Үкімет

Қазақстанда мемлекетттік тілді меңгергендер үлесі 83,1% құрады – А. Мұхамедиұлы

Бүгін ҚР Премьер-Минстрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі индустриалды-инновациялық даму мәселелерімен қатар ҚР тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижелері ортаға салынды. Бағдарламаның жүзеге асуы туралы есеп берген мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оның негізгі 4 бағытына тоқталды. Толығырақ «Strategy2050.kz» АА шолуынан біле аласыздар.
Астана қаласы27 Наурыз , 11:23

Бүгінде ҚР тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы 9 индикатор мен 12 нәтижелі көрсеткішке қол жеткізу көзделген және де 43  іс-шара қарастырылған.         

Мемлекеттік тілді меңгеру

Жыл сайынғы жүргізілетін зерттеу нәтижелері тұрғындардың  мемлекеттік тілді  меңгеруінде оң динамиканы көрсетті. 2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі  – 83,1% құрады. Бұл көрсеткіш 2015 жылы –76,3%, 2016 жылы – 82,3% көрсетті.  Ал, мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мектеп түлектерінің үлесі – 80% (2014 жылы – 68%, 2015 жылы – 76%; 2016 жылы – 70%).

Сонымен қатар, республика бойынша мемлекеттік тілді оқыту курсынан өткендердің саны жыл сайын өсуде. Атап айтқанда, 2015 жылы  –  52%-ға,  2016 жылы 70%-ға, 2017 жылы 82%-ға  артқан. Республикада аймақтық мемлекеттік тілді оқыту орталықтары қызмет атқарады. Мемлекеттік тілді оқыту орталықтары 2015 жылы – 88 бірлікті құраса, 2016 жылы – 87, 2017 жылы 89 бірлікті құрады. Елімізде мемлекеттік тілді оқыту және тілдерді оқытудың ғылыми-әдістемелік базасын құру мақсатында Ш. Шаяхметов атындағы Республикалық тілдерді дамыту үйлестіру-әдістемелік орталығы қызмет атқарады. «Қазтест» жүйесі негізінде қазақ тілін білу деңгейін анықтау мақсатында 2017 жылы тестілеуден өткендердің жалпы саны 94 458 адамды құрады. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілер саны – 22 837 адамды құрайды.  

Осы ретте, мемлекеттік тілдегі құжат айналымына ерекше тоқталып кетуге болады. Жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 2015 жылы 90,6%-ды құраса, 2016 жылы 91,3 %-ды, 2017 жылы  92%-ды құрады.      

«Мемлекеттік тілді меңгерту мақсатында 2015 жылдың нәтижесінде 36 баспа жобасы, 2016 жылы 15 баспа жобасы, 2017 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 16 жобасы әзірленді. 2017 жылы мемлекеттік тілді үйретудің заманауи әдістемелері негізінде 11 баспа өнімі жарыққа шықты», - деді А.Мұхамедиұлы. 

Мемлекеттік тілдің пайдаланылу аясын кеңейту

Бұл бағыттың мақсаты мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуын  қол жеткізу болып табылады. Аталған бағытта 1 индикатор және 3 нәтиже көрсеткішіне қол  жеткізу  көзделген. Бұл бағыт негізінен БАҚ-тағы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған. 

 «2017 жылы мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 72%-ды құрады», - деп атап өтті ведомство басшысы.

Қазақстандықтардың тіл мәдениетінің деңгейін  арттыру

Аталған бағытта 2 индикатор, 2 нәтижелі көрсеткішке қол жеткізу көзделген.

«Тұрғындардың ономастикалық  комиссиялардың  жұмысындағы шешім  қабылдау  процесін  талқылау кезінде  қоғамдық қолжетімділік пен ашықтық қағидаттарының  сақталуына қанағаттанушылық  дәрежесі   2017 жылы 81,6%-ды құраған. Жалпы, 2017 жылы Республикалық терминологиялық комиссия жұмыстарының нәтижесінде 3000 термин қаралып, бекітілді. (2016 жылы 5000 термин) Республикалық ономастика комиссиясының жұмыс нәтижесінде барлығы 1228 ұсыныс қаралды, 1153-і комиссияның оң шешіміне ие болды», - деді министр.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мемлекеттік тілді үйретудің тиімді әдістерін тарату, еліміздегі тіл оқыту орталықтарының жұмыстарын үйлестіру, тілді қашықтықтан оқытуға мүмкіндік туғызу мақсатында «Tilalemi.kz» порталының жұмысы жетілдірілді. Сондай-ақ «Emle.kz» орфографиялық базасын сүйемелдеу және техникалық қолдау жұмыстары жетілдірілді. «Тіл медиа» сайты  құрылды. Сайт мемлекеттік, орыс, ағылшын тілдерін насихаттап, оның әдістемесін, қолданылу аясын кеңейтуге жан-жақты ықпал жасайды.

Лингвистикалық капиталды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау

Бағдарламаның бұл бағытында 4 индикатор 2 нәтижелі көрсеткішке қол жеткізу көзделген. Сонымен, орыс тілін меңгерген республика тұрғындарының үлесі 2015 жылы - 90%; 2016 жылы – 89,4%; 2017 жылы  89,1 %-ды құрады. Ал, ағылшын тілін меңгерген республика тұрғындарының үлесі 2015 жылы 21 %; 2016 жылы – 23,7%;  2017 жылы - 23,2 %. Үш  тілді (мемлекеттік, орыс және ағылшын) меңгерген республика тұрғындарының үлесі 2015 жылы - 16%; 2016 жылы – 20,5 %; 2017 жылы - 22,3 % көрсетті.

«Ұлттық-мәдени бірлестіктерде қазақ және ана тілдерін оқыту курстарымен қамтылған этностардың үлесі де жыл сайын өсуде. 2017 жылы бұл көрсеткіш –  75,7% -ды құрады. Қазақстандықтардың лингвистикалық капиталын сақтау мақсатында 2015 жылы - 22, 2016 жылы - 24, 2017 жылы - 25 этностың ана тілін оқуына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында «Балаларға базарлық» атты Қазақстанда тұратын 17 этностың мақал мәтелдерінің жинағы, «Сөз сыры» атты әлем елдерінің афоризмдері мен қанатты сөздерінің жинағы, «Менің алғашқы 500 сөзім» атты үш тілдегі тілашар және т. б. кітаптар шығарылды», - деп түйіндеді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

P.S. Үкімет отырысының қорытындысы бойынша мемлекеттік жеке әріптестік арқылы мемлекеттік тілді дамыту, қазақ тілін меңгеру бойынша заманауи оқу құралдары санын арттыруға басымдылық берілетін болды. Сонымен қатар, латын қаріпіне көшуді кезең кезеңімен уақытылы жүзеге асырылуын Ерболат Асқарбекұлы  бастаған комиссия қадағылайтын болады. 

Мөлдір Асқарқызы




Яндекс.Метрика