Парламент

Мәжілістің жаңа сессиясы: Депутаттар қандай мәселелерді талқылады

Алтыншы сайланған Парламент Мәжілісінің төртінші сессиясы барысындағы басты міндеттер аталды. Жалпы отырыста 19 заң жобасы талқыланды. Жаңа сессияның міндеті мен мақсаттары анықталған отырыс туралы келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы05 Қыркүйек , 12:01

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин  Елбасы бірінші қыркүйекте Палаталардың бірлескен отырысында еліміздің даму жоспарына сәйкес, нақты тапсырмалар бергенін атап өтті.

«Біздің басты мақсатымыз - Президенттің жүктеген міндеттерін өз уақытында сапалы заңдармен қамтамасыз ету. Оның ішінде Мемлекет басшысының жаңа тапсырмаларына орай, әлеуметтік жағдайды одан әрі күшейтуге, экономиканы дамытуға және ұлттық рухани байлықты сақтауға ерекше көңіл бөлетін боламыз», - деді Нұрлан Нығматулин.

Қазір  Парламент қарауында 50-ден астам заң жобасы бар екен.

Олардың қатарында, «Мемлекеттік сатып алулар және квазимемлекеттік сектордың сатып алулары мәселелері туралы», «Табиғи монополиялар туралы» маңызды заң жобаларымен қатар, денсаулық сақтау, көлік, мемлекеттік сатып алулар, АӨК-ні реттеу, меншік құқығын қорғауды күшейту туралы заңнамалық түзетулер; арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар, кинематографияға қатысты құжаттар қамтылған.

Жаңа сессияда  19 заң жобасы қаралды. Оның бірі «2019 - 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөніндегі заң жобасы мақұлданды.

Қаржы және бюджет комитетінің   төрайымы  Гүлжан Қарақұсова  аталған заң жобасы  2018 жылдың  29 тамызында енгізілгенін жеткізді.

«Заң жобасы Бюджет Кодексіне сәйкес, 2019 - 2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық жоспар мен ҚР Президентінің Жолдауларына сәйкес әзірленді. Шығыс  10,4 трлн теңгеге  қарастырылып отыр», - деді Г.Қарақұсова.

Ұлттық  экономика министрі Тимур Сүлейменов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік статистика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жөнінде туралы баяндады.

«Аталған Заң жобасы мемлекеттік статистика саласындағы құқықтық реттеуді одан әрі жетілдіруге бағытталған. Заң жобасын дайындау кезінде Германия, Финляндия, Оңтүстік Корея, Австрия, Италия және тағы басқа дамыған елдердің тәжірибесі зерттелді. Құжат Ресми статистика туралы еуропалық модельдік заң ережелерінің негізінде дайындалды», - деді Т.Сүлейменов.

Ұлттық экономика министрі атап өткендей,  2017 жылы халықаралық институттар жүргізген Қазақстанның ұлттық статистика жүйесін жаһандық бағалаудың ұсынымдары да ескерілді.

«Заң жобасының негізгі мақсаты - халықаралық тәжірибені, стандарттар мен қағидаттарды ескере отырып, институционалдық орта мен статистикалық жүйені, операциялық қамтамасыз етуді одан әрі жетілдіру», - деді Тимур Сүлейменов.

Ал, «Халықаралық азаматтық авиацияға қатысты заңсыз актілерге қарсы күрес жөніндегі конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жөнінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады.

Министрдің айтуынша, Заң жобасы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО)  Ассамблеясының 38-ші сессиясының шешімін жүзеге асыруға бағытталған. Ол барлық ИКАО-ға мүше мемлекеттерді осы Конвенцияға қол қоюға және ратификациялауға шақырады.

«Бұл жобаның мақсаты азаматтық авиация саласында заңсыз әрекеттер жасаған тұлғаларға қылмыстық жауапкершілік тағайындау. Олар: әуежайда және ұшып келе жатқан әуе кемесінің бортындағы адамға қатысты зорлық-зомбылық актісін жасаса; бұзатын және істен шығаратын құрылғыны немесе затты әуе кемесінің бортына орналастырса; кемені пайдалана отырып жарылғыш заттарды, химиялық, биологиялық, уландыратын, радиоактивті материалдарды тасымалдаса және тастаса; әуе кемесін қару ретінде қолдану және т.б», - деді Ж.Қасымбек.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның қылмыстық кодексінде аталған актілер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.

«Бұл ережелерді қабылдау Біріккен Ұлттар Ұйымы  Қауіпсіздік Кеңесінің терроризмге қарсы іс-қимылына қатысты талаптарын қанағаттандыруға, сондай-ақ азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлерге тиісті деңгейде жауап беруге мүмкіндік береді», - деді министр.

ИДМ басшысы Қазақстан Республикасы әлемдік қоғамдастықтың әуе көлігіндегі терроризмнің барлық формасымен және көрінісімен күрес жөніндегі ұжымдық шараларын тұрақты түрде қолдайтынын жеткізді.

«Конвенцияны ратификациялау Қазақстан Республикасы тарапынан қосымша шығындар мен міндеттемелерді қажет етпейді.Конвенция ратификацияланған жағдайда қандай да бір негативті құқықтық және әлеуметтік салдар болмайды», - деді ол.

Өз кезегінде, Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева  Парламент Мәжілісінің 4 сессиясының жоспарымен бөлісті.  Ол бойынша  жаңа сессияда  58 іс-шара өтеді. Бұл аптасына  2  күрделі шара өткізіледі деген сөз.  Қорытындысында, депутаттар 4-ші сессияның жоспарын мақұлдады.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика