Басқару

Бес бастама әйелдер қоғамдастығына үлкен импульс береді – Г.Әбдіқалықова

Бес бастама әйелдер қоғамдастығына үлкен импульс береді. Бұл туралы Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Орталық сайлау комиссиясының бірлескен отырысында мәлімдеді.
Астана қаласы 30 Наурыз, 18:06

Отырыс барысында әйелдердің мемлекеттік қызметте және сайланбалы  органдарда шешім қабылдау деңгейіндегі өкілдігі бойынша статистикалық мағлұматтар айтылды.

 Барлық мемлекеттік қызметкерлердің 55 %-ын әйелдер құрайды. Басшылық қызметтегі әйелдер үлесі - 39,5%, оның ішінде жоғарғы басшылық қызметте - 29%. Бұл сан ЭЫДҰ-ның орташа көрсеткішіне сай келеді. Қостанай облысы мәслихаттарда (31%) және басқа да мемлекеттік органдарда (61%) әйелдер саны бойынша көш бастап келеді.

Отырыстың ашылуында сөйлеген сөзінде Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасының» әйелдер қоғамдастығына үлкен импульс бергенін атап өтті.

«Президент Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революциясы жағдайындағы жаңа мүмкіндіктер» жолдауында және «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген мақсаттардың орындалуы - әйелдер ұйымдарының белсенді қатысуын талап етеді», - деді Мемлекеттік хатшы.

Отырысқа ҚР Парламентінің депутаттары, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Орталық сайлау комиссиясы мүшелері, Астана қаласындағы ЕҚЫҰ Бағдарлама офисі, «БҰҰ-әйелдер» сынды халықаралық ұйымдардың өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісіне енген саяси партиялардың жетекшілері, сондай-ақ, селекторлық режимде облыстар, Астана және Алматы қалаларының әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен аумақтық сайлау комиссияларының жетекшілері қатысты.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Комиссияда сайлау процестерінде гендерлік аспектілердің қарастырылғанын, сондай-ақ, 2016 жылғы мәслихат сайлауы кезеңінде әйелдердің ұсынылу, тіркелу, тіркеуден алып тастау себептері және сайлануы жөнінде және 2016-2018 жылдар аралығында өткен шығып қалғандар орнына өткізілген төрт сайлау кампаниялары бойынша талдау жүргізілгенін айтты.

ҚР ОСК басшысы сайланбалы лауазымдарға өз кандидатураларын ұсынған әйелдердің дайындықтарының ұқыптылығын, сайлау заңнамасының шарттарын орындауын және көп жағдайда жеңіске жететінін атап өтті.

Аягөз Құрмаш

Фото: мұрағат





Яндекс.Метрика