Сараптама

Қазақстандық ЖОО-ның мәртебесі жоғары ма?

Осы аптада еліміздің оқу орындарында құжат қабылдау басталады. Қазақстанның теріскейі мен түстігі, ойы мен қырынан үмітін үкілеген талапкер қалаға қарай ағылады. Негізгі мақсат – үкіметтің грантына ілігу. Әркімге мамандық таңдауда меже, университет көрсетуде кедергі қойылмаған. Абитуриенттер ең алдымен, оқу орнының беделі, мамандыққа сұраныстың болуы және оқу бағасының тиімділігіне назар аударады. Ал ЖОО жылдағыдай мектептерде, әлеуметтік желіде, қала көшелерінде жарнама жасап, университеттің артықшылықтарын насихаттайды. Бірақ, қазақстандық оқу орындары талапкердің талабына, «өнеркәсіптік төңкеріс» жағдайында нарықтың сұранысына жауап бере ала ма? Ішкі ғана емес, аймақтық, тіпті жаһандық бәсекелестікте біздің ЖОО-ның бәсі қаншалықты биік деген заңды сұрақ туындайды.
Астана қаласы19 Шілде , 09:23

Жаңа уақыт – тың талап

Жаңа ғасырдағы үдемелі үрдіс қоғам өміріне дендей еніп, оның ажырамас бөлігіне айналды. Жаһандық бәсекелестіктің артуымен жасанды интеллект, робот техникасы, 3D жобалау, Big data ұғымдарын жиі кездестіреміз. Технологиялық трендтер біз өмір сүретін ортаның экономикалық, әлеуметтік-мәдени, тіпті тұлғалық қалыптасуына өзгеріс енгізетіні анық. Ендігі жұмысты түтіні будақтаған зауыт-фабрикадағы мыңдаған қара жұмысшы емес, шағын кеңседе инженер-программистің басқаруымен роботтар атқарады. Мұны «Төртінші өнеркәсіптік революция» қарсаңындағы құбылыс деп сипаттаймыз.

Болашақта «лидер» деп өндірістік күш-қуатты ғана емес, үздік инженерлік мәдениеттің, білімнің иесін айтатын боламыз. М. Каку, К.Шваб сияқты әлемге аты мәлім ақылмандар, салмақты саясаткерлер солай дейді. Заманауи экономиканы «knowledge based», яғни, «білімге негізделген» деп бекер атамаса керек. 2017 жылдың өзінде білім мен ғылымның үздік жетістіктеріне куә болдық. Оның ішінде, адам эмбрионындағы генді өзгерту, SpaceX-тің жаңа ғарыш кемесін ұшыруы, рекордтық 51-кубиттік кванттық компьютердің құрастырылуы дәлел. 2018 жылы 2-3 шілде Астанада өткен “Global Silk Road” халықаралық форумында жұрт таңырқап, ел қызыққан София гиноидін тағы қосыңыз. Ғылыми-техникалық табыстардың барлығы тұлғаның білімі, жаңашылдығы және мемлекеттің адами капиталды дамытуы арқылы іске асады. Төртінші өнеркәсіптік революцияның табысты жүзеге асуы осы критерийлермен тікелей байланысты.

Осы орайда, білім берудің мазмұны мен ғылыми ізденістің бет-бейнесі өзгеріске ұшырайды. Қазір жоғары сұранысқа ие мамандықтар тізімі әлдеқайда жиі жаңартылады. Өткен ғасырда мамандық 20-30 жылда пайда болса, бүгінде орта есеппен 3-5 жыл қажет болуы мүмкін. 2017 жылы 19 қазанда өткен «Валдай» халықаралық клубының отырысында «Alibaba Group» негізін қалаған  Джек Ма: «Көптеген адамдар бұл әлемнің қаншалықты қуатты екенін және оның төңкерістік сипатын сезіне бермейді. Егер біз балаларымызды соңғы 100 жылдағыдай оқытатын болсақ, алдағы 30 жылда лайықты жұмыс таба алмайды. Өйткені, компьютер адамға қарағанда жақсырақ есте сақтайды, оқиды және шаршамайды. Келер ұрпақты креатив пен жасампаздыққа, инновация туралы ойлауға, барынша конструктивті болуға шақыруымыз қажет» деді (https://medium.ru/). Ал инновациялық экономика үшін приоритет – университеттер екені анық.  

Отандық оқудың оңы мен солы

ҚР БжҒМ мәліметіне сәйкес, елімізде 383 жоғарғы және ЖОО кейінгі білім беру мекемесі бар, онда 534 421 (17-22 жас) студент білім алуда, сондай-ақ 38 212 оқытушы дәріс береді. Жалпы алғанда 18 миллион халыққа 130 оқу орны көптік етпейді. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар құбылыс. Әдетте дипломды азаматтар көп көрінгенімен, ел тұрғындарының 30%-да ғана «тілдей қағазы» бар, көрші мемлекеттерде ол – 50%. Оның бір емес, бірнеше себебі бар деп санаймыз:

Біріншіден, ЖОО білім бағдарламасы нарықтың сұранысына жауап беруі қажет. «Жастар» ҒЗО сауалнамасы бойынша, жастардың жетістікке жетуіне сапалы білім, жоғары кәсіби біліктілік және үш тілді меңгеруі себеп болады екен. Бұл қуантарлық нәтиже екені рас. Өйткені, қазіргі жастар жеке өзінің білімі мен еңбегіне иек артады. Дегенмен, қазақстандық талапкер арасында әлі де заң, экономика, медицина, қаржы мамандықтары көбірек сұранысқа ие. Ел экономикасын цифрландыру жағдайында «киберқауіпсіздік», «электрондық журналистика», «цифрлық дипломатия», «робот техникасы» мамандықтары сатылай енгізілуде. Бірақ, «LinkedIn» мәліметіне қарайтын болсақ, жақын болашақта: Big Data сарапшысы; Full stuck құрушы; бренд-серіктес; barre(фитнес) инструкторы; лицензиясы бар риэлтор; маркетинг контент менеджері сияқты мамандықтар маңызды болатынын байқаймыз. Жаңа мамандықтың ашылуымен бірге адамдардан тиісті қабілет-дағдылар талап етіледі. Оны қалыптастыратын бірден-бір орта – оқу орындары. ЖОО мамандықты оқытумен қатар, сыни ойлау, креативтілік, адамдарды басқару және араласу, эмоционалды интеллект, келіссөз жүргізе білу және когнитивтілік қабілеттерін үйретуі қажет болады.       

К. Швабтың 2020 жылға қарай сұранысқа ие дағдылар туралы зерттеуі

Екіншіден, еліміздегі оқу ақысы жылдан-жылға орташа есеппен 10-15 пайызға өсіп келеді. Бірақ университеттің материалдық-техникалық, оқыту-лабораториялық, ғылыми-зерттеу базасы сондай қарқында артып жатқан жоқ. ЖОО қауымдастығының мәліметінше, 2016-2017 жж. бакалавриатта орташа жылына оқу ақысы 150 мыңнан 2 млн. теңгеге дейін жеткен. Оқу бағасы ең қымбат орындарға Назарбаев университеті, ҚМЭБИ, ҚБТУ-ды жатқызамыз. Жетекші ұлттық университеттер – ЕҰУ мен ҚазҰУ-дегі «қаржы», «экономика», «халықаралық қатынастар», «заң» мамандықтарының ақысы – 1 млн. теңгеге жуық. Белгілі бағыт бойынша маман дайындайтын Қазақ ұлттық Аграрлық, Медициналық және Өнер университеттерінде оқу ақысы салыстырмалы түрде төмен. Ал ҚазМҚПУ, Абылайхан атындағы ХҚжӘТУ, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ оқу үшін жылына 500 мың теңгенің айналасында төлейді. Облыс орталықтарындағы мемлекеттік және жеке меншік университеттердің білім алу сомасы төменірек екені белгілі(https://tengrinews.kz/). С. Демирель университетінде білім алу – 500 мың-1,2 млн арасында екен. Ең қымбаты – «халықаралық қатынастар» мамандығы. Жалпы, еліміздегі университеттің барлығында осы мамандықтың бағасы да қымбат, түсуші талапкер де көп. Түлектің түгелі СІМ мен елшілікте жұмыс істей алмайтынын түсінгенде ғой. Мұндай мысалдар мектептерде профориентация жұмыстарының орнықты жүргізілмейтінін көрсетеді.  

Көршінің «вузы» керемет еді...

Сапалы және арзан білім беруден көршілес мемлекеттер қалыс қалып отырған жоқ. Биыл бірқатар Ресей оқу орындарының комиссиялары Қазақстан қалаларына келіп, қабылдау емтиханын өткізді. Әдетте бұл университеттер жазбаша мемлекеттік емтихан қабылдайды. Еліміздің абитуриенттері арасында Новосибирск, Томск, Екатеринбург, Мәскеу мен Санкт-Петербургтің «вуздары» танымал. Қазақстан соңғы бірнеше жылда Ресейде оқитын студент саны бойынша алдыңғы орында. РФ БҒМ ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта Ресей оқу орындарында 67 мың қазақстандық жүр, оның 26,8 мыңы – федералдық бюджет, 40 мыңнан астамы ақылы негізде оқиды (https://informburo.kz/). Оның үстіне, 2018 жылғы 1 наурыздағы Жолдауында РФ Президенті В. Путин көрші мемлекеттердің талантты жастары Ресейде білім алып, үздіктері қызметке қалуына, азаматтық алуына қолайлы жағдай жасау керектігін айтып еді.   

Ал, шығыстағы көршіміз Қытайға келетін болсақ, 2005 жылы ҚХР-да 781 қазақстандық оқыған, қазіргі уақытта 14 224 адам деген дерек бар. Қытай үкіметі, ЖОО мен институттары шет елдіктерге тегін білім алудың 10-нан аса мүмкіндігін ұсынып отыр. Бізде Үрімші, Ланчжоу, Сиань, Бейжің және Шанхай қалаларының оқу орындары белгілі. Қазақстанда тиісті балл жинай алмаған түлектер көрші елдерге қарай ағылады, көпшілігі өз қаражатына оқиды. Тіпті, мектептің жоғарғы сыныптарын Қытайда тәмамдайтын жас жеткіншектер де баршылық. Негізгі себеп:

  • Оқу бағасының төмендігі, жатақханамен қамтылу.   
  • Географиялық жақын, жол шығын арзан. 
  • Мамандықпен қатар, шет тілдерін практикалық игеру.

Бұл – отандық университет үшін үлкен бәсеке. Сонымен қоса елімізге экономикалық және адами капитал тұрғысынан тиімсіз жағдай. Қазақстандық білім саласын дамытуға тиісті қаржы өзге мемлекеттің бюджетіне құйылуда. Әлемнің дамыған мемлекеттерінің ЖІӨ-де оқу орындары елеулі үлес алады. Мәселен, АҚШ-тың Иель, Массачусетс, Стенфорд, Принстон сияқты білім ордаларының бюджеті кейбір мемлекеттердің бюджетімен теңеседі екен. Еліміздің оқу орындары осы бәсекеде дес бермеуі тиіс. Биылғы жылы 16 сәуірде қабылданған ҚР Үкіметі Қаулысы оң нәтиже беретіні сөзсіз. Енді еліміздегі ұлттық университеттерде жылына төленетін оқу ақысы – 635 мың теңге, басқаларында – 443 мың теңге болып бекітілді. Сонымен қоса 2018-2019 оқу жылына жалпы саны 50 мыңнан астам грант бөлініп отыр.(https://www.inform.kz/)

    Олқылықтың орнын толтыру қажет

Жоғарыда айтылған проблеманың маңызды шешімі – ҚР Президенті ұсынған «Бес әлеуметтік бастамасы» деп есептейміз. Бастама бойынша жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлуді тапсырды. Аталған гранттың 11 мыңы техникалық мамандықтарға беріледі. Өйткені, Төртінші өнеркәсіптік революция қарсаңында Қазақстан үшін инженер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары да ауадай қажет. Келесі өзекті бастама – мемлекет пен жеке меншік серіктесі қағидасымен жатақхана салу. Алдағы 4 жылдың ішінде студенттерге арнап 75 мың орындық жаңа жатақхана салу тапсырылды.

«Бес бастама» отандық «ақыл-ойдың» шекара асып, шетте қалуына тосқауыл қояды. Әйтсе де, грант саны мен жатақхана құрылысы мәселенің бір қыры ғана болмақ. Соңғы уақытта қолға алынған ЖОО автономия беру, оқуға қабылдау форматын жетілдіру, оқу ақысын реттеу құптарлық шаруа. 2016 жылы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары  Д.Назарбаева: «Жоғары оқу орындарының автономиясы, бұл – жоғары оқу орындарының қаржысын, бюджетін басқарудың нақты, ашық, демократиялық, алқалы жүйесі, онда дамытуға басымдыққа, әлемде болып жатқан экономикадағы барлық үдерістерді синхрондауға мүмкіндік бар» – деген еді. (https://primeminister.kz/)   ҚР БҒМ, ҚР Парламенті депутаттары мен қоғамның пікірін назарға ала отырып, Қазақстанның білім беру саласында келесідей кешенді реформа қажет:

- Назарбаев университетін үлгіге алып, ЖОО-на толық академиялық еркіндік, автономия беру. Оқу орындары дербес оқыту бағдарламасын дайындап, оқытушы-профессорларды қабылдау, олардың жалақысын бекіту, өзіндік қаржылық саясатын жүргізуі қажет. Оқу орындары жанында университет-бизнес серіктестігі негізінде ғылыми-зерттеу орталықтарын құрып, ғылымды коммерциализациялауға басымдық берілуі тиіс; 

- Оқу орнына құжат қабылдау, бағалау жүйесін толық цифрландыру; онлайн-оқыту жүйесін дамыту, сәйкесінше барлық оқу орындарын кең жолақты ғаламтормен қамтамасыз ету қажет. Жылдамдығы жоғары интернетсіз «цифрлық экономиканы» орнату мүмкін емес;

- Оқу орындарының білім беру сапасына қоғамдық бақылауды күшейту;  сыбайлас жемқорлық, парақорлық фактілері дер кезінде қаралып, ашық жарияланып отыруы тиіс;

- ЖОО ректорларын 5 жыл мерзімге сайлау және қоғамдық-саяси жұмыстарға қатыстылығын реттеу арқылы ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға жағдай жасау қажет;  

- Теориялық оқыту уақытын қысқарту. Бүгінгі білім беру жүйесі жаңа талаптарға уақытында жауап беруі үшін мамандарды қысқартылған уақытта және практикалық тұрғыда даярлау күн тәртібінде тұр. Студенттердің өндірістегі тәжірибесі, лабораториядағы жұмысы, сондай-ақ академиялық мобильділігі маңызды болмақ;     

- Ақылы білім беруде ЖОО-ға ерік беру;  білім сапасын қамтамасыз ету үшін қазіргі бағадан өспеуін қадағалап, кредитке білім алу мүмкіндігін кеңейту қажет. Бұл талапкерлердің шетке ағылмауына сеп болады;

- Жоғарғы білімнің жаңа классификаторын дайындап, нарықта сұранысы жоқ мамандықтардың оқытылуын шектеу. Аймақтың, облыстың экономикасы, шаруашылығының дамуына сәйкес мамандықтар жергілікті басқару органдарымен бірлесе отырып даярлануы шарт;

- Университет рейтингісін анықтауда ең алдымен бітірушінің жұмысқа орналасуы, ЖОО материалдық-техникалық базасы, ғылыми потенциалы, жатақханамен қамтылуы ескерілуі тиіс;

- Сонымен қоса, университеттерде үш тілдік білім беруді тереңдетіп, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан студенттерін қабылдауға дайын болуы қажет. Қазақстанның ЖОО-дары Орталық Азиядағы жетекші білім орталығына айналуы қажет;

- ЖОО жеке адамның мәдени және рухани дамуы, қоғамның iзгiлiк, мәдени және ғылыми құндылықтарын сақтау ортасы ретінде мәртебесін көтеру қажет.

Адами капитал, сөзсіз, жаңғыру негізі және ол азаматтардың білім деңгейімен тығыз байланысты. Сондықтан, отандық оқу орындары мен білім беру бағдарламасы өзгерістерге дайын, жаңа білімді игеруге қабілетті болуы керек деп есептейміз.

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ




Яндекс.Метрика