Халықаралық интеграция

Ташкентте Орталық Азия көлік дәліздерінің дамуы талқыланды

Халықаралық көлік дәліздерін әртараптандыру еліміздің көлік-логистика жүйесінің дамуында аса маңызды рөл атқарады. Еліміздің территориясы арқылы 11 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Нақты айтқанда, 5 теміржол және 6 автомобиль дәлізі. Бүгінде Қазақстан территориясымен жүктерді тасымалдау мен тауарларды жеткізу мерзімі 13-15 күн, бұл теңіз көлігімен салыстырғанда 2 есе жылдам. Ташкентте «Халықаралық көлік дәліздерінің жүйесіндегі Орталық Азияның орны: стратегиялық перспективалары мен іске аспаған мүмкіндіктер» атты халықаралық конференциясында Орталық Азия дәліздерінің дамуы талқыланды.
Астана қаласы21 Қыркүйек , 10:45

Қазақстанда қазір Қытай жүк ағындары шоғырланған негізгі орындардан 17 халықаралық бағдарға Қытай-Еуропа-Қытай теміржол тұрақты контейнерлік желісінің ашылуына байланысты көлік –логистикалық сервисі енгізілді.  

«Халықаралық тасымалдауда негізгі серіктестер Ресей (4,9 млн т), Қытай (1,0 млн т), Германия (0,3 млн т), Польша (0,2 млн т), Түркия (0,2 млн т) және Өзбекстан (0,5 млн т) елдері.Қазақстан тұрақты жолаушылар қатынасын дамытуға баса көңіл бөледі. Бүгін шекаралас Ресей (14), Қытай (14), Қырғызстан (11), Өзбекстан (5) және Моңғолия (1) мемлекеттерімен 115 бағыт бойынша тұрақты тасымалдар жасалады», - деді  ҚР ИДМ Көлік комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев.

Ол айтып өткендей, шекаралас мемлекеттермен жолаушылар тасымалын қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері 11 жаңа бағыт ашылды.

Атап айтқанда, Жетіқара-Екатеринбург, Теміртау-Красноярск, Қарағанды-Новосибирск, Петропавл-Сургут, Қант-Қара суу, Тоқмақ-Масанчи, Шымкент-Ташкент, Алматы-Ташкент, Қызылорда-Ташкент, Үшқоңыр-Ташкент, Үшқоңыр-Нүкіс бағыттары.

2018 жылдың 8 айында қазақстандық тасымалдаушылар халықаралық автобус бағыттары бойынша 690 мың жолаушыны тасымалдады. Соның ішінде Ташкент бағытында 40 мың жолаушы тасымалданған.  

«Қазақстан арқылы транзитті дамыту 2015-2019 жылдарға «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Оны іске асыру аясында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің құрылысы аяқталды. Жүк тасымалдау көлемін ұлғайту және транзитті 2,5 есеге арттыру, жолға кететін уақытты 2 есе қысқарту, жол апатын 27%-ға төмендетудің арқасында Дәлізіді пайдаланудан экономикалық пайданың жылдық орташа көрсеткіші 190 млрд. теңгеден астам соманы құрайды», - деді Ә.Асаубаев.

  Тағы да келешегі мол жобалардың бірі ұзындығы 85 км «Бейнеу - Акжигит» жобасы. Іске қосылатын екі 0-63 және 63-85 учаскеде реконструкция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жылдың соңында учаскелерде  қозғалысты ашу жоспарланып отыр. Жалпы жұмыстар 2019 жылы аяқталады, деп жоспарланған. Дәліз Каспий теңізінің порттарына (Ақтау, Баутино, Құрық) одан әрі Түркия мен ЕО елдеріне  шығуды қамтамасыз етеді.

«Қазақстанда интеллектуалды көлік жүйесі қарқынды түрде енгізілуде. Оның басты элементі – көлікті қозғалыс кезінде өлшеуге мүмкіндік беретін арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдары (ААӨҚ). ААӨҚ пайдаланған елдердің тәжірибесі бірінші жылдың өзінде заң бұзушылықтардың 50-ден 80 %-ға дейін төмендегінін көрсетеді», - деді ол.    

Бұдан бөлек, биылғы жылы ауыр жүк, ірі габаритті және қауіпті жүктер тасымалын мониторингтеу қызметін жүзеге асыру жөнінде келсім жасалды. Қазір ол пилотты режимде жұмыс істеуде және жыл соңына дейін тасымалдаушылардың жылжымалы құрамының жүйесіне қосу жоспарланып отыр.

Ә.Асаубаев айтып өткендей,  жолаушыларды тасымалдау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бағдарды ұстануды онлайн диспетчерлеу және мониторингтеу жүйесін енгізу басты мәселелердің бірі. Бұл жүйе автокөлік құралының қозғалысын және оның бағдар траекториясынан шығып кетуін бақылауға мүмкіндік береді.

«Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын цифрландыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. 2017 жылы нысандарды түгендеу нәтижесінде аймақтарда Google Maps және «Яндекс Карты» жобаларына 200-ден астам нысан енгізілді. Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар тас жолдарда жол бойындағы қызмет көрсету нысандары IRU автомобиль көлігі халықаралық одағының Transpark картасына енгізілді. Бұл карта сайтында онлайн режимде  қолжетімді. Оны iOS және Android қосымшалары арқылы қолдануға болады», - деді ол.

Сонымен бірге KazWay қосымшасы жасалды. Оған барлық жол бойындағы қызмет көрсету нысандары, елді мекендер және республикалық маңызы бар жолдардағы медициналық пунктер енгізілді. Бұл қосымша iOS платформасында бар. Қыркүйек айында Android нұсқасы іске қосылады.

Қазақстанның халықаралық құжаттарға қосылуы арқылы талаптарды үйлестіру маңызды мәселелердің бірі. Осылайшы, бүгін еліміз көлік саласындағы 11 негізгі халықаралық конвенцияға қосылды.

Конференция барысында аймақтың транзиттік әлеуетін арттыру үшін Орталық Азия елдерінің үйлестірілген транзиттік-көлік саясатын іске асыру жайында сөз қозғалды.

Аймақ мемлекеттері аралығында транзиттік тасымалдарды іске асыру үшін тарифтік саясатты оңтайландыру және әкімшілік процедураларды қысқартудың маңыздылығы айтылды.

Айта кетейік,  халықаралық және транзиттік дәлізді құру жөніндегі Ашахбад келісімі аясында Орталық Азия-Парсы шығанағы транс аймақтық бағдарын іске қосу қажеттілігі де көтерілді.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика