Мәдениетті жаңғырту

Қазақ классикасының жауһары - «Біржан - Сара» операсы алғаш рет ашық аспан астында сахналанды

Бурабайдағы Абылай хан алаңында ашық аспан астында «Біржан – Сара» қазақ опера өнері классикасының қойылымы өтті. Жаңа музыкалық-сахналық редакциясындағы теңдесіз туындының қойылымы биыл көктемде «Астана Опера» сахнасында өткен болатын. Ұлы сазгер Мұқан Төлебаевтың атақты операсын тамашалауға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Толығырақ, келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы16 Шілде , 09:10

Ақмола облысы ежелден бері қайталанбас бірегей табиғат сұлулығымен аты шықты. Бұл өңірде ұлы ақындар – Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай дүниеге келген. Олардың арасында халық жүрегінде Біржан сал ерекше орын алады, оның шығармашылығы ұлт өнерін жаңа деңгейге көтерді.

 «Біржан – Сара» қазақ опера өнерінің нақтылы игілігі болып табылады. Қойылымға барынша шынайылық беру және қазақ табиғатының бірегей әлемін көрсету үшін, осы спектакльді еліміздің көрікті жері – Бурабай курортында қою туралы шешім қабылданды.  

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы опера жанры дүние жүзінде дәлелденген ең биік жанр екенін атап өтті.

«Опера жанры – музыка өнерінің ең биік шыңы. Бізде де жақсы ұлттық операларымыз бар. Оның ішінде шоқтығы биік маңдайалды туындылар – Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібегі», Ахмет Жұбановтың «Абайы», Мұқан Төлебаевтың «Біржан–Сарасы». Сол үшін де ұлттық операмызды жоғарғы деңгейге шығарып, көрсетіп жатқанымыз үшін өте бақыттымыз. Бұл операны Біржанның туып өскен жері Көкше өңіріне әкеліп қойып жатырмыз. Ұлттық операмызды дүние жүзіне паш етуіміз қажет. Опера ғана емес басқа да жанрларды халыққа кеңінен көрсетуіміз керек», - деді А.Мұхамедиұлы.

Министр айтып өткендей, ашық аспан астында опера қоюға арнайы декорация дайындалған.

«Декорацияның бәрі «Астана Опера» театрында бар. Шетелден бірде бір артист шақырмадық. Оркестр, балет, хор бәрі өзіміздікі. Жарық пен дыбысты ғана ұйымдастырдық. Үш жыл бұрын Астанада ең бірінші рет «Аида» операсын, ЭКСПО-2017 аясында «Қыз Жібек» операсын қойдық. Ең бірінші рет Астанадан сыртқа шығарып жатырмыз. Бүкіл халыққа көрсететін мұндай бағытты жалғастыруымыз керек. Артистер мен шығармашылық және техникалық ұжым қолайсыз ауа райына қарамай үшінші күн дайындалды. «Біржан–Сара» операсы драма емес, бұл махаббатты, өнерге деген құштарлықты көрсетеді», - деді  министр.

«Біржан –Сара» операсын тамашалауға  Біржан сал ауданының тұрғындары, Біржан Қожағұлұлының ұрпақтары арнайы келген. Біржан сал ауданының әкімі Ермек Нұғманов Біржанның ұрпағы ретінде өз сезімімен бөлісті.

«Бұл операның Көкше жерінде қойылғаны айтулы оқиға. Біржан атамыздың ұрпақтары Біржан сал ауданынан келіп отырмыз. Менің атам Қожамқұлдан туған, Біржан сал Қожағұлдан туған. Біржан салдың  ұрпағымын. Өте керемет сезімде тұрмыз. Ахмет Жұбанов айтып кетті ғой, қазақ музыкасының алыбы деп. Бүгінгі күні Астананың  20 жылдығы аясында осындай шара ұйымдастырылып отыр. Былтырғы жылдың аяғында Елбасының Жарлығымен Еңбекшілдер айданы Біржан сал деп өзгертілген болатын. Қазақтың айтысы керемет өнер, Біржан мен Сара айтысы қыз бен жігіт айтысының керемет үлгісі. Ең бастысы ел қуанышты», - деді Ермек Нұғманов.

Ал, Сараны сомдаған Майра Мұхаммедқызы ашық аспан астында өнер көрсету арманы болғанын жеткізді.

«Елімізде алғаш рет ашық аспан астында алғаш рет шығып отырмын. Оған дейін Түркияда амфитеаторда «Кармен» операсын орындаған едік. Өте бір керемет сезімде болғанмын. 70 мың адам шапалақ ұрғанда ерекше көңіл-күй сыйлаған еді. Енді қазақ жерінде, Бурабайдың төрінде қазақтың інжу-маржанын қойылмақ. Ашық аспан астында  халық алдында  опера орындау  менің арманым еді. Армандар орындалады», - деді Майра Мұхаммедқызы.

Опера әншісі дайындық кезінде жаңбыр құйып, найзағай ойнағанын айтып өтті.

«Өмірімде алғаш рет ондай найзағайды көрген шығармын. Сахнаның декорациясы қозғалардай болған. Мәдениет және спорт министрлігіне алғыс айтамыз, осындай мүмкіндік бергеніне. Қойылымға  1000-нан астам адам атсалысып жатыр. Сахна сыртындағы көптеген жұмыстарға жауап беретін адамдардың да еңбегі ерен. Біздің қойылымдар халыққа ашық аспан астында көрсетілсе екен деген ниетіміз бар», - деді ол.  

Өз кезегінде  операның  қоюшы-режиссері Асхат Маемиров 400 әртіс бір  апта Бурабайда  және опера театрында дайындық жүргізгенін атап өтті.

«Біржан Сара» – қазақ классикалық операсының шыңы. Өзінің әні қалған, талай шығармаларын тудырған топырақта қою бізді биік шығармашылық идеяларға жетеледі. Соның ішінде сіздер көретін халыққа арналған дала театрының заңдылықтарын, театр элементтерін сіңіріп шығардық. Атқа мінген сал-серілер тобы шығады. Біржан сал «Абылай» алаңында талай рет ән шығарған да болар, халықпен сырласқан да болар», - деді ол.

Режиссердің айтуынша, Біржанның да, Сараның да образын халыққа жақындатып мейлінше типтік бейнелер жасауға тырысқан. Оның айтуынша, Біржан сал өмір сүрген кезеңді, сол замандағы адамдарды көрерменнің көз алдына әкелу мақсаты тұрған.

«Опера театрының ішінде таза классикалық нұсқасы сақталған, көрермендер екі актіден тұратын шығарманы көреді. Ал мұнда бір жарым сағатқа созылатын дүниені бір актіге сыйғызып үлкен қойылым жасадық. Басы бар, жұп-жұмыр, айналасы тегіс келген жинақы дүние болып шықты», - деді Маемиров.

Өз кезегінде, Бурабай ауданының азаматы Аманжол Сапаров аталмыш оқиға халық үшін үлкен той екенін атап өтті.

«Қазақ музыкасының алыбы Мұқан Төлебаевтың керемет шығармасы тұрғындарға үлкен шабыт сыйлайды. Біржанның ән шырқаған, туған жерінде табиғаттың аясында қойылған опера ұйымдастырушыларына алғыс айтқымыз келеді», - деді А.Сапаров.

Қойылымды халықпен бірге  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, атақты актер Асанәлі Әшімов, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев тамашалады.

Айта кетейік, қойылымның барлық шығармашылық құрамы – отандық және әлемдік сахналардың жұлдыздары.

Симфониялық оркестр, операның үздік солистері мен билет әртістері Бурабай курорттық аймағының басты алаңында көрермендердің алдында өз өнерлерін үлкен жеңіспен көрсете білді.

Партияның басты орындаушылары түрлі халықаралық байқаулардың лауреаттары, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері, олардың көпшілігі осы тамаша көркем өлкенің тумалары.

 Біржан – көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Мейір Байнеш, Сара — Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы, Жанбота – Қазақстанның өнер қайраткері Жанат Шыбықбаев, Аналық – Қазақстанның өнер қайраткері Дина Хамзина, Алтынай – Қазақстанның өнер қайраткері Салтанат Ахметова және басқалары.  

Опера кезінде жаңбыр үш мәрте құйып өткенін атаған жөн. Бұл табиғаттың құбылысына қарамастан әртістер тағы бір мәрте кәсібиліктерін  көрсетіп,  жоғары дәрежеде өнер көрсетті.

Аягөз Құрмаш

 




Яндекс.Метрика