банктердің клиенттері арасында жылдам режимде мобильдік телефон нөмірі бойынша төлемдерді жүргізуді қамтамасыз етеді. Қазіргі кезде жүйенің функционалы пысықталу үстінде, пилоттық режимде оны іске қосу ағымдағы жылдың 3-тоқсанының соңына жоспарланып отыр», - деп хабарлады Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы.

Ол қазіргі кезде Қазақстан Ұлттық Банкінің цифрлық ортада кибершабуылдар мен алаяқтық іс-қимылдарға қарсы тиімді әрекет ету үшін жүйелі шараларды пысықтап жатқанын қоса айтты.

«Сонымен қатар Ұлттық  Банк жаңа технологиялар мен шешімдерді ендіру, яғни «реттеу ортасын» құру үшін ерекше құқықтық реттеу режимін қолдану мүмкіндігін қарастыруда. Аталған жобаларды ендіру қаржы секторында цифрлық сервистерді дамыту үшін негіз болады», - деп қорытындылады Д.Ақышев.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев  қаржы секторын цифрландыру бойынша 5 бағыттың екеуі  бойынша  10 іс-шара қарастырылғанын айтты.

«Цифрлық мемлекетке көшу бойынша  4 шара Қаржы министрлігіне, 6 шара Ұлттық банкке тапсырылған болатын», - деді Д.Абаев.  

Өз кезегінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев қаржы секторын цифрландыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасындағы шараларды уақытылы орындап, индикаторларға қол жеткізуді тапсырды.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика