Президенттің бес бастамасы

Бес бастама: Ауыл шаруашылығы саласын несиелендіру

Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласы үлкен маңызға ие. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасында да ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлінген. Қазақстандағы бизнестің дамуы мен фермерлерге жасалған жағдай туралы Strategy2050.kz АА дайындаған шолудан оқи аласыздар.
Астана қаласы04 Сәуір , 15:38

5 әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру аясында  «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ағымдағы жылы микрокредиттеуге 20 млрд теңге бөледі. Корпорация әлеуметтік бастаманың төртінші бағытына, яғни, шағын несие беруді көбейтуге белсенді қатысады. Сондай-ақ, корпорация нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының жаппай кәсіпкерлікті дамытудың екінші бағытының микрокредиттеу ұйымы ретінде жүзеге асыруға қатысады.

«Ережеге сәйкес, микрокредиттер бағдарламаға қатысушыларға 5 жылға дейінгі мерзімге және мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейінгі мерзімде ұсынылады. Микрокредиттің максималды сомасы 19 млн теңгені құрайды және жылдық сыйақы мөлшері 6 пайыздан аспайды. Бағдарлама аясында 2017 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жалпы сомасы 12 млрд теңгені құрайтын 2 мыңнан астам несие ұсынды. Несиелер мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, сонымен қатар, ауылдық жерлердегі ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес түрлеріне беріледі», -  деді  «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Сейсенбаев.

Атап өтсек, микрокреиттің көп бөлігі Алматы, ОҚО, ШҚО және Қарағанды облыстарында берілген.

2017 жылы стартап жобалар деп аталатын жаңа бизнестің ашылуына 4 млрд 600 млн теңге көлемінде 850 несие берілді. Соның ішінде, Бизнес Бастау жобаларына жалпы сомасы 3 млрд құрайтын 523 кредит берілді.

Сонымен қатар, Нұржан Сейсенбаевтың мәліметіне сәйкес, жалпы, бағдарлама бойынша қаржыландыру өткен жылы 2 340-тан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берген.

«Аграрлық несие корпорациясы микрокредиттерді микроқаржылық ұйымдар арқылы және кредиттік серіктестіктерді қорландыру арқылы ұсынады. Бұл аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде де несие алуға мүмкіндік береді. Бүгінде біз 192 кредиттік серіктестірмен жұмыс жасаймыз», - деді  ол.

Оның айтуынша, кредиттік серіктестіктерге қатысушылар саны күннен-күнге артып келеді және бүгінде олардың саны 13 мыңнан асқан.

«Мемлекет басшысы жариялаған бес әлеуметтік бастама аясында микрокредиттеуге 2018 жылы тағы қосымша 20 млрд теңге бөлінетіні белгілі болды. Осы орайда, Аграрлық несие корпорациясы жыл басында аталған бағдарлама қатысушыларына 12 млрд теңге бөлмекші болса, онда, қазір, бес әлеуметтік бастама арқасында кредиттік серіктестіктер мен микроқаржылық ұйымдар арқылы бизнесті дамыту үшін 20 млрд теңге ұсыну қолға алынады», - деп түйіндеді Сейсенбаев.

Өз кезегінде   «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаров ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мен шаруаларға жеңілдетілген несие беру талаптарын түсіндірді.

Ол айтқандай,  мемлекет жеңілдетілген несие беруді 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы жүзеге асырады. Мемлекет басшысы халықты әлеуметтік жаңғыртуға бағытталған 5 бастама ішінде шағын несиелеуді көбейту туралы мәселені көтерді. Биыл шағын несиелеудің көлемі 20 млрд теңгеге ұлғайып, жылына 62 млрд теңгеге дейін өседі. Сондай-ақ, өз бизнесін бастауға және кеңейтуге мүмкіндік алған қазақстандықтардың саны 14 мыңға жетеді деп күтілуде.

«Шағын несиелеудің негізгі қағидалары мен механизмдері, шарттары бағдарламаның өзінде және несиелеу ережелерінде қарастырылған. Яғни жеңілдетілген несиелер жылына 6% 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы несиелер - 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Берілетін несие мөлшері 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін - 19 миллион 240 мың теңгені құрайды. Бағдарлама аясында біздің қор 19,3 млрд теңгеге 5 694 жобаны қаржыландырды. Оның ішінде 11,5 млрд теңге бөлінген 3 426 жоба - стартаптар еді. Яғни, қаржыландырудың 60 проценті стартап-жобаларға бөлініп отыр», - деді Ж. Омаров.

Сонымен қатар, Ж. Омаров өзге қаржылық институттармен салыстырғанда Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының кепілдік саясатының да шаруаларға қолайлы екенін атап өтті.

« Екінші деңгейлі банктер несие берерде қала сыртындағы жер телімін, ауыл шаруашылығына арналған жерлерді кепіл есебінде қабылдамайды. Ал бізде еш шектеу жоқ. Жылжитын және жылжымайтын мүліктер, салынған жылы мен материалына қарамастан, үйлер мен ғимараттар кепіл ретінде қабылданады», - деді Жандар Омаров.


Айта кетейік, 5 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  5 әлеуметтік бастамасы  жарияланды. Құжатта  баспанамен қамту, оқу гранттарын бөлу, газдандыру мен бизнес салаларын тиімді дамыту тетіктері көрсетілген.

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика