Халықаралық интеграция

Қазақстан-Словакия: Ынтымақтастықтың даму тетіктері

Астанада Қазақстан – Словакия бизнес форумында екі елдің іскерлік орталарының жаңа мүмкіндіктері мен перспективалары анықталды. Қазақстанға ресми сапармен Словакия Республикасының Премьер-Министрі Петер Пеллегринидің келу мақсаты да осы шара. Премьер-Министр Б. Сағынтаев бизнес-форумда қазақстандық-словакиялық ынтымақтастықты нығайтудың басым бағыттарын белгіледі.
Астана қаласы16 Қараша , 10:47

Кездесу барысында Бақытжан Сағынтаев пен Петер Пеллегрини сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту және кеңейту бойынша көптеген ауқымды мәселелерді талқылады.

 Сауда-саттық, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, машина жасау, білім беру, қаржы секторы, транзиттік көлік салаларындағы өзара іс-қимылдың, сондай-ақ, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асырудың қазіргі және перспективалық бағыттары қаралды. Туризм саласындағы ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінді. Словакия Қазақстанда еліміздің азаматтарына шенген визаларын жеңілдетілген тәртіппен беретін екі орталықты ашуды көздеп отыр.

Бақытжан Сағынтаев экономикалық ынтымақтастықтың тұрақты өсімі байқалатынын атап өтті. Сонымен қатар, қолда бар әлеуетті ескере отырып, екіжақты тауар айналымының көлемдерін одан әрі ұлғайту келешегі айтылды. Мәселен, Қазақстанға Словакияның автомобиль құрастыру, баламалы және жаңартылатын энергия көздері және «жасыл» экономика салаларын дамытудағы, сондай-ақ, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және ядролық энергетика салаларындағы тәжірибесі қызығушылық тудырады.

Өз кезегінде Петер Пеллегрини Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы маңызды серіктестердің бірі екенін жеткізді. Премьер-Министр словакиялық компаниялар ҚР-да ірі энергетикалық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға белсене қатысатынын айтып, инвестицияларды қорғауды қамтамасыз ету және қосарланған салық салудан босату үшін алғысын білдірді.

Оның пікірінше, Қазақстан инвесторларды қорғау бойынша барлық заманауи талаптарға жауап береді. Бұдан өзге, П. Пеллегрини Словакияға 11 жылдық үзілістен кейін саммит ұйымдастырған Қазақстанның ЕҚЫҰ сәтті төрағалық ету тәжірибесі қызығушылық тудырады. Еске сала кетейік, Словакия Республикасы 2019 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етеді.  

Қазақстан – Словакия бизнес-форумы бір алаңда екі елдің бизнес қауымдастықтарының 120-ға жуық өкілінің басын қосты. Словакия Республикасының Премьер-Министрі Петер Пеллегринидің басшылығымен мемлекеттік құрылымдар мен экономиканың түрлі салаларындағы: машина жасау, өнеркәсіп, энергетика, денсаулық сақтау, құрылыс, логистика, химия индустриясы, авиация, ауыл шаруашылығы, АТ және т.б. салалардағы бизнестің 70-тен астам өкілі келді.

Форум барысында екі елдің іскерлік орталарының серіктестігінің жаңа мүмкіндіктері мен келешегі анықталды. Шара қатысушылары бизнес қауымдастықтардың бірлескен жұмысқа деген өзара қызығушылығының артып келе жатқанын атап өтіп, тәжірибемен бөлісіп, инвестициялық және сауда ынтымақтастығын арттыруға қатысты ұсыныстарын жеткізді.

ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев шара қатысушыларына арнаған сөзінде Словакияның еліміздің Орталық Еуропадағы басты серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Екі мемлекеттің де ортақ мүдделері көп. Бұл — экономикалардың индустриялық-аграрлық бағыттылығы, дамыған адам әлеуеті және тиімді географиялық орналасқан жері.

Қазақстан мен Словакия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына биыл 25 жыл толады. Ширек ғасырда екі ел арасындағы достық пен әріптестік сенімді диалогқа айналған, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалған, келісім-құқықтық база кеңейтілген. Дегенмен, сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастық әлі жүйелі дамып келеді.

Б. Сағынтаев өз сөзінде ынтымақтастықты арттыру үшін бірқатар басым бағыттарды атап өтті. Мәселен, еліміз экономиканың түрлі секторларына, әсіресе, өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспорттың дамуына инвестициялардың салынуын қолдайды. Қазақстан сонымен қатар Төртінші өнеркәсіптік революцияның элементтерін — 3D-принтинг, онлайн-сауданы, мобильді банкингті, цифрлық сервистерді, автоматтандыруды, роботтандыруды, жасанды зердені және «ауқымды деректермен» алмасуды енгізуге бағыт алған. Қазақстанда сондай-ақ аграрлық секторға айрықша көңіл бөлінген, бұл сала экономиканың басты драйверлерінің біріне айналуы тиіс. АӨК дамыту басымдықтары жаңа технологиялар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді енгізу арқылы, оның ішінде одан әрі экспорттау үшін де, өнімділікті арттыру болып табылады.

Форум барысында словакиялық бизнес өкілдеріне Қазақстанның тиімді бизнес жүргізу үшін әлеуеті зор екені хабарланды. ҚР кедендік шекаралары жоқ, 180 млн астам адамды қамтитын Еуразиялық Экономикалық Одақтың мүшесі, ДСҰ мүшесі, ЭЫДҰ Инвестициялар комитетінің қауымдастырылған мүшесі, сонымен қатар еліміз Халықаралық инвестициялар туралы декларацияға қосылған.

Сөз соңында Премьер-Министр Б. Сағынтаев словакиялық бизнесті белсенді ынтымақтастыққа және жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды. Бүгінде Қазақстанда жекешелендіру бойынша ірі науқан жүргізіліп жатыр. Тау-кен өнеркәсібі және металлургия, мұнай-газ саласы, энергетика, көлік және байланыс, инфрақұрылым және т.б. компаниялардың акциялары шығарылды. Тікелей жекешелендіруден өзге, мемлекеттік-жекешелікті әріптестік қағидатындағы ынтымақтастық жанданған. Бүгінгі таңда МЖӘ механизмі бойынша 183 келісімшарт жасалған, оған шетелдік те, жергілікті компаниялар да қатысады.

Салық жүктемесі оңтайландырылған, артықшылықтар пысықталған. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында жобаларды жоспарлау рәсімдері жеңілдетілген. Көші-қон және еңбек заңнамасы жеңілдетілді, шетелдік жұмыс күшін тарту рәсімі жеңілдетілді. Қазақстанның инвесторлармен ашық диалог орнатуға ұмтылатыны атап өтілді. Ол үшін Президент жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесі, Премьер-Министр жанындағы Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес жұмыс істейді, инвестициялық және бизнес-омбудсмен институттары енгізілген. 2016 жылдан бастап барлық инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты жұмыс істейді, еліміздің барлық өңірлерінде инвесторларға қызмет көрсету бойынша аймақтық кеңселер ашылған.

«Doing Business-2019» рейтингінде Қазақстан 28-орынды алды: еліміз инвестициялық ахуалы жағынан Орталық Азияда бірінші орында, Орталық Азия елдерінің инвестицияларының 70%-дан астамы ҚР үлесіне тиесілі. Тек соңғы онжылдықта елімізге $250 млрд жуық тікелей шетелдік инвестициялар тартылған. Елімізде түрлі салалық бағыттағы, түрлі артықшылықтары бар 11 арнайы экономикалық аймақ пен 22 индустриялық аймақ жұмыс істейді.  

Республикамызда «Цифрлық Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Елімізде «Назарбаев Университеті» және Инновациялық технологиялар паркі тәрізді инновациялық кластерлер жұмыс істейді. Жақында Astana Hub халықаралық АТ-стартаптар технопаркі ашылды. Мультимодальді Еуразиялық көлік дәлізі іске қосылды. Енді Қазақстан арқылы Қытай мен Азияның басқа да елдерін Еуропамен Ресей, Каспий және Қара теңіз, сондай-ақ Иран мен Түркияны байланыстыратын халықаралық 5 темір жол және 6 автомобиль бағыты өтетін болады.

2018 жылдың қаңтар айынан бастап елордада «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істей бастады, ол ағылшындық құқық қағидаттары мен нормаларының негізінде Нью-Йорк, Сингапур, Лондон мен Дубайдың қаржы орталықтарының ең үздік үлгілерін біріктірген. АХҚО қатысушылары үшін жеңілдетілген салық, виза, еңбек режимдері қарастырылған.

Елімізге шетелдік банктер белсене кіре бастады. Қазір бізде Mitsubishi UFG (Жапония), CITI Bank (АҚШ), Deutsche Bank (Германия), Arab Bank (Иордания), ING Bank (Нидерланды), ВТБ Банк (Ресей) және т.б. жұмыс істейді.

Өз кезегінде Премьер-Министр Петер Пеллегрини словакиялық кәсіпкерлердің Қазақстанға инвестиция салуға деген қызығушылығы туралы айтып берді, сондай-ақ елдер арасындағы бұған дейін де жақсы болған экономикалық қатынастар енді зор қарқынмен дамитынына сенім білдірді. Словакия Республикасының Үкіметі өзара және бірлескен шетелдік инвестицияларды қолдау және басқа да қолдау шараларына қатысу арқылы елдер арасындағы қарым-қатынастарды барынша дамытуға әзір, себебі мұндай форумдар қазіргі және келешектегі экономикалық қатынастарды дамытуға зор септігін тигізеді.

П. Пеллегрини атап өткендей, Қазақстан словакиялық кәсіпкерлерге қолайлы экономикалық шарттар ұсынады.

«Біз зор әлеуетін байқап отырған салаларға энергетика, оның ішінде жаңартылатын энергетика, автомобиль өнеркәсібі, машина жасау, кен өндіру өнеркәсібіне арналған жабдықтар, газ және мұнай өнеркәсібі, су тазарту технологиясы, сонымен қатар азық-түлік өндірісі және басқа да салалар жатады. Сондықтан осы жерде отырған фирмалар аталған салаларда жұмыс істейді», — деген соң П. Пеллегрини қазақстандық бизнесмендерге Словакия Республикасында ең қолайлы жағдайлар жасалатынына сендірді.

«Kazakh Invest» ҰК басқарма төрағасының орынбасары М. Бірімжан бұл қазақстандық-словакиялық бизнес форумының екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі дамуына серпін беретініне сенімді, себебі бүгінде бұл ынтымақтастықта зор әлеует те, қарым-қатынасты жоғарырақ деңгейге көтеруге деген ниет те бар. «Kazakh Invest» ҰК деректеріне сүйенсек, 2005 жылдан бастап 2018 жылдың ІІ тоқсанына дейін Словакиядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағымы $20,6 млн құраған. Сонымен қатар, ынтымақтастықты кеңейтудің үлкен әлеуеті бар.

«Бүгінгі форумның қатысушылары әр елдің мықты тұстары туралы көбірек білді. Словакия индустриялық-аграрлық ел ретінде біздің кәсіпкерлеріміз үшін қызығушылық тудыратын ел, біз олардан машина жасау, энергетика, инфрақұрылым салу саласындағы ноу-хаулар мен технологиялар бойынша көп нәрсе үйрене аламыз», — деп М. Бірімжан, Словакия Республикасында біздің экономикамыз үшін басымдыққа ие шикізаттық емес секторлар жақсы дамығанын атап өтті.

Сонымен қатар М. Бірімжан қазақстандық тараптың өнеркәсіп және шикізаттық емес экспорт салаларын қоса алғанда, экономиканың басқа да салаларында ынтымақтастық орнатуға әзір екенін атап өтті. Мәселен, «Integra Construction KZ» қазақстандық компаниясы қазірдің өзінде Словакия Республикасында халықаралық деңгейдегі Словакия астанасы мен Украина шекарасы арасындағы темір жолды жаңғырту бойынша ірі инфрақұрылымдық тендерге қатысып жатыр.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасының орынбасары Н. Бөкейханов өз кезегінде екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі туралы мәлімдеді.

«Екі ел арасындағы тауар айналымы 2017 жылдың қорытындысы бойынша $53 млн құраған. Аталған көрсеткіш өткен жылғы деңгейден 40% жоғары. 2018 жылдың І жарты жылдығында тауар айналымы $30 млн болған», — деп Н. Бөкейханов, бұл екіжақты ынтымақтастықтың шекті деңгейі емес екенін атап өтті.

Өзара іс-қимыл салаларының бірі — машина жасау, нақтырақ айтқанда автомобиль және қосалқы бөлшектер өндірісі. Н. Бөкейхановтың айтуынша, Словакия автокөлік шығару бойынша еуропалық көшбасшы саналады. Словакияның әр азаматына шаққанда жыл сайын 180-нен астам автокөлік шығарылады. Қазақстан үшін бұл тек экспорт-импорт тұрғысынан ынтымақтастық орнатудың мүмкіндігі емес, ондай-ақ осыған ұқсас өндірістерді тиімді ұйымдастыруда тәжірибемен алмасудың мүмкіндігі.

Фото: Премьер-Министр сайты




Яндекс.Метрика