АШК – Қазақстан экономикасының драйвері

Мемлекеттік қолдау тиімді болу үшін тиімсіз субсидияларды қысқарту қажет – Ө.Шөкеев

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында еңбек өнімділігін және өнім экспортын 2,5 есеге арттыруды тапсырған болатын. Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігі агробизнес және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тарта отырып, 2017-2021 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына түзетулер енгізу бойынша жұмыс жүргізді. Жаппай ауыл шаруашылығы мен АӨК саласындағы проблемаларды шешу жолдары бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында талқыланды. Толығырақ, Strategy2050.kz АА дайындаған шолудан оқи аласыздар.
Астана қаласы28 Мамыр , 12:23

Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Елбасының қойылған  міндетін шешу  мүлдем жаңа көзқарасты қажет ететінін айтты. Өйткені экспортты арттыру үшін бірінші өнім өндіру керек, содан соң оны өткізетін жер табу керек екен.

«Қазірдің өзінде негізгі 30 азық-түлік түрінің 25-і бойынша өзімізді қамтамасыз ете аламыз. Енді артылғанын сатуымыз қажет. Сонымен қатар, құс еті, ірімшік, балық және шұжық өнімдері бойынша әлі де импортқа тәуелдіміз. Міне біз осы мәселелерге талдау жасадық. Еліміздің ет өнімдері бойынша, оның ішінде сиыр еті мен қой еті бойынша экспорттық потенциалы жоғары.Осы өнім түрлеріне қолдау көрсетсек, экспорттан түсетін пайда 2,4 млрд. АҚШ долларына дейін (сиыр еті мен қойы еті өндірісі 600 мың тоннадан 1,6 млн. тоннаға дейін ұлғаяды) жетуі мүмкін», - деді Ө.Шөкеев.  

Премьер-Министрдің орынбасары  айтқандай, Қазақстанда ет саласын дамыту үшін мүмкіндік мол, бізде жайылым да, суармалы жерлер де, жұмыс күші де жеткілікті.

«Азия мен Таяу Шығыс елдерінде (Қытай, Иран, Сауд Арабиясы, Вьетнам) сиыр еті мен қозы етіне сұраныс жоғары, біз осы өнімдерді жеткізіп бере аламыз. Ал екі көршіміз - Ресей мен Қытай аталған өнімдерді ірі көлемде импорттайды. Сонымен қатар, сүт өнімдері, құс еті, жемістер мен көкөністер бойынша импорттан арылуымыз керек. Мұнда қосымша өнім өндіру потенциалымыз 1 млрд. доллардан асуы мүмкін. Бұл өнімдердің өндірісі мен экспортын арттыру үшін оларды дамыту жолдарын қайта қарап, жеткілікті деңгейде қаржы бөлген жөн. Бұл сала өзін-өзі бірден ақтамайды, сондықтан шаралар мен қаржыны Мемлекеттік бағдарламаға қарағанда ұзақ мерзімге жоспарлау керек», - деді Ө.Шөкеев.

 Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасына сәйкес  агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне салық салу, техникалық реттеу, сауда-логистикалық инфрақұрылым, экспортты қолдау, ауылдық аумақтарды дамыту және ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылым мәселелерін біріктіру қажет.  

«Осы факторларды ескере отырып, біз Мемлекеттік бағдарламаны қайта қарап шықтық. Негізінен Мемлекеттік бағдарлама сала үшін платформа болды. Оның аясында етті және сүтті мал шаруашылығын, құс шаруашылығын, суармалы жерлерді дамытуға арналған ұзақ мерзімді салалық бағдарламалар әзірленді. Оларды іске асыру мерзімі 10 жылдан асады. Неге 10 жылдан асады? Өйткені сиырдан төл алып, ол бұзаулайтын жасқа жеткенше 2,5 жылға жуық уақыт кетеді, оны бордақылауға қойып, одан өнім алу үшін тағы да 1 жылдай уақыт қажет. Сондықтан етті мал шаруашылығын қысқа мерзімге жоспарлауға болмайды», - деді АШМ басшысы.

Өмірзақ Шөкеев  бұл бағдарламалардың тағы бір ерекшелігі – оларды әзірлеуге бизнес өкілдерінің  тікелей қатысуы екенін атады.

«Біз оларға құжатты әзірлеуге мүмкіндік бердік, енді оны өздері іске асырады. Және де осы бағдарламалар туралы өздері Сіздердің алдарыңызда айтып беретін болады. Яғни, олар осы құжаттарды іске асыру табысқа жеткізетініне сенеді. Сонымен қатар, Мемлекеттік бағдарлама аясында саланы цифрландыруға, техникалық реттеуге, ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған аралас бағдарламалар да әзірленетін болады. Осы құжаттардың көрсеткіштері мен іс-шаралары өңірлердің ерекшелігін ескере отырып, облыстардың бағдарламаларына енгізіледі», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Сондай-ақ, министр  етті мал шаруашылығын дамыту жобасының негізін отбасылық шағын фермалар құрайтынын атап өтті.

Ол болса  фермерлік шаруашылықтардан, бордақылау алаңдарынан және қазіргі заманғы ет өңдеу кешендерінен тұратын якорлық кооперация түрінде іс асады. Бұл жерде Америка мен Австралияның тәжірибесі негізге алынады.

«Ірі қара мал шаруашылығымен, қой және жылқы шаруашылығымен айланысатын 80 мыңнан астам отбасылық ферма құру, жайылымдар алаңын 58 млн. гектардан 100 млн. гектарға кеңейту, ірі қара мал санын 15 млн. басқа дейін, қой санын 30 млн. басқа дейін ұлғайту көзделіп отыр. Жобаға қатысушыларға қолдау көрсетіледі, ол қолдау - жер учаскелерін беру, мал, техника және жабдық сатып алуға жеңілдікпен кредит беру, жайылымдарға инфрақұрылым жеткізу түрінде болады», - деді Ө.Шөкеев.

Сүтті мал шаруашылығы жобасы да министрдің айтуынша,  отбасылық фермалардан, тауарлы сүт фермаларынан және заманауи сүт зауыттарынан тұратын якорлық кооперация принципі бойынша жүзеге асады.

«2027 жылға қарай отбасылық фермалардың санын 380-нен 930-ға дейін, ірі тауарлы сүт фермаларының санын 108-ден 170-ге дейін, сүт зауыттарының санын 163-тен 174-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде сүт өндірісінің көлемі 1 млн. тоннаға дейін жетеді», - деді Ө.Шөкеев.  

Сондай-ақ,  министр  өсімдік шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыруға әсер ететін негізгі факторларды атап өтті.

Тұқым шаруашылығына қатысты  бүгінгі күні көптеген шаруалар қаражат жоқтығынан тұқым сатып алмайды және сапасы төмен, өз тұқымын пайдаланатынын жеткізді.

« Биыл тұқым шаруашылығын субсидиялаудың жаңа тетігі енгізіледі, ол фермерлердің тұқым сатып алуға жұмсаған шығыстарын 100% өтуді көздейді. Бұл ретте, мемлекет фермерлерге сатылған элиталық және 1 репродукциялы тұқымның құнын тұқым өсіру шаруашылықтарына  толық төлеп береді. Сондықтан субсидия алу үшін бірнеше құжат жинаудың қажеті болмайды. Ал дихан өнімін жинап болған соң алынған субсидиялардың 30%-ын Тұқым шаруашылығын дамыту қорына («ҚазАгроКепіл» АҚ болуы мүмкін) қайтарады.Қор қайтарылған қаражатты жинақтап, оларды тұқым өндірушілер үшін негізгі құралдарды (техника мен жабдық) сатып алуға және жаңартуға жұмсайтын болады», - деді ол.

Министр маңызды саланың бірі ретінде  суармалы егіншілікті дамытуды атады.

«Қазіргі кезде суармалы жерлер жалпы егіс алаңының (21,9 млн. гектар) 7%-ын ғана алып жатыр. Соған қарамастан, суармалы жерлерден өнім құнының 40%-дан астамы алынады. Бұл олардың тиімді екенін дәлелдейді. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес суармалы жердің жалпы алаңын 2 млн. гектарға дейін жеткізу көзделген.Салалық бағдарлама аясында тағы 1,5 млн. гектар суармалы жерді айналымға қосып, олардың алаңын 3,5 млн. гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Сөйтіп, суармалы жерлердің үлесі 16%-ды, ал өнім көлемі 2,4 трлн. теңгені құрайды. Суармалы жерлерден тек көкөніс пен жемістер ғана емес, сонымен бірге мал азығы да алынатынын түсінуіміз керек», - деді Ө.Шөкеев.

Министр айтып өткендей, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржыландыру мәселесі 8 іс-шара арқылы іске асады. Ол - пайыздық  ставканы субсидиялауды қалпына келтіру; инвестициялық субсидиялауды жетілдіру; аграрлық қолхаттарды енгізу; субсидиялардың тиімділігін арттыру; қаржы институттарын ҚазАгро арқылы қорландыру; сақтандыруды жетілдіру; кредиттік серіктестіктер жүйесін; кепілдендіру институттарын дамыту.

«Аталған құралдарды енгізу заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет етеді. Осы орайда Сіздерге қажетті түзетулер енгізуге бастама жасағандарыңыз үшін алғыс білдіргім келеді. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында біз жаңа құралдарды келесі жылдан бастап енгізетін боламыз.Мемлекеттік қолдау тиімді болуы үшін тиімсіз субсидияларды қысқарту қажет. Тіршілік бір орнында тұрмайды, сондықтан қазіргі мемлекеттік қолдау шараларын да түбегейлі өзгерту керек. Оларды барынша оңайлатып, автоматтандырған жөн. Субсидиялар, ең алдымен, жаңа технологияларды енгізуге және өнімділікті арттыруға жұмыс істеуі қажет», - деді Ө.Шөкеев.

Министр айтқандай, баға белгілеуге әсер ететін және Дүниежүзілік сауда ұйымының әдістемесі бойынша «сары себетке» жататын субсидияларды қысқарту жоспарланып отыр. Оларға гектар бойынша субсидиялау, мал шаруашылығында өнім бірлігіне (кг, литр, бас) берілетін субсидиялар жатады. Мұндай субсидиялар 2019 жылдан бастап өсімдік шаруашылығынан, 2020 жылдан бастап мал шаруашылығынан алып тасталады.

«Бұл қаражат пайыздық ставканы өтеу, инвестициялық субсидиялау, сақтандыру, кредиттік серіктестіктер, кепілдік беру институты сияқты бағыттарға жұмсалатын болады. Сондықтан, менің ерекше атап өткім келетіні – біз субсидияларды қысқартпаймыз, керісінше қолдау көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысының «2020 жылға қарай ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемі 4,5 есеге ұлғайтылсын» деген тапсырмасы бар екенін білесіздер.Оның үстіне, бізде қолдауды қажет ететін бағыттар жеткілікті. Жыл сайынғы субсидиялау көлемі (2015 ж – 180,8 млрд. теңге, 2016 -220,7 млрд. теңге, 2017 г. – 260,5 млрд. теңге, 2018 г. – 227,6 млрд. теңге) жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 4-5%-ынан аспайды, бұл Дүниежүзілік сауда ұйымы деңгейінен (8,5%) әлдеқайда төмен, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен салыстырғанда да анағұрлым төмен», - деді Ө.Шөкеев.

Сонымен қатар, АШМ басшысы айтып өткендей,  аграрлық ғылымды реформалау жоспарланып отыр.

«Оны жаңа сорттар мен жануарлар тұқымдарын ойлап табуға емес, әлемдегі жаңа технологияларды енгізуге бағыттау қажет.Биыл алғаш рет бизнес-қауымдастықтар алдағы үш жылға арналған ғылыми зерттеулерді қаржыландыру туралы шешім қабылдауға қатысты. Сонымен бірге, Елбасының тапсырмасы бойынша аграрлық жоғары оқу орындары зерттеу оқу орындары мәртебесін алуы қажет. Аграрлық ғылымды қаржыландыруды 2030 жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 1%-ына дейін, ал 2021 жылы 0,5%-ына дейін жеткізу жоспарлануда», - деді ол.

Ал,  агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру шеңберінде субсидиялау және бақылау жүйелерін цифрлық форматқа көшіру, барлық мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, агроөнеркәсіптік кешенге электрондық сауданы енгізу, агробизнесті IT-технологияға тарту жоспарлануда.

Осылайша, саланы цифрландыру бір жағынан Министрлік қызметінің тиімділігін арттырады, екінші жағынан агробизнеске әкімшілік қысымды төмендетеді.

Министр айтқандай, мемлекеттік бағдарлама жобасында ауылдық аумақтарды дамыту шаралары да көзделген. Олар агроөнеркәсіптік кешенмен аралас бағдарламаларды әзірлеу арқылы іске асатын болады.

Өз кезегінде,  қосымша баяндама оқыған  аграрлық мәселелер комитетінің Төрағасы  Сапархан  Омаров  ауыл шарпуашылығын дамыту проблемасы тек аграрлық проблема ғана емес, кешендік проблема екенін атап өтті.   

«Жерге негізгі өндіріс құралы ретінде қарап, оған экономикалық баға беру үшін бар күшімізді салу керек. Әрбір шаруашылық  деңгейінде ішкі шаруашылық деңгейін ретке келтіру қажет. Соңғы кезде  ғалымдардың  мәліметіне сенсек, республикада топырақтың құнарсыздануы, эрозияға ұшырауы байқалуда. Құрамында азот мөлшері аз алаңдар 48 пайызды құрап отыр. Минералды тыңайтқыштардың төмен болуы. Қазақстанда егу кезінде тыңайтқыш себу  4 кг ғана құрады.Бұл өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Суармалы жерлерді аз пайдаланудың негізгі себептері: қаржыландыру тапшылығы, ғылым мен өндіріс саласындағы байланыстың аздығы», - деді С.Омаров.

Оның айтуынша, қазіргі алаңда жалпы егістік пайыздың  7 пайызын құрайтын  суармалы алаңда өсімдік өсіру  40 пайызды құрап отыр.

Осыған орай, нақты жолға қойылған дайындық жүйесі мен экспорттық  жоспар қажет. Жергілікті жерлерде бағдарламаның басты өзгерістері туралы қарапайым, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.

Сонымен қатар,  үкімет сағатында  салалық қоғамдық бірлестіктер  өкілдері де сөйледі. Олар, өз саласына қатысты  шаруашылықтарда  жүзеге асырылып жатқан шаралар мен проблемаларын алға тартты. Жалпы, аталған бастамалар мен шараларға орай заңнамаға  өзгерістер енгізу қарастырылған.

Қорытындысында, Мәжіліс Төрағасының орынбасары   Владимир Божко  Елбасының АӨК-ні дамыту бойынша  тапсырмасы тек Ауыл шаруашылығы министрлігіне ғана емес,  барлық министрліктерге қатысты екенін айтты. Ол  тапсырманы тек бірігіп қана жүзеге асыруға болатынын жеткізді.

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика