Сараптама

Қазақстандық сыртқы саясат моделі

Француздың әйгілі қолбасшысы Наполеон Бонапарттың «Мемлекеттің саясаты оның географиясымен анықталады» дегені көп мемлекетттің ішкі-сыртқы саяси жағдайына дәлме-дәл анықтама бергендей. Еуразия суперконтинентінің ортасында, көлік-логистикалық байланыстың, мәдени-рухани, экономикалық ықпалдастықтың түйісу нүктесінде жатқан Қазақстан үшін оның географиясы кейінгі сыртқы саясатын, еш пафоссыз айтқанда, тағдырын анықтап берді. Көп векторлық, тату көршілік, достық, серіктестік пен өзара тиімділік – егемендігіне 27 жыл толған Қазақстанның сыртқы саясатының берік қағидаттары. Қазақстан барлық елдердің өзара теңдігін, сыртқы күштердің ішкі істерге араласпауын, халықаралық деңгейде қорғалуын, орын алған проблемалардың бейбіт түрде және ашық диалог форматында шешілуін қолдайды.
Астана қаласы21 Қараша , 14:35

Халықаралық құқық аясындағы қазақстандық сыртқы саясат

Бұл соңғы ширек ғасырда ғана қалыптасқан емес, ежелден келе жатқан қазақстандық дипломатия моделі деп топшылауымызға болады. Қазақстан ғасырлар бойы қалыптасқан дала дипломатиясын Еуразия кеңістігінде жүргізіп келе жатқан мемлекет. Ежелден қазақ дипломатиясы салмақтылық, жан-жақтылық, саяси интуицияға сүйенгені белгілі. Алыс-жақын мемлекеттермен жүргізілген қарым-қатынастың, сыртқы саяси ұстанымның айшықты мысалы ретінде Керей мен Жәнібек хандардың, Абылайдың сыртқы саяси шешімдерін, XX ғасырдың басындағы заманауи мемлекет болуға деген талпыныстарды айтамыз. Ал, Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін, тарихта алғашқы рет өзінің дербес сыртқы саясат доктринасын қалыптастыруға кірісті.

Қазақстан сыртқы саясатының негізгі принциптеріне оның неғұрлым маңызды және іргелі нормалары жатады, сол принциптердің мәнін және оларға тән сипаттарын қамтитын бұл нормаларда ең жоғарғы императивтік заң күші бар. Еліміз халықаралық қатынастар жүйесінің заңды мүшесі ретінде дербес сыртқы саясатында осы принциптерді басшылыққа алады. Қазіргі халықаралық қатынастардың негізгі принциптері мәртебесі жоғары халықаралық ұйымдар мен форумдардың құжаттарында, атап айтқанда, БҰҰ жарғысында, 1970 жылғы Халықаралық құқық принциптері туралы декларацияда, 1975 жылғы Қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің Қорытынды актісінде бекітілген(Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты: Монография. – Алматы: ҚазГЗУ, 2003, 512 б ).

Әдетте халықаралық актілерде мына 9 принцип жайында айтылады: мемлекеттердің егемендігі, күш қолданбау немесе қолданамын деп қорқытпау, шекараның мызғымастығы, мемлекеттердің аумақтық бүтіндігі, қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу, ішкі істерге қол сұқпау, адам құқығы мен бостандығын сыйлау, халықтар теңдігі және олардың өз тағдырын шешу құқығы, мемлекет аралық құқықтар, халықаралық міндеттерді адал орындау.

Халықаралық қатынастардың негізгі принциптерінде тарихи сипат бар, яғни бұларда мемлекеттердің сол дәуірдің талабына және халықаралық қатынастардың жай-күйіне қатысты негізгі құқықтары мен міндеттері бекітіледі. 1970 жылғы Халықаралық құқық принциптері туралы Декларацияда жеті принцип жазылған: күш қолданбау немесе қолданамын деп қорқытпау, дауларды бейбіт жолмен шешу, басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау, мемлекеттердің ынтымақтастығы, халықтардың тең құқығы және өзін-өзі билеуі, мемлекеттердің егеменді теңдігі, міндеттерді адал орындау. Аумақтың бүтіндігі, шекаралардың мызғымастығы, адамның құқығы мен бостандығын құрметтеу сияқты принциптер 1975 жылғы Хельсинки Қорытынды актісінде бекітілді.

Кез-келген мемлекеттің сыртқы саяси курсы оның ұлттық мүддесіне, сонымен қатар геосаяси жағдайға және қалыптасқан халықаралық қатынастар жүйесімен тығыз байланысты болмақ. Өз тәуелсіздігін жариялаған уақыттан бастап Қазақстан халықаралық құқық принциптерін сақтауға толық дайын екендігін білдірді.  Қазақстанның сыртқы саясат доктринасының мақсаты – әлемдік экономикалық жүйеге сәтті бейімделу үшін қолайлы сыртқы саяси жағдай қалыптастыру болды. Бұл ұстаным ҚР Конституциясы, ҚР Сыртқы саясат концепциясы, заңнамалық құжаттар, Президент Жолдаулары, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда көрініс тапқан.

Сындарлы жылдағы сыртқы саяси концепция

Қазақстанның сыртқы саясатының көпвекторлы бағыты, Еуропа мен Азия арасында байланыстырушы көпір болу керектігі ең алғаш рет 1991 жылы 2 желтоқсанда Президент сайлауынан кейінгі баспасөз конференциясында айтылды. Қазақстан жабық жүйе ретінде орнықпай, Батыс пен Шығыс өркениетінің ортасындағы заманауи ашық мемлекет ретінде қалыптасуы қажет болды. Мемлекет және қоғам қайраткері  Қ.Тоқавтың пікірінше, қазақстандық дипломатияның басты ерекшелігі – ұлттық-мемлекеттік мүддесін айқын қорғау арқылы көздеген мақсатқа жетуде бейімделу, көпвекторлылық және теңгерімділікті сақтау (Тоқаев Қ. Нұр мен көлеңке. – Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2008. – 576 б).  Бұл жерде көпвекторлы сыртқы саясат дегеніміз басым бағыттардың барлығы бойынша бір сәтте дипломатиялық күш-жігерді жұмсап, соңында нақты нәтижеге қол жеткізе алмау емес. Көпвекторлылық деген мемлекеттің сыртқы саяси курсының қандайда бір әріптес-мемлекеттің іс-әрекетінен, әлемдік рынок конъюнктурасынан тәуелсіз болуы деп түсіну қажет. Тәжірибелік тұрғыда көпвекторлылық деген ең бірінші көрші елдермен, ТМД мүше-мемлекеттермен және Батыстың, Азияның, Таяу Шығыстың жетекші елдерімен ынтымақтасу болмақ» дейді дипломат.

Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының негізгі бағыттары мемлекеттің стратегиялық мүдделері, оның ішкі экономикалық жағдайы, халықаралық байланыстары және әлемдегі тенденцияларға сәйкес ауысып отыруы мүмкін. Соңғы онжылдықтарда сыртқы саясаттың кейбір бағыттары өзгерістерге ұшырағанын байқауға болады.

2001 жылғы 15 наурыздағы ҚР сыртқы саясат тұжырымдамасында көпвекторлы дипломатия басымдық ретінде айқындалады. Оның ішінде алғашқы орынға ЕЭО, АӨСШК, Орталық Азия, ШЫҰ-мен интеграциялық үрдістерді дамыту қойылған. Сонымен қоса, екіжақты қарым-қатынас екінші орынға қойылған. Онда Ресей, Қытай, ТМД елдері, АҚШ, ЕО, Жапония, Үндістан, Түркия және Иранмен байланысқа басымдық берілген[7]. Аталған тұжырымдамада кең көлемді проблема көрініс тапқан. Ең алдымен, Каспий теңізіне қатысты мәселелерді тереңінен қарастыру; мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау; көліктік-транзиттік мүмкіндікті дамыту; трансшекаралық өзендер мәселесін тиімді шешу болды.

Одан кейінгі мемлекеттік маңызды құжаттарда елдің сыртқы саясатындағы өзгерістер мен басымдықтар көрсетіліп отырды. Мысалы, 2005 жылғы 18 ақпандағы Жолдауда Ресей, Қытай, АҚШ, ЕО-мен ықпалдастыққа басымдық берілді (Назарбаев Н.Ә. Қазақстан-2030: Қазақстан халқына ел Президентінің Жолдауы. - Алматы: Юрист, 2003.) Бірақ бұл басқа мемлекеттермен байланыс үзілді дегенді білдірмейді. Өйткені, өзге елдермен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан, дипломатиялық қатынас орнатылған кезеңнен бекітілген келісімшарттар мен маңызды құжаттар бар. Екіжақты қарым-қатынас сол құжаттар мен елдің жалпы сыртқы саяси принциптеріне сай жүргізіледі.

Орталық Азиядағы интеграция туралы Қазақстан тарапы жиі көтеріп келеді. Осы аймақтың интеграциясы – тұрақтылық пен дамудың, әскери-саяси тәуелсіздіктің маңызды тетігі. Бүгінде аймақтың алдында маңызды таңдау тұр: әлемдік экономиканың шикізат қоры болып қалу немесе Орталықазиялық аймақ интеграциясын дамыту(Тоқаев Қ. Беласу. – Алматы: Дәуір, 2003. – 656 б.)

Екінші бағытты таңдағанда ғана әлемдік қауымдастық аймақпен санасады, оның қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі, терроризм және экстремизммен күресу әлдеқайда тиімді болады. 2005 жылы Қазақстан тарапы Орталық Азия елдерінің одағын құруды ұсынды. Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан арасындағы мәңгілік достық келісімі осы ұйымның құрылуынан әлі де болса үміттендіреді. Оған соңғы жылдардағы бірқатар маңызды кездесулер себеп.

ҚР сыртқы саясаты тұжырымдамасының жаңа нұсқасы 2014 жылы 21 қаңтарда бекітілді. Бұл құжат еліміздің сыртқы саяси бағытын айқындайтын ресми тұжырымдама болып табылады. Оған сәйкес Қазақстанның сыртқы саяси бағыты 6 жылға белгіленген(2014 ж. – 2020 ж.) (Концепция внешней политики РК на 2014-2020 гг. // http://www.mfa.kz/ru/content-view/kontseptsiya-vneshnoj-politiki-rk-na-2014-2020-gg). Бұл құжатта мемлекеттің сыртқы саяси дамуының пайымы, сыртқы саясатының мақсаттары, сыртқы саясатының негізгі басымдықтары мен міндеттері, елдік және өңірлік басымдықтар, күтілетін нәтиже, сыртқы саяси қағидаттар, елдің сыртқы саясатын іске асыру тетіктері көрсетілген. Тұжырымдамаға сәйкес, ҚР өз тәуелсіздігінің үшінші онжылдығына экономикасы қарқынды дамыған, күшті мемлекет ретінде кіруі, бүгінгі халықаралық аренадағы беделін арттыру межесі қойылған. Елдік және аймақтық басымдылықтар бойынша Қазақстан Ресей, ҚХР, Орталық Азия мемлекеттері, АҚШ, Еуропалық мемлекеттер, Азия елдері және Азия-Тынық мұхит аймағының елдерімен, Жапония мен Корея, Үндістан, Океания елдерімен, Латын Америкасы мемлекеттерімен және Африка құрлығы елдерімен ынтымақтастықты дамытуды көздейді.

Осы тұжырымдамадан күтілетін нәтижелерге келетін болсақ, ол ең алдымен көп деңгейлі қауіпсіздіктің орнауы, екіншіден, әлемнің барлық мемлекеттерімен достық қарым-қатынас орнату, үшіншіден, ұлттық экономиканың диверсификациялануының нәтижесінде Қазақстанның халықаралық қауымдастық пен шаруашылықтық қатынастарға интеграциялануы болады.

Жоғарыда айтылған принциптерге сәйке, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ислам конференциясы ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық  және сенім шаралары кеңесі, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Экономикалық ынтымақтыстық ұйымы сияқты халықаралық және аймақтық ұйымдар, сондай-ақ Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау аясында халықаралық ұйымдар қызметіне салмақты үлес қосты.

Стратегиядағы сыртқы вектор

Қазақстанның 2050 жылға дейінгі ішкі-сыртқы саясатының басымдықтары Президенттің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы халыққа Жолдауында айқын көрсетілген. «Қазақстан тәуелсіздік жылдарында халықаралық процестердің тең құқықты қатысушысы болып қалыптасты және біз қолайлы сыртқы ахуал құруға қол жеткіздік. Біздің басымдықтарымыз өзгермейді – көршілеріміз – Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия елдерімен, сондай-ақ АҚШ-пен, Еуроодақпен, Азия елдерімен серіктестікті дамыту мәселесі болып табылады» - деді Президент (Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы.www.akorda.kz).

Жолдауда көрсетілген АҚШ және РФ-мен Қазақстан тығыз қарым-қатынас орнатқан. Көрші мемлекет ретінде басымдық берілгендей, Қазақстан – Ресей Федерациясының саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық одақтасы. Екі мемлекет ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨСШК сынды халықаралық ұйымдар шеңберінде тығыз байланыс орнатқан, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕЭО жұмыс істей бастады. Аталған ұйымды құру барысында Президент Н.Назарбаев «мәселелердің консенсус арқылы шешілетінін және саяси егемендікке қысым көрсетілмейтінін» жариялады(Дүйсебаев Ж. Еуразиялық одақ – келешегі зор құрылым.// Егемен Қазақстан). Қос елдің осы ұйымдарға бірлескен мүшелігі олардың қарым-қатынасының жоғары деңгейде екендігін білдіреді. Десек те, қалыптасқан жағдаяттарға қарай Қазақстан мемлекет мүддесіне сай өзіндік позициясын ұстанады. Ресейдің халықаралық аренадағы бірқатар проблемалары Қазақстанға да әсерін тигізбей жатқан жоқ. Бұл жағдай керісінше Еуразиялық кеңістіктегі бизнес пен шаруашылықтың дамуына жаңаша жол ашуы тиіс деп есептейміз.

Қазақстан Республикасы АҚШ-пен әр салада ынтымақтастықты дамытып, халықаралық өзекті мәселелерді шешуде әріптестікті нығайтып келеді. Өйткені, АҚШ – әлемдік саясаттағы салмағы бар, әлеуеті кең бірден-бір мемлекет болып саналады. Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат ұстанатын мемлекет ретінде Құрама Штаттарымен байланысты жан-жақты жүргізуді көздейді. АҚШ байланыстың алғашқы жылдарынан Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуын және әлемдік қауымдастықты осыған шақыруын қошеметпен қарсы алып, елдегі демократиялық институттардың қалыптасуына көңіл бөліп келеді. Қазақстан әділ сайлау өткізу, адам құқықтарын қорғау т.б мәселелер бойынша жоғары деңгейдегі келіссөз жүргізетін мемлекет дәрежесіне жетті.  

Қазіргі АҚШ-Ресей, АҚШ-Қытай саяси-экономикалық байланысының ушығуы жағдайында да Қазақстан күштер балансын орынды сақтап отыр. Себебі Қазақстан өзінің мүдделерінен тыс әлемдік, аймақтық мүддені жоғары қоя отырып, халықаралық дәрежедегі игі іс-шараларды ұйымдастырушы, көрші, бауырлас елдерге қажетті гуманитарлық көмектер жасаушы ел имиджін қалыптастыруда. Ол мемлекетаралық қарым-қатынастардың белсенді қатысушысы, аймақтық және жаһандық саяси-экономикалық мәселелерді шешудегі жауапкершілігі жоғары мемлекет болуға талпыныс білдіруде.

2012 жылы 26 наурызда Сеулде Ядролық қауіпсіздік саммитінің шеңберінде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың АҚШ Президенті Б.Обамамен кездесуі өтті. Сеулдегі ядролық қарусыздану саммитіндегі ҚР Президентінің АҚШ-Ресей арасындағы «байланыс көпірі», 2014 жылғы Минсктегі Ресей-Украина басшылығының кезігуіне дәнекер болуы Қазақстан тарапының шебер дипломатиялық қызметін көрсетеді. Кейінгі Ресей-Түркия конфликтісі, «Астана процесі» де соның айқын дәлелі. ҚХР-АҚШ-РФ және Қазақстан арасындағы жүргізіліп келе жатқан үрдістерді қарастыра келіп, түсінетініміз, осы уақытқа дейін орныққан өзара ұтымды байланысты сақтау – бүгінгі күн талабы. Қазақстан осылардың әрқайсысына экономикалық жағынан пайдалы әріптес және Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасы, АҚШ аралығында күрделі геосаяси нүктеде тұрғандығын атап өтсек жеткілікті.

Негізі осы мемлекеттер үшін шешуге тиісті ортақ мәселелер жеткілікті. Олар – әлемдік экономикалық дағдарысқа, лаңкестікке қарсы күрес, қиыншылыққа тап болған елдерге гуманитарлық көмек көрсету, баламалы энергия көздерін пайдалану, жаһандық экологиялық жағдайдың нашарлауын болдырмау. Осы бағытта қысқамерзімді емес, ұзақмерзімді ынтымақтастықты бекіту қажет болады.  

Ой-түйін

ҚХР, АҚШ, РФ қарым-қатынасындағы өзекті мәселелер және ондағы Қазақстанның алатын орнын қарастыру – қазіргі таңдағы маңызды сұрақ. Қазақстан халықаралық дипломатиядағы іс-тәжірибесінің аздығына қарамастан, әлемдік даму, аймақтық интеграция мүдделерін жоғары қоя отырып, бірқатар елдердің қатынасын нығайтуға себепкер ашық диалог алаңына айналды. Ендігі сұрақ – Қазақстан АҚШ, РФ, ҚХР-мен байланыста тепе-теңдікті сақтау стратегиясын жалғастыра ма, әлде қайткен күнде белгілі мемлекетке басымдық бере ме? Неліктен олай дедік? Ресейдегі санкция сергелдеңі ЕЭО елдеріне едәуір ықпал етеді. Ал, Қытай экономикасының бәсеңдеуі, сауда соғысының салдарын айтпаса да түсінікті. 2013 жылы басталған «Белдеу мен жол» инициативасы бойынша 100-ге жуық мемлекет Қытаймен қаржы-экономикалық, инфрақұрылымдық байланысын нығайтты. Индустриалды-инновациялық жобалар бойынша құйылған тікелей инвестицияны тағы қосыңыз. Қытайдың қаншама елге ұстатып жіберген қарыз-кредиттерін қайтару да күрделене түспек. Қытай – ең ірі шикізат тұтынушысы. Ал тұтыну төмендесе, әлемнің экономикалық даму қарқыны әлбетте төмендейді. Сондықтан, АҚШ-тың Ресейге салған экономикалық санкциялары мен АҚШ-Қытай сауда текетіресі Қазақстан сынды дамушы мемлекеттердің қаржы-экономикалық жағдайын жағадан алып, сыртқы саясатта сынақ тапсыруға алып келуі ғажап емес.

Геосаяси фактор бойынша Қазақстан Қытай мен Ресей арасындағы стратегиялық кеңістікті алып жатыр. Қазақстан тарапы осы екі мемлекеттің қайсысын ашық қолдаса, бұл аймақтағы салмақ сол елдің ықпалында болмақ. Батыс саясаттанушылары «heartland» атап жүрген Орталық Азияны кім иеленсе, Еуразияның кілті соның қолында болмақ. Бірақ, геосаяси тепе-теңдіктің бұзылуы аймаққа өте үлкен қауіп төндірмек. Әсіресе дамушы елдер үшін айтарлықтай соққы. Сондықтан Қазақстанның Қытай мен Ресей арасындағы тепе-теңдікті сақтап отыруы аса маңызды. Біз қозғап отырған көп векторлы сыртқы саясаттың мәні деғ маңызы да осында.

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ

 

 

 

 




Яндекс.Метрика