Шолу

Назарбаев Университеті - Қазақстанның ұлттық бренді – Шигео Катсу

Биыл Назарбаев университетін 506 бакалавр, 302 магистр, 3 докторант тәмамдайды. Жалпы, түлеп ұшатын түлектердің саны 811-ді құрап отыр. Қазақстан Республикасының Президенті 2009 жылы халықаралық деңгейдегі университет құру туралы жобаға бастамашылық еткен болатын. Ал, 2010 жылы Назарбаев Университетінің есігі алғашқы студенттерге ашылды. Халықаралық стандарттарға сай тек ағылшын тілінде білім беретін оқу ордасы туралы Strategy2050.kz. АА дайындаған шолуынан оқи аласыздар.
Астана қаласы30 Мамыр , 17:23

Назарбаев  университетінің   негізгі ерекшеліктері: заң түрінде бекітілген академиялық еркіндік және институционалдық дербестік, халықаралық оқытушы-профессорлар құрамы, оқыту мен ғылыми зерттеулерді жүргізудің негізгі тілі ағылшын тілі, сондай-ақ бакалавриат бағдарламасынан бастап білім мен ғылымды интеграциялау  болып табылады.

Оның басты миссиясы - Қазақстанның жоғары білім мен ғылым жүйесінде реформаларды жүргізу моделі болу және Астананың инновациялар мен білімнің халықаралық орталығы болып қалыптасуына үлес қосу.

Назарбаев Университеті ДБҰ   Призеденті  Шигео Катсу  өткен жылы   737  түлек  бітіргенін атап өтті. Биыл өсу тенденциясы  10 пайызға өсіп отыр.

«2017 жылы университет  негізінде  жаңа  Назарбаев зияткерлік мектебі  ашылды. Қазір университет  аясында жұмыс істейтін  мектеп  саны 8-ді құрады. Қазір Қазақстан Республикасы қазба байлықтарына өте бай, сондықтан да Назарбаев Университеті  оларды игеретін магистрлерді дайындап шығарады», - деді Ш.Катсу.

Ш.Катсу айтып өткендей, өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  Университеттегі студенттер санын  2025 жылға қарай екі есеге өсіруді  тапсырған болатын.

«Біз ішкі талқылау жүргізіп, аталмыш тапсырманы   қалай жүзеге асыру керектігін қарастырдық.  Осы уақытқа дейін білім алушылардың саны 8 мыңға жетеді. Қазіргі уақытта 750-800 бакалавр бар. Бұлардың санын 5200-5500-ге дейін арттырамыз», - деді Ш.Катсу.

Сондай-ақ, Шигео Катсу мырза  аталған міндеттерге жету үшін жаңа ғимараттар мен жатақханалар керектігін жеткізді. Яғни, студент санын арттыру  еңбек ресурсының да артуын талап етеді.

«Осы жылдың соңына қарай  ғылыми лабораториясы бар ғимарат ашу жоспарланып отыр. Осы ғимараттың ашылуы 2025 жылға  дейінгі қойған мақсатымызға жетуге септігін тигізеді деген ойдамын», - деді Ш.Катсу.

Сондай-ақ, Университет  басшысы айтып өткендей, Назарбаев университетінде  білім алу өзге қазақстандық ЖОО-ларға қарағанда  әлдеқайда жоғары. Себебі, оқу орнында білім беретіндер шетелдік мамандар болып табылады.

«Біздің Үкіметпен жүргізілген келісімшарт бойынша, бастапқы кезеңде  «Болашақ» арқылы  шетелге кеткен  түлектерді елде қалдыра алатындай профессорлық құрам  дайындау болатын.  Бұл идеяны Үкімет қолдады. Бірақ, олардың қойған талабы:  біздегі білім шетелдік жоғары оқу орындарынан кем болмауы керек. Біздің студенттердің көп бөлігі әлемнің үздік университеттерінің  магистратурасы мен докторантурасына түсіп жатыр», - деді Ш.Катсу.

Ш.Катсу айтып өткендей, бұл университет бағдарламаларының сапалығы мен  тиімділігінің көрсеткіші.

«Біздің  «Болашақ» бағдарламасы  ұсынған білім алу орталықтарының дәрежесінде  білім береміз деген  уәдемізді орындадық. Ал, білім беру құнына келсек, бізде шетелде оқудан арзан. Себебі, Қазақстан өз студенттерінің  елде оқығанын қалайды», - деді Ш.Катсу.

Сонымен қатар, Шигео Катсу  2011 жылы  «Болашақ» бағдарламасы шетелде бакалавр дайындауды тоқтатқанын тілге тиек етті.

«Ерекше мамандықтар ғана шетелде оқытылады, мысалы суретші мамандығы сынды   бағыт  «Болашақ» бағдарламасы аясында    бакалаврды тәмамдай алады. Өткен жылы Үкімет біздің  жұмысымыз бойынша   қорытынды шығарды, «Болашақ» бойынша оқытылатын магистранттардың біраз көлемін Назарбаев Университетіне  бөлген  болатын. Алайда, университет тарапынан бұлай жасауға сұраныс болған жоқ. Өз шешімдері солай болды», - деді ол.

Айта кетсек, Назарбаев Университетінде тек қазақстандық  қана емес,  шетелдік  студенттер де білім алады. Алайда, олардың  саны әлі де аз, дейді Шигео Катсу.

«Шетелден келіп оқитын студенттердің болашақта  пайдасы тию мүмкін. Олар осы жақта қарым-қатынас орнатып, кейін бітірген соң өз елінде ағартушы немесе ғалым болуы мүмкін. Бұл арқылы елдер арасындағы байланыс нығая түседі. Сондықтан да шетелдік студенттерді тарту  маңызды салалардың бірі», - деді Ш.Катсу.

Сондай-ақ, Университет басшысының айтуынша, Назарбаев Университеті Қазақстанның ұлттық бренді, академиялық білім мен ғылыми-зерттеу саласының орталығы болғандықтан, шетелдік студенттерді, Орталық Азиядан көшбасшыларды тарту өте маңызды.

«Дипломатиядан бөлек, Елбасының 50 дамыған елдің  қатарына ену  мақсатын ұмытпауымыз керек. Біз Қазақстанмен көршілес жатқан студенттерді тартуымыз керек, себебі олар болашақта Қазақстанмен достықты  қолдайтын болады. Өскелең ұрпақты достық, ынтымақтастық негізінде  оқыту өте тиімді», - деді Ш.Катсу.

Оның айтуынша, Қазақстан қазір ЖІӨ-нің  0,2 пайызын  ғылыми зерттеу жүргізу үшін жұмсайды. Дамыған елдер оған  2,5 пайыз жұмсайды, ал көшбасшы Корея сынды елдер ЖІӨ-нің  4 пайызын ғылыми зерттеуге  жұмсайды. Сондықтан да, осы саладағы жұмысты арттыру керек.

Назарбаев Университетіне оқуға түсудің басты шарты – ағылшын тілін жетік меңгеру. Себебі, оқу процессі ағылшын тілінде өтеді. Оқу үлгерімінің жақсы болуы да қажет.

Сондай-ақ, Халықаралық ғылыми олимпиадалардың жеңімпаздарына да жеңілдік қарастырылады.

«Біз ең талантты, ең үздік  оқушылар үшін  күресеміз. Халықаралық олимпиада жеңімпаздарының біздің университетте оқуына мүдделіміз. Дәстүрлі түрде Қазақстан өзінің талантты оқушыларымен танымал. Мәселен, қазақ-түрік лицейлерінде, Назарбаев зияткерлік мектептерінде  білім алып жатқан  талантты оқушылар өте көп. Өзге Германия, Корея сынды университеттердің өкілдері Қазақстанда білімді, талантты жастардың бар екенін біліп, осы жаққа келіп өздеріне студент іздейді. Сондықтан, біз де олармен бәсекедеміз. Біз тек, ресейлік ЖОО-лармен емес, үздік әлемдік университеттермен де таланттар үшін күресеміз», - деді Ш.Катсу.

Айта кетейік, келесі аптада  Назарбаев университетін төртінші шығарылымның түлектері тәмамдайды. Өз кезегінде, Шигео Катсу  студенттерге дәстүрлі үндеуін оқымақ.

Аягөз Құрмаш

Фото: Нұржас Жақсыбай

 




Яндекс.Метрика