Сараптама

Таныс шекарадағы трансшекаралық өзендер мәселесі (САРАПТАМА)

Біз тіршілік етіп жатқан Жер бетінің 70%-дан астамын су алып жатыр деп есептейміз. Ғылыми тұрғыда солай. Бірақ, оның ауыз суы, яғни тұтынуға жарамдысы тым аз. Көп бөлігін мұхиттар мен ішуге жарамсыз теңіздер, мұзды мұхиттар құрайды. Әлем ғалымдар біраздан бері ендігі Жер бетіндегі тартыс мұнай мен алтын үшін емес, қара су үшін болатынын болжап отыр. Қазірдің өзінде бірқатар елдердің ауыз су зардабын тартып отырғанын байқаймыз. Бұл бір елдің ішіндегі ғана емес, трансшекаралық өзендер мәселесі. Бұл мәселеден біз де ада емеспіз. Біздің елге де бір немесе бірнеше елді кесіп өтіп келіп жатқан, бізден өтіп жатқан өзендер бар. Жалпы, осы трансшекаралық өзендер, олардың рационалды пайдаланылуы, елдердің мүдделестігі, су саясаты туралы жас ғалым Олжас Бейсенбайдың сараптамасын ұсынамыз.
Астана қаласы28 Наурыз , 11:03

Өзеннің өзектілігі қандай?

Cу проблемасы әлеуметтік деңгейден әлемдік саясаттың маңызды факторына айналды. Статистикаға сүйенсек, жер бетінде 263 халықаралық өзен бар: 71-і – Еуропада, 53 – Азияда, 39 – Солтүстік, Орталық Америкада, 60 – Африка құрлығы және басқа аймақта. Олардың 155-і екі, қалғаны үш немесе одан да көп шекарадан өтеді. Мысалы, Еуропадағы – Дунай  (10 мемлекет), Африкадағы – Нигер(9 мемлекет), Оңтүстік-Шығыс Азиядағы – Меконг(6 мемлекет). Халықаралық өзендер бассейнінде жер халқының 40 %-дан астамы өмір сүруде. Сондықтан трансшекаралық өзендердің суын пайдалану мен сапасын қорғау мемлекет экономикасы, шаруашылығы, халықтың денсаулығымен тығыз байланысты.

Халықаралық құқыққа сәйкес, бірнеше мемлекет территориясынан өтетін сулар және олардың арасындағы жасанды су ағымдары трансшекаралық өзендерге жатады. Трансшекаралық сулардың мәртебесі Трансшекаралық контекстідегі қоршаған ортаға әсерін бағалау туралы Конвенция, Трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі Конвенция, Халықаралық су ағындарын пайдалану құқығы туралы Конвенцияларға сәйкес анықталады. Бұл – халықаралық өзендер суының рационалды жұмсалуын реттейтін іргелі құжаттар. Кез-келген мемлекет дүниежүзілік немесе аймақтық қауымдастықтың белді мүшесі ретінде су мәселесін осы талаптарға сәйкес шешуі тиіс.    

Трансшекаралық өзен қиып өтетін елдер саны көбейген сайын, судың сапасы төмендейтіні рас. Өйткені, суды тұтынушылар саны артып, өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс дамып келеді. XXI ғасырдың ортасына қарай халықаралық конфликтілер мұнай емес, су үшін болады деген болжам бар. Су ресурстарын реттеудің маңыздылығына орай, әлемде трансшекаралық өзендерді пайдаланудың құқықтық тәжірибесі қалыптасқан. Соңғы 50 жылда трансшекаралық өзендер мен көлдерді пайдалану бойынша 1228 бастама көтеріліп, 150 келісімшарт бекітілді. Яғни, күрделі мәселені шешудің жаңа жолдары қарастырылып, су ресурстары халықаралық байланыстың тетігіне айналды.

Трансшекаралық талқылаудың тарихы

Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендер суын пайдалану мен қорғау үрдісін 3 кезеңге бөліп қарастыруға болады:

1 – кезең(1992-2002 жж.). Бұл кезең проблеманың алғаш көтерілуі және ықпалдастық қадамдарымен ерекшеленеді. Қазақстан-Қытай арасында ресми дипломатиялық байланыс орнаған соң, трансшекаралық өзендер мәртебесі тек 1996 жылы мемлекетаралық құқық деңгейінде қарастырыла бастады. 1999 жылы ҚР Президенті ҚХР Төрағасына жолдаған хатында Іле мен Ертістің су қорларын дұрыс қолданбау экологияға зардабын тигізіп жатқанын мәлімдейді. ҚР Президенті ахуалды реттеу үшін бірлескен шара қабылдап, екіжақты келіссөз бастауды ұсынды.

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин

Қ. Тоқаевтың «Беласу» кітабында: «Н. Назарбаев Цзян Цзэминге Қара Ертіс пен Іле суларын пайдалану туралы ұсынысын еске салды. Қытай басшысы бұл тақырыпқа өзінің даяр екендігін аңғартып, үнемі біздің алаңдаушылығымызды сейілткісі келгендей: «Біз достық пен ынтымақтастық рухындағы іскерлік консультацияларға әзірміз. Қытай Қазақстанға залал келтіретін ешнәрсе де істемейді!» деп қайталаумен болды» - дейді.

Қарым-қатынастың 10 жылдығы қарсаңында, 2001 жылы 12 қыркүйекте трансшекаралық өзен бойынша маңызды құжат қабылданды. Ол – ҚХР Үкіметі мен ҚР Үкіметі арасындағы Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім. Осы ресми құжат негізінде Трансшекаралық өзендерді пайдалану мен қорғау жөніндегі Қазақстан-Қытай Бірлескен комиссиясы құрылды. Бұл трансшекаралық талқылаудың алғашқы сатысындағы үлкен жетістік болады.

2 – кезең(2003-2013 жж). Аталған кезеңде трансшекаралық өзендер тақырыбы ақпарат құралдарында белсенді талқыланып, қос мемлекет нақты іс-қимылдарды қолға алды. 2002 жылы Қытай Коммунистік партиясының хатшылығына Ху Цзиньтао келген соң, құрылған Комиссияның отырыстары басталды. Қосымша сарапшылық топтар іске қосылды. 2003-2015 жылдары Қазақстан-Қытай Бірлескен комиссиясының 13 отырысы өткізілді. 2009 жылы Комиссияның 6-отырысында Ху Цзиньтао Қазақстанға іссапармен келіп, трансшекаралық өзендер суын бөлісу мен қорғау бірыңғай техникалық ауқымнан жалпымемлекеттік деңгейге көтерілді.

3 – кезең(2013 жылдан қазіргі уақытқа дейін). 2013 жылы 6-8 қыркүйекте Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға ресми сапарында қоғам алаңдаушылығын ескере отырып, өзара түсіністік негізінде трансшекаралық суды пайдалану жөнінде келіссөздер жүргізетінін айтты. Туындаған мәселелердің барлығын Комиссия аясында шешіп отыратындығы, трансшекаралық өзендердің достық пен ынтымақтастық өзендеріне айналатынына сенім білдірді.

Қазіргі уақытта өзеннің өзекті сұрақтары Комиссияның отырыстарында бүге-шүгесіне дейін қаралып, Суды бөлісу жөніндегі келісім жобасы пысықталуда. Ширек ғасырға созылған трансшекаралық талқылаудан аңғаратынымыз, Қазақстан басшылығының үздіксіз талабы, отандық дипломатия мен ғалымдардың қажырлы еңбегінің арқасында мәселе алға жылжыды. Бұл – даулы шекараларды бөлісуден кейінгі еліміздің тағы бір жеңісті қадамы, екіжақты ынтымақтастықтың жемісі.  

(Жалғасы бар)

 

Олжас Бейсенбаев, Шығыстанушы 




Яндекс.Метрика