Сараптама

БАӘ – Қазақстан: сенімді серіктестер /САРАПТАМА/

Эксклюзив
Наурыз мерекесінде ел демалысқа шығып, мерекелік шарала ұйымдастырып жатқанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі елге сапарлап қайтты. Бірі көршіміз – Өзбекстан, екіншісі – Біріккен Араб Әмірліктері. Өзбекстан президентімен сол сапардан 3-4 күн бұрын ғана, Орталық Азия елдері басшыларының Астанадағы Консультативтік кездесуі аясында кездескен еді. Кейін, жеке және кеңейтілген құрамда кездесулер өтіп, екі ел арасында бірқатар келісімдерге қол қойылғаны мәлім. Ал Араб Әмірліктерімен Қазақстанның қарым-қатынасы тек дипломатиялық ресми кездесулерге ғана негізделген десек қателесеміз. Өйткені, БАӘ Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері Қазақстанмен саяси, сауда-экономикалық жағынан тығыз байланыс орнатқан ел. Екі ел арасында ірі бірлескен жобалар да қолға алынған. Ал енді Елбасының осы сапары не берді? Егер Өзбекстанмен арадағы байланысымыз соңғы деректерге сүйенсек, 2 млрд АҚШ доллары көлемінде болса, БАӘ-мен әзірге 600 млн АҚШ долларынан сәл ғана асады екен. Ал бұл сапардың саяси һәм экономикалық берері не? Белгілі саясаттанушы Қазбек Майгельдиновтың сараптамасын назарларыңызға ұсынамыз.
Астана қаласы27 Наурыз , 15:27

Айта кетейік, Қазақстанмен сауда саласында БАӘ -і Таяу Шығыстағы елдер арасында бірінші орынға ие. 2017 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда көлемі 643,1 млн. АҚШ долларына жетті (2016 жылы - 374,2 млн). Біріккен Араб Әмірлігі еліміздің бес ірі сауда әріптестерінің қатарына кіріп, қазақстандық мыстың екінші сатып алушысы болды.

Екі мемлекеттің стратегиялық мақсаттары көп салада түйіседі: инвестициялық қорғау, ғарыш технологиясы, гидроэнергетика, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы және цифрландыру. Бүгінде Қазақстан аймақтық, көліктік және логистикалық хаб болуға дайын. Осы тұрғыда Қазақстан іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсарту белсенді шаралар қолдануда (бизнесті жүргізуге мемлекеттік қолдау шаралары, инвестициялық және салықтық ынталандыру). Бұл өз кезегінде БАӘ -не Қазақстанда өз өнеркәсіптерін ашып, кейін ЕО, Қытай, Орталық Азия және Таяу Шығыс елдері нарықтарына өз өнімдерін шығару үшін өте тартымды платформа бола алады.

Сапар барысында қол қойылған жобалардың жалпы құны 10 миллиард доллардан астам сомманы құрады. Оған қоса, инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімге қол қойылды. Осылайша, Алматы облысында - «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы (АЭА), Атырау облысында полиэтилен және полипропилен өндірісі, Маңғыстау облысында «Ақтау теңіз порты» АЭА жобаларын инвестициялау туралы келісімге келді. Тиісінше, ол айтарлықтай оң әлеуметтік әсерін беретін болады (жұмыс орындарын құру және т.б.). Сонымен қатар «Ақтау теңіз порты» АЭА акцияларының 49% -ын сатып алудың негізгі қағидаттары туралы және «DP World» компаниясының «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА «Басқарушы компаниясы» АҚ –ның капиталына қатысудың негізгі қағидаттары туралы келісімдерге қол қою БАӘ -нің «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыруға үлкен қызығушылығын білдіріп, алдағы уақытта логистикалық салада ҚР мен БАӘ-нің одан әрі интеграциялануына жол ашады.

Перспективалы бағыт ретінде инвестициялық қарқыны мол аэроғарыш саласын атап өтуге болады (биылғы жылдың наурыз айында Қазақстан, Біріккен Араб Әмірліктері мен Ресейдің ғарыштық ведомстволарының өкілдері ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге келді). Оған қоса Әмірлікпен қарым-қатынастарды одан әрі тереңдету еліміздің басты теңіз жолдарына шығуды әртараптандыруға оң әсер етуі тиіс.

Сондай-ақ, Әмірліктер нарығы Қазақстан экономикасының аграрлық секторы үшін тартымды: 2018 жылы БАӘ-ге мал шаруашылығы өнімдерін жеткізудің айтарлықтай артуы күтілуде (кем дегенде 30-50%). Қазақстан мен БАӘ арасында ет, ет өнімдері мен құс етін экспорттау үшін ветеринарлық сертификаты келісілді. Нәтижесінде БАӘ-де алғаш рет Қазақстаннан тоңазытылған сиыр еті экспортталды.

Сайып келгенде, Қазақстанда бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы және энергетика, тау-кен және металлургия өнеркәсібі салаларында БАӘ кәсіпкерлеріннің 200-ге жуық компанияларының қатысуымен бірлескен жобалар табысты қызметін жүргізуде. БАӘ -нің Қазақстандағы ең ірі инвестициялық жобасы Астана қаласында «Абу-Даби Плаза» құрылысы болып табылады.

Осылайша, БАӘ мен Қазақстан Республикасы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту үшін үлкен әлеуетке ие. Екіжақты өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытудың негізгі бағыттары - өзара экспорт және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сауда көлемін ұлғайту болып табылады.

Қазбек Майгельдинов

Елбасы кітапханасы Талдау орталығы Геосаясат және өңірлік зерттеулер қызметі басшысының м.а.




Яндекс.Метрика