Білім беру

ҰБТ-ға қатысты педагогикалық қауымдастық пен ата-аналардың ұсыныстары қандай

Биыл мемлекеттiк бiлiм гранттарына қосымша жергiлiктi атқарушы органдар есебiнен 2700-ге жуық грант бөлiнiп отыр. Нормативтiк базамыз дайын.Бұл жөнінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Ұлттық бірыңғай тестілеудің және оқуға түсу емтихандарының қорытындылары бойынша өткен Үкімет отырысында баяндады.
Астана қаласы07 Тамыз , 12:06

БҒМ басшысы Е.Сағадиев айтып өткендей,  биыл ұлттық бiрыңғай тестiлеу 15-шi рет өткiзiлдi. 2004 жылдан бастап ҰБТ-ға 1 млн 775 мың мектеп бiтiрушi қатысты. Бұл барлық мектеп бiтiрушiлердiң 80 пайызын құрайды.

«2017 жылға дейін ҰБТ екі қызметті атқарды. Алдымен,  11 жылдық оқу орынның қорытынды емтиханы мен ЖОО-ға түсу емтиханы болды. 2017 жылы бұл формат өзгерді. Енді қорытынды аттесттаттау мектепт өткізіледі, ал ҰБТ ЖОО-ға түсу мен грантты анықтау үшін тапсырылады. Осы жылы Алтын белгiге ие болған балалар саны 6800 адамнан асты», - деді Е.Сағадиев.

Министр айтып өткендей,  ҰБТ-ға белгілі жағдайға байланысты қатыса алмаған түлекке келесі потокпен тапсыру мүмкіндігі берілді.

«Биыл ҰБТ-ға қатысу үшiн 100 мыңнан астам түлек өтiнiш бердi. Олардың  75 пайызы қазақ тілінде,  25 пайызы  орыс тілінде тапсырды. Ұлттық бiрығай тестiлеуге 98 мыңнан астам адам қатысты. ҰБТ нәтижесi бойынша орташа балл - 83. Өткен жылы бұл көрсеткiш 80,5 балды құрады. Шектi деңгейден 84 мың мектеп бiтiрушi, яғни қатысушылардың 85 пайызы өттi», - деді ол.

Министрдің айтуынша,   ҰБТ-да ең жоғары 140 балды тек қана бiр мектеп бiтiрушi - Алматы қаласының тұрғыны Шиара Құдайбергенова алды.

« ҰБТ-ға қатысты  мектептердің рейтингі есептелмейді.  ҰБТ-да 30 мыңнан астам тест сұрақтары пайдаланылды. 243 апелляциялық өтiнiш түсiп, оның 101-і қанағаттандырылды.ҰБТ өткізу кезінде  1200 аудитория қолданылды», - деді Е.Сағадиев.

Министрдің айтуынша, кешенді тестілеу 14-18 шілде аралығында 43 ЖОО-да тапсырылды. КТА-ға  45 мыңнан астам адам өтініш беріп,  олардың  93 пайызы қатысты. Жалпы алғанда барлық шаралар штаттық режимде өтті. Кеше БАҚ-та мемлекеттік грант иелері жарияланды.

«Биыл мемлекеттiк бiлiм гранттарына қосымша жергiлiктi атқарушы органдар есебiнен 2700-ге жуық грант бөлiнiп отыр. Нормативтiк базамыз дайын. Бұл гранттар айдың аяғына дейiн бөлiнедi. Тағы бiр айта кететiн мәселе, ҰБТ және кешендi тестiлеу тапсырмаған және шектi деңгейден өтпеген балалар үшiн тестiлеудi қайта тапсыру 15-19 тамыз аралығында өткiзiледi. Бұл тестiлеуден де шектi балды алмаса, өткен жылдағыдай ЖОО-ға барып, бiр семестрге оқуға қабылдану мүмкiндiгi сақталып отыр», - дедi Ерлан Сағадиев.

Сондай-ақ, министр министрлiкке педагогикалық қауымдастық пен ата-аналар тарапынан жыл бойы ұлттық бiрыңғай тестiлеу мен кешендi тестiлеуге қатысты ұсыныстар келіп жатқанын жеткізді.

«Олардың iшiнде ҰБТ мен кешендi тестiлеу бiрдей функцияны атқаратын болғандықтан осы екi тестiлеудi бiрге өткiзу ұсынысы бар. Екiншi - Ұлттық бiрыңғай тестiлеу ЖОО-ға түсу емтиханы болғандықтан тестiлеу процесiнен мектеп мұғалiмдерiн босату. Үшiншi - мектеп балаларды ҰБТ-ға емес, мектеп программаларын игеруге дайындауы қажет болғандықтан мектептерде сынама тестiлеудi өткiзбеу. Төртiншi - мемлекеттiк бiлiм гранттарын оқу тiлiне, қазақ немесе орыс тiлдерiне бөлмей дайындау және тағы да бiрнеше ұсыныс бар. Осы ұсыныстарды Тамыз кеңесiнде кеңiнен талқылап, нәтижесi бойынша тиiстi шешiмдер қабылдаймыз», - дедi Ерлан Сағадиев.

Өз кезегінде,  Б.Сағынтаев биылғы ҰБТ қалыпты деңгейде өткенін атап өтті. 

«БҒМ басшысы  Ерлан  Сағадиев  2018-2019 жылдары да ҰБТ-ны жоғары деңгейде өткізуге дайындалыңыздар. Аталған ұсыныстар тамыз кеңесінде талқыланатынын болады», - деді Б.Сағынтаев.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика