Халықаралық интеграция

Қазақстан Президенті Орталық Азия елдерінің басшыларымен кездеседі

Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін сыртқы саяси оқиғаларға қатысты көптеген сауалдың келіп түсуіне байланысты Президенттің Баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы жұмыс кестесі туралы айтты.
Астана қаласы12 Наурыз , 12:14

Мемлекет басшысы биылғы 13 наурызда Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Спикері Чон Се Гюнмен кездеседі.

Ал 14 наурызда Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанға ресми сапармен келеді. Сапар аясында мемлекеттер басшылары күн тәртібіндегі екіжақты, өңірлік және халықаралық өзекті мәселелерді талқылайды.

15 наурызда Қазақстан Президенті Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы басшыларының жұмыс (консультативтік) кездесуіне қатысады. Бұл туралы саясаттанушы Ерлан Қарин фейсбуктегі парақшасында түсіндіріп өтті.

«Қазір аталмыш кездесуге белсенді дайындық жүргізілуде.  Өтетін  кездесу саммит деп аталмаса да,  Меамлекет басшыларының жұмыс  кездесуі мәртебесіне ие болады. Сондай-ақ, бұл басқосу  өңірлік ынтымақтастыққа серпін береді, себебі көп уақыттан кейін  ел көшбасшылары (ШЫҰ саммиті, ТМД сынды )  өзге  алаңдарда емес, өзіндік бастамамен кездеспек. Бұл жиынның нақты мақсаты  өңірлік ынтымақтастықтың институционалдығын  ұйымдастыру болмаса да, Астанада өтетін кездесу  ортақ өңірлік  күн тәртібін  жасауға, ортақ мәселелердің механизмін анықтауды құруға ықпал етеді», - деді Ерлан Қарин.

Бұл бес жақты келіссөздердің Орталық Азияның барлық елі үшін ортақ мереке – Наурыз мейрамы қарсаңында өтуінің маңызы зор.
Түрікменстанда жоғары деңгейдегі іс-шаралардың алдын ала жоспарлануына байланысты бұл елден Меджлис төрайымы А.Т.Нурбердыева ханым қатысады.

Сол күні Н.Назарбаев пен Ш.Мирзиёевтің қатысуымен Қазақстандағы Өзбекстан жылының салтанатты ашылу рәсімі өтеді.

Сондай-ақ,16 наурызда Мемлекет басшысы Сирия жөніндегі Астана процесіне кепіл болатын министрлік деңгейіндегі бірінші кездесуге қатысушылар – Ресей, Түркия және Иран сыртқы істер министрлерімен жүздеседі.




Яндекс.Метрика