Білім беру

Назарбаев университеті Еуразияның іргелі ғылым мен білім орталығына айналды – Н.Назарбаев

Бүгін Назарбаев Университетін бакалавриат бойынша 506 студент, магистратура бойынша 302 студент және докторантура бойынша 3 студент тәмамдады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Университеттің үздік түлектерін марапаттады.
Астана қаласы01 Маусым , 17:51

«Биылғы түлектердің  әрқайсысы Қазақстанның әлеуетін арттыруға үлес қосатын тың қуат екеніне сенемін. Біз Назарбаев университетін алғаш ашқанда жаһандық технологиялар даму жағдайында елді алға бастайтын білікті мамандар дайындауды мақсат еткен болатынбыз. Сол мақсатымызға, мінекей, жетіп отырмыз. Білім ордасынан бұған дейін қанат қаққан 1800 жас маман бүгінде Қазақстанда және жер жүзіндегі дамыған елдерде сан алуан салада табысты қызмет етіп жатыр», - деді Елбасы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы айтып өткендей,  жүздеген түлек әлемнің ең әйгілі оқу орындарынан шақырту алып, білімін ары қарай жалғастыруда.

«Бұл жетістіктің барлығы  университет беретін білімнің жоғары сапалы екенін көрсетеді. Біз жастарды сонау 90 жылдардан бері қарай «Болашақ» бағдарламасына қыруар ақша жұмсап, шетелге жібердік. Ал, сендер дәл сондай жоғары сапалы білімді өзіміздің елімізде - Астана төрінен алып отырсыңдар», - деді Елбасы.

Елбасы аталған оқу орны елордадағы Қазақстанның ғана емес, күллі Еуразияның іргелі ғылым мен білім орталығына айналғанын атап өтті.

«Университет өткен жылы Азия университеттері альянсының тең құрылтайшысы болды. Оның құрамына Сингапур, Гонконг, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан елдерінің озық университеттері енетіні белгілі. Бұл ұстаздар қауымының қажырлы еңбегінің, тәжірибесінің нәтижесінде қол жеткізген жетістік. Жастардың ғылым-білімге деген құштарлығы ізденіс арқылы орындалады. Болашақта еліміздің барлық жоғарғы оқу орындары сіздерге қарап бой түзеп, білім беру тәсілін сіздердікіне қарап өзгертеді», - деді Ұлт Көшбасшысы.

Қазақстан Президенті бүгін еліміздегі басқа да жоғары оқу орындарында диплом алып жатқан барша студенттерді осы маңызды күнмен құттықтады.

«Биыл жазда бүкіл ел бойынша 140 мың жас азамат көптен күткен дипломдарына ие болады. Оқу жылы аяқталған күн қуанышты оқиға болып табылады. Бұл жастардың еңбекқорлығы, жігерлілігі мен білімін көкке көтеретін күн. Бүгін профессорлар, жетекшілер және ата-аналарға алғыс айтылып жатыр. Университет түлектері 10 астам стартап пен бизнес-жобаларды жүзеге асырып, соның арқасында жұмыс орындарын құруға септігін тигізді», - деді Елбасы.

Н.Назарбаев айтып өткендей, дәл осы көрсеткіштер біздің елдегі адам капиталы өсімінің және білім сапасының жоғарылығын айқындайды.

«Қысқа мерзім ішінде Назарбаев университеті жаңару символы және елдегі ғылыми-зерттеу және инновациялық кадр әлеуетінің өсу нүктесіне айналды», - деді Н.Назарбаев.

Өз кезегінде, университет Президенті Шигео Катсу өзгерістер білімге де қатысты екенін жеткізді.

«Өзгерістермен қатар ескіру де орын алып отырары сөзсіз. Сіздер осы жылы алған білімдеріңіз жақын уақытта әлемдегі жаңашылдықтар басып озуы мүмкін. Сол себепті сіздерге өзгеріп отырған әлеммен бірге үнемі даму үстінде боу үшін күш салу қажет. Еңбек нарығы мен адам бойынан қажет етілетін қабілет те өзгеріссіз қалмайды. Алдағы он жылда көптеген жұмыс орындары революциялық технологиялардың арқасында жойылып, олар роботтардың көмегімен атқарылатын болады», - деді Ш.Катсу.

Оның айтуынша, болашақ бірте-бірте роботтармен, жасанды интеллекттермен ынтымақтасумен байланысты болады.

«Осы орайда, сіздер, біздің түлектеріміз бұл ынтымақтастықты Қазақстанда дамыта түседі деп сенемін. Ол үшін сіздер ізденіс пен білім алуға, тұрақты дамуға бар өмірлеріңізді арнау керексіздер», - деді бітіруші тілектерге арнап сөз сөйлеген университет президенті Шигео Катсу.

Айта кетейік, Назарбаев университетін биыл бакалавриат, магистратура және PhD бағдарламалары бойынша 811 студент тәмамдауда. Оқуды тәмамдаған  түлектердің басым бөлігі Ғылым және технологиялар мектебінің (195 түлек), Инженерия мектебінің (156 түлек), Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің (155 түлек) бакалавриат студенттері болып табылады.

Аягөз Құрмаш

Фото: Бауыржан Жуасбаев 




Яндекс.Метрика