Сараптама

ҚХР-да оқып жүр талай қазақ баласы (2-бөлім)

«Ұлы Жібек жолы» бойымен тек тауар-өнім тарап, сауда-саттық дамыды десек қателесеміз. Жібек жолымен жеті жұрттың тілі мен діні танылып, мәдениетаралық коммуникация орнады. Тарихшы-профессор Т.Зәкенұлының «Мәңгітас» тарихи романында Таң династиясы кезеңінде(751-907 жж) 3 мыңға жуық түрік, тибет, корей және т.б көшпенділердің өкілдері табғаш астанасы Чаңанда(қазіргі Сиань) қолөнер, егіншілік, әскери іс, ел басқару ілімін үйренгені айтылады. Солардың қатарында болған Тоныкөк «...елу жыл ісін, күшін берген», «күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған» түріктердің тәуелсіздігін қайтару жолында Чаңанда алған білімін пайдаланған деседі. Яғни, «санасы сақ, құлағы түрік» халықтың Қытай елінде білім алу тарихы тереңнен басталады. Ал бүгінгі «Жаңа Жібек жолы» білім мен инновацияның жолына айнала ма? Қазақстанның білім саласы қаншалықты бәсекеге қабілетті? Шығыстанушы Олжас Бейсенбаевтың сараптамасы, білім іздеушілердің бір кәдесіне жарар деген мақсатпен жариялап отырмыз. Оқып көріңіз...
Астана қаласы10 Сәуір , 09:06

Қытайда білім алу қай жағынан тиімді?

Гранттар санының көптігінен бөлек, Қытайда оқитын жастар санының артуына тағы бірнеше фактор себеп болады. Қытай мен Қазақстанның сауда-экономикалық байланысының артуына орай, жастар болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндігіне назар аударады. Қытай тіліне әлемдік аренада сұраныс артуда. Тілді меңгерген маманға шекаралық шектеу жоқ, кез-келген мемлекетте жұмыс істей алады. Қазақстанда ҰБТ-дан өте алмаған түлектер де көрші елдің оқу орнын жиі таңдайды. Қытайға баратын студенттердің басым бөлігі өз қаражатына оқиды. Тіпті, мектептің жоғарғы сыныптарын Қытайда тәмамдайтын қазақстандықтар да көп.

Негізгі себеп:Оқу бағасы мен жатақхананың тиімділігі. Еліміздегі ұлттық университеттердің бір жылдық оқу ақысына Қытайда оқу, жатақхана және қосымша шығындарды төлеуге болады. Шет елдік студенттер толықтай жатақханамен қамтылады. Бос уақытта сабақ қарау, спортпен айналысуға университет кампустарында жағдай жасалған.    

Географиялық жақындығы, жол шығынының төмендігі. Қытайға «Қорғас», «Майқапшағай», «Бақты» бекеттері арқылы көлікпен, темір жолмен қатынау қолайлы. 2017 жылы 1 маусымынан «Air China» әуе компаниясы «Астана-Бейжің» бағытында ұша бастады.    

Мамандықпен қатар қытай, ағылшын тілін үйрену. Қытай тілін білмейтін студенттерге ағылшын тіліндегі оқу бағдарламалары ұсынылған. Яғни, ағылшын тілін меңгеру үшін Еуропа немесе АҚШ қарағанда Қытайға бару тиімді.

Шет елдік мәдениетпен танысу. Қытай ЖОО барлығы шет елдіктерге мәдени экскурсия, мерекелік кештерді тұрақты ұйымдастырады.   

Дегенмен Қазақстан жастарын Қытайда оқытудың проблемалары да жоқ емес. Атап айтқанда: қазақстандықтардың жергілікті заңдарды меңгермеуі себебінен қиыншылықтарға тап болуы; Қытай дипломдарының Қазақстанда нострификациядан өту ұзақтығы; жастардың шет елде бос уақыттарын тиімді пайдаланбауы. Мемлекеттік грантпен түскен студенттер Білім министрлігінің қадағалауында болғанымен, жеке құжат тапсырып, өз қаражатына оқитын азаматтар назардан тыс қалып жатады. Олардың оқу үлгерімі қандай? Бөгде қоғамда өздерін қалай ұстайды? Қандай жоспары бар? Міне, осы сұрақтарға жауап табу қиын. Соған қарамастан жыл сайын Қытайда оқитын жастардың мөлшері артып отыр. Бұл жерде себепті сырттан ғана емес, іштен де іздеуіміз қажет.  

Шекара аспай тіл шыңдауға бола ма?

Негізі қытай тілін оқуға Қазақстан ішінде толық жағдай жасалған. Ол үшін шекара асып, Шэньсиге бару міндетті емес. Қазақстан мен Қытай арасында ШЫҰ университеттерінің желісі жұмыс істейді. Оған еліміздің 14 және Қытайдың 15 оқу орны тіркелген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де кәсіби қытай тілі мамандары дайындалады. Қытай тілі колледждері мен оқу орталықтары тағы бар. Негізгі білімді отандық оқу орындарында алып, қысқа мерзімді тағылымдамаға бару өте тиімді. Оған қоса, Қазақстанның Астана(1), Ақтөбе(1), Қарағанды(1) және Алматы(2) қалаларында Конфуций институттары жұмыс істейді. Әлемде жалпы 500-дей Конфуций институты мен мыңға жуық кластары бар.

Институттар – екіжақты мәдени ықпалдастықтың ошағы, екінші жағынан, қытайлық «жұмсақ күш» саясатының маңызды құралы. Бұл бағытта Қазақстан да белсенді жұмыс істеуде. Соңғы жылдары Қытайдың Бейжің, Шанхай, Далянь және Сиань университеттері жанында Қазақстанды зерттеу орталықтары ашылған. ҚХР-дағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен ашылған орталықтар қазақ тілі мен мәдениетін оқыту-үйрету жұмыстарын жүргізеді.   

Әлеуметтік бастама әлеуетті арттырады

Қазақстанның білім саласы жаһандық жаңа талаптарға сай дамып келеді. Соңғы 16 жылда мектепке дейінгі білім шығыны – 54 есе, орта білім – 12 есе, кәсіптік және техникалық – 36, жоғары білім – 20 есе артқан. Дегенмен жоғары білімге бөлінетін қаражат мөлшері ЭЫДҰ елдерінен 3 есе төмен екен. Еліміздегі миграцияның ең үлкен теріс сальдосы 1994 жылы 5% болған. Эммигранттардың көпшілігі – жоғары және орта білімді азаматтар. Олардың орнын білімі төмен мигранттар толтырғанын ескерсек, бұл фактор мемлекет экономикасы мен адами капиталын дамытуға әсер етеді.

Оқу ақысы мен жатақхана, жұмысқа орналасу қиыншылығынан көптеген азаматтар шет ел асып, оқудан соң қалуға тырысып жатады. Мемлекеттің «ақыл-ойының» шекара асып кетуі шұғыл шешілуі тиіс мәселе. «Белдеу мен жол» бойындағы елдердің арасында Қазақстан білім мен инновацияда бәсекеге қабілетті болуы маңызды. Осы орайда ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 5 наурыздағы «5 әлеуметтік бастамасы» дер кезінде қабылданған құжат. Маңызды құжаттың үшінші бастамасы жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады.

 

Қазір елдегі ЖОО 530 мыңнан астам жас оқып жатса, оның 30 пайызға жуығы мемлекеттік грант иегері. Президент жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлуді тапсырды. Ерекше атап өткізіміз келетіні, қосымша гранттың 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврға бөлінеді. Өйткені, Төртінші өнеркәсіптік революция қарсаңында Қазақстан үшін инженер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары ауадай қажет. Сондай-ақ, келесі өзекті бастама – мемлекет пен жеке меншік серіктесі қағидасымен жатақхана салу жөнінде айтылды. Алдағы 4 жылдың ішінде студенттерге арнап 75 мың орындық жаңа жатақхана салу тапсырылды. Президенттік бастамалар жоғарыда айтылған олқылықтардың алдын-алуға септігін тигізеді. Президенттің 5 бастамасы аясында елімізде қытай тілін оқыту мен қытайтанушыларды дайындау мәселесіне назар аудару қажет.

Қорытынды орнына

Қытайдың ежелгі ойшылы Гуан Чжун «Бір жылды ойласаң – бір реткі өнім аласың, он жылды ойласаң – ағаш өсіресің, ал жүз жылды ойласаң – таланттарды тәрбиелеу керек» деген. Жаһандық және аймақтық интеграция жағдайында Қазақстан әлемнен тұйықталып, «Жібек жолы» бойындағы жүз, мың жылдық үрдісті үзіп тастай алмайды. Бірақ таланттар ең алдымен туған топырағында тәрбиеленуі қажет. Орта ғасырға оралсақ, Таң патшасы Тайцзун түрік қағандарына «рақымшылық» жасап, Конфуций ілімін, Мың Цзы, Сюнь Цзыны дәріптеп, түрікті отырықшылыққа тәрбиелеу арқылы «аттан түсіргісі» келген екен. Бүгін жаугершіліктің емес, жасампаздық пен жаңашылдықтың, білім мен ғылымның ғасыры. Қарқыны қатты Қытайдан еліміздің үйренері көп. Десе де, «қытайшыл», «арабшыл», «корейшіл» жастардың қалыптаспауына уақытында көңіл бөліп отыру қажет.  


Олжас Бейсенбаев

 




Яндекс.Метрика