Парламент

Сенат отырысы: Депутаттардың сауалдары қандай мәселелерді қаузады

Сенаттың кезекті отырысында бірқатар заң жобалары қаралып, Үкімет басшысына депутаттық сауалдар жолданды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мақұлдаған «Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы да бар. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан24 Маусым , 17:07

Сондай-ақ, Сенаттың бірінші оқылымында   Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мақұлдаған «1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы  мен  ҚР  Парламентінің Мәжілісі мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қаралды.

Сонымен қатар, бірқатар депутаттар Үкімет басшысына өз сауалдарын жолдады.

Мәселен,   Бірғаным Әйтімова, Ерболат Мұқаев, Нариман Төреғалиев, Ғұмар Дүйсембаев, Динар Нөкетаева бір топ депутат  Асқар Ұзақбайұлына  жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында сауықтыру кешенін жөндеуге   қатысты сауалдарын жолдады.

«Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті мүшелерінің Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары шеңберінде Жәңгір Хан атындағы Батыс Қазақстандық аграрлық университетінің спорт-сауықтыру кешеніне күрделі жөндеу жүргізу мәселесі бойынша профессорлік-оқытушылар құрамы бізге жолыққан болатын.Университеттің 5 факультетінде және 17 кафедрадасында аграрлық, техникалық және экономикалық мамандықтардың кең спектрі бойынша 5241 студент білім алуда. Университетте 6 оқу корпусы, 2 140 орынды 4 студенттер үйі, 1 үлгілі және 2 мамандандырылған спорт залы, студенттік тамақтандыру комбинаты және «Нива» спорттық-сауықтыру кешені бар, аумақ бойынша дамыған инфрақұрылымды жалғыз үлгілі кампус болып табылады», - делінген депутаттық сауалда.

Сондай-ақ, сауалда  бүгінгі күні Университет үшін басты проблемалардың бірі «Нива» спорттық-сауықтыру кешенін  күрделі жөндеу мәселесі екенін айтылған.

«Бұл объектілер Университетке нашар күйінде берілген, қажетті коммуникациялар мен тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері болған жоқ. 2006 жылдан бастап Университет объектінің барлық инфрақұрылымын қалпына келтіру бойынша бірқатар жұмыстарды жасады, атап айтқанда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары, сондай-ақ негізгі жабдықтар сатып алынды. Дей тұрғанмен де, кешенді алдағы уақытта пайдалану үшін күрделі жөндеу жүргізуді қажет етеді. Осы күнге дейін спорттық-сауықтыру кешені университет студенттері мен профессорлік-оқытушылар құрамы арасында мәдени-бұқаралық және спорттық-сауықтыру шараларын өткізу үшін және мектеп оқушыларына жазғы демалыс орны ретінде пайдаланылуда», - дейді депутаттар.

Сонымен қоса,  2017-2021 жылдарға арналған университетті дамыту бағдарламасына сәйкес осы объектіні ауыз сумен, кәріз жүйесімен, жолдармен қамтамасыз ету қажет, сондай-ақ аграрлық білімді дамыту үшін оқу-ғылыми орталығымен қамту көзделеді. Бірақ, Университеттің қаржы мүмкіндігінің болмауына байланысты күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізе алмай отыр.

«Спорттық-сауықтыру кешенінің күрделі жөндеуін жүргізу студенттер үшін демалыс ортасының жайлылығын неғұрлым арттыруға мүмкіндік береді. Жастарды кешенді қолдау басымды мемлекеттік саясат, оның үстіне 2019 жыл Елбасының Жарлығымен жастар жылы деп жарияланды.Мазмұндалғанды ескере отырып, құрметті Асқар Ұзақбайұлы, «Нива» спорттық-сауықтыру кешенін болашақта жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында пайдалану үшін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 472,6 млн. теңге қаражат бөлінуіне ықпал етуіңізді өтінеміз», - делінген сауалда.

Өз кезегінде Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов  әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдері бойынша берешектің жыл сайынғы өсуіне, оның ішінде қолданыстағы тұрғын үй төлемдерінің үлгісінде орын алған кемшіліктерге байланысты мәселеге қаузады.

«Өзіңіз білетіндей, 2018 жылдан бастап 2017 жылғы 12 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа үлгісі енгізілді: қызмет еткен жылдарына қарамастан, тұрғын үйге мұқтаж деп танылған әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдері,әскери қалашықтардың, шекара заставаларының және өзге де жабық объектілердің аумағында немесе жатақханада қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдерінің 50%,тұрғын үйге мұқтаж деп танылған әскери қызметшілерге олар тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген кезеңде жұмыстан босатылған кезде біржолғы тұрғын үй төлемдерін төлеу», - деді Н.Нұрсипатов.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ақпараты бойынша, аталған үлгі енгізілген сәттен бастап осы мақсаттарға көзделген қаражат көлемі 57%-ға өсті және тұрақты өсу үрдісінде, оның ішінде тұрғын үйге мұқтаж деп танылған тұлғалар санының артуы себеп болды.

«Бұл, әрине, республикалық бюджетке қосымша жүк болып түседі. Мысалы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 2019 жылғы 1 мамырдағы мәліметіне сай, тұрғын үй төлемдері бойынша берешек 2,4 млрд. теңгені құрады, оған өткен жылғы 1,5 млрд. теңге сомасындағы қарыздар да кірді. Тұрғын үй төлемдері бойынша ұқсас жағдай Шекара қызметінде де байқалады, ол 2019 жылғы 1 мамырға  8 млрд. теңге қажет етеді, оның 4,6 млрд. теңгесі кредиторлық берешекті өтеу үшін (өткен жылғы қарызды ескере отырып)», - деді Н.Нұрсипатов.

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары бұл жағдайды 2019 жылғы наурызда бюджетті нақтылау, 2019 жылғы мамырда Үкімет пен республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің есептерін тыңдау кезінде талқылады.

«Біздің ойымызша, бұл мәселе тұжырымдамалық шешуді талап етеді, атап айтқанда, республикалық бюджет шығыстарының объективті болжамы көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін тұрғын үй төлемдерінің қолданыстағы үлгісіне мұқият талдау жүргізу қажет, оның ішінде: отбасының әрбір мүшесіне жиынтық табысты ескере отырып, тұрғын үйге шын мәнінде мұқтаж қызметкерлер мен әскери қызметшілерді анықтау,мемлекет есебінен өзінің және отбасы мүшелерінің тұрғын үй жағдайын жақсартуға бірнеше рет әрекет жасауды болдырмау;әскери қызметшілерге, оның ішінде шын мәнінде мемлекет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген және жабық әскери қалашықта кемінде нақты белгіленген уақытта тұрған отбасы мүшелеріне ғана біржолғы ақшалай өтемақы төлеу.Ұсынылған ескертулер салыстырмалы кестеге енгізілді», - деді ол.

Сондай-ақ, депутат  «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының

27-бабына сәйкес, депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы заңмен белгіленген мерзім бойынша жазбаша жауап беруді сұрады.

Сондай-ақ,  Сенат отырысында депутат Бірғаным ӘЙТІМОВА Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Ұ. Маминнің атына депутаттық сауал жолдады.

«Менің депутаттық сауалыма төмендегідей мәселелер негіз болып отыр.Лотерея ойыны бүкіл әлемдегі құмарлық элементі бар ең алғашқы және неғұрлым кең таралған ойын түрі екені бәрімізге мәлім. Кейбір елдерде лотереялардан түсетін табыстар денсаулық сақтауға, мәдениетке, білім беруге, спортты дамытуға және басқа да әлеуметтік мақсаттарға арналған бюджеттік шығыстардың едәуір бөлігін қамтамасыз етеді», - деді Б.Әйтімова.

Мысалы, АҚШ-та лотерея ойынынан түскен мақсатты аударымдарға Гарвард, Йель, Принстон, Дартмут, Браун және Колумбия университеттері, ал Лондонда - Британ мұражайы салынған.

«Мамандардың бағалауы бойынша, орта есеппен әлемде жыл сайын лотерея билеттері шамамен 250 миллиард долларға сатылады екен және бұл нарық күннен күнге тұрақты өсіп келеді. Кеңес кезеңінде лотереялардан алынған қаражат есебінен әртүрлі мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды тікелей қаржыландыру немесе бірлесіп қаржыландыру әдісі кеңінен қолданылатын. Есіңізде болса, көптеген спорт ғимараттары мен азаматтық қорғаныс объектілері кезіндегі «Спортлото» және «ДОСААФ» ақшасына салынған болатын», - деді депутат.

Сондай-ақ,  2016 жылы Қазақстан Республикасында лотерея және лотерея қызметі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін, оны ұйымдастыру мен өткізудің тәртібін, шарттарын айқындайтын, лотерея және лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік реттеудің ұйымдық негіздерін белгілейтін, халықтың лотерея ойындарына сенімін арттыруға бағытталған «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заңы қабылданған болатын.

«Заңның 1-бабының 13) тармақшасына сәйкес, лотерея операторы болып лотереяларды жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға табылады. Заңның 8-бабының 1-тармағына сәйкес лотерея операторының лотерея өткізуден басқа кәсіпкерлік қызметтің өзге де түрлерімен айналысуға құқығы жоқ. Заңның 6-бабында Үкіметтің құзыреті белгіленген, құзыреті негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі лотерея операторын және оған лотерея өткізу құқығын беру мерзімін айқындайды. Қазақстан Республикасындағы жалғыз лотерея операторын таңдау барысында көптеген сұрақтар туындаған болатын. Заңға сәйкес лотерея операторларына қойылатын талаптарды әзірлеу, олардан әлеуетті ұсыныстарды қабылдау Мәдениет және спорт министрлігінің құзыретіне жатпайды. Айта кету керек, операторды айқындау кезінде Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан  заң нормаларын бұзуға және өз өкілеттіктерін асыра пайдалануға жол берілгені бойынша үміткерлердің арыз шағындары да болған», - деді Б.Әйтімова.

Депутат  осыған байланысты Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 2016 жылғы 24 қарашада  Премьер-Министрдің атына лотерея операторын анықтау тәртібін және оған лотерея өткізу құқығын беру мерзімін реттейтін нормативтік-құқықтық актіні қабылдау, сондай-ақ лотерея қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту ұсынысымен хат жолдағанын  жеткізді.  Үкіметте комиссия құрылған болатын.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 10 ақпандағы № 48 қаулысымен лотерея операторы болып  «Сәтті Жұлдыз» акционерлік қоғамы айқындалды. Заңның 14-бабына сәйкес лотерея операторының өткізілген лотерея билеттерінен, түбіртектерден немесе өзге де құжаттардан, тіркелген лотерея мөлшерлемелерінен түскен түсім мен жүлде қоры арасындағы айырманың кемінде 10 пайызын еліміздегі спортты дамытуға тоқсан сайын бағыттауға міндеті көзделген. Алайда, Заңда осы міндетті жүзеге асыру механизмі, аударымдардың қайда, қандай ұйымдар мен органдарға жіберілуге байланысты тәртіп белгіленбеген», - деді Б.Әйтімова.

Баяндалғанның негізінде, депутат  келесі позициялар бойынша толық ақпаратты беруіңізді сұрады:

1) «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заңның тұтастай барлық нормаларының іске асырылуы туралы;

2) Үкіметтің елдегі лотереялар және лотерея қызметі саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеу, оны дамыту, ұйымдастыру және өткізу үшін жағдайлар жасау бойынша қабылданып жатқан шаралары туралы;

3) оператордың лотереядан міндетті аударымдар бойынша заң нормаларының іске асырылуы туралы (іске асыру механизмі: қанша және қайда жолданды және т. б.).

««Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беру қажеттілігін атап көрсетемін», - деді ол.

Аягөз Құрмаш 

Барлық материалдарды   t.me/strategykz      telegram  аккаунтынан оқи аласыздар. 




Яндекс.Метрика