Инвестициялар

Мемлекет пен жеке меншік тарап әріптестігінің нәтижесі

Қазіргі таңда тұтынушы ретінде оның талап-ескермелеріне сай келетін және халыққа қызмет көрсетуде қызмет сапасы жоғары болып есептелетін жобаларды іске асыру мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің басым бағытына айналып келеді.ҚР ҰЭМ «Мемлекеттік және жеке меншік әріптестігі орталығы» АҚ кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы орган арасындағы іскерлік байланысты қалыптастырып, құқықтық тетіктерді бекітті. Инвесторлар үшін тиімді мүмкіндіктердің қаншалықты екенін Strategy2050.kz АА дайындаған материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы11 Мамыр , 10:46

Күні бүгінге дейін тараптардың әріптестігі арқасында жалпы құны 90,6 млрд теңге болатын 140 жоба іске қосылды және мемлекет пен жеке меншік тарапының әріптестігінен мынадай нақты нәтиежеге қол жеткізуге себеп болды:

-   бір мезгілдік бюджеттен кететін шығын мөлшері 90,6 млрд. теңгеге азайды;

- емдеу орталықтарындағы емделушілерге орын саны 35,4 есеге көбейіп,  емханалардағы кезекте тұру көрсеткіші азайды;

-  9 мыңнан астам бүлдіршін балабақшамен қамтылды;

- Жалпы сыйымдылығы 2500 адамға арналған 6 спорттық-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді.

Одан өзге жалпы құны 1,7 трлн. теңгеге есептелген 779 жоба түрлі деңгей сатысында дайындықтан өтіп жатыр. Қазіргі күні жалпы құны 782,5 млрд. тенгеге 215 жоба бойынша келісім жасалды. 

Әріптестік қаржыландырудың кезеңдері:

Әріптестік аясында жасалған келісім-шарттардың көш басында Шығыс Қазақстан облысы (71жоба) тұр. Одан кейін тізімде Оңтүстік Қазақстан (22), Қарағанды (21) және Қостанай облысы (20) келеді.

Ал осы әріптестік жобаларына инвестиция тарту жағынан алғашқы лекте тұрған Ақтөбе облысы (17,4 млрд тг.), Астана қаласы (15,1 млрд тг.), Шығыс Қазақстан облысы (12,3 млрд тг) және Оңтүстік Қазақстан облысы(12,2 млрд тг.) белсендік танытты.

Сонымен қатар,  шетелдік инвестицияларды тарту  да белсенді жүзеге асырылып жатыр.  Мәселен,  оңтүстіккореялық инвесторлар Қарағанды және Алматы қалаларында 300 орындық 4 аурухана мен Қызылорда қаласында диагностикалық Check-up орталығын салуға ниетті.

Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ-ның төраға орынбасары Талғат Матаев қазіргі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Қазақстанға Оңтүстік Кореядан инвестиция тарту мәселесі қаралып жатқанын айтты.

Сондай-ақ, Талғат Матаев оңтүстіккореялық мемлекеттік «Хиди» институтыменен медицина саласында 5 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанын айтты.

«Аталған институтпен 5 жобаны жүзеге асыруға ниеттіміз. Жоба аясында 300 орындық 2 аурухана Алматы қаласында салынады. Бірінші аурухана Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің жанында орналасады. Ал екінші аурухана облыстық деңгейдегі аурухана болады. Сондай-ақ Қарағанды қаласында да 2 аурухана салынады. Ал 5-жоба – диагностикалық Сhek-up орталығы. Ол Қызылорда қаласында тұрғызылады», - деді ол.

Төраға орынбасарының айтуынша, оңтүстіккореялық мемлекеттік «Хиди» институты жобаға инвесторлар іздейді.

«Қазіргі таңда Оңтүстік Кореяның ірі клиникаларымен келіссөздер жүріп жатыр. «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізіндегі қандай жобаларды жүзеге асыруға болады, инвесторлар өз қаржысын қалай қайтарып алады?» осы сұрақтарға жауап табылғаннан жоба жүзеге асырылады», - деді Талғат Матаев.

Ол  келісімшарттарға қол қойылған соң ғана аталған жобалардың қай жылы жүзеге асатынын айтуға болатынын айтты.

«Бұл жобалар бір-екі жылда бітпейді. Өйткені, 300 орындық аурухана салу оңай емес. Оған қомақты қаражат керек. Сондықтан жобаны толық жүзеге асыру үшін 5 жыл қажет», - деп түйіндеді сөзін Талғат Матаев.

Айта кетейік,  мемлекет пен жеке меншік әріптестігін нығайту, жергілікті мемлекеттік орган қызметкерлері арасында ауқымды әдістемелік түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында, «Қазақстандық МЖӘ орталығы» АҚ семинарлар ұйымдастырады.

Әр аймақта, «Бюджеттік заңнамаларды жетілдіру туралы» ҚР заң актісіне толықтырулар мен өзгерістер енгізуге қатысты мәселелер талқыланады және «Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі құзырлы органдардың бұйрықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар» тілге тиек болады.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика