Парламент

Қазақстан Қытайдан қанша қарыз алады?

Сенаттағы Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының үкіметі мен Қытай Халық Республикасының үкіметі арасындағы Қытайдан жеңілдетілген несие алу жөніндегі негіздемелік келісімді ратификациялау» туралы заң жобасы қаралды.
Нұр-Сұлтан08 Сәуір , 13:06

Комитет отырысында Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев Қытай үкіметінің 2 млрд 60 млн юань (116 млрд теңге немесе 300 млн доллар) 20 жылға 2% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алу туралы министрлік ұсынысын баяндады.

Сенат депутаты Әли Бектаев Қытай тарапы беріп отырған несиені неліктен ауыл шаруашылығына, шағын және орта кәсіпкерлікке жұмсалмайтынын сұрады. Ол неге біз осы несиені шекара маңындағы бекеттерге жұмсайтынын білгісі келді.

«Қытай үкіметі өзі мүдделі тарап болғандықтан, кеден бекеттерін реконструкциялауды қолдау отыр. Себебі олар біздің кеден арқылы Еуропаға тез экспорттауды көздеп отыр. Сондықтан да олардың шарты бойынша осы бағытқа ғана несие бермек. Біз ауыл шаруашылығына мұндай несиені алып, тәуекелге бара алмаймыз», - деді ҰЭМ өкілдері.

Әли Бектаев алынатын қарыздың ел экономикасына пайдасын сұрады.

«Қарыз алып, осынша салғаннан кейін, осы жұмыстар атқарылғаннан кейін экономикаға қандай пайда келеді? Қандай қосымша түсімдер болады? Біздің бюджетке салық жағынан, кедендік түсімдер жағынан», - деді депутат.

Бұл сұраққа министрмен бірге заң жобасын ұсынуға келген ведомство өкілі жауап берді.

«Жаңа атап өткендей, бүгін Өзбекстан тарапынадағы кеден бекеттерінде үлкен кептеліс болып жатыр. Ол жаңағы Өзбекстанның сыртқы саудасына дамуына байланысты болып жатыр. Ал біздің Қазақстандағы экономикалық әсері ол ақылы жолдар арқылы көліктердің жүруінен алынатын алымдар көбейеді, екіншіден, тек Қытай тарапынан біз 200 млрд-қа жуық қосымша салықтар мен  кедендік төлемдер түседі деп болжап отырмыз. Бұлар – қосымша түсімдер. Инфрақұрылымның дамуына, Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолының мүмкіндіктері кеңейіп, жолдағы сервистік қызметтер дамып, салықтар түседі деп болжам жасап отырмыз», - деді ол. 

Сондай-ақ,  Бектаев  соның нақты есебі бар ма? деген сұрақ қойды.

«Кедендік төлемдер мен салықтар жөніндегі 300 млрд соманы ғана айта аламын. Орта есепен әр жүк көлік құралы Қазқастаннан өткен кезде, 100 километрге 7-8 мың теңгедей төлем қалдырады деп болжап отырмыз. Ол жаңағы жанар-жағармай, жолдағы сервистік қызметтер», - деді министрлік өкілі. 

Депутат  «Бұл қазірше жалпылама сөз ғой, менің айтқанымды түсіндіңіз ғой. Займ алу үшін сіздерде есеп болуы керек, мына қарызды аламыз, жұмсаймыз, осынша пайда болады деп. Осыны мынадай жолдармен қайтарамыз. Бұл жай ғана біреудің аспаннан түскен қарызы емес қой, мемлекеттік қарыз. Сондықтан сіздерде нақты есеп болу керек. Сіздер қаржы министрлігісіздер. Есептеріңіз бар ма?»,  - деп нақтылағысы келді.

«Жаңағы 300 млрд-тан басқа бізде нақты есептер жасалған жоқ, қосымша салықтар мен төлемдер», - деп қосты Қаржы министрлігінің өкілі.

Сонымен қатар,  журналистер Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаевтан Қытай Үкіметінен алынатын жеңілдетілген несие туралы толығырақ айтуды және Қазақстанның Қытайдан басқа қандай қарызы барын сұрады. 

«Үкіметімізде Қытаймен байланысты тікелей несие жоқ. Бізде мемлекеттік кепілдендірілген қарыз аясында кепілдік берілген несиеміз бар. Бүгінде бұл  200 млдр долларды құрап отыр. Осы несиелер автожол саласына  бағытталған.  Ал, осы алынатын несиеге 9 бекетке жөндеу жұмысы жүргізіледі. 8 автокөлік және 1 теміржол бекеті не бағытталған. Біз бұл ақшаға жабдық аламыз. Жабдық 20 жыл бойы жақсы қызмет көрсетеді. Олардың жұмысының тоқтап қалмауын толықтай Қытай тарапы қамтамасыз етеді», - деді вице-министр.

Нақты қандай жабдық алынатыны туралы ҰЭМ Мемлекеттік кірістер жөніндегі комитеттің басқарма басшысы айтты.

«Көліктер мен контейнерлерді сканерлеуге, жоғары габаритті көліктерді, сонымен қатар көліктерді дезинфекциялау және дезактивациялауға, көліктердің кіріп-шығуын есепке алу құралдар алынбақ. Бекеттерге мұндай құралдарды қою Еуразиялық экономикалық одақ шешімімен бекітілген», - деді Қайрат Маубаев. 

Министрлік өкілінің айтуынша, жаңарған техника кептелісті азайтып, уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

«Тиімділігі – заманауи, соңғы үлгідегі техникалар. Басқа шетелдердің өткізу пунктерінде болдық. Көп жерде орнатылмаған. Сонымен қатар, уақыт тиімділігі. Біз уақытты 1,5-2 есеге қысқартамыз. Және бекет алдындағы кептелісті болдырмаймыз», - деді ол.

Бұдан бөлек Қайрат Маубаев нақты қай аймақтағы бекеттерге жөндеу жүргізілетінін атап өтті.

«4 автомобиль бекеті Қытай шекарасында және 4 автомобиль бекеті Өзбекстанмен шекарада, сонымен қатар 1 автомобиль бекеті Түрікменстанмен шекарада, Қытаймен шекарасындағы «Достық» кеден бекетінде теміржол бекеті бар», - деді ол.

Ол Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекарадағы жағдай туралы да тоқталды.

«Өзбекстанмен шекарада кептеліс болып жатыр. 5 автомобиль бекетінде кептеліс болып тұр. Күніге 400  көлік бекетте жиналып тұр. Кеден бекетінде көліктің өту уақыты да шектелген. Мысалға, «Бауыржан Қонысбаев» кеден бекетінде күнсайын 75 көлікті өткізу мүмкіндігіміз болса, біз кешегі ақпарат бойынша 170 машина шығарып, бекеттегі кептелісті болдырмау үшін қосымша адам жұмылдырып жатырмыз. Енді ол уақытша шешімдір. Соны жүйелі түрде шешу үшін осы шараларды қолға алып отырмыз», - деді ол.

Қайрат Маубаев Қытайдан жеңілдетілген несие алу туралы ұсыныс қай тараптан болғанын айтты.

«Негізгі ұсыныс бізден болды. Егер жеңілдетілген жағдайда берілетін кредит болатын болса, біз бас тартпайтынымызды және алу туралы қарастыратынымызды біздің тарапымыздан ұсыныс болды. Содан кейін Қытай тарапанынан қолдау тапты», - деді Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика