Парламент

Парламент палаталарының бірлескен отырысында талқыланған түйіткілді мәселелер

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті.Шараға министрлер кабинеті мен Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев, екі палатаның депутаттары қатысты. Сондай-ақ, шарада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел Парламентіне қазақстандық офицерлер жіберілетін БҰҰ миссияларының тізімін ұсынды. Толығырақ, келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы15 Маусым , 13:06

Аталған  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  ұсынысын ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов жария етті.

«ҚР Парламентiнiң 2013 жылғы 20 желтоқсандағы №15 қаулысына қаулысына сәйкес, ҚР Қарулы күштерiнiң офицерлерiн бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi қолдау жөнiндегi мiндеттерiн орындау үшiн Бiрiккен Ұлттар Ұйымының бiтiмгершiлiк миссияларына әскери байқаушылар ретiнде жiберу жүзеге асырылады. 2014 жылдан бастап қазiргi уақытқа дейiн Қазақстанның 11 офицерi 12 ай бойы Батыс Сахарада және Кот-де-Ивуарда БҰҰ-ның миссияларына қатысты», - деп оқыды Жасұзақов.

Елбасы атағандай, бұл миссия халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосады.

 «БҰҰ миссияларындағы Қазақстан әскери байқаушылары мен штабтық офицерлерінің санын арттыру халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосады. Айтылған міндеттерді шешу үшін ҚР Конституциясының 53-бабына сәйкес әскери байқаушылар мен штабтық офицерлер ретінде БҰҰ миссияларына қатысатын ҚР Қарулы Күштерінің офицерлерін 40 адамға дейін жіберу туралы ұсыныс енгіземін», - деген құжатта Елбасы.

 ҚР Парламентінің депутаттары Елбасының бұл ұсынысына толықтай қолдау білдіріп, арнайы Қаулы қабылдады. 

Сонымен қатар, Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Қ.Ә.Мәми «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің жыл сайынғы жолдауын жариялады.

«Конституция – егемен Қазақстанның берік іргетасы, біздің тәуелсіздігіміздің негізі. Негізгі Заңды сөзсіз орындау, оның қағидаттары – мемлекеттің табысты дамуының кепілі. Алдыңғы жолдауды жариялағаннан бастап өткен уақыт қазақстандық мемлекеттілік пен оның дамуы үшін 2017 жылғы конституциялық реформаның жалғасуымен атап өтілуде. Сол кезден бастап еліміз жаңа конституциялық шынайылық жағдайында өмір сүріп келеді. Конституциялық реформа Негізгі Заңның жаңа мәтіндерімен ғана шектелмей, бүгінде ол оның заңға тәуелді деңгейін қоса алғанда, заңнамалардағы елеулі өзгерістермен расталды», - деді Қ.Мәми.     

Ол атап өткендей, Конституциялық бақылау органының жолдауында Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін орындауда жағымды үрдістер байқалады.

Мәселен, оның құқықтық ұстанымын іске асыру үшін меншік және төрелік құқығын қорғауды күшейту мәселелері бойынша заң жобасы әзірленді, құқық қорғау қызметінің процестік негіздері жаңғыртылды, «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» Заң қабылданды, «Байқоңыр» кешені аумағында азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тарту тәртібіне және т.б.  өзгерістер енгізілуде.  

«Конституциялық іс жүргізу практикасын және заңнамаларды дамытудың қазіргі заманғы трендтерін талдауды ескере отырып, Конституциялық Кеңес елімізде құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту бойынша нақты ұсыныстар енгізді.  Конституциялық Кеңес құқық үстемдігіне табыну мен жалпы заңға бағынушылықты мақсатты және жүйелі түрде қалыптастыру қажет деп пайымдайды. Осы мақсатта құқықтық насихаттау мен конституциялық патриотизмге тәрбиелеуді жалпы мемлекеттік деңгейге көтеруге ұсыным берілді», - деді Қайрат Мәми.  

Сондай-ақ, Конституциялық Кеңестің жолдауында конституциялық мониторингті тұтастай қамтитын тиімді жүйе енгізе отырып, қоғам мен мемилекеттің барлық саласында Конституцияның әлеуетін одан әрі ашу қажеттігіне ерекше назар аударылды.    

Қ.Мәми сондай-ақ отырысқа қатысушыларды судьялардың тәуелсіздігін күшейту үрдісін жалғастыру және осыған ұқсас істер бойынша басқа да соттардың өтініштерін Конституциялық Кеңестің қарауы туралы соттарға хабарлау тетігін нақтылау қажеттігі туралы хабардар етті.   

Еуразиялық Экономикалық Одақ шеңберінде интеграциялық процестерді тереңдетуге байланысты Конституциялық Кеңес Республика Конституциясының үстемдігін сөзсіз сақтаудың, отандық және ұлтүсті құқықтық реттеуді барынша қосарлануының маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстанның конституциялық жаңныруы бүкіл мемлекеттік аппараттың, қоғамның және әрбір қазақстандықтың ортақ іс үшін күштерін барынша шоғырландыруды талап етеді»,- деп түйіндеді сөзін Конституциялық Кеңес Төрағасы Қ.Мәми.  

Ал, республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов атап өтті.

«Өткен жылы  республикалық бюджеттің атқарылуының негізгі мақсаттары – экономиканың және әлеуметтік әл-ауқаттың өсуінің оң қарқындарын сақтап қалу, дағдарыстан кейінгі даму үшін жағдай жасау болды. Экономиканың өсуі 4%-ті құрады. ЖІӨ-нің осындай өсіміне сыртқы факторлардан басқа, өнеркәсіптің 7,1%-ке және қызмет көрсету саласының 2,7 %-ке өсуі ықпал жасады. Бюджеттің кірістері 9,7 трлн. теңгеге жетті. Оның 48%-і трансферттерге келеді», - дедi Б. Сұлтанов.

Министр айтқандай, 2017 жылы қабылданған Жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жетілдіру жолымен бизнестің тұрақты дамуына, инвестицияларды ынталандыруға және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

 «Нәтижесінде, бір жағынан салықтардың ішіндегі шағын және орта бизнестен түсетін кірістердің үлесі ұлғайтылады, екінші жағынан бюджеттің мұнай және басқа да шикізат секторларынан тәуелділігі төмендейді», - дедi Б.Сұлтанов.

Сонымен қатар, ведомство басшысының айтуынша, биыл  маңызы зор бірқатар ақпараттық жүйелер өз жұмысын бастады, кейбірі пилоттық режимде іске қосылды.

«Қосымша құн салығының әкімшілендіруінің процестерін жетілдіру мақсатында «Электрондық шот-фактуралар» және импортталған тауарларды қадағалау жүйелері іске қосылды. Бұл жүйелер операциялардың айқындығын және әртүрлі схемалардың жолын кесуге ықпал жасайды. Тауарларды өткізуде 100% электрондық шот-фактуралар жазып берген салық төлеушілерге осы жылдың 1-ші қаңтарынан бастап ҚҚС қайтару мерзімі 30 жұмыс күніне дейін қысқарды», - деді министр.

Сонымен қатар,  Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов соңғы 5 жылдың ішінде Қазақстанда шағын және орта бизнестің саны  2,5 есеге өскенін айтты.

«Шағын және орта бизнесті дамыту министрліктің  және жалпы Үкіметтің басым бағыттарының  бірі саналады. Біз үшін ең негізгі көрсеткіш - шағын және орта бизнестің жалпы қосылған құны. Соңғы 5 жылдың ішінде, 2012 жылы шағын және орта бизнестің жалпы қосылған құны 5,3 трлн теңгені құрады. Ал өткен жылы 13,5 трлн теңге болған еді», - деді Тимур Сүлейменов.

Өз кезегінде  Сенаттағы Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы  Ерболат Мұқаев елімізде сенімді экономикалық өсу қарқынын қалпына келтіруге және халықты төзімді әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанын айтты.

«Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын енгізу мемлекеттің экономика мен қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған дағдарысқа қарсы ауқымды негізгі шарасы ретінде қарастырылып отыр.100 қадамның ішіндегі 30 қадамды іске асыру тікелей бюджетті қаржыландырумен байланысты, сондықтан күтіліп отырған реформалардағы қойылған міндеттердің табысты атқарылуы бюджеттің тиімді орындалуына тікелей байланысты», - деді ол.

Сондай-ақ, ол  биылғы жылы бюджеттің атқарылуы туралы есеп өткізілген конституциялық реформадан және Парламенттің өкілеттігі күшейтілгеннен кейін, Есеп комитетінің жұмысы мемлекеттің аудит қағидатына көшкеннен соң бірінші рет жаңа форматта қаралып отырғанын айтты.

«Қаржы және бюджет комитеті Парламент Сенатының Комитеттерімен бірлесіп, 2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі Үкіметтің есебі мен Есеп комитетінің қорытындысын егжей-тегжейлі қарап, оны ағымдағы жылдың 11 маусымында Сенат отырысында талқылаған болатын.2017 жылы республикалық бюджеттің атқарылуы әлемдік конъюнктураның жандана түсуі мен Қазақстан экономикасының өсу қарқынының 4%-ға дейін артуы жағдайында жүзеге асырылды», - деді Б.Мұқаев.

Сонымен қатар, кірістер және игеру бойынша атқару тұрғысынан  2017 жылғы бюджет 2016 жылмен салыстырғанда табысты болып көрінеді. Игерілмеген қаражат сомасы 2016 жылғы 36 млрд. теңгеден 2017 жылы 15 млрд. теңгеге дейін қысқарған.

« «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңның 3 рет өзгеріске ұшырағанын, оның ішінде қаржы жылының негізгі көрсеткіштерінің 2 рет өзгертілгенін және республикалық бюджетке 25 рет түзету жасалғанын атап көрсету қажет», - деді депутат.

Өз кезегінде, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бюджеттік  шығынның тиімділігін бағалау  методологияға қатысты екенін айтып, депутаттарға  бағалаудың дұрыс әдісін әзірлеп,оны келесі үшжылдық республикалық бюджетте қолдануды ұсыныды.

 

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика