Парламент

Мәжіліс жылды қорытындылады

Мәжілістің соңғы жалпы отырысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин сессия басталған уақыттан бері атқарылған жұмыстар бойынша қорытынды жасады. Палата Төрағасы депутаттық корпус өз жұмысында ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сессияның ашылуында және биылғы Жолдауда берген тапсырмаларын басшылыққа алғанын атап өтті.
Астана қаласы26 Желтоксан , 15:18

Қыркүйек айында төртінші сессияны ашқан Елбасы еліміздің одан әрі сындарлы экономикалық-әлеуметтік дамуын сапалы заңнамалық қамтамасыз етуге баса назар аударған болатын.

«Президент тапсырмасын жүзеге асыра отырып, Мәжіліс депутаттарына сессия басталғанда 82 заң жобасы ұсынылып, оның 40-ы мақұлданып, 21-не Мемлекет Басшысы қол қойып, күшіне енді. Мәжіліс депутаттары Елбасының тапсырмасы бойынша ең алдымен барлық қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған заң жобаларына назар аударды, - деді Нұрлан Нығматулин.

 Мәжіліс Төрағасы төртінші сессияның алғашқы күнінен бастап депутаттық корпустың белсенді жұмыс атқарғанын атап өтіп, алдағы уақытта да Мемлекет Басшысының тапсырмаларын заңнамалық қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жұмыстар тұрғанына тоқталды.

« Сессия басталғалы 7 «үкіметтік сағат», Парламенттік тыңдау, 7 Мәжіліс комитеттерінің «көшпелі отырыстары», 3 халықаралық конференция өтті. Бұған қоса, сайлаушылармен жұмыс істеу, тиімді «кері байланысты» орнату біз үшін өте маңызды», - деді Н.Нығматулин.

Сондай-ақ, Президенттің биылғы Жолдауын жария еткеннен кейін, Мәжіліс депутаттары халықпен кездесу үшін өңірлерді аралауға шықты.

 Отырысты қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин әріптестеріне белсенді және бірлескен заңнамалық қызмет үшін алғысын білдіріп, келесі жылы барлық фракциялардың үйлестірілген және кәсіби жұмысы арқасында барлық депутаттар, Парламент Мәжілісі Мемлекет басшысының стратегиялық бағытына сапалы және тиімді заңнамалық қолдау көрсететініне сенім білдірді.

Тұтастай алғанда, Мәжіліс депутаттары төртінші сессияның басында өзін-өзі еңбекпен қамту, кепілдендірілген медициналық көмектің жаңа моделін енгізу, мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сатып алу мәселелеріне байланысты заң жобаларын мақұлдады.

 Сонымен бірге, «Табиғи монополиялар туралы» және «Кинематография туралы» заң жобалары да депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Мемлекет Басшысының Жолдауын жүзеге асыруды толыққанды қаржыландыру үшін депутаттар «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын мақұлдады.

 Қазіргі уақытта Мәжіліс депутаттары Тұрғын-үй құрылысы, мемлекеттік қызмет көрсету, басқа да мәселелерге қатысты заң жобаларымен жұмыс істеуде. 2019 жылы Мәжіліс Елбасы міндеттерін заң жағынан қамтамасыз етуді жалғастыратын болады.

Депутаттардың заң шығармашылық жұмысы оқушылар мен мұғалімдердің жүктемесін төмендету, экология мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу бағыттарында болмақ. Сондай-ақ, бизнес ортаны дамыту және сауда қызметі мен туризм мәселелері басты назарда болады.
 

 




Яндекс.Метрика