Шолу

Латын қарпіне көшу 2025 жылға дейін жүзеге асады - сарапшы

Эксклюзив
2025 жылдан бастап әліпбиіміз латын қарпіне көшеді. Осыған орай Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістеме басқармасының басшысы Айнұр Сейітбекова қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы Strategy2050.kz сараптамалық порталына берген эксклюзивті сұхбатында айтып берді.
Нұр-Сұлтан28 Наурыз , 11:36

- Әліпбидің соңғы нұсқасы қабылданды. Осыған  байланысты елде қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

- Былтыр Ұлттық комиссия отырысында  жаңа емле қабылданды. Қаңтар айында  баспасөзде жарияланды. Енді біздің алдымызда үлкен  әдістемелік жұмыс тұр. Барлық өңірлерде  оқыту курстарын бастаймыз. Алдымен   Нұр-Сұлтан қаласында 72  сағаттық екі апталық курс ұйымдастырылады. Шаралар  26 наурыздан қарашаның  20 жұлдызына дейін созылады. Яғни, ол 15 аптадан тұрады. Сонымен қатар, өңірлерде де  бірқатар  курстар жүргізіледі. Ол барлығына арналған 12 сағаттық екі күндік семинарлар. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Тіл-Қазына» ғылыми –практикалық орталығы әуелі тренерлерді дайындау үшін  оқу бағдарламасын әзірлеп жатыр. Оның негізінде тақырыптық жоспарлар  әзірленді. «Жаңа емле» деп аталытын оқу құралын әзірледік. Бұл курстың ерекшелігі  - емленің ереже авторлары тренерлерді дайындайды. Емленің басы-қасында жүрген, үрдістің ыстық-суығына күйген  авторлар  оқу-әдістемелік құралды әзірлеп шықты. Сол бағдарлама бойынша тренерлерді дайындап шығарды. Біздің курстың мақсаты  ересек топтарды, яғни көпшілік халықты үйрете алатын, меңгерте алатын тренерлерді дайындау. Әзірленген оқулықта теориялық  мәліметтер мен тәжірибелік жаттығулар қатар жүреді. Теориялық мәліметтерді көпшілігі қолдамайды, бірақ, алдымыздағы аудитория тренерлер болғандықтан, емледегі теориялық мәліметтерді бере отырып, одан кейін жаттығулар мен тапсырмаларды орындата аламыз. Жалпы, тренерлер  тәжірибелік сынақтан өтеді. Емледегі әр тақырып бойынша сабақ үлгісін жасайды. Сондай-ақ, ересек топтан құралған аудиторияға өздерінің әзірлеген сабақтарын береді. Олардың сабақ беру деңгейлері бейнежазбалардан бағаланады. Кейін, сабақ беру талаптары бойынша қаралып, сертификат беріледі.

- Латын әліпбиіне көшу кезінде халық арасында сауатсыздық  пайда болмай ма? Оның алдын алу жұмыстары қарастырылған ба?

- Жаңа емлені меңгеру барысында көпшілік халықтың санасында психологиялық  жайсыздық  болады. Оны тіл ғылымында психолингвистикалық  жайсыздық деп атайды. Жаңа емлені үйренген кезде кирилл әріптері мен латын қаріптерін өзара салыстырғанда  олардың арасында геторогенді және гомогенді таңбалар болады. Геторогенді таңбалар дегеніміз өзара ұқсамайтын таңбалар. Гомогенді таңбалар дегеніміз өзара ұқсайтын таңбалар. Біз алдымен өзара ұқсамайтын геторогенді таңбаларды үйреніп алуымыз керек. Мәселен, «б» дыбысын жазатын болсақ, латындағы «b» дыбысына ұқсамайды. Ал, кирилдегі «а» мен «е» дыбыстары латыншаға ұқсас. Ең алдымен қазақ тіліндегі төл дыбыстардың жазылуын үйреніп алу қажет. Сонымен қатар, алдымен оқылым дағдысын қалыптастыру керек.  Оқылым дағдысы қол дағдысына қарағанда жеңілірек.

-  Мектептер мен мемлекеттік қызметте латын әліпбиін кіріктіру бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

 - Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығы ересектерді оқытуға басымдық береді. Тренерлердің құрамына  республика  бойынша тіл орталықтарының тіл мамандары енеді. Ұлттық компаниялардың аудармашылары, тіл мамандары, баспа қызметкерлері де бұл құрамға кіреді. Біз 2400 адамды оқытамыз. Одан да көп адамды қамтуымыз мүмкін. Ал, мектеп, ЖОО барлығына «Өрлеу» біліктілікті  арттыру   орталығы  жауап береді.  Олар  9 мыңнан астам адамды  оқытады. Біз мемлекеттік қызметкерлерді де оқытамыз. Сондай-ақ,  оқытылған  теренерлер әрі қарай өздерінің жергілікті жерлеріндегі тұрғындарды оқытуға көңіл береді.

 - Латын қарпін енгізуде Қазақстан өзге мемлекеттің тәжірибесінен үлгі алды ма?

- Әрине, біз осыған  дейін А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты мамандарымен бірігіп латын әліпбиін енгізуге бастамалар  түсіп жатқан кезде өзге елдің тәжірибелерін зерттей бастадық. Күзде Әзербайжанның Баку қаласына бардық. Олардың  біздің   емлемен салыстырғандағы өзара ұқсастықтары бар екенін байқадық. Әзербайжан елінде 1959 жылы кирилл қарпі қабылданған кезде көп сөздерді өз тілдеріне икемдеп алған екен. Біз оған енді жетіп жатырмыз. Біздің емледегі басты жаңалық - шет тілдерден енген сөздердің барлығын «өзгеден өзіңе» талабы бойынша ыңғайлауда.

- Латын қарпіне толықтай көшу  2025 жылы толық жүзеге асырылады. Уақытынан  бұрын жүзеге асуы  мүмкін бе?

- Қазір барлық қалалардағы ғимараттардың  маңдайшаларында латын қарпінде атаулар жазылып жатыр. Біздің орталыққа да «латынша сөз тіркестерін қалай дұрыс жазылады?» деген сауалдар келіп түседі. Мекемелердің атауларын қалай дұрыс жазуға болатынына қатысты келіп түскен сауалдардың саны мен адамдардың қызығушылығына қарағанда 2025 жылдан әлдеқайда ерте көшеміз деген болжам бар. Әдебиеттер де уақыт барысымен, кезеңдеп  латынға  аударылады. Қазірдің өзінде оқу-құралдарын әзірлеп жатырмыз, тапсырмалар латын қарпінде беріліп жатыр. Ол халықтың көз бен қол дағдысын үйретуге  мүмкіндік береді.

- «Тіл-Қазына» ғылыми–практикалық орталығы басқа тағы қандай жұмыстарды атқарып жатыр?

 - Орталық атқаратын барлық жұмысты айту мүмкін емес. Қазір орталық латын қарпін үйрететін мобильді қосымшаларды әзірлеп жатыр. Қосымшаларды лингвистер мен бағдарламашылар   дайындап  жатыр. Оның ішінде екеуі ересектерге, үшеуі балаларға арналған.

 - Сұхбатыңызға рақмет!

Аягөз Құрмаш

Оқи аласыздар: 

Құқықтық мемлекет: "Бір кінәсізді соттағанша, 10 кінәліні ақта"

Ауыл шаруашылығы: Жаңа министр ескі проблемалар туралы айтты

Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуы

 




Яндекс.Метрика