Президенттің бес бастамасы

Сенаторлар өңірлерде: Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды шарты

Сенат депутаттары аймақтардағы жұмысын жалғастыруда. Халық қалаулылары өңірлерде еңбек ұжымдарымен, студенттермен кездесу өткізіп, маңызды мәселелерді талқылады. Сапардың тағы бір мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 әлеуметтік бастамасын түсіндіру. Депутаттар қаузаған маңызды мәселелерді Strategy2050.kz АА дайындаған шолудан оқи аласыздар.
Астана қаласы 03 Сәуір, 09:01

Парламент Сенатының депутаттары Бірғаным Әйтімова мен Бақтыбай Шелпеков Ақтау қаласында академик Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университетінің студенттерімен және профессорлар-оқытушылар құрамымен кездесті.

Депутаттар кездесу барысында қазақстандық қоғамды әлеуметтік жаңғыртуға арналған бес президенттік бастаманы шараға қатысушыларға жан-жақты түсіндірді.

Әр отбасына, оның ішінде жастарға тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері, еңбекақысы төмен жұмысшыларға салық ауыртпалығын төмендету, жоғары білім алу жөніндегі жаңалықтар мен оның сапасын көтеру шаралары туралы әңгіме қозғалды.

Сенаторлар Б. Әйтімова және Б. Шелпеков Маңғыстау облысық ауруханасындағы жүрек аурулары орталығында болып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Талғатбек Бапиевпен және облыстық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Мұхановпен кездесті.
Сонымен қатар,  жергілікті атқарушы органдармен барлық қызметтердің тығыз жұмыс істеуі және төтенше жағдайларды болжау жұмыстары да жетілдіруді қажет етеді.

Парламент Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстан облысында жұмыс бабындағы сапарында болған кезінде аймақтағы тасқын суға байланысты ахуалға орай осылай деді. Сенатор Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ш.Байбековпен кездесіп, облыс тұрғындары мен елді мекендерді тасқын судан қорғау мәселелерін талқылады.

Д.Мусин ауыл шаруашылығы дақылдарын сұрыптау-сынаудың Шығыс Қазақстан облыстық инспекторлігінде болып, еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы туралы жан-жақты әңгіме болды.

Қызылорда облысына жасаған сапар кезінде  депутаттар Мұрат Бақтиярұлы мен Бекмырза Еламановқа    ауыл шаруашылығы  қожалықтарының   өкілдері   «кей заңдар өз дәрежесінде жұмыс істемейді» деген уәждерін білдірді.

Сенаторлар да жауаптан тосылған жоқ,  ұсыныстар ашық түрде қабылданатынын жеткізді.

«Қабылданған заңдар жұмыс істеу керек. Ұсыныстарыңызды айтыңыздар, шын мәнінде заңда ескерілмеген тұстар болса, оны зерделейік, толықтырып, түзету, халықтың қалыпты жұмыс істеуіне заңнамалық тұрғыдан жағдай жасау біздің міндетіміз»,-  деді депутат М.Бақтиярұлы.

  «Кооперативтердің рөлін күшейту үшін, оларды қанаттандыратын ынталандыру тетігі қарастырылып, қажетті дәрежеде қаржыландырылуы керек»,- деді шаруа қожалықтарының өкілдері.

 Кездесу кезінде депутаттар тұрғындармен ой-пікірлер алмасып, соңы емен-жарқын ашық әңгімеге ұласты. Елбасы үндеуінің басымдықтарын нәтижелі жүзеге асыруға жан-жақты талқылаулар жасалып, сенаторлар жиналған жұртты елімізді өркендету жолында жұмыла жұмыс жасауға шақырды.

Сонымен қатар, Сенат депутаттары аудан активтерімен бірге апатты жағдайдағы ауруханаларды аралады, шешімін таппай келе жатқан Жалағаш аудандық орталық аурухана құрылысын қаржыландыру, Жалағаш ауданының орталығын газдандыру мәселесі сияқты ауқымды проблемалық сұрақтарға назар аударды.

Мұрат Бахтиярұлы және Бекмырза Еламановпен кездескен ауыл тұрғындары өздерінің өтініштері мен ұсыныстарын айтты. Солардың бірі – жерді жалға беру институтын қалыптастыру мәселесі.

Мемлекет басшысының әлеуметтік бес бастамасының маңызын жұмысшыларға жан-жақты түсіндірген Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев әрбір отбасына баспана алудағы жаңа мүмкіндіктер бар екенін, сондай-ақ жоғары білім алуда, шағын несие беруді көбейтуде және еңбекақы мен салық саласында да ауқымды жаңалықтар болатынын айтты.

Бұл мәліметті ол   Атырау қаласындағы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В» компаниясының еңбек ұжымымен кездесуінде айтты.

Құжатта еліміздің қазіргі даму кезеңіндегі жетістіктерге сай халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолдары көрсетілген. Сенатор Ғ.Дүйсембаев «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының еңбек ұжымымен кездесу өткізді.

Жүздесуде Елбасының алға қойған міндеттерін орындау, еңбек өнімділігін арттыру, сапалы өнімдер шығару жайында айтылды. Сонымен қатар 30 наурыз күні «Caspian Royal Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Балықтың бекіре тектес тауарлық балық өсіру және жабық жүйеде уылдырық алу кешенінде» және Атыраудағы мұнай машиналарын жасау зауытында да болып, еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді.

Өз кезегінде,  Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров Қостанай облысындағы құрылыс саласын дамытудың келешегін талқылады.

«Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды шарты, осыған байланысты Мемлекет басшысы құрылыс саласын жаңғыртуға және тұрғын үй құрылысын қаржыландыру жағдайын жақсартуға баса назар аударып отыр», - деді депутат.

Сонымен қатар,   Сенат Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров, Сенат депутаттары Серік Бектұрғанов және Жеңіс Нұрғалиев облыс орталығындағы құрылыс алаңдарда болды.

Сенаторлар жаңа шағын ауданда болып, «Нұрлы Жер» бағдарламасын іске асуы барысымен танысты және құрылыс мекемелерінің басшыларымен кездесуде Президент Н.Ә. Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Сала өкілдері құрылыс компанияларын ірі бизнес нысандарына жатқызу мүмкіндігі, сондай-ақ аймақтағы тұрғын үй бағдарламасын іске асыру жоспарлары туралы бірқатар мәселелерді депутаттардың алдына қойды. Аймаққа сапар аясында депутаттар облыстық соттың жаңа ғимаратының құрылысында, мешітте және күштік спорт түрлері академиясында болды.

Ал,  Павлодар облысындағы Май ауданында болған сенатор Манап Көбенов еліміздің оңтүстік өлкелерінен келген жас мамандармен кездесіп, олардың тұрғын жағдайлары және еңбекақы мөлшері жайында әңгіме өрбітті.

«Жергілікті билік жұмыс және тұрғын жайға байланысты барлық жағдайды жасады, біз тұрғын үйге қатысты жасалған жағдайға ризамыз, бізге қоныс аударуға байланысты субсидияны мезгілінде төледі. Жас мамандарға, көшіп келушілерге арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар болғаны көңілге қуаныш ұялатады. Мемлекет басшысының таяудағы бес әлеуметтік бастамасында нақты тапсырмалар берілді, елімізде жыл өткен сайын өмір деңгейі жақсарып келеді», - деді аудан тұрғыны Нұрдана Сауатбек.

Елбасы Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын жұртшылыққа түсіндіру аясында депутат аудан активімен кездесуде білім беру, тұрғын үй құрылысы, несие және ипотекалық қарыз беру, салық ауыртпалығын төмендету мәселелерін талқылады.

Парламент Сенатының депутаты М.Көбенов сапар барысында күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйі мен 2017 жылы желтоқсанда пайдалануға берілген 16 пәтерлік тұрғын үйді көрді.

 Май ауданының тұрғындары Президент үндеуіне толықтай қолдау білдірді, ал мемлекеттік органдар бүгінгі таңда Елбасының ауқымды әлеуметтік бастамаларын іске асыруға әзір.

Сондай-ақ,  Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Георгий Ким бастаған комитет депутаттары Қарағанды облысына келді.

Депутаттар бүгін облыс әкімі Ерлан Қошановпен кездесті. Аймақ басшысы Сенат депутаттарымен кездесуде Елбасының бес әлеуметтік бастамасын түсіндіру жөнінде жергілікті ақпараттық топтардың жұмысы туралы айтты.

«Парламент депутаттарымен кездесулер біздің Мемлекет басшысының бастамаларына терең үңілуге мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі.

Бұл бастамалар қарағандылықтарға өте маңызды. Ол ең бірінші Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағыты бойынша салынатын «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы болып отыр. Бұл құбыр біздің облыс тұрғындарының үштен екісінің өмірін жақсартатын болады. Ол дегеніміз – миллионға жуық адам.

Георгий Ким бес әлеуметтік бастаманы іске асыру жөніндегі ауқымды жұмыстар алда тұрғанын хабарлады.

«Мемлекет Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру үшін база жасауда. Бүгін біз барлық ұсыныстарды ескеру үшін жағдайды білуге Қарағанды облысына келіп отырмыз», - деді комитет басшысы.

Сенаторлар Георгий Ким мен Владимир Волков Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде болып, профессорлық-оқытушылар құрамымен, студенттермен, магистранттармен және докторанттармен кездесті.

Шара барысында депутаттар Президент бастамалары, әсіресе жастарға зор мүмкіндіктер беретінін атап өтті. Г. Ким мен В. Волков Мемлекет басшысының жоғарғы білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған тапсырмаларына егжей-тегжейлі тоқталды.

Сенаторлар студент жатақханаларында тұру жағдайына, жоғары оқу орындарында оқу үшін мемлекеттік гранттарын бөлу және түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелеріне баса назар аударды.

Сенатор В. Волков өз сөзінде әр отбасына тұрғын үй сатып алуға арналған тұрғын үй ипотекасының шарттарын жеңілдету жөніндегі президенттік бастамалардың маңызды рөлін атап өтті.

Парламенттің екі палатасы да аймақтармен жұмысты жалғастыруда. Халық қалаулылары өңірдегі өзекті мәселелерді қаузап,  Елбасының  5 әлеуметтік бастамасын да жергілікті халыққа  түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл көшпелі іс-шаралар аптаның соңына дейін жалғасады. 

Аягөз Құрмаш 





Яндекс.Метрика