Шолу

Қазақстандағы ЖОО-лар жүйесінде бірқатар өзгерістер болады

Білім беру саласында бірқатар жаңашылдықтар болады. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында мақұлданған заң жобасы бойынша ЖОО-лардың академиялық дербестігі артып, мемлекеттік ЖОО-лар коммерциялық емес акционерлік ұйымға өзгертілетіні мәлім болды. Мәжілісте қабылданған өзекті заң жобалары туралы әзірленген Strategy2050.kz АА-ның шолуын назарларыңызға ұсынамыз.
Астана қаласы25 Сәуір , 12:34

Алдымен,  «Қазақстан 2018 жылдың  16 сәуірінде  Үкіметтің  198 Қаулысымен енгізілген  Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тәуекелдік (венчурлік) қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жұмысқа алынды.

Бұл заң   жобасы  жеке венчурлік капитал нарығын арттыруды ынталандыруды қарастырады.

Ал  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жөнінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндап берді.

«Заң жобасы Елбасының Жолдауында айтылған міндеттерді орындау үшін әзірледі. Ол  100 нақты қадамның  78 қадамын орындауға бағытталған. Заң жобасында  1 кодекске және  3 заңға өзгерістер енгізу қарастырылған. Ол ЖОО-ның  үш бағыты бойынша жұмысты реттейді», - деді Е.Сағадиев.

Сондай-ақ,  министр  академикалық дербестік  бойынша  ЖОО барлық кестені өзі дайындайтынын айтты.   Қазір жоғарғы білім еңбек нарығының сұранысына  толық жауап бермейтінін де жеткізді.

«Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде жоғарғы білім еңбек нарығының талабына толығымен уақытылы жауап бермейді. Мысалы, тарих-география мамандығы ауыл мектептері үшін қажет болуына байланысты осы мамандықты ашпақ болғанбыз. Қазіргі заңнамаға сәйкес ол үшін екі жыл қажет болады. Ал нарық бүгінде жылдам өзгеруде. Осыған байланысты аталған факторлар жойылып НУ тәжірибесіне сәйкес тәртіп енгізледі. Ол халықаралық тәжірибе. Мысалы, қазіргі уақытта Путиннің ұсынысымен ІТ мамандықтарға арналған бакалавриатты 2,5 жыл ішінде даярлауға болады», - деді Е.Сағадиев.

Сонымен қатар, ол заң жобасындағы үш маңызды жаңашылдықты атады.

«Жобада ЖОО-ның академиялық дербестігін 65%-дан 85%-ға дейін кеңейту ұсынылады. Ол үшін – ЖОО-ға білім беру бағдарламасын өзі дербес әзірлеу құзыреті беріледі», - деді Сағадиев.

Оның айтқандай, әр мамандық бойынша бағдарламаны еңбек нарығына сай ЖОО өздері дайындайды және қоғам бағалайтын болады. Сонымен бірге министрлік білім беру бағдарламасын тіркеу және ақпарат алу үшін жоғарғы білім беруді басқарудың бірыңғай жүйесі арқылы білім беру бағдарламалары реестрін енгізуді қарастырып жатыр.

« Жоғарыда айтылғандай, қазіргі кезде кадрларды дайындау – мамандықтар классификаторына сәйкес жүргізілуде. Онда 600-ден астам мамандық бар. Олардың көбі еңбек нарығы үшін өзекті болмай отыр. Еңбек нарығының талабына кадрлардың сәйкес келмеуі ЖОО және одан кейінгі мамандықтар классификаторына жаңа мамандық енгізудің ұзақ процесіне (6 айдан 1 жылға дейін созылады) байланысты болып отыр», - деді ол.

Министр білім беру бағдарламасына өту классификатор құрылымын өзгертуді қажет ететінін айтты. Сол себепті жаңа классификатор енетін болады және оның жобасы дайын тұр. Жаңа классификатор бойынша ЖОО өздері нарыққа сәйкес білім беру бағдарламаларын дайындайды.

« Осы жаңа өзгерістермен бірге лицензиялау механизмі де өзгереді. Бұрын әр мамандық бойынша лицензия берілсе, енді жаңа енгізілетін классификаторға сәйкес кадрларды даярлау бағыты бойынша лицензия беріледі. Басқа сөзбен айтқанда, ЖОО кадрларды даярлаудың кеңейтілген бағыты бойынша лицензия алып, оның аясында білім беру бағдарламасын өздері әзірлеп, орындайтын болады», - деді Сағадиев.

Сонымен бірге, заң жобасында жоғарғы білім сапасын бағалау аккредиттеу механизмі арқылы іске асыру көзделген.

Министр айтқандай,  бүгінде аккредиттеу агенттіктер реестріне 8 агенттік кірді, оның ішінде 5-уі қазақстандық және 3-уі – шетелдік агенттік. Олардың регламенттері халықаралық стандарттар негізінде әзірленген.

«Елімізде қазақстандық және шетелдік аккредиттеу агенттіктері арасында бәсекелестік орта әлі де қалыптасуда. Осыған байланысты, еуропалық, америкалық және азиялық аккредиттеу агенттіктерін көбейту бойынша өзгеріс енгізу ұсынылады. Осы жағдай халықаралық стандарттардың, оның ішінде Еуропалық жоғары білім беру кеңістігі сапасын қамтамасыз ету (ESG) бойынша стандарттар мен нұсқаулық принциптерін ескеріп, қолданыстағы аккредиттеу институтын жетілдіруге жағдай жасайды», - деді министр.

Сонымен қоса, Е.Сағадиев  коммерциялық емес формадағы ЖОО-лардың артықшылығы - корпоративті басқару нормасын сақтайды және алған табысты оқу орнын дамытуға жұмсауға мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Заң жобасында мемлекеттік және ұлттық ЖОО-ларды мемлекет 100% қатысатын коммерциялық емес акционерлік ұйымға өзгерту бойынша нормалар енгізілген. Сонымен қатар, коммерциялық ұйымдар ретінде құрылған жекеменшік оқу орындарына арналған трансформациялау тетігі жеңілдеді. Бірақ, ол міндетті емес», - деді министр.

Осылайша, РМК-дан коммерциялық емес ұйымға өту кезінде университеттер Кәсіпкерлік кодекс аясында кейбір коммерциялық қызмет түрлерін жүргізе алмайды. Осы мәселені шешу үшін «Білім туралы» Заңға университет қызметі мен құзыретін регламенттейтін жеке бап қосу ұсынылды. Аталған бап заң жобасының қағидасы және депутаттар ұсынған өзгерістер бойынша дайындалды.Баптың нормалары университеттерге коммерциялық қызметтің 13 түрін атқаруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, ұсынып отырған ұйымдық-құқықтық форма -корпоративті басқару принциптерін енгізу дегенді білдіреді. Көптеген ұлттық ЖОО-ларда байқау кеңестері бар. Яғни басқарудың алқалы формасына кезең-кезеңмен көшірілуде. Корпоративті басқару органдарын дамыту ЖОО-ның басшыларын тағайындау мен босатудың жаңа тетігін енгізуге, олардың құзыретінің мерзімін анықтауға, қоғам алдында есеп беру тәжірибесін енгізуге мүмкіндік береді. Бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Заң жобасы бойынша депутаттар  баяндамашыға сұрақтарын қойып, жоба барынша талқыланды. Кейін депутаттардың қолдауымен мақұлданды.

Мәжілісте мақұлданған тағы бір заң жобасы  - «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді  (Орта білім беруді жаңғырту жобасы) ратификациялау туралы».

Бұл бойынша да баяндама оқыған Ерлан Сағадиев  заң жобасы «100 нақты қадамның»   76-қадамы бойынша орта білімді дамыту тапсырмасына сәйкес келетінін айтты.

«Таза қарыз сомасы 67 млн. Қарызды өтеу мерзімі  17 жыл. Қарызды төлеу бойынша алғашқы  5 жылдан босату ұсынылған. Білім берудегі қолжетімділік пен ауыл мен қала арасындағы білім беруді теңестіру болып табылады. Дүниежүзілік банкпен барлық өзгерістер келісілді. Ол өзгерістер заң жобасы қабылданған соң  жүзеге асырылады. Ауыл мектептерін мультимедиялық қондығымен қамту үшін 16 млн теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда   мектептердің 29 пайызы  мультимедиямен қамтылған. Алынған қаражат ауыл мектептері үшін тиімді. Жолдауда көрсетілген педагогикалық кадрларды дайындауға бағытталады», - деді министр.

Сұрақтар қойылып, талқыланған соң заң жобасы мақұлданды.

Екі мәселе бойынша баяндамашы болған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев депутаттардың айтқан барлық ұсыныстары енгізілетінін айтты.

Сонымен қатар,  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы да мақұлданды.

Аталған заң жобасының негізгі мақсаты зияткерлік меншікті құқықты анықтайтын  негіз құру болып табылады.

Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң, өзекті мәселелер бойынша  депутаттық сауалдар  жолданды.

Аягөз Құрмаш

 

 

 




Яндекс.Метрика