Шолу

Қазақстанда тілдерді дамыту қалай жүзеге асырылады

Еліміздің тіл саясаты «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы және Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.Мемлекеттік бағдарлама Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерді іске асыру мақсатында қазақ тілін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіруді түсіндіру жұмыстарын жүргізу, орфографияны жетілдіру, оның көпшілікке қолжетімділігін қамтамасыз ету міндеттерімен толықтырылды және Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген түзетулерге сәйкес Үкімет қаулысымен бекітілді.
Нұр-Сұлтан27 Қараша , 10:02

Бағдарлама бойынша алға қойылған мақсаттар

Бағдарламада 9 индикатор мен 12 нәтижелі көрсеткішке қол жеткізу қарастырылған.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру туралы қорытынды ақпарат ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысында белгіленген мерзімге сәйкес есепті жылдан кейінгі жылдың 10 наурызына дейін қалыптастырылады.

Қазіргі уақытқа дейін Мемлекеттік бағдарлама аясында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды.

«Үш тілді меңгеру аясында мемлекеттік қызметшілерді оқытуды ұйымдастыру» қызметін жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Министрлік арасындағы өзара түсіністік туралы келісімге сәйкес биылғы жылы орталық атқарушы органдардан тілдерді оқыту курсына 558 адам (2017 жылы – 610 адам) қатысты.

Сонымен қатар, этностардың ана тілдерін оқытатын оқытушыларға арналған «Жексенбілік мектептерде қазақ тілі мен ұлттық (ана) тілдерін жеделдете оқытудағы өзекті мәселелер» атты республикалық ғылыми-әдістемелік семинар-тренинг өткізілді (Алматы қаласында өткен семинарға 80-ге жуық оқытушылар, ғалымдар және этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты).

Елде  жұмыс істейтін   тілдерді оқытудың  мемлекеттік орталықтары

Елімізде 88 аймақтық және 1 республикалық  тілдерді оқытудың мемлекеттік орталықтары жұмыс істейді. Оқыту орталықтары Тіл туралы Заңға сәйкес тiлдi оқыту курстарын ұйымдастырады. Осы мақсатта 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында тілдерді оқыту орталықтарында 42 мыңнан астам адам курстардан өтті (28961 адам – қазақ тілінде, 10 690 адам – ағылшын тілінде, 2412 адам – орыс тілінде).

Алайда, Алматы қаласы, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында тілдерді оқыту орталықтары жоқ болса, кейбір облыстарда  1 ғана мемлекеттік тілдерді оқыту орталығы бар.

2018 жылдың басындағы жағдай бойынша елімізде шамамен 280 жекеменшік оқыту орталықтары жұмыс жасайды. Олар негізінен Астана (105) және Алматы (33) қалаларында, Павлодар (35), Маңғыстау (26), Атырау (22), Батыс Қазақстан (16) облыстарында және Түркістан облысы мен Шымкент қаласында (бірге - 27) орналасқан.

Осы ретте, Мемлекеттік бағдарламада көзделген индикаторларға қол жеткізу, сондай-ақ оқытудың үштілді моделін дамыту және латын графикасына көшу барысында оқытушылар мен тұрғындарды оқыту үшін Тілдерді оқыту орталықтарының әлеуетін арттыру қажет.

«Қазтест» жүйесі негізінде қазақ тілін білу деңгейін анықтау мақсатында 2018 жылдың 7 айында тестілеуден өткендердің жалпы саны – 52 мың 245 адамды құрады, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер саны – 20 057 адам.  

Ағымдағы жылы 9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік тілдегі жалпы құжатайналымның үлесі 93% құрап отыр. Оның ішінде орталық атқарушы органдарда 91%, жергілікті атқарушы органдарда 95%, ал ұлттық компанияларда 46%-ті құрады.

Осы ретте, мемлекеттік органдар негізінен ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша сынақ тапсыру, оқыту курстарына қатысу, құжат айналымын қазақ тілінде жүргізу және уәкілетті орган тарапынын ұйымдастырылатын шараларға қатысумен шектелетінін атап өткен жөн.

Осы күнге дейін атқарылған міндеттер

Мемлекеттік бағдарлама аясында алты айдың қорытындысы бойынша 6 ғылыми-танымдық әдебиеттер, 5 оқу-әдістемелік құралдар, 2 балалар әдебиеті шығарылып, республика бойынша таратылды. Сонымен қатар, балаларға арналған «Балапан» журналы және «Туған тіл» еларалық қоғамдық-саяси, әдеби-ғылыми алманахы тоқсан сайын шығарылады.

Тіл саласының өзекті мәселелері көтеріліп, дәлелді сюжеттермен, ғалымдар мен тәуелсіз сарапшылардың дәйектемелерімен берілген «Шахмат» телебағдарламасы «Qazaqstan» телеарнасынан көрсетілуде. Тележоба 18 бағдарламадан тұрады.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында құрылған «Tilalemi.kz» порталы, «Atau.kz» ономастикалық базасы, «Emle.kz» орфографиялық базасы, «Тermincom.kz» базасы, «Tilmedia.kz» үш тілді сайты, балаларға арналған «Balatili.kz» және барлық сала құжаттарының қазақша үлгісі мен қатесіз толтыру нұсқаулығы берілген «Qujat.kz» сайттары  жұмыс жасауда.

Министрлік бүгінге дейін бекітілген терминдерге мониторинг жүргізді. Қазірге дейін 21 мың термин бекітілсе, оның 40,8 проценті (8571 термин) – төл терминдер, ал 59,2 проценті (12429 термин) кірме және аралас терминдерді құрап отыр.

Бұл ретте тіліміздің тазалығын сақтап, оны ғылым тіліне айналдыру үшін терминдердің принциптері мен қолданбалы терминтанудың негізгі міндеттерін айқындау мәселесі қолға алынды. Терминдерді бекітумен ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық терминологиялық комиссиясы айналысады. Ағымдағы жылы комиссиясының 3 отырысы өтті.

Шет тілінен енген бірқатар терминдердің қазақ тіліндегі нұсқалары қайта сәйкестендірілді және бұл жұмыстар жалғасын табатын болады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы Жолдауындағы терминология мәселесіне қатысты көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында ү.ж. 18 мамырда «Терминжасам қағидаттары және ұлттық терминология мәселелері» тақырыбында терминолог ғалымдардың қатысуымен республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Конференцияда терминжасамның ғылыми қағидаттары, ұлттық терминологиялық қор, салалық терминологияның өзекті мәселелері, қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшірілуіне байланысты туындайтын терминологиялық  міндеттер, бұрын қазақ тіліне аударылған терминдер мен ұғымдарды қайта қарап, сәтсіз баламаларын түпнұсқамен сәйкестендіру мәселелері қарастырылды.

«Қазақ терминологиясының мазмұны мен құрылымы» атты терминтану ғылымының бүгінгі ахуалы мен терминжасамның басты қағидалары бойынша ақпаратты беруге арналған электрондық алаңды ұйымдастыру жұмыстары басталды.

Ономастикалық жұмыстар ҚР Президенті Әкімшілігінің   2017 жылғы 28 ақпандағы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика