Сараптама

Денсаулық сақтаудың дидары қандай?

ХХІ ғасырда мемлекеттің экономикалық әлеуетін, оның әлемдік өзгерістерге бейімділігін айқындайтын бірден-бір көрсеткіш – адами капитал. Ал адами капиталдың негізі азаматтардың әл-ауқаты мен денсаулығы. Анығын айтқанда, тәуелсіздікті жариялаған алғашқы жылдары елімізде халықтың денсаулығын сақтау мәселесі күрделі болды. Саламатты өмір салтын сақтау, ана мен бала өлімі, нашақорлық пен маскүнемдікке қарсы күрестің қаншалықты қажет екендігін қоғам түсіне бастады. Елдің ішкі-сыртқы саясатын түгендеп, халықтың тұрмысын түзеуге арналған ең алғашқы стратегиялық құжат – «Қазақстан-2030» Стратегиясы болды. Аталмыш стратегия іске асырылған жылдары денсаулық сақтау жүйесі үлкен өзгерістерге ұшырап, ана өлімі шамамен 3 есе азайып, бала туу көрсеткіші бір жарым есе артты. Білім алуда барша азаматтарға тең мүмкіндіктер қарастырылып, оған жұмсалатын қаржы 9,5 есе өсті. Қазақстан стратегияда көрсетілген межеге мерзімінен бұрын жеткенін айтты. Алайда, «Қазақстан-2030» бағдарламасы мерзімінен бұрын орындалғанымен, жаһандық саяси-экономикалық өзгерістерге байланысты өзгеше сын-қатерлер «менмұндалап» шықты. Жаңа мәселелер туындап, соған сәйкес шешу жолдары қарастырыла бастады. Ол жаңа мемлекеттік бағдарламалар мен Жолдауларда көрініс тауып, жалпы іс-қимылға бағдар беріп отырды. «Заманы сай адамы, уақытына сай бағдарламасы» десе де болғандай.
Астана қаласы30 Қараша , 10:20

Салауатты Қазақстан: статус кво

Денсаулығы мықты ұрпақ қана мемлекет пен қоғамның дамуына тиісті үлес қоса алады. Ол үшін ең алдымен, денсаулық сақтау сапасы мен азаматтардың өмір сүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауларында қазақстандықтардың тұрмыс жағдайы мен денсаулығын нығайту мәселесі тұрақты қозғалып келеді. Осы уақытқа дейінгі отандық медицинаның жай-жапсарына көңіл бөлетін болсақ, денсаулық сақтау жүйесінің нормативті-құқықтық базасы қалыптасты, қаржыландыру көлемі өсуде, заманауи  медициналық орталықтар салынуда, жаңа жабдықтарды игеретін мамандар дайындалып, тың емдеу тәсілдері де сатылай енгізіліп келеді.

Мәселен, 2007-2013 жж. аралығында Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесіне бөлінетін қаражат көлемі 2 есе артты. Азаматтарға арнайы тегін медициналық көмек көрсету жүйесі бекітілді, оған қарастырылған қаражат көлемі 3 есе өсті. 2010 жылдан бастап Қазақстанда азаматтарға тегін медициналық көмек қарастыратын 2011-2015 жж. арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарламаның және халықтың әл-ауқатының артуымен орташа өмір сүру жасы ұзарды (66 жастан 70-ке дейін), өлім-жітім 15%-ға қысқарды, 67%-ға ана өлімі азайды. Сонымен қоса науқастарға тегін берілетін дәрі-дәрмектердің тізімі ұлғайды, аймақтық және облыстық ауруханаларда жәрдем беру көрсеткіші 4 есе өсті. Медицинаның кардиохирургия, трансплантология, ортопедия сияқты салалары тез қарқын алды. Алайда, мұнымен мәселенің толық шешімін тапқан жоқ. Халықтың сырқаттанушылық деңгейі де еліміздің әр аймағында әрқилы екендігін төмендегі кестеден аңғара аламыз. Бұл тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына, саламатты өмір салтын ұстануына байланысты.    

Халықтың сырқаттанушылығы (100 000 адамға шаққанда, өмірінде алғаш тіркелген аурулардың саны)

*Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша

Сондықтан, еліміз денсаулық сақтауда бетпе-бет келіп отырған біртқатар проблемалардың алдын-алу мақсатында «Қазақстан-2030» Стратегиясынан кейін, отандық медицина саласындағы кең көлемді реформаларды алға қойған «Қазақстан-2050» Стратегиясы қабылданды. Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында алдыңғы кезеңді қорытындылай келе, біздің қоғам мен еліміздің медицинадағы жаңа даму жоспарын ұсынды. Жолдауда «медициналық көмектің сапалы біркелкі енуі», халықты жоғарғы кәсіби және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуге назар аударылды. Бұл жұмыстың негізгі бағыттары – диагностика және кең спектрлі ауруларды емдеу, профилактикалық медицинаның дамуы, балалар денсаулығын қамтамасыз ету, сонымен қатар «электронды медицина» сияқты жабдықтарды енгізу болып табылады. ((http://www.akorda.kz/kz/addresses/addresses_of_president/kazakstan-respublikasynyn-prezidenti-nenazarbaevtyn-kazakstan-halkyna-zholdauy-2012-zhylgy-14-zheltoksan).Бұл жоспарды орындау үшін жабдықтарды электронды жүйеге ауыстыру, дәрігерді үйге шақырту, науқасты медициналық ұйымға тіркеу жүйелерін электронды ету жобасы ойластырылды. Оның қазіргі уақытта өз жемісі бар.

Медициналық білім берудің бағдары

Медициналық қызмет сапасы жоғары болуы үшін дәрігер-мамандардың біліктілігі жоғары болуы қажет. Медицина саласының деңгейі халықтың көңіл-күйі мен мемлекетке деген қарым-қатынасын орнататын маңызды факторлардың бірі. Сондықтан, денсаулық сақтау мен білім беру салаларының жұмыстары адами капиталды қамтуда біте қайнасып жатқаны белгілі. «Қазақстан-2050 Стратегиясында медициналық жоғарғы  оқу орындарында медициналық білім беру жүйесі мен ғылыми-зерттеу саласының сапасын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.  Бұл бағыттағы алғашқы қадам – автономдық, академиялық еркіндік және инновацияға негізделген Назарбаев Университетінің ашылуы болды.

Назарбаев Университетінде медициналық білім беру мен ғылым, тәжірибе, интеграцияға негізделген білім беру және зерттеу жүйесін құруға бел буылып отыр. Бұл тапсырмаларды орындау үшін Университет құрамына  Өмір туралы ғылым орталығы, «Болашақ госпиталі» медициналық мектебі мен клиникасы  кіріп отыр. Елбасы Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегінде жазылғандай, «Болашақ госпиталі» өз атауына толық сай келетінін дәлелдеп, денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибенің трансфертімен қамтамасыз етеді, Қазақстандағы басқа бүкіл медициналық ұйымдар үшін эталон болады(Назарбаев Н.Ә. Тәуелсіздік дәуірі. – Астана, 2017. – 508 б.).

Бұл мектептегі бірінші басымдық – білім беру, ғылыми ашылулар мен зерттеуді ағылшын тілінде жүргізу. Екіншіден, медициналық қызметтің негізі болған дәрігердің ғылыми ізденісіне жол ашу. Үшіншіден, дәрігер-ғалым өзінің тәжірибесі мен білімін оқушыларға үйрететін медициналық  мектептердің ашылуы. Осыған орай, денсаулық сақтау жүйесін жаңашаландыру мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту, әкімшілік кедергілерді жою,  корпоративті медициналық ұйымдармен ынтымақтастықты қолдау, консультативті-диагностикалық медициналық кешендер мен санитарлы авиацияның жұмысын дамыту жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде Назарбаев Университетін еліміздегі ғана емес, Орталық Азия және әлемдегі жетекші оқу орнына айналдыру мақсаты көзделуде. Осы Университеттегі білім беру тәжірибесін еліміздегі ЖОО тарату, Назарбаев мектептерінің оқыту моделін жалпы білім беру мекемелеріне енгізу туралы бірнеше рет айтылды. Медицина саласында да Назарбаев университетіндегі білім беру мен ғылыми жаңалықтар аталған саланы дамытуға қомақты үлесін қосуы керек.

Бұл тарапта, Астана қаласы да еліміздегі саяси-әкімшілік қана емес, ірі медициналық орталыққа айналды. Астана медициналық кластері де соның нәтижесі. Мәселен, 2008 жылы құрылған Ұлттық медициналық холдинг алты инновациялық құрылымды біріктірді: Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығы, Республикалық балаларды оңалту орталығы, Республикалық диагностикалық орталық, Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы, Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық. Аталған орталықтарда еліміздің түкпір-түкпірі мен көрші елдердің азаматтарына сапалық медициналық қызмет көрсетілуде. Қазіргі уақытта мұнда маңызды операциялар өткізілуде, ең жаңа медициналық технологиялар қолданылып, қазақстандықтарға шетелге шықпай-ақ жоғары квалификациялық көмек алуға мүмкіндік туғызып отыр. Төрт жылдық жұмыс ішінде еліміздің клиникаларына 200-ге жуық технология енгізілді. Енді Астана медициналық кластерінің тәжірибесін аймақтарға, шалғай аудандарға тарату, халықтың денсаулығын сақтауға тең мүмкіндік жасалуы тиіс.

Жалпы алғанда, «Қазақстан-2050» Стратегиясы халықаралық стандарттарды енгізуге, құрылымдық өзгерістерге, кадрлардың бәсекелік қабілетін нығайтуға ықпал етті. Халықаралық тәжірибеге негізделген инновациялық модель қазақстандық денсаулық сақтау жүйесінің территориялық, демографиялық, әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерге орай үйлестіріліп келеді. Қоғамның әлеуметтік-экономикалық өзгерістері кезеңінде білім реформасын бүге-шүгесіне дейін есептелген стратегия арқылы жүзеге асыруға болады. Ұран-үндеулер мен мақтау-мадақтар, әлбетте, медицинадағы кемшіліктерге көз жұма қарауға әкеліп соғады. Келесі мәселелер ескерілген жағдайда еліміздегі медициналық білім беру жүйесін сапалы деңгейге көтеруге болады: әлемнің үздік тәжірибесін меңгеру; осы саладағы ғылыми-зерттеу мен ашылуларды ынталандыру, отандық оқу орындарындағы оқулықтар базасын уақытқа сай жаңарту. Жалпы, қазір ұлттық білім беру жүйесі жаһандану үрдісін кешуде. Осы орайда батыс мемлекеттерінің ғана емес, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Сингапур сияқты шығыс елдеріндегі үздік медицина тәжірибесін игеру қажеттілігі туындайды. Жалпы, аталған мәселелер Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялаған уақыттан бергі медициналық білім беру саласының олқылықтары мен жетістіктерін саралау нәтижесінде туындап отыр.  

Отбасы, ана мен бала денсаулығы

Елбасы Н. Назарбаевтың әр жылдардағы Қазақстан халқына арналған Жолдауларында ана мен бала тақырыбы – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыты болып есептеледі. «Қазақстан – 2030» Стратегиясында «Ана мен баланың денсаулығы мемлекетіміздің, денсаулық сақтау мекемелерінің, әрі қоғамның басты назарында болуы тиіс (ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев. Қазақстан-2030: Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы. Алматы: Білім, 1997 жыл), ал «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өсім – Қазақстанның жаңа мүмкіндігі» атты 2010 жылғы Жолдауында «2020 жылға қарай ана мен бала өлімін екі есеге қысқартып, жалпы өлім санын 30% дейін азайту, бұл бастапқы мақсат және біз оған міндетті түрде қол жеткізуіміз қажет!»( http://www.akorda.kz/kz/addresses/addresses_of_president/kazakstan-respublikasynyn-prezidenti-n-a-nazarbaevtyn-khalykka-zholdauy-2010-zh_1341123470) делінсе, 2011 жылғы кезекті Жолдауда «Қазақстанда халықтың мақсатты топтарының денсаулық жағдайын бақылаудың ұлттық бағдарламалары кешенін енгізу қажет. Бірінші кезекте, олар балалар, жасөспірімдер, бала туу жасындағы әйелдер»(http://www.akorda.kz/kz/addresses/addresses_of_president/kazakstan-respublikasynyn-prezidenti-n-a-nazarbaevtyn-kazakstan-khalkyna-zholdauy-28-01-2011zh_1341123781) деп аталған мәселе жаңа даму кезеңіне өтті. Алайда «Қазақстан – 2050» Стратегиясында ана және бала мәртебесі, тәрбиесі, олардың денсаулығын, құқығын қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген.

«Қазақстан 2050» Стратегиясында тікелей денсаулық қана емес, деннің сау болуына елеулі әсер ететін қоғамдағы қыз баланың тәрбиесі, орны мен әйел заты ретінде отбасындағы өмірлік ұстанымына басты назар аударады. «Біз Қазақстан қыздарының сапалы білім алып, жақсы жұмысқа ие болуы және тәуелсіз болулары үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет» деп көрсетілген (http://www.akorda.kz/kz/addresses/addresses_of_president/kazakstan-respublikasynyn-prezidenti-nenazarbaevtyn-kazakstan-halkyna-zholdauy-2012-zhylgy-14-zheltoksan).

Ана мен бала, ұлт денсаулығына қатысты берілген тапсырмалар стратегияның әлеуметтік саясат саласында қамтылған. Бұл жердегі жастардың мүддесі  мерейлі жанұя құрып, отбасылық құндылықтарды, бала тәрбиесіндегі маңызды элементтерді берік ұстануында екені көрсетіледі. Денсаулық сақтау саласына қатысты құжатта медициналық қызметтердің сапасын бірыңғай стандарттауға, медициналық қызмет көрсететін мекемелердің материалды-техникалық жабдықталуын бірыңғайландыруды тапсырған болатын. Сонымен қатар жастарға медициналық жоғарғы және арнайы оқу орындары мен мекемелердің  медициналық білім беру жүйесін түбірімен жақсарту көзделген. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады. Алайда елде барлығы үшін қолжетімді спорт нысандары, спорт құрал-жабдықтары жетіспейді. Осыған байланысты Үкімет және жергілікті органдар дене шынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы дене шынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде, аула нысандары құрылысы бойынша нақты шаралар қабылдау қажет.

Сонымен қатар, 2003 жылдың 10-шы қазанында ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі комитеті «Отбасы, ана мен баланы қорғауды қамтамасыз ету туралы» Заңнаманы Парламент қарауына ұсынды. Бұл үрдіс отбасы, ана мен бала қорғанысының аясында жинақталған кешенді мәселелердің нәтижесінде қалыптасты. Туу көрсеткішінің төмендеуі мен өлімнің өсуі нәтижесінде мемлекет тұрғындарының саны 1990-шы жылмен салыстырғанда үш есе төмендеді. Экономикалық өрлеу мен соңғы жылдары әлеуметтік жағдайдың жақсаруы туу көрсеткішінің біршама жоғарылап, өлім-жітім деңгейінің төмендеуіне де әсер етпей қоймады. Сонымен қоса, тұрғындар санының өсу процесі әлі де тұрақсыз, сондықтан жағдайдың түбегейлі өзгеруі туралы айта алмаймыз.

Экономиканың өрлеуі мен әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асуы отбасы, ана мен баланы қорғауға бағытталған, әсіресе, денсаулық сақтау  объектілерінің инфрақұрылымын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Бұл жағдайда, ең алдымен, салауатты өмір салтын сақтау, денсаулыққа деген халықтың көзқарасын өзгерту, медициналық қызметті цифрландыру, нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күресу, қоғамдық қауіпсіздік пен қылмысқа қарсы күрес шараларын белсенді жүргізу қажет. Алайда, бұл жетістіктердің барлығы ана мен бала өлімі проблемасының толық шешілгендігін білдірмейді. Төмендегі кестеден кейбір кезеңдерде артқандығын байқауға болады. Бұл мәселенің түпкі себеп-салдарын анықтап, сонымен жұмыс істеуді талап етеді.

"Денсаулық" 2016-2020 мемлекеттік бағдарламасы бойынша ақпарат

*Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректері бойынша

Қорытынды орнына

Елбасының биылғы жылғы Жолдауы тікелей әлеуметтік тақырыпқа арналды. Расында, медициналық қызмет сапасы халықтың көңіл-күйі мен тұрмыс деңгейінің көрінісі екендігі анық айтылып отыр. Астана, республикалық маңызы бар қалалар, облыс орталықтарында аурухана мен емханалардың сапасы жыл өткен сайын жаңарып келе жатқанымен, шеткері аймақтардағы медпункттердің көңіл көншітпейтіні белгілі. Ауыл тұрғындары ат арытып Астанаға, квотаға кезекке тұрмай-ақ, жергілікті емханада ем-дом алуына мүмкіншілік бола бермейді. Ең алдымен білікті маман тапшы, екіншіден, құрал-жабдықтармен толықтай қамтылмаған. Сондықтан бұл Жолдауда ауылдық жерлерге, учаскелік медицина қызметкерлерін ынталандыруға тапсырма берілді. Емханадағы ұзын-сонар кезек пен парақорлықтың, қағазбастылықтың, адам өмірі мен денсаулығына селқостықтың бар екендігін ешкім жоққа шығармайды. Медициналық қызметті цифрландыру осы олқылықтың алдын алуға бағытталған шара деп есептейміз. Медициналық кітапшаларды, анықтама беруді, алдын-ала дәрігерге тіркелуді электрондық форматқа ауыстыру арқылы медициналық қызметті әлдеқайда таза, жедел және ыңғайлы қылуға мүмкіндік бар.   

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ




Яндекс.Метрика