Халықаралық интеграция

Astana Club: Brexit, миграциялық дағдарыс, Орталық Азия шенгені мен әскери қауіптер

«Астана Клубы» төртінші отырысына қатысушылар жаһандық экономикадағы өзгерістер мен адамзат алдына қойылған жаңа міндеттер туралы пікір таластырды. Сарапшылардың ойынша, геоясаясаттағы мәселелер мен сауалдардың шешімін экономикалық интеграция арқылы табуға болады. Айта кетейік, «Астана клубы» әлемге танымал сарапшылар, саясаткерлер мен дипломаттардың басын қосып, саяси форум үлгісінде өтетін беделді халықаралық алаң саналады.
Астана қаласы13 Қараша , 17:49

Жиында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының директоры Дариға Назарбаева биылғы отырыстың тақырыбы Қазақстан үшін өте маңызды екенін атап өтті.

Өйткені «Үлкен Еуразия» идеясы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елбасы бұл ұсынысын алғаш рет 2015 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының мінберінен айтқан еді.

«Үлкен Еуразия» немесе «интеграциялардың интеграциясы» дегеніміз – Еуразиялық экономикалық одақ, «Жібек жолы» экономикалық белдеуі мен ЕуроОдақтың тығыз байланыс орнатуы. Ортақ достық алаңын құру, яғни, бейбітшілік, қауіпсіздік пен даму – осы кеңістіктегі барлық ірілі-ұсақ елдердің басты саяси ұстанымы», - деді Дариға Назарбаева.

«Астана клубының» бірінші күнінің басты жаңалығы: көпшілікке «2019 жылы Еуразия үшін төніп тұрған әлемдік қауіптердің рейтингі» халықаралық зерттеуі ұсынылды. Зерттеу жұмысына әлемнің ең үздік беделді 30-дан астам сарапшылары мен саясаткерлері қатысқан. Олардың пікіріне мемлекет басшылары, халықаралық институттар мен ірі БАҚ өкілдерінің құлақ асатынын атап өткен жөн. Сондай-ақ 60 елден 1000-нан астам кәсіби респондентке сауалнама жүргізілді.

Сарапшылардың қорытындысына келетін болсақ, Бреттон-Вудс (RBWC) жаңарту жөніндегі комитет директоры, оның негізін қалаушы Марк УЗАН экономикалық бағыттарға баса мән берді.

Сарапшы онжылдық қаржылық дағдарыстан соң әлем монетарлық саясатты жөнге келтіре бастағанын еске салды. Алайда келешекке жасалған болжам жаңа қауіптер мен жаңа міндеттерді айқындап берді. Узанның айтуынша, саудалық кедергілер жайында сөз қозғағанда жаңа протекционизм құру қажеттігін де ескерген жөн.

«Жаһандық экономика туралы сөз қозғағанда саудалық кедергілерді де ұмытпаған жөн. Олар әлемдік экономиканың ілгері жылжуына жол бермеуі мүмкін», - дейді «Астана клубының» қатысушысы, Бреттон-Вудс басшысы.

Ал Атлантикалық кеңестің стратегиялық болжау бастамасының директоры Мэтью Барроуз АҚШ пен Қытай арасындағы текетіреске назар аударды.

Ол қос мемлекеттің қарым-қатынасы келесі жылы нашарлай түсуі екіталай екенін жеткізді. Сарапшының пікірінше, «Қытай мен АҚШ-тың бірігуге ұмтылуы ғаламдық тұрақтылыққа үлес қосады. Сондай-ақ ол келесі жылы жаһандық дағдарыс болмайды деген сенім білдірді. Алайда алыс болашаққа деген болжамы көңіл көншітерлік емес.  

Мадрид клубының бас хатшысы Мария Елена Агуэро болса, әлемдегі, оның ішінде Еуразиядағы діни және этникалық шиеленіске баса мән берді.

«Еуразия құрамына көп этникалық және діни топтар кіреді. Сондықтан бұл аймақта шиеленістер туу қаупі бар. Еуразиядағы шиеленістердің тамыры діни қақтығыстарда жатыр»,- дейді Агуэро.

Діни және этникалық шиеленіс мәселесіне басқа да сарапшылар, оның ішінде IDEA халықаралық институтының бас хатшысы, Бельгияның бұрынғы премьер-министрі Ив Летерм де тоқталды. Ол бұл проблемалардың миграциялардан туындағанын атап өтті.

«Босқындардың гуманитарлық мәселелерін ескерген жөн. Мәселен, бұл мигранттарды ерікті кәсіби мамандар ретінде жұмысқа тартуға болады. Немесе оларға белсенді азаматтар ретінде заңдық тұрғыдан рұқсат берілуі тиіс. Оларға мүмкнідік беру арқылы экстремизм мен терроризмге қарсы күрес күшейе түседі», - дейді Летерм.

Түркия премьер-министрі (2014-2016), Түркия Сыртқы Істер Министрі (2009-2014) Ахмет Давутоглу болса, «қазір Еуразия үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін күрделі кезең келді» деп есептейді.

«Қазір халықаралық қатынастарда турбуленттік жағдайды бақылап отырмыз. Осындай геосаяси тығырықтан қалай шығуға болады? Ең алдымен, біз осы тығырықтың тарихи алғышарттарын түсінуіміз керек. Жаһандық мәселелерді шешу барысында сол өңірдің мемлекеттерінің жауапкершілігі өте маңызды. Бұл жауапкершіліксіз бейбітшілік орната алмаймыз»,- деді Давутоглу.

Ол  ең тиімді жауапты геосаясаттан емес, геоэкономикадан табуға болатынын жеткізді.

Елдер арасында қалыптасқан геоэкономикалық ықпал ортақ қызығушылық туғызып, салдары геосаяси мәселелер мен мемлекеттер арасындағы текетіреске әкеледі.

«Жібек жолы» бұған жақсы дәлел. Бірнеше ғасырлар бойы көптеген империялардың дәурені жүріп тұрды. Олар пайда болып, жоғалып та кетіп жатты. Ал Жібек жолы жүздеген жылдар бойы тұрақты болды. Өйткені бұл жерде барлық тараптар практикалық жағынан пайда тауып, қызығушылық содан болды. Мемлекеттер бір-бірімен соғысқанымен, бірақ бір мәселе бойынша үнемі ымыраға келіп отырды. Жолдардағы керуендердің қауіпсіздігі бәрінен де маңызды болды», - деп атап өтті Давутоглу.

Astana Club отырысына әлемнің 30 елінен 50-ге жуық спикерлер қатысуда. Оның ішінде Австрия, Ауғанстан, Бельгия, Мысыр, Италия, Польша, Португалия, Ұлыбритания, Үндістан, Индонезия, Иран, Испания, Қытай, Норвегия, Ресей, Хорватия, АҚШ, Швеция және Жапония бар.




Яндекс.Метрика