Шолу

Мәжіліс отырысы: Қазақстандағы көші-қонның қазіргі ахуалы

Ресми статистика бойынша соңғы үш жылда елімізге 5,6 млн астам шетелдік азамат келген. Бұл туралы бүгінгі Мәжілісте өткен үкімет сағатында белгілі болды. Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божконың төрағалығымен өткен үкіметтік сағатта Қазақстандағы көші-қонның қазіргі ахуалы мен проблемалары талқыланды. Толығырақ, Strategy2050.kz АА дайындаған шолудан оқи аласыздар.
Астана қаласы16 Сәуір , 12:50

Мәжіліс төрағасының орынбасары   В.Божко  қабылданған шаралар Қазақстанға келушілер санын арттырғанын атады. Мәселен,  2017 жылы Қазақстанға 5,595 млн адам келді, оның ішінде Германия мен басқа елдердегі елдің  бұрынғы тұрғындары бар.  

«Елімізге шетелдік бизнесмендер мен туристердің келуі ұлғайды, инвесторлар үшін Қазақстанға жұмыс күшін тарту рәсімі жеңілдетілді. Халықаралық ахуал мен көші-қон ағынының, ішкі көші-қонның артуы күш-қуат құрылымдары мен Сыртқы істер министрлігіне қосымша жауапкершілік жүктейді. Ұсынылған материалдарды алдын ала зерделеу барысында тұрақты көші-қон жолдарындағы басы артық тосқауылдарды алып бастау қажеттігін көрсетіп отыр. Бұған қоса, Қазақстан аумағында заңсыз көші-қон ұйымдастыратын жекелеген фирмалар мен тұлғалардың қылмыстық әрекеттері анықталған. Бұл реттегі цифрлар алаңдатарлық. Ауғанстанның 49 азаматы қазақ болмаса да оралман қазақ мәртебесін алуға тырысқан. Олардың көшілігіне қазіргі уақытта іздеу жарияланған. Бангладеш пен Ауғанстан азаматтары біздің еліміздің аумағын Еуропаға өтуі және ол жақта тұрақты қонстану үшін пайдалануға тырысады. Екі тұрансұлттық топ Қазақстанда тіркелген 85 компания арқылы Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға жаппай заңсыз кіруді ұйымдастырған», - деді В.Божко.

Өз кезегінде аталмыш тақырыпта баяндама оқыған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов   ресми статистика бойынша соңғы үш жылда біздің елімізге 5,6 млн астам шетелдік азамат келгенін айтты.

 «Ресми статистика бойынша соңғы үш жылда біздің елімізге 5,6 млн астам шетелдік азамат келген. Олардың 90 пайыздан астамы ТМД елдерінен, яғни негізінен Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан келгендер. Сонымен қатар алыс шетелден елімізге сапарлайтын мигранттардың қатары көбейгені байқалуда. Осы уақытта олардың саны 620 мың адамға жетті. Бұл шетелдіктердің көбі Қытай мен Түркия азаматтары. Көші-қон ағымы есірткі бизнесімен, адам саудасымен, экстрмизм және лаңкестікпен байланысты болған кездері аз емес. Бұл салада бақылау мен реттеуді тиімді ұйымдастырмасақ, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зиян келуі мүмкін», - деді Қалмұханбет Қасымов.

Сонымен қатар, министр   Қазақстанға шетелдіктердің сапарлау тәртібін түсіндіріп берді. Қазір елімізде депутаттық корпустың белсенді қатысуы мен қолдауы арқасында жаңа миграциялық саясат қалыптасты, бұл халықаралық стандарттарға сай келеді. Шетелдік жұмыс күшін тарту квота беру тетігі арқылы жүзеге асуда. Бұл мамандар құрылыс саласында, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда жұмыс істейді, дейді ол.

Сондай-ақ, заң бойынша нақты инвестициялық жобаларды іске асыру үшін шетелдік кәсіби жұмысшыларды квотасыз әрі рұқсатсыз тартуға мүмкіндік бар. Әр мемлекет азаматтарының елімізге келу мен тіркелу рәсімі әртүрлі. Қазақстанға кіру үшін олардың көбіне виза керек. 19 елмен жалпы азаматтық паспорттар бойынша келудің визасыз тәртібі туралы келісім жасалды.

«Олардың қатарында Еуразиялық экономикалық одақ елдері де бар. 45 елдің азаматтары 30 күнге дейін виза рәсімінен және тіркелуден босатылған.2016 жылғы шілдеден бастап Қытай азаматтарының Қазақстан Республикасына топтасып туристік сапарларын жеңілдету туралы меморандум қолданыла бастады. Мұнымен қоса, шетелдік инвесторлар үшін жағдай жасауға ерекше назар аударылуда. Инвесторлық виза 3 жылға беріледі. Инвесторлардан ішкі істер органдарында тіркелу талап етілмейді.Соңғы жылдары шетелдіктерді тіркеу рәсімін біршама жеңілдеттік. Экономикалық дамыған және саяси тұрақты 56 елдің азаматтары шекарадан өткен бойында кеден қызметінде тіркеле алады. Бұл оларды көші-қон қызметіне келіп, тіркелуден босатады», - деп түсіндірді Қасымов.

Сонымен қатар, ол Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Тәжікстан азаматтары ерекше мәртебеге ие екенін еске салып өтті.

Оған қоса, министр айтқандай,  заңды көшіп-қонуға арналған шарттарды жеңілдетумен қатар, заңсыз көші-қонның жолын кесу бойынша шаралар қабылдануда.

«Заңсыз көшіп-қонушыларды анықтауға және шетелдіктердің елде болу қағидаларын сақтауын бақылауға бағытталған республикалық және өңірлік «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шара жүргізіледі. Елімізде заңсыз көші-қон негізінен еңбек мигранттарының арасында байқалады. Сондықтан бірінші кезекте базарлар, сауда орталықтары, құрылыс алаңдары тексеріледі. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының және шаруашылық субъектілерін бақылаймыз. ҰҚШҰ елдері  «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шараны жыл сайын жүзеге асырады», - деді ол.

Елге заңсыз кіру - қазір қылмыстық теріс қылықтар санатына жатады. Бұрын бұл тек әкімшілік құқықбұзушылық болып саналатын. Бүгінде елге заңсыз кірген адамға 1 мың АЕК дейін айыппұл салынады немес бір жылға дейін бас бостандығынан айырылып, елден шығарылады. Сонымен қатар елден шығудан жасырыну, рұқсатсыз жұмыс істеу және тіркелмеген орында тұрғаны үшін 25 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл заң бұзу фактілері қайталанған жағдайда 15 күнге дейін әкімшілік қамауға алынады, ел аумағынан шеттетіледі екен.

Атап айтқанда, 2015 жылы Әкімшілік құқық бұзушылық, Қылмыстық кодекстерге жаңа талаптар қосылды. Оған сәйкес, көші-қон заңнамасын бұзған адамдарға бірден елден шығару әкімшілік жазасы қолданыла бастады. Қазақстаннан шығарылған барлық шетелдіктер біздің елімізге бес жыл өткеннен кейін ғана қайтып келе алады.

Жыл сайын 100 мыңнан астам шетел азаматтары әкімшілік жауапқа тартылады, оларың 10 мыңнан астамы елден шығарылады. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған екі мыңнан астам жұмыс берушіге айыппұл санкциясы салынды. Өткен жылы бюджетке 115 млн теңге қаржы түсті. Қылмыстық кодексте заңсыз көші-қонды ұйымдастырған адамға бес мың АЕК көлемінде айыппұл немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру белгіленген. Өткен жылы осындай фактілер бойынша 89 қылмыстық іс қозғалған.

Қ.Қасымов  2021 жылы дактилоскопиялық тіркеу туралы заңнама қолданысқа енетінін де айтты. Осыған байланысты шетел азаматтарына виза рәсімдеу, тұруға ықтиярхат немесе босқын мәртебесін алу кезінде міндетті түрде дактилоскопиялық тіркеу талап етіледі. Заң бұзған шетел азаматтары да осындай тіркелуден өтуі тиіс

Оның айтуынша,  2014 жылдан бастап еңбек мингранттарына біздің азаматтардың жеке шаруашылығына жұмыс істеуге рұқсат берілуі заңсыз еңбек мигранттарын азайтуға көмектесті. Осы институт енген уақыттан бастап мигранттарға 1 миллиондай патент беріліп, бюджетке салық түрінде 10 млрд теңгеден астам қаржы түсті.

Сондай-ақ,  осы  жылдың соңына дейін барлық қазақстандық электронды үй кітапшасына енгізілетін болады. Үй кітапшасы Әділет министрлігінің мекен-жайды тіркеу кодына байланыстырылатын болады. Әділет министрлігі мұндай кодты бір ғимаратқа ғана береді және ол тіпті көше, аудан немесе қала атауы өзгерсе де өзгеріске ұшырамайды. Аталған тіркеу кодына біз үй кітапханасын байланыстырамыз. Қазір тіркеуді бастадық. Қазақстанның 18 млн азаматының бүгінде 5 миллионы тіркелді.

Министрдің атап өтуінше,  электронды үй кітабын енгізудің арқасында өте көп адам тіркелген мекен-жайды анықтауға мүмкіндік болады.

«Бұл Мемлекет басшысы назар аударған «резеңке пәтерлер» проблемасын түбегейлі шешуге мүмкіндік береді», - деді Қалмұханбет Қасымов. Ал «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшысы Абылайхан  Оспанов та  электронды мекен-жай анықтамасы тегін берілетіндігін атап өтті. «Мекен-жай анықтамасын алуға баратын азаматтар мәліметтерді еш проблемасыз алады. Ол барлық азаматтардың ЖСН-на жылжымайтын мүлік мекен-жайының кодын беру процедурасы өткізілгеннен кейін толыққанды болады. Мекен-жай анықтамасы электронды үкімет порталы арқылы онлайн-режімде және тегін берілетін болады», - деді ол.

Өз кезегінде, депутат Нұрлан Әбдіров 2017 жылы Қазақстанда қосарланған азаматтығы бар шамамен 600 адам жазаға тартылғанын айтты. Қосарланған азаматтық та маңызды проблемалардың бірі болып отыр. Конституцияда Қазақстан азаматтары өзге мемлекеттің азаматы болып мойындалмайды делінген. Дегенмен, республика азаматтарының біздің еліміздің азаматтығынан шықпастан шетел азаматтығын алу жиі кездесіп жатады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2017 жылы қосарланған азаматтық үшін шамамен 600 адам жазаға тартылды.

«Біздің азаматтарымыздың өзге елдің азаматтығын алуы мәселесі бойынша шетелдік дипломатиялық өкілдерімен тұрақты байланыс орнату қажет. «Қазақстан азаматтығына қабылдау, сонымен қатар жеңілдетілген тәртіппен оны алу барысында  шетелдік азаматтықтан шыққандығын дәлелдейтін құжаттарды ұсыну талаптарын бекіту туралы мәселені қарастыру талап етіледі. Айта кетейін, 2017 жылы біздің еліміздің азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен 30 мыңнан астам адам алды», - деді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ,  2015 жылдан бастап елімізге келетін шетелдіктердің саны жыл сайын 20 пайызға артып отыр. Тек өткен жылы ғана бізге 5,5 млн шетелдік, негізінен ТМД елдерінің азаматтары келді. Бұл ретте ішкі істер органдарында не бәрі 2,5 млн адам ғана тіркелген, яғни жартысынан да аз.

 Оның айтуынша, мигранттар тарапынан орын алатын құқық бұзушылық деңгейін ескерер болсақ, бұл өзекті мәселе. Өйткені, Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес, соңғы 3 жылда 330 мың шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көші-қон заңын бұзғаны үшін 36 мыңнан астам адам ел аумағынан шығарылған.

«Шетелдіктерге қатысты 3 506 қылмыстық іс қозғалған. Бұған қоса, қылмыстардың басым бөлігі ұрлық және есірткі қылмысына қатысты. 2,5 мыңнан астам шетелдіктің өзі қылмыстың құрбанына айналды. Көші-қон қызметі тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі проблемасы анық көрініп тұр», - деді Нұрлан Әбдіров.

Сонымен қатар, отырыста депутаттық сауалдар мен ұсыныстар жолданды.  Мәжіліс төрағасының  орынбасары  В.Божко көші-қон полициларына түсетін арыздарды атап өтті. Ол жағдайларды тұрақтандыру қажеттігін атады. Сондай-ақ, шетелде білім алып жатқан жастардың қайта елге оралуына қажетті жағдай жасау керектігін ерекше атап өтті.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика