Мәдениетті жаңғырту

Г.Әбдіқалықова ІII Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің ашылу рәсіміне қатысты

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Eurasian Book Fair – 2018» ІІІ Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы25 Сәуір , 12:36

Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясындағы алғашқы 18 оқулықтың таныстырылымында айтқан: «Жаңа оқулықтар – эксклюзивті гуманитарлық кітапхана. Ол барлық адам үшін үш форматта қолжетімді болады: әдеттегі қағаз кітаптар түрінде, электронды онлайн-нұсқада және үздік лекторлардың видеотека форматындағы ашық дәрістері түрінде», – деген сөзін атап өтті.

Мемлекеттік хатшы бұл елеулі мәдени іс-шара Қазақстан елордасының 20 жылдығымен тұспа-тұс өтіп жатқанына тоқталды. Бүгінде Астана мегаполисі – елдің ұлттық символы ғана емес, сондай-ақ, Еуразияның мойындалған орталықтарының бірі.   

«Жаһандану және цифрлық технологиялар ғасырында кітап бұрынғыша жаңа білімнің қайнар көзі болып қала береді. Ол бүкіл болмысты танып-білудің ғаламат құралы болып табылады», – деді Мемхатшы.

Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында жалпы таралымы 400 миллион болатын 81 мыңға жуық кітап шығарылды. Тек 2010 жылдан бері ғана кітап басуға 10 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Бүгінде 380 компания баспагерлік қызмет көрсетуде.

Биыл көрмеге әлемнің 18 мемлекетінен 155 компания мен ұйым өкілдері қатысуда. Олардың арасында ресейлік «Наука», Польшадан келген «Kurtiak and Ley Artistic Publishing House» және басқа да белгілі баспалар бар. Сондай-ақ, 120-ға жуық мәдени-іскерлік іс-шаралар өткізіледі.

Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова «Eurasian Book Fair – 2018» көрме-жәрмеңкесіне қатысу барысында көрмеге қойылған кітаптардың экспозициясымен танысып, барлық қатысушылардың шығармашылық және іскерлік байланысты тереңдете түсуіне, таңдаған салада зор табысқа жетулеріне тілектестік білдірді.

 




Яндекс.Метрика