АШК – Қазақстан экономикасының драйвері

АӨК: Мемлекеттік бағдарламаның алдын ала қорытындылары

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешен алдына еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын 5 жыл ішінде кемінде 2,5 есеге ұлғайту міндетін қойған болатын. Қойылған міндеттерді ескере отырып, Үкімет ағымдағы жылғы шілде айында Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын өзектендіріп, қайта бекітті. АӨК мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың алдын ала қорытындылары туралы ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев баяндап берді.
Астана қаласы04 Желтоксан , 16:13

А.Евниев айтып өткендей,  мемлекеттік бағдарламаны басқару алғаш рет жобалық тәсілдемені қолдана отырып, пилоттық режимде жүзеге асырылуда.Бұл үшін жобаларға жедел бақылау мен нақты мониторинг жүргізіп отыратын толыққанды жобалық офис құрылды.

«Мемлекеттік бағдарлама жобалық басқару стандарттарына сәйкес 10 салалық, 14 өңірлік бағдарламаға декомпозицияланды. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытды көздейтін 10 аралас бағдарламаны әзірлеу үшін басқа мемлекеттік органдармен байланыс орнатылды. Оларды Сіздер слайдтан көре аласыздар», - деді А.Евниев.

Ол  әрбір бағдарлама агробизнес өкілдері мен облыс әкімдіктерінің тікелей қатысуымен, Премьер-Министр орынбасарының басшылығымен әзірленді және іске асырылғанын жеткізді.

«Әрбір салалық және өңірлік бағдарламада 10 жылға арналған нақты индикативтер мен іс-шаралар көзделген, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары мен олардың тиісті көлемі және қаржыландыру көздері айқындалған.Олардың кейбірі туралы қысқаша баяндауға рұқсат етіңіздер. Ағымдағы жылдың екінші жарты жылдығынан бастап шағын және орта шаруа қожалықтарына негізделетін етті мал шаруашылығын дамыту бойынша ұзақ мерзімді салалық бағдарлама іске асырыла бастады. Оны іске асыру үшін біз арнайы жеңілдетілген «Сыбаға» кредиттік өнімін іске қостық. Және оны екінші жартыжылдықтан бастап іске асыра бастағанымызға қарамастан, осы жылғы жоспар асыра орындалды. Бүгінгі күні 600-ден астам фермер кредит алды», - деді бірінші вице-министр.

Ол айтып өткендей, фермерлік шаруашылықтардың ірі қара мал сатып алу бойынша жылдық жоспары 50,0 мың басты құрайды. 11 айда 67 мыңнан астам басқа өтінім қабылданды, 55 мың басқа арналған кредит мақұлданып, берілді.

«Аналық табынды тұқымдық түрлендіру жоспары 1,0 млн. басты құрайды. Бүгінгі күннің өзінде тұқымдық түрлендіруге шамамен 977 мың аналық бас немесе 98% қатысуда. Ағымдағы жылғы 11 (он бір) айдың нәтижесі бойынша сиыр етін экспорттау көлемі 14,5 мың тоннаны құрады. Экспортталған сиыр етінің жартысына жуығы (45,2%) Түркістан облысына тиесілі. Және біз жыл соңына дейін сиыр етінің экспорты бойынша жоспардағы 15 мың тоннаны асыра орындаймыз деп сеніммен айта аламыз», - деді А.Евниев.

Бірінші вице-министр айтып өткендей,  сүт бағдарламасы сүт өндіру көлемін 10 жылда  1 млн. тоннаға арттыруды көздейді. Мақсатқа жетудің индикативтік көрсеткіштері айқындалды. 2027 жылға дейін қуаттылығы 400 басқа дейін жететін жаңа 527 отбасылық тауарлық сүт фермасын, қуаттылығы 400 басқа дейін жететін 19 өндірістік тауарлық сүт фермасын ашу жоспарлануда.

«Биылғы жылдың өзінде 15 тауарлық сүт фермасы іске қосылды. Оның 10-ы – жалпы қауттылығы 7400 басты құрайтын өндірістік, 5-еуі – отбасылық. Жылдың аяғына дейін жалпы қуаттылығы 4500 басты құрайтын қосымша 10 ферманы іске қосу жоспарлануда. Осы мемлекеттік қолдау көлемдерінің арқасында Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде ұйымдасқан шаруашылықтарда сүт өндіру көлемі 10 айда 1,3 млн.тоннаны құрады. Салыстыру үшін айтсақ, 2015 жылы ұйымдасқан шаруашылықтар 900 мың тонна өндірген», - деді А.Евниев.

Бірінші вице-министр айтып өткендей,  ұйымдасқан шаруашылықтар бізге сүттің негізгі бөлігін беретінін айта кету керек. Мысалы, осы шаруашылықтар 2017 жылмен салыстырғанда 10 айдың ішінде 7,8 пайызға көп сүт өндірді. Бұл өңдеуге келіп түскен нақты есептелген сүт.

«Бұл ретте, жеке қосалқы шаруашылықтар осы кезең ішінде небәрі 1,9 пайызға ғана артық сүт өндірді.Құс шаруашылығы бағдарламасы шеңберінде құс етін өндіру деңгейін алдағы 10 жылда 3 есеге (200 мың тоннадан 700 мың тоннаға дейін) ұлғайтып, импортты алмастыруымыз керек. Ағымдағы жылы жылдық қуаты 60 мың тоннаны құрайтын «Макинка құс фабрикасы» іске қосылды. Бұл осы кезеңдегі ең ауқымды жоба», - деді ол.

Оның айтуынша,  өсімдік шаруашылығындағы ең үлкен резерв суармалы жерлерді дамытуда. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2021 жылға дейін 610 мың гектар жерді, оның ішінде ағымдағы жылы 65 мың гектар жерді айналымға тарту көзделіп отыр, бүгінгі күннің өзінде 41,9 млн. гектар (оның ішінде Алматы облысы бойынша – 11,6 мың га, Ақтөбе облысы бойынша – 5,2 мың га, Жамбыл облысы бойынша – 17,4 мың га, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 2,7 мың га) суармалы жер айналымға енгізілді. Қалған жерлер жыл соңына дейін енгізілетін болады.

«Аталған міндетті орындау мақсатында Ислам Даму Банкімен (ИДБ) және Еуропа Қайта Құру және Даму Банкімен бірлесіп, 100 млрд. теңгеден астам сомаға 128 мың гектар (Алматы облысында – 35,4 мың га, Ақтөбе облысында – 16,0 мың га, Жамбыл – 51,0 мың га, Түркістан облысында – 25,7 мың га) жердің гидромелиорациялық жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде», - деді А.Евниев.

Бұдан басқа суармалы жерлерді дамыту жөніндегі салалық бағдарлама шеңберінде тағы да 1,5 млн. гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға тартып, суармалы жерлер аумағын 3,5 млн. гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осылайша, жалпы егіс егілетін алаң аумағындағы суармалы жерлердің үлесі 16%-ды құрап, жалпы өнім көлемі 2,4 трлн. теңге деңгейінде болады.

«Суарылатын егіншілік – тек көкөніс пен жеміс ғана емес, бұл мал шаруашылығы үшін кепілді азық көзі.Қарқынды бақ шаруашылығын дамыту бағдарламасы шеңберінде 10 жыл ішінде 47 мың гектар алаңға қарқынды бақ отырғызу және импортты алмастыру міндетін қойып отырмыз. Бұдан басқа, жеміс сақтау қоймаларын салу, вирусы жоқ көшеттер өндіру питомниктері мен зертханаларын құру, өнім өңдеу қуаттарын жете жүктеу сияқты аралас бағыттарды да дамытатын боламыз», - деді ол.

Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары қарқынды бақтар орналасатын негізгі өңірлер болып табылады. Ағымдағы жылы қарқынды бақ шаруашылығын дамыту бағдарламасын іске асыру шеңберінде 862 гектар қарқынды бақ отырғызу жүзеге асырылды, оның ішінде Алматы облысында 162 гектар, Жамбыл облысында 200 гектар, Түркістан облысында 500 гектар бақ отырғызылды.

Осындай ұқсас жұмыстар басқа да салалық бағдарламалар бойынша жүргізілді.Олар Агроөнеркәсіптік кешенді қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге бағытталған болатын.Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру үшін 8 нақты шара көзделген, оларды іске асыру осы мәселеге қатысты жағдайды түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді.

А.Евниев айтып өткендей,  биыл  бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру 4,2 млрд. теңгеден 7,6 млрд. теңгеге 1,8 есе ұлғайды. Бұдан басқа, осы жылдан бастап алғаш рет бизнес-қауымдастықтар алдағы үш жылға арналған ғылыми-зерттеу тақырыптарын қаржыландыру туралы шешім қабылдауға қатысты. Келесі кезеңде бірлесіп қаржыландыруды субсидиялау есебінен нарықтың зерттеулерге деген қажеттілігі қалыптастырылатын болады.

«Ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға 4,1 млрд. теңге бөлінді.А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы, «Заречное» тәжірибе шаруашылығы және Қаскелең тәжірибе шаруашылығы базаларында 3 эксперименталдық-технологиялық «нақты егіншілік» платформасы құрылды. Олардың жалпы алаңы 14,6 мың гектар. Бұл сынақ алаңдарында ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімі өңірлік көрсеткіштерден 2-2,5 есеге артық болды, ал рентабелділігі 30%-дан 70%-ға дейін ұлғайды. Сынақ алаңдарында 1318 ауыл шаруашылығы маманы оқудан өтті», - деді ол.

Аграрлық білім берудің сапасын жақсарту мақсатында 3 аграрлық жоғары оқу орнында Назарбаев университетінің үлгісімен әлемдік озық жоғары оқу орындарының стандарттары енгізілетін болады. Оның ішінде шетелдік жоғары оқу орындарының франшизасы тартылады.

Сондай-ақ, шошқалардың классикалық обасынан таза ел мәртебесін алу бойынша және шошқалардың африкалық обасы мен құстардың жоғары патогенді тұмауы бойынша таза ел мәртебесін алу үшін өзін-өзі декларациялау бойынша досье берілген болатын.Нодулярлы дерматит бойынша халықаралық сарапшылардың оң қорытындысы алынды, Күресу стратегиясы әзірленіп, оны Халықаралық эпизоотиялық бюро мақұлдады, Қазақстан аумағын аймаққа бөлу жүргізілді.

Нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысы1 гектар ауыл шаруашылығы алабына шаққанда өсімдік шаруашылығы өнімінің жалпы қосылған құны көрсеткіші бойынша рейтингте Түркістан облысынан кейінгі көшбасшы позициялардың біріне ие болды.

«Мал шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру үшін ұйымдасқан шаруашылықтардағы ірі қара мал басын арттыру және оларды тұқымдық түрлендіруге қатыстыру ең басты факторлардың бірі болып табылады.Мал шаруашылығы саласында жүргізілген жүйелі шаралардың арқасында ұйымдасқан шаруашылықтардағы ірі қара мал басының үлесі жыл сайын ұлғаюда және бүгінгі күні жалпы мал басының 43,8%-ын құрайды. Салыстыру үшін айтатын болсақ, бұл көрсеткіш 2011 жылы 23,3%ды құраған болатын», - деді ол.

Рейтингтің бұл көрсеткіші бойынша көшбасшылар – Батыс Қазақстан (64,7%), Қарағанды (54,4%) және Шығыс Қазақстан (50,5%) облыстары.

Бұл айтылғандар – бағдарламалар бойынша қысқаша мәліметтер.. Жалпы Мемлекеттік бағдарламаның іс-шаралар жоспарында 2018 жылы 20 іс-шара орындау, 8 индикатор мен 41 нәтижелер көрсеткішіне қол жеткізу көзделген болатын.11 айдың қорытындысы бойынша 8 іс-шара орындалды, 12 іс-шара орындалу үстінде, жыл соңына дейін олар да орындалатын болады.

Индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша нақты мәндер 2019 жылдың наурыз айында белгілі болады.
 

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика