Халықаралық интеграция

Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы: Хайнаньға визасыз режим қалай әсер етеді

Қазақстандық туристер Хайнань аралына визасыз кіруге 2018 жылдың 1 мамырында рұқсат алған болатын. Қазақстанмен қоса 59 елдің турисі Хайнань провинциясына визасыз кіреді. Астанада Хайнань аралына визасыз режимнің қосылуына байланысты таныстырылым өтті.
Астана қаласы08 Қаңтар , 17:27

Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және  өкілетті  Елшісі Чжан Сяоның айтуынша, Хайнаньға визасыз режимнің ашылуы өте орынды әрі уақытылы болды.

«Хайнань аралы қазақстандықтар үшін сүйікті орындардың бірі. Демалу мақсатында және емделу үшін де отбасыларымен барып жатқан туристер саны өте көп. Қазір біз атқарып жатқан шаралар Қытайға, Хайнаньға сапарды жеңілдете түседі. 30 күнге дейін қазақстандықтар Хайнань аралында визасыз жүре алады. Хайнань провинциясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да сүйікті орны деп айтсақ болады. 1997 жылы Нұрсұлтан Назарбаев алғашқы еңбек демалысын Хайнаньда өткізген болатын. Президент  4 еңбек демалысын  Хайнаньда өткізген. Қытайдың  Хайнаньға  визасыз кіргізу  бойынша ұстанып отырған саясаты  уақытылы әрі орынды», - деді Елші Чжан Сяо.  

Елші айтып өткендей, визасыз режимнен кейін, Хайнаньға баратын қазақстандық туристердің саны арта түспек.

«Қытайдың өзге провинцияларына да  визасыз режим орнату сұрақтары  қарастырылып жатыр. Жұмыс жасалуда», - деді Чжан Сяо мырза.

Өз кезегінде  Мәдениет және спорт министрлігі  Индустрия және туризм комитеті төрағасының орынбасары Меруерт Смағұлова Қытай шекаралас мемлекет болғандықтан, қазақстандықтар арасында танымалдылыққа ие екенін, сондай-ақ, бағасы жағынан да тиімді екенін жеткізді.  

Сондай-ақ, М. Смағұлова биылғы жылдың 1 қаңтарынан қосылған электронды визаның туристерге қолайлығы жайында айтып өтті.

«Біз осы орайда туристердің саны күрт артады деген ойдамыз. Бұл мәселе бойынша Сыртқы істер министрлігі де шаралар қолданып жатыр. Қазақстандық тарап Қытай тарапына визалық шектеуді алып тастады. Мәселен, электронды визаның тиімділігі турист елшілікке келіп,  сұхбаттасудан  өтпейді. Ол тек қажетті құжатты толтырады. Бізде топтық визалар бар. Қазір туроператорларды оқытудан өткізіп жатырмыз. Қытайлық туристер жайсыздық сезінбеуі үшін және турист жалпы өзін жақсы сезіну үшін шараларды іске асырып жатырмыз», - деді ол.

Айта кетейік, 2018 жылдың  1 мамырынан бастап  туристік агенттік арқылы Хайнаньға кірген  туристік топтар мен жеке саяхатшыларға визасыз режим енгізілді. Жалпыәлемдік тәжірибе көрсеткендей, әлем елдерінің  38 пайызы үшін туризм негізгі көз болып табылады.

Аягөз Құрмаш 

Фото: Гүлжан Раманқұлова 

 

 

 




Яндекс.Метрика