Шолу

Қазақстандағы білім жүйесінің даму деңгейі

ҚР Конституциясына сәйкес білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларында мемлекеттік кепілдіктер берілетіні анық жазылған. Дамыған елдердің тәжірибесіне қарап, білім беру мен денсаулық сақтау, ғылымды дамыту, спорт, жұмыспен қамтуға бағытталған реформалар мен инвестицияның нәтижесінде ұлт өмірін сапалы қылуға, постиндустриалды қоғам талаптарына жауап беретін интеллектуалды қоғам орнатуға, табысты жастарды тәрбиелеуге болатынына көз жеткіземіз. Мемлекеттің әр қадамы нәтижелі болу үшін тұлғаның бәсекеге қабілеттілігі де жоғары болуы керек.
Нұр-Сұлтан11 Желтоксан , 09:49

1991 жылдан бастап білім беру саласындағы мемлекеттік саясат білім беру жүйесін сапалық жағынан жақсарту мақсатын қойды. Осы аралықта білім беруді басқару мен қаржыландырудың құқықтық-заңнамалық базасы қалыптасты. Мамандардың пікірінше, Қазақстанда жоғары білім беру саласын реформалау 1995 жылдан бастап қарқынды жүрді.

Жалпы, Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдардан бергі білім беру жүйесін келесі кезеңдерге бөліп қарастырамыз:

1.1991-1994 жж. - жоғары білімнің заңнамалық және нормативтік- құқықтық базасының қалыптасуы;

2. 1995-1998 жж. - жоғары білім беру жүйесін және оның мазмұнын жаңарту;

3. 1999-2004 жж. - білім беруді басқару мен қаржыландыру, білім беру ұйымдарына академиялық еркіндік беру;

4. 2005-2010 жж. - «2015 жылға дейінгі Қазақстанның білім беру жүйесін дамыту тұжырымдамасы» негізінде нарықтық экономикаға жоғары білім беру жүйесін бейімдеу;

5.  2011 жж. қазіргі уақытқа дейін - жаңа кезең, инновациялық дамуға бейімделген, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды дайындаудың ұлттық моделін қалыптастыру.

Білім беру саласында жүргізілген реформаға сәйкес, 90-шы жылдары бірқатар өзгерістерге қол жетті: білім беру мекемелерінің құзіреті кеңейді; жалпы орта білім мен мемлекеттік оқу орындарында кәсіби білімді тегін оқытуға мемлекет кепілдігі берілді; үш тілде оқыту жүйесі енгізілді; мемлекеттік емес оқу орындарына рұқсат беріліп, басқа мемлекет азаматтарына ҚР азаматымен тең дәрежеде білім алуға рұқсат берілді; кредиттік жүйе мен тегін оқу гранты бөлінді; жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарына кәсіби білім алу мен мобильділік бойынша оқуға мүмкіндік берілді; ЖОО жоғары білімді шыңдауға мүмкіндік беретін негізгі әлеуметтік орын ретінде дербестікке ие болды.

1997 жылы Қазақстанда жаңа әлеуметтік стратегияның құрылуына негіз болған ұлттық жобалар дайындалды. Бұл бағдарламалар адами капиталды дамыту, оның білімі, денсаулығы, игілігіне қатысты сұрақтардың шешімін табуымен маңызды. Білім сапасын көтеруге байланысты елімізде 2005 жылға дейін «Ауыл мектебі» атты мемлекеттік бағдарлама жүргізілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты еліміздегі ауылдық мектептерді белгілі бағыттар бойынша дамыту болды. Көптеген аймақта мектептер жетіспегендіктен, жауапты министрлік ауыл мектептерін білікті мамандармен қамтуды қолға алды. Осы шаралар «Білім» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалғасын тапты.

Мемлекеттің білім беру саясатын дамытудың ұзақмерзімді құжаты -  2004 жылы қабылданған «ҚР 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы» болды. Тұжырымдама – білім беру жүйесін дамытудың мақсаттары мен міндеттерін, құрылымы мен мазмұнын және негізгі стратегиялық бағыттарын айқындайтын ғылыми-теориялық, әдіснамалық құжат.

Тұжырымдама ҚР Конституциясына, «Білім туралы» ҚР Заңына, «Ғылым туралы» Заңға, «Қазақстан-2030» Стратегиясына, «Қазақстанның 2015 жылға дейінгі индустриалдық-инновациялық даму стратегиясына», «Білім» мемлекеттік бағдарламасына, Балалардың құқықтары туралы конвенцияға және т.б отандық және халықаралық маңызды құжаттарға сәйкес әзірленді.

Білім беруге байланысты қабылданған құжаттар экономикалық, қоғамдық жаңғыртудың барлық қажеттіліктеріне жауап береді және білім жүйесіне деген халықаралық талапты ескереді. Қазақстандық жүйенің құрылымы ЮНЕСКО ұсынған Халықаралық стандарттық білім беру бағдарламасының (1997 ж.) классификация өлшемдеріне сәйкес келтірілген.    

Білім туралы жаңа заңның 8-ші бабына сәйкес, білім алу жүйесі жеті сатыдан тұрады: мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім. Жоғары білім саласын халықаралық дәрежеге көтеру Қазақстанның халықаралық аренада бәсекеге қабілетті мемлекет болуына тікелей ықпал етеді. Оны жүзеге асыру үшін 2012 жылдан бастап Қазақстанда көптілді білім беру жүйесі енгізілуде. 2012-2013 оқу жылында Қазақстанның 35 мектебінде көптілді оқыту жүйесін енгізу қолға алынды, сонымен қатар, 1 сыныптан бастап ағылшын тілін үйрету жобасын қолға алынды. Республикада новаторлық әдістемелер, орта мектептерде үш тілде сабақ берудің жаңа стандарттары сынақтан өткізілуде.

Қазақстанның Болон процесіне жедел кіруі нәтижесінде еліміз үш деңгейлі моделге енді: бакалавриат-магистратура- PhD докторантура. Қазіргі күні 42 жоғары оқу орны еуропалық агенттіктердің сапа менеджменті жүйесінің сертификаттау аудитінен өтіп үлгерді. Докторлық және магистратуралық бағдарламалары үшін кластерлі бастамалар негізінде озық мамандықтардың тізімі анықталды. Бұл құжаттар мемлекет саясатының білім саласындағы негізгі міндеттерін айқындады.

Қазақстанда өткізілетін әлеуметтік-экономикалық реформалар нәтижесінде, жоғарғы оқу орындарын қоса алғанда, соңғы жылдары алға қойылған келесі міндеттерді атап өтуге болады:

1. жоғарғы білім жүйесін демократияландыру және басқарудың бір орталықтан жүргізілмеуі;.

2. жоғарғы оқу орындарының құрылымы мен жүйесін әртараптандыру;

3. жаңа заңнамалық және нормативтік-құқықтық базаны құру;

4. жоғары білім берудің жаңа мемлекеттік стандарттарын қалыптастыру.

Жалпы, Қазақстанның білім беру жүйесін жаңғырту арқылы үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады, егер келесі жағдайлар орындалса: үкіметтің білім беру саясатында орнатқан барлық бағдарламалары білім беру жүйесінің аясында жинақталған әлем тәжірибесінің мүмкіндігіне негізделіп жасалуы қажет. Ұлттық білім беру жүйесі әлем бойынша жаһандану үрдісін кешуде. Сондықтан, көптеген мемлекеттер үшін, әсіресе, Орталық Азия үшін, өзінің білім беру жүйесін өзгертуде дұрыс бағыт таңдау мәселесі тұр. Жаңа заманның негізгі үрдістері білім беру саясатына да ықпалын тигізе бастады. Білім беру жүйесі әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының біріне айналуда, себебі, жаңа әлемде мемлекеттің экономикалық жетістіктері білім беру жүйесімен, азаматтардың білімділігімен, мамандардың бәсекеге қабілеттілігімен анықталады.

Жолдаудағы білім берудің бейнесі

Қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жағдайында ұзақмерзімді стратегия арқылы білім реформасын жүзеге асыруға болады. Сол мақсатта ҚР білім беру жүйесі белгілі даму сатыларынан өтіп келеді. Оған ҚР Президентінің жыл сайынғы халыққа Жолдаулары негіз болуда. Атап айтқанда, «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасында білім беру мәселесі төртінші ұзақмерзімді басымдықта көрсетілді. Басымдық атауында «Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты» деп көрсетілгенімен, құжаттың аталған бөлігінде азаматтардың денсаулығы мен салауатты өмір салтын сақтау мәселесіне мән берілген.Атап айтқанда, тәуелсіздік жарияланған алғашқы жылдардағы өршіп тұрған нашақорлық пен наркобизнес,  темекі мен алкогольді тұтыну мәселені ерекше көңіл аударылған. Білім беру мәселесі кейінгі бағдарламаларда тарқатылып айтылды.   

Соңғы жылдардағы құжаттарға көңіл аударатын болсақ, 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауының «Жаңа әлеуметтік саясат» тармағында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысы – 29 пайызға дейін артатыны айтылды. Сонымен қоса 2017 жылдан «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы басталатыны жарияланды.

Бұл Жолдауда негізінен дағдарысқа қарсы күрес, қаржы секторын тұрақтандыру, бюджет саясаты, жаңа инвестициялық саясатқа ден қойылған.

2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында үш тілдік оқыту, мұғалімдердің деңгейі, кәсіптік білім беру туралы қозғалады. «Төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту» бөлімі келесі жылғы жолдаудың алғышартындай көрінеді.

Яғни, әр жылдағы білім беру мәселесінің жолдаудағы өзектілігі әртүрлі деңгейде. Сол кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық проблемалар мен бетбұрыстарға байланысты болып отырады.

2018 жылы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында білім беру мәселесі назардан тыс қалған жоқ. Бұл құжатта білім беру саласын дамыту «Қазақстан-2050» даму стратегиясы, «100 нақты қадам – Ұлт жоспарында» қойылған міндеттер аясында қарастырылған.

Атап айтқанда, жаңа индустрияландыру талаптарына білім беру жүйесін, коммуникация мен стандарттау салаларын бейімдеу қажеттігі айтылды. Әдеттегідей оқу орындары жалпы аталмай, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау міндеті қойылды. Яғни, аграрлық университеттер ауыл шаруашылығымен біте қайнасқан ғылыми және оқыту орталығы болуы тиіс. Ол тапсырманы оқу орындары толықтай орындамай отырғаны белгілі.

Бұл жолдауда өнеркәсіптік төңкеріс жағдайында еліміздің бейімделуіне 10 даму қағидасы алға қойылған. Оның ішінде «Адами капитал – жаңғыру негізі» жетінші қағидасында білім беру сапасын арттыру мен интеллектуалдық ұлт қалыптастыру сұрақтары қарастырылған. Жалпы, бұл Жолдаудағы негізгі идея заманның өзгерістеріне бейім болу, инновациялық дамудың көшінен қалып қалмау. Бұл жерде ең алдымен оқыту бағдарламасын жаңартқан жөн.

 Ол дегеніңіз – мектептерді компьютерлік сыныптармен қамту арқылы жастарды жаңа технологиялық қалыпқа бейімдеу (3Д принтер, робот техникасы, жасанды интеллект және т.б); жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқытуды бастау, оқу орны мен кәсіпорын, корпорациялардың арасындағы ынтымақтастықты нығайту.  Педагог-мамандардың мәртебесі тұрақты көтеріліп келеді. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау, ЖОО педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту туралы айтылғанымен, мәселе келесі Жолдауда қайталанып отыр.

2018 жылы 5 қазандағы Жолдауда «білім», «білім беру» сөзі 13 рет кездеседі. Бұл Жолдауда салыстырмалы түрде білім беру тақырыбына басымдық берілген. Білім саласы халықтың тұрмыс сапасын арттырудың маңызды бөлігі ретінде қарастырылады. «Тұрмыс сапасын арттыру» бөлімінде бес тармаққа жіктеліп қарастырылған. Егер биылғы Жолдаудағы білім бағытына қатысты ең маңызды ойларды тізбектейтін болсақ:

- 5 жыл ішінде әлеуметтік салаға бөлінетін қаражатты ЖІӨ 10 пайызына жеткізу.  

- Мектепке дейінгі білім беруді жақсартудың «Жол картасын» әзірлеу.

- Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі бірыңғай стандарт қылу;

- Үш ауысымда оқыту мәселесін шешу, оған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыру;

- «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау;  

- ЖОО жауапкершілігін күшейту, Назарбаев Университетінің тәжірибесін ел көлемінде енгізу. Бұл ретте Назарбаев Университетінде заманауи зерттеу орталығын ашу және «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасын даярлау туралы да сөз болды. Яғни, аталған ЖОО тек білім беру ғана емес, ғылыми-инновациялық және мемлекеттік басқару саласындағы үлесі арта түспек.    

«Қазақстан-2050» Стратегиясындағы білім

Стратегияда «Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары» деп осы мәселеге арнайы тоқталу арқылы оның маңыздылығын көрсетеді. Қазақстандағы білім беру саласын дамыту бойынша аталған құжатта мынадай негізгі төрт басымдықтары анықталған:  

- Мектепке дейінгі білім берудің жаңа әдістеріне көшу;

-Халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз ету; 

-Жеке бизнестің, үкіметтік емес және қайырымдылық ұйымдарының, жеке адамдардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру;

-Оқыту әдістемелерін жаңғырту және өңірлік мектеп орталықтарын құра отырып, білім берудің онлайн-жүйелерін дамыту.

Стратегияда айтылған ең алғашқы басымдық бойынша, балалардың бастапқы мүмкіндіктерін теңестіруге арналған «Балапан» бағдарламасының маңыздылығы арта түсетіні анық. Осы бағдарлама жүзеге асырылған уақыттан бері  елімізде 3 956 жаңа балабақша мен шағын орталықтар іске қосылған. Алайда еліміздегі соңғы жылдардағы туу көрсеткішінің артуы және ішкі миграция себебінен облыс орталықтарында және Астана, Алматы қалаларында мемлекеттік балабақшалардың жетіспеу мәселесі туындайды. «Қазақстан-2050» Стратегиясында осы өзекті мәселе назарға алына отырып, «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзарту шешімі жайлы айтылды. Сондай-ақ, Үкімет пен әкімдердің алдына балаларды мектепке дейінгі білім беру және тәрбиемен 100% қамту міндеті нақты қойылды. Балалар кез-келген мемлекеттің келешегін қалыптастырушы және тұрақты қолдауды қажет ететін қоғамның бөлігі.

Екіншіден, Президент бірқатар Жолдауларында техникалық білім беруді дамыту туралы жиі сөз қозғап келеді. Өйткені, мемлекеттің индустриалды-инновациялық дамуы, экономикалық өркендеуі үшін ең алдымен осындай мамандық иелерінің маңызы артады. Стратегиядағы инженерлік білім беру мәселесі де осы мақсаттан туындаған деп есептейміз. Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Бұл жұмыспен қамту мәселесін шешуге де едәуір септігін тигізеді.

Сонымен қатар, ЖОО тек оқыту ғана емес, ғылыми-зерттеу және инновациялық орталық ретінде орны туралы жиі айтылып келеді. Жолдауда қозғалған осы мәселенің нақты іске асуы ретінде «Назарбаев» ДББҰ ашылуын келтіреміз. Бұл заманауи университет Қазақстандағы білім беру саласының жаңа кезеңі болып табылады. «Назарбаев» университеті академиялық автономия кепілдігі берілген жоғары оқу орны ретінде оқу бағдарламаларын жетілдіріп қана қоймай, ғылыми-зерттеушілік қызметін де дамытып келеді.

Үшіншіден, әлеуметтік жауапкершілікті арттыру мәселесіне орай Стратегияда: жоғары және орта білім беру жүйесін дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі желісін құру; кәсіпорындардағы міндетті өндірістік тәжірибені заңнамалық тұрғыда бекіту тапсырмалары енгізілген. Еліміздегі ірі корпорациялар мен кәсіпорындар, кәсіпкерлер әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан балаларды оқыту, балалар үйі тәрбиеленушілерінің ЖОО оқу ақысын төлеу және тұрғын үймен қамтамасыз ету сұрақтары бойынша жауапкершілік алуы қажет.

Төртіншіден,  оқыту әдістемелерін жаңғырту бағыты бойынша сұраныс жоқ ғылыми және білім пәндерінен арылу, пәндерді қажеттілігіне қарай оқыту, елдің даму жағдайына бейімдеу ұсыныстары айтылды. Жалпы, Жолдауда ерекше аталып өткен осы мәселелер Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялаған уақыттан бергі білім беру саласының олқылықтары мен жетістіктерін терең саралау нәтижесінде туындаған тапсырмалар деп білеміз. Өйткені, білім беру бойынша жаңа көзқарасты қажет ететін сұрақтар да жоқ емес.

Қорытынды

Қоғамның әлеуметтік-экономикалық өзгерістері кезінде, сапалы білімнің реформасын тек қана толығымен өңделген стратегия арқылы жүзеге асыруға болатынын түсіну нәтижесінде Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі едәуір жетістіктерге қол жеткізіп, алдағы уақытта бұл үрдіс жалғасатынына көз жеткізуге болады. Қазақстанның білім беру жүйесін жаңғырту арқылы үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады, егер келесі жағдайлар орындалса: үкіметтің білім беру саясатында орнатқан барлық бағдарламалары білім беру жүйесінің аясында жинақталған әлем тәжірибесінің мүмкіндігіне негізделіп жасалуы қажет. Ұлттық білім беру жүйесі әлем бойынша жаһандану үрдісін кешуде.

 Сондықтан, көптеген мемлекеттер үшін, әсіресе, Орталық Азия үшін, өзінің білім беру жүйесін өзгертуде дұрыс бағыт таңдау мәселесі тұр. Жалпы, Жолдауда ерекше аталып өткен осы мәселелер Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялаған уақыттан бергі білім беру саласының олқылықтары мен жетістіктерін терең саралау нәтижесінде туындаған тапсырмалар деп білеміз. Екінші жағынан, көптеген проблемалар жыл сайын Жолдауда көрініс тауып отыратынын жасыра алмаймыз.

Мәселен, мұғалімдердің мәртебесі жыл сайын көтерілгенімен, биыл нақты шешімін тапқалы отыр. Яғни, мәселенің шешілуі лайықты деңгейде емес. Стратегиядағы ой орынды болғанымен, орындалуы ойдағыдай емес. Бұл тарапта жауапты министрлік пен атқарушы органға жүктелетін міндет күшейтілуі тиіс.  

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ 




Яндекс.Метрика