Білім беру

Қазақстанда 784 білім беру бағдарламасы бағаланды - БҒМ

Қазақстанда 784 білім беру бағдарламасы бағаланды. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов ЖОО-лардағы білім бағдарламалары қалай жүзеге асырылғандығы туралы айтып берді.
Астана қаласы23 Шілде , 14:27

«Жоғарғы оқу орындарының білім беру бағдарламасын  бағалау бойынша  бағдарлама  жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама бойынша ҚР БҒМ мен «Атамекен» ҰКП бірігіп жұмыс істеді. Ол бағдарлама бойынша  2000-ға жуық білім беру бағдарламаларын бағалаймыз деп мақсат қойғанбыз. Бүгінде  33 мамандық бойынша  784 білім беру бағдарламаларын бағалап шықтық. Ол рейтинге техникалық мамандықтар, әлеуметтік ғылымдар мен экономика, бизнес мамандықтары енгізілді», - деді ол.

Ол айтып өткендей,   бағалау әдісі  екі кезеңге бөлінген.

«1-кезең -  нақты статистикалық мәліметтер, 2- кезең- бағдарламлаарды бағалау. Оларды бағалауға тікелей жұмыс берушілердің өкілдері мен арнайы сарапшыларды шақырдық. Ал, статистика бойынша әр ЖОО-ның тиісті мамандығы бойынша түлектердің жұмысқа орналасу пайызын, жалақы мөлшерін, сауалнама жүргізу бойынша олардың бітірген ЖОО-на қанағаттану, қанағаттанбауы  бойынша ақпараттарды негізге алдық», - деді Т.Ешенқұлов.

Сондай-ақ, ол бұл рейтинг қандай нәтиже беретініне тоқталды.

«Рейтинг түлектерге бағдар береді. Яғни, қай мамандықты  қандай жоғарғы оқу орны дайындайтынын көрсетеді. Рейтинг бойынша бағдарламаны қай жұмыс беруші қалай бағалады  осы мәселелер  анықталады. Осылайша, түлектер ЖОО-дан кейін жұмысқа орналасу бойынша пайыздық көрсеткішіне сүйене отырып, шешім қабылдай алады», - деді Т.Ешенқұлов.

Оның айтуынша, рейтинг жүргізілген кезде жұмыс беруші тарапынан ЖОО-ларға өзінің ұсыныстары мен кеңесі жіберіледі. ЖОО-лар одан әрі бұл кеңестерді қалай жүргізетінін өздері біледі.

Ал, аталмыш жобаға бастамашылық еткен «Атамекен» ҰКП-нің  басқарушы директоры Олжас Ордабаевтың айтуынша, 33 рейтинг әзірленген. Демек, 33 мамандық бойынша ЖОО-лар сарапталды.

«Рейтингті  біз бизнестің позициясын ЖОО-ларға тапсыру үшін жасаған болатынбыз. Еңбек нарығына келетін  жұмыс тобын бейімдеу үшін арналған. Біз өткен жылғы түлектердің  айлықтарын қарап, олардың мәліметтерін жинадық. Демек, ЖОО тәмамдаған соң жұмысқа орналасу не орналаспау көрсеткіші бойынша  рейтинг жүргізілді», - деді О.Ордабаев.

Оның айтуынша, әлі жұмыс жасалып жатыр, жыл соңына дейін 50  білім беру бағдарламасының рейтингісі жарияланады.

Өз кезегінде,  Құрылыстағы сарапшы Әлібек Марданов ЖОО-лардағы құрылыс мамандықтары бойынша білім беруді үш кезеңге бөлуге болатынын айтты.

«Құрылыс ол қолөнер ғылымы. Ол тәжірибелік әдіске ие. Білім беру бағдарламаларына келетін болсақ, онда тек заманауи әдебиет қана емес, шетелдік және ғылыми институттардың әдебиеті, ағылшын тілінде енгізілсе жақсы болар еді», - деді ол.

Профессор-оқытушылық құрамның іс жүзіндегі тәжірибелік өтілі зор маңызға ие. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті тәжірибелі мамандарды тартуға ерекше көңіл бөледі. Ал Орталық Азия университеті, Каспий қоғамдық университетіне іс жүзінде тәжірибесі бар оқытушыларды іздестіруге көп көңіл бөлуге кеңес берілді.

Еңбекақы деңгейі еңбек нарығына шыққан түлектердің кәсіби дайындығына тікелей байланысты. Бұл фактор жоғары оқу орындарын біліктілігі жоғары профессор-оқытушылық құрам мен сапалы білім бағдарламасымен аяқтаған түлектер нарықта бәсекеге қабілетті болатынын көрсетеді, тиісінше олар әлдеқайда жоғары еңбекақы алады.

Еліміз бойынша жоғары еңбекақы «Мұнай-газ ісі» мамандығында тіркелген, орташа еңбекақы 250 000 тг, ал ең төменгі еңбекақы – «Биотехнология» мамандығын тәмамдаған ( орташа еңбекақы 70 000 тг) түлектер үлесінде.

Сонымен қатар жоғары оқу орнын бітіргеннен кейінгі алғашқы жылы жұмысқа орналасу дерегі де маңызды. «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша білім алған түлектерде үздік көрсеткіш- 84%; «Биотехнология» мамандығын бітірген түлектердің жұмысқа бірден орналасу көрсеткіші төмен -56% құрайды.

Айта кетейік, осы жылдың соңына дейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 50-ден астам мамандықтың рейтингін ұсынатын болады.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика