Инвестициялар

Қазақстанға соңғы 20 жылда қанша шетел қаржысы құйылды?

Биыл ҚР Президенті жанындағы шетел инвесторларының Кеңесі 20 жылдығын атап өтеді екен. Осы уақыт аралығында ел экономикасына 300 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылыпты. Ең бастысы Қазақстанда әр адам басындағы инвестиция көрсеткіші әлемдегі орта есептен көп және дамушы елдерден екі есе жоғары. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар Кеңесінің 31-ші пленарлық отырысында мәлімдеді.
Астана қаласы06 Маусым , 12:05

Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев алғысөзінде кеңестің 31-ші отырысына келген инвесторларға алғыс айтты.

«Кеңес Одағын ыдыратқан дағдарыс, Оңтүстік-шығыс дағдарысы, 2007 жылғы қаржы дағдарысы, Тәуелсіздік алған соң біз үшін оңай болған жоқ. Қазақстан достарының арқасында бір де - бір рет құлдырауға жол бермеді. Соның арқасында біз шешім қабылдадық, бірақ проблемалар мен қателер, шала істелген жұмыстар жеткілікті. Ең бастысы Қазақстанда әр адам басындағы инвестиция көрсеткіші әлемде орта есептен жоғары және дамыушы елдерден екі есе жоғары. Осының арқасында Қазақстан дамып келеді және біз жаңа бағдарламаларымызды жүзеге асырып жатырмыз»,- деді Елбасы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы  үлкен жұмыс атқарылғанын айтып, барлығына алғыс айтты.

«Қиын жылдары сіздер бізге жол көрсеттіңіздер, сіздердің кеңестеріңізге құлақ түрдік, заңнамамызды өзгерту арқылы жемқорлықпен күресте, шенеуніктің нашар жұмысына байланысты бірге шешім қабылдадық. Сіздерсіз мұны жасау қиын болар еді және тәжірибелеріңіз бізге үлкен қызмет етті. Бұл кеңес – ел экономикасындағы ең өзекті мәселелерді талқылауға арналған алаң. Кеңес мүшелері әлемдегі алпауыт компаниялар жұмысымызға, бизнес климатқа, жалпы экономикамызды дамытуға үлесін қосып келеді. Серіктестеріміздің бәріне алғысымды білдіремін», - деді Н.Назарбаев.

Елбасы жиынға қатысып отырған кеңестің жаңа мүшелерінің атын атап өтті.

«Кеңестің жаңа мүшелері: «Эксон Мобил Продакшн Компани» компаниясының президенті Нил Даффин, «Еуразиялық даму банкі» басқарма төрағасы Андрей Бельянов, Philip Morris International компаниясының Шығыс Еуропа аймағының президенті Марко Мариотти, Marubeni Corporation компаниясы төрағасының орынбасары Шигеру Ямазое. Сондай-ақ, Кеңес құрамына кіргендердің қатарында Қазақстан тарапынан «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов бар», - деді Елбасы.

ҚР Президенті кеңестің ел экономикасындағы ең өзекті мәселелерді талқылауға арналған алаңға айналғанын атап өтті.

«Кеңес мүшелері әлемдегі алпауыт компаниялар жұмысымызға, бизнес климатқа, жалпы экономикамызды дамытуға үлесін қосып келеді. Серіктестеріміздің бәріне алғысымды білдіремін», - деді  Ұлт көшбасшысы пленарлық отырыста.

Нұрсұлтан Назарбаев елдің одан әрі жаңғыруы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін  атқарылатын жұмыстың бірнеше бағытын атап көрсетті.

« Бірінші. Бұл – реттеуші ортаны жақсарту. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс, Салық және Кеден кодекстері сияқты жаңа құжаттар күшіне енді. Кәсіпкерлікті реттеу мәселелері жөніндегі заңнамалық түзетулер топтамасы қабылданды. Барлық бағыттар бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары енгізілуде», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті құқық үстемдігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік басқару ісінің сапасына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.  

«Екінші. Бұл – экономиканы диверсификациялау және жаңа технологияларды енгізу. Еліміз бойынша индустрияландыру аясында 1200-ден астам жаңа кәсіпорын іске қосылды. Инвестициялық және экспорттық стратегиялар жүзеге асырылуда», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы трансұлттық корпорациялармен бірге ірі жобаларды жүзеге асырудың, аграрлық ғылымды дамытудың, технологиялар трансфертінің және құрылыс саласының жоғары қарқынын қолдаудың маңыздылығын айтты.

Қазақстан Президенті үшінші басым бағыт ретінде инфрақұрылымды жаңғырту қажеттігін атап өтті.   

«Біз Еуразиялық мультимодальді көлік-транзит хабын қалыптастырудамыз. Жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасы еуразиялық интеграцияны күшейтуге және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен ұштасу мақсатына бағытталған. 5 шілдеде «Астана» халықаралық қаржы орталығының таныстырылым рәсімі болады. Бұл орталық Қазақстанның қаржы инфрақұрылымының өзегіне және бүкіл Орталық Азия өңірінің хабына айналуға тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы ел көлеміндегі және өңірлердегі экономика салаларын цифрландыру үдерісіне кеңінен тоқталды.

«Төртінші. Бұл – цифрландыру. Біз «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды бастадық. Цифрлық технологияны агро-өнеркәсіп кешеніне, көлік және басқа да негізгі салалардағы кәсіпорындарымызға енгізу қажет», – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев адами капиталды одан әрі дамыту қажеттігі және білім беру жүйесін трансформациялаудың маңыздылығы жөнінде айтты.  

«Бесінші. Бұл – адами капиталды дамыту. Білім беру жүйесі экономиканы жаңғырту мен цифрландыру арқылы трансформациялануы қажет. Осыған орай «Адами капиталды дамыту» мәселесін келесі отырысымыздың тақырыбы етіп алуды ұсынамын», – деді Мемлекет басшысы.

Елбасы сөзінің соңында Қазақстан экономикасын жаңғырту үшін бірлесе тиімді жұмыс жүргізудің маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ,  Шетелдік инвесторлар кеңесінің 30-шы пленарлық отырысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады.

Кеңестің өткен жылғы отырысы жаңа энергия мәселелеріне арналған еді.

Министрдің айтуынша, шетелдік жұмыс күшін тарту рәсімдерін жетілдіру бойынша нақты шаралар қабылданып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы нормативтік актілер әзірленген, сондай-ақ, олар көші-қон процестерін реттеу туралы заң мен экологиялық кодекске міндетті түрде енгізілетін болады.

Одан бөлек, «технология бойынша шарасыздықтан жағылатын газ» ұғымын ашу туралы ұсыныс қабылданды және ол «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексте көрсетілді.

Салықтық құқық бұзушылықтарды декриминализациялау және валюталық реттеу туралы ұсыныстарды орындау бойынша жұмыстар жалғасуда.

Сондай-ақ, министр 2017 жылы Қазақстанның экономикасына салынған әрбір төртінші доллар өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тигенін, өңдеу өнеркәсібі инвесторлардың қызығушылығын арттырған сала екенін айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ҚР Үкіметі ЭЫДҰ стандарттары мен халықаралық тәжірибені ескеріп, елімізде инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін жан-жақты жұмыстар жүргізіп отыр.

2017 жылдың маусым айында Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялық комитетінің қауымдастырылған мүшесі болды.

«Соңғы алты жылда ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес заңнамаға біршама өзгерістер енгіздік, олар: рұқсат беру жүйесін жеңілдету, салық салу, кедендік бақылау, көші-қон және визалық режимде заңнаманы жетілдіру және басқалар», - деді Жеңіс Қасымбек.

Инвесторлардың мәселелерін жүйелі шешу үшін Кеңестің бірлескен жұмыс тобымен жұмыс жүргізілуде, Премьер-министрдің төрағалық етуімен тұрақты түрде кездесулер мен ай сайын Үкіметте инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша Кеңестің отырыстары өткізіліп тұрады және осы аталғандардың барлығы елдегі инвестициялық ахуалды бақылауға мүмкіндік береді.

Инвестиция тартудың тиімді жолдарын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдар, елшіліктер мен өңірлер арасындағы өзара іс-қимылға негізделген жүйе құрылды және бұл өткен жылдың тамыз айында қабылданған Ұлттық инвестициялық стратегияда көрініс тапты.

Айта кетейік, 31-рет ұйымдастырылып отырған шараға 300-ге жуық қазақстандық және шетелдік маман қатысуға ниет білдірген. «Жеделдетілген жаңғыру» айдарын алған ауқымды шара халықаралық компания өкілдерінің басын қосады. ҚР Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар Кеңесі 1998 жылы құрылған. Бүгінгі таңда Кеңес құрамына 30 шетелдік компания мен халықаралық ұйымдардың басшылары кіреді.

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика