Халықаралық интеграция

Н. Назарбаев пен В. Путин туризм саласын дамытудың әлеуетін талқылады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Солтүстік Қазақстан09 Қараша , 15:41

Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың маңызды мәселелері мен туризм саласындағы қатынастарды одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Президентімен жүздескенде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы табысты өткенін айтты.

Қазақстан Президенті бүгінгі өңіраралық ынтымақтастық форумы тақырыбының өзектілігін атап өтіп, мәдени және экономикалық ықпалдастық аясында туризм саласындағы ынтымақтастықты өркендетудің маңыздылығына арнайы тоқталды.

В.Путин Қазақстанның сауда-экономика саласындағы негізгі серіктестердің бірі екенін атап өтіп, екі жақты қарым-қатынастардың жоғары даму қарқынына назар аударды.

Сонымен қатар, Ресей Федерациясының Президенті туризм саласындағы екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайтудың әлеуеті зор екенін айтты.

Келіссөздер соңында мемлекеттер басшыларына «Байқоңыр» ғарыш кешенін дамытуға арналған жоба таныстырылды. Сонымен қатар, Президенттерге әлеуметтік нысандардың салыну барысы, инфрақұрылым желілерінің жөнделу нәтижелері және Байқоңыр қаласындағы тұрғын үй алаптарының газбен қамтамасыз етілуі жөнінде мәлімет берілді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшылары  «Қазақстан мен Ресейдің туризм саласын дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістері» атты көрмені аралап көрді.

Қазақстан мен Ресей Президенттері екі мемлекеттің туризм саласын дамытудың жаңа жоспарлары мен перспективаларына арналған көрмеге барды.

Көрмеге қазақстандық және ресейлік компаниялардың екі ел тұрғындарына арналған ауқымды туристік өнімдері қойылған.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі




Яндекс.Метрика