Сараптама

Адамзат тағдырының ортақ қауымдастығы

XXI ғасырдың басындағы әлемдік тәртіп, жаһандық проблемаларды шешу, халықаралық қауіпсіздікті орнату жолдары Қытай үшін аса маңызды. Көптеген елдер Қытаймен қарым-қатынас жүргізу бағыттарын қайта қарастыруда. Өйткені Қытай ұсынған инфрақұрылымдық жобалар дамушы мемлекеттердің өзіне тартады. Зерттеушілер Қытай үкіметі ғасырлар бойы қалыптасқан сыртқы саясат қағидаттарынан тайынбайды деп болжайды. Соңғы онжылдықта жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс, халықаралық қатынастар «архитектурасының» өзгеруіне байланысты оның концептуалдық тұрғыда дамып отырғанына куә боламыз. Қытайдың әр кезеңдегі сыртқы саяси ұстанымдары оның экономикалық мүдделерімен, ішкі мәселелерімен байланысып жатыр. ҚХР сыртқы саяси принциптері трансформациясы жаңа концепциялардан көрініс табады. Соңғы жылдары жиі айтылатын «Адамзат тағдырының ортақ қауымдастығы» да соның дәлелі.
Астана қаласы02 Мамыр , 09:12

Сыртқы саясат концепциялары

Ішкі және сыртқы саясатын Қытай белгілі тұжырымдамаға сәйкес жүзеге асырады. Өзге мемлекеттерден басты айырмашылығы осы. Тарихқа терең үңілмей-ақ, тәуелсіз Қазақстанмен қатынас орнаған кезеңді қарастырсақ, ҚХР Төрағасы Цзян Цзэмин «өз мүмкіндіктерін жасыру, орайлы сәтті күту» (韬光养晦 有所作为) принципіне сүйеніп, сыртқы саясатта байыпты көзқарас ұстанды. Алайда бұл Қытайдың аймақтағы және жаһандағы белсенділігін шектейтінін түсінген Цзян Цзэмин 1990-2000 жылдары жаңа бағыттарды шығарды. Олар – «Кешенді ұлттық қуат» (综合国力) және «Көпполярлық» (多极化) концепциялары. Алғашқының мақсаты – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әскери фактордың рөлін азайту, Қытайды әлемдік қауымдастықтың беделді мүшесі ретінде орнату. Екіншісі – бірнеше күш орталықтарының болуына, олардың өзара бәсекелесуі және балансты сақтауы, бейбіт қатар өмір сүруге негізделді. Қытайдың әлемдік державалармен иық тіресу қадамы деуге болады.

Жаңа ғасырдың басындағы  маңызды тұжырымдама «Қытайдың ұлы өрлеуі (中国伟大复兴) ҚКП XVI съезінде Қытай басшыларының келесі буынға саяси тапсырмасы ретінде жарияланды. Аталған тұжырымдамаға сүйене отырып, Қытай Төрағасы келесі үш тарихи міндеттерді алға қойды: 1) модернизацияны алға жылжыту 2) Отанның бірігуін аяқтау 3) бүкіл әлемдегі бейбітшілікті қорғау және елдердің қатар дамуын қолдау. Қысқаша айтқанда, қытайлық ерекшелігі бар социализмді құру жолында қытай ұлтының ұлы өркендеуін жүзеге асыру.

Бейжіңнің жеке атау қойып жариялайтын концепцияларын әлемдік қауымдастық әртүрлі қабылдайды. Қытайдың әлемнің бірнеше орталығы болу керектігін нұсқап, әскери-экономикалық күш-қуатын арттыруы көптеген мемлекеттердің күмәнін тудырғаны рас. Ал қолайлы сыртқы саясат қашанда ішкі тұрақтылық пен әлеуметтік-экономикалық дамуға себеп болады. Осы орайда Қытай басшылығы «Бейбіт өрлеу» (和平崛起)   саясатын алға қойды. «Бейбіт өрлеудің» негізгі мақсаты – Қытайды күш қолданбай жаһандық жетекші мемлекет ретінде таныту еді. Халықаралық қауымдастықта «әскері модернизацияланған, экономикалық ықпалы артушы мемлекет бейбіт дамуы мүмкін бе?» деген сұрақ қойылды. «Бейбіт өрлеуге» қатысты мәселеден соң, ҚХР гуманистік құндылықтарға жүгіне отырып, «үйлесімді әлем» (和谐世界) тұжырымдамасын жариялады. «Үйлесімді әлем» саясаты халықаралық қатынастардағы өзгерістер және Қытайдың күшеюіне байланысты дайындалды. «Үйлесімді әлемге» сәйкес Қытай АҚШ, Ресей, Жапония, көршілес елдер, дамушы мемлекеттермен байланысын үйлесімді қылуды көздейді. Яғни, ҚХР өзін жетекші мемлекеттермен тең дәрежеде қарастыра бастайды.  

Мемлекетаралық байланыстар тұрақты даму үшін экономикалық, саяси, дипломатиялық және мәдени қатынастардан бөлек әрбір елдің «сыртқы әлемдегі» бейнесі үлкен орын алады. Осы орайда, ҚХР-дың «жұмсақ күш»(软实力) тұжырымдамасы «үйлесімді әлемнің» заңды жалғасы. «Жұмсақ күш» әлемге қытайлық сыртқы саясаттың конструктивті және зорлық-зомбылықсыз сипатын таныстыру, Қытайдың тартымды бейнесін құру идеяларын алып келді. Қытайдың халықаралық жауапкершілігін материалдық деңгейде ғана емес, мәдени-рухани салада көрсетуге талпынады. Сондықтан өзге мемлекеттердің көзқарастарына сәйкес келетін идеяларды ұсынуға тырысады.

Қытай өткен ғасырдың соңында «өз мүмкіндігін жасырып», саяси тұйықталу арқылы әліптің артын бағып отыратын болса, қазір сыртқы әлемге ашылып, өзінің стратегиялық қызығушылықтарын белсенді қорғап, жаһандық проблемаларға үн қатуда. Сыртқы саясатта ашықтық пен прагматизмге көңіл бөлумен қатар, Қытай ежелгі тарихи-философиялық ұстанымдарынан айнымайтыны белгілі.  

Адамзат тағдырының ортақ қауымдастығы

ҚХР Төрағалығына Си Цзиньпиннің келуімен ҚХР сыртқы саясаты жаңа сипат алды. «Адамзат тағдырының ортақ қауымдастығы» ( 人类命运共同体) концепциясы соның мысалы. Аталған концепция Си Цзиньпин билікке келген уақыттан қордаланып, белгілі даму сатыларынан өтті:

- 2011 жылы «Қытайдың бейбіт дамуы» жөніндегі ақ кітапта экономикалық жаһанданудың халықаралық қатынастардағы орны айтылды. Даму жүйесі, деңгейі әртүрлі мемлекеттер өзара тығыз байланысқан және «ортақ тағдыр қауымдастығын» құруға қызығушылықтары бар екендігі көрсетілген. Концепция туралы осы құжатта алғаш айтылды.

- 2012 жылы ҚКП XVIII съезінің ашылуында ұлттық мүддені іске асыруда өзге мемлекеттің заңды қызығушылықтарын ескеру, барлық елдің дамуын қолдау арқылы адамзат тағдырластығын орнату идеясы қозғалды. ҚХР Төрағасы адамзаттың ортақ мүддесін алға қойып, жауапкершілікті бөлісіп, балансты жаһандық әріптестік орнату жайында айтты.

- 2013 жылғы наурыз айында Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтындағы сөзінде Си Цзиньпин алғаш рет адамзат өркениетінің даму беталысы туралы халықаралық алаңда айтты.

-  2015 жылы БҰҰ 70-жылдығына арналған саммитте Си Цзиньпин тағдырлас адамзат қауымдастығын құрудың негізгі мәселелеріне тоқталды. Аталған концепция халықаралық жоғары мінберде әлемдік қауымдастық назарына ұсынылды. Қытай Төрағасының сөзі бойынша адамзат тағдырластығын орнатуға инновациялық ашықтық, гармониялық және мәдени алмасу, таза экологиялық жүйе, «жасыл» даму себеп болмақ.

 - 2017 жылы қаңтарда БҰҰ Женевадағы Штаб-пәтерінде Си Цзиньпин «Адамзат тағдырының ортақ қауымдастығын бірігіп құру» тақырыбында баяндама жасады. Осы халықаралық шараның алдында 2017 жылы 15 қаңтарда «Жэньминь Жибао» газетінде «Адамзат тағдырының ортақ қауымдастығы концепциясы адамзат болашағын жарқын қылсын» тақырыбында мақала шықты. «Тағдырластық» ұғымы мыңжылдықтағы қытай мәдениетімен және қытайлық дипломатия концепциясымен түсіндіріледі.

- 2017 жылы 1 желтоқсанда Си Цзиньпин ҚКП мен әлемнің саяси партиялары Диалогының ашылу салтанатында: «Адамзат тағдырластығының қауымдастығы» концепциясы барған сайын қолдауға ие болып, концепциядан нақты іске айналып келеді» деді. Қытай басшылығы «Бір белдеу – бір жол» инициативасы осы концепцияны іске асыруға арналғандығын жиі айтады. Инициативаның соңғы уақытта «халықаралық ынтымақтастық» жобасы аталуы да сондықтан болар.  

-  2018 жылы ҚКП ОК қабылдаған ҚХР Конституциясына өзгертулердің 12-тарауы осы концепцияға арналды. Ол бойынша Қытай Конституциясында «Адамзат тағдырының ортақ қауымдастығын құру» идеясын бекіту ұсынылды. Мемлекеттік маңызды құжатқа енгізілген соң, Қытай концепцияны табанды түрде іске асыратыны белгілі.

Қысқасы, бұл – Қытайдың жаңа жаһандық ықпалдасу концепциясы. Екінші жағынан, халықаралық қауымдастық сенімін орнықтырып, мемлекеттің оң имиджін қалыптастыруға арналған қадам. Қытай масштабты «Бір белдеу – бір жол» инициативасын, экономикалық белсенділігін осындай концепция арқылы түсіндіруді көздейді. Сол мақсатта сауда-экономикалық, энергетикалық, дипломатиялық байланыстарда «өзара пайда жеткізу», «жеңіске бірге жету» принциптерін ұстанатынан жариялайды. Адамзаттың тағдырын ортақ қылуда Қытай өзіне жетекші орын беретіні тағы жасырын емес.

ҚХР сыртқы саяси қадамдары ең алдымен айналасындағы көршілес мемлекеттерге ықпал етеді. ҚХР-да болып жатқан қоғамдық-саяси үрдістер, оның басшылығы қолға алған стратегиялық міндеттер Қазақстан Республикасымен де тығыз байланысты. Тәуелсіздігін жариялаған уақыттан көпвекторлы саясат ұстанатын Қазақстанға тең қарым-қатынас орнатудың өзектілігі арта түседі. Ширек ғасырда қос мемлекеттің байланысы достықтан көпжақты стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин осы жылдары 15 рет екіжақты кездесу өткізіп, Қазақстан Басшысы Қытайға 23 рет іссапармен барған.

Екіжақты дипломатиялық байланыста мемлекет басшыларының жеке достық қарым-қатынасы да үлкен рөл ойнайды. Аймақтағы қауіпсіздік, «үш қауіп-қатермен» күрес, экологиялық, гуманитарлық, саяси-экономикалық мәселелерде Қазақстан мен Қытайдың ұстанымдары ұқсас. Қазіргі уақытта «Нұр жол» инфрақұрылымдық бағдарламасы мен «Бір белдеу-бір жол» инициативасын байланыстыру іске асуда. Қытай жақын арада «сяокаң» қоғамын орнатуды көздесе, Қазақстан «5 әлеуметтік бастаманы» белгіледі.  Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуді межелесе, Қытай 2050 жылы социалистік модернизацияланған заманауи держава құру міндетін қойды.

ШЫҰ, АӨСШК шеңберінде Қытаймен тең құқықты, өзара сенімді әріптестік, тату көршілік байланысты дамыту маңызды міндет болмақ. 2018 жылы Қытайдың Циндао қаласында ШЫҰ саммиті жаңа құрамда, Индия және Пәкістанның қатысуымен өтеді. Сонымен қоса, 2018 жылы шілдеде Астанада Жібек жолы бойындағы қала басшыларының саммиті өткізіледі. Қарым-қатынаста қалыптасқан түйткілді мәселелер осындай платформаларда талқыланады. Яғни, «жеңіске бірге жету», «ортақ пайда табуда» бірқатар жетістіктер бар. Жалпы, халықаралық саясатта ҚХР жасаған қадамдар аса мұқияттылықпен әлемдік жетекшілікке бара жатқанын көрсетеді.


О. Бейсенбаев




Яндекс.Метрика