Сараптама

Таныс шекарадағы трансшекаралық өзендер мәселесі (2-бөлім)

Біз тіршілік етіп жатқан Жер бетінің 70%-дан астамын су алып жатыр деп есептейміз. Ғылыми тұрғыда солай. Бірақ, оның ауыз суы, яғни тұтынуға жарамдысы тым аз. Көп бөлігін мұхиттар мен ішуге жарамсыз теңіздер, мұзды мұхиттар құрайды. Әлем ғалымдар біраздан бері ендігі Жер бетіндегі тартыс мұнай мен алтын үшін емес, қара су үшін болатынын болжап отыр. Қазірдің өзінде бірқатар елдердің ауыз су зардабын тартып отырғанын байқаймыз. Бұл бір елдің ішіндегі ғана емес, трансшекаралық өзендер мәселесі. Бұл мәселеден біз де ада емеспіз. Біздің елге де бір немесе бірнеше елді кесіп өтіп келіп жатқан, бізден өтіп жатқан өзендер бар. Жалпы, осы трансшекаралық өзендер, олардың рационалды пайдаланылуы, елдердің мүдделестігі, су саясаты туралы жас ғалым Олжас Бейсенбайдың сараптамасын ұсынамыз.
Астана қаласы29 Наурыз , 16:37

Қытайлық көзқарас

Жалпы, Қазақстан мен Қытайдың территориясынан 23 трансшекаралық өзен өтеді. Қос мемлекет су дефицитіне ұшыраған, сондықтан трансшекаралық өзенді тиімді пайдалануды көздейді. Оған әр тараптың объективті себептері де бар. Қытайдың шығысы мен оңтүстігінде үлкен өзендер ағып жатқанымен, батыс аймағында су тапшы. Екіншіден, судың ластану деңгейі өте жоғары. Дегенмен, бірнеше мемлекеттен өтетін ірі өзендердің бастауы Қытай территориясында жатыр. Қытай осы артықшылықты тиімді пайдаланады:

1998 жылы ҚХР ШҰАА басшылығы «Қара Ертіс - Қарамай» каналының құрылысын бастап, Ертіс аңғарынан 450 миллион м3 су алып отыратынын және бұл көрсеткішті 1,5 миллиард м3 жеткізетінін хабарлады. Оның үстіне 2017 жылы «Petro China Xinjiang Oil Field» мұнай компаниясы Жоңғар ойпатындағы Маху аймағында 1 млрд. тонна мұнай қорын анықтаған. Бұл әлемдегі мұнай қорларымен салыстырғанда ірі көрсеткіш

2007 жылы Іледен Балқашқа құйылатын су қоры жылына 12 млрд. м3 болса, қытайлықтар оны 10 млрд м3 дейін қысқартуды жоспарлаған еді. Сонымен қоса, Іле өзені аңғарында 13 су қоймасы мен 59 гидроэнергетикалық құрылғыны іске асыруда. Қытай гидроэнергетикалық өндірісі 2011 ж. 1060 Гвт болса, 2020 ж. қарай 1500 Гвт-қа арттырып, көмір мен табиғи газ импортын төмендету көзделген

«Батысты игеру» саясаты басталған соң, ішкі миграция есебінен Шыңжаң халқының саны артты. 2008 жылдың соңында көрсеткіш 21,3 млн.-ға жетті. Кейбір дерекке сәйкес, ШҰАА халқы 2030 жылға қарай – 33,5-40,6 млн.-ға барады. Яғни, Қара Ертіс пен Іленің суы Шыңжаңдағы халық тұрмысына кеңінен қолданылады.

Мұндай қадамдар өзендердің төменгі ағысындағы қазақстандық қоғамды алаңдатпай қойған жоқ. Ертістің суы тартылған жағдайда Зайсан көліне залалы тиіп, каналдар, Бұқтырма, Шүлбі су қоймалары деградацияға ұшырап, Балқаш көлі Аралдың күйін кешу ықтималдығы БАҚ-та жиі көтерілді. Себебі, Қазақстан да Еуразия құрлығындағы су тапшылығын кешіп отырған мемлекет. Республиканың жер бетіндегі су қорының 40 %-ы көршілес мемлекеттерден келіп құяды. Қазақстан су ресурстары жағынан көрші мемлекеттерге тәуелді.

Іле өзені

 Қазақстан ұстанымы

Бүгінде Қазақстан-Қытай арасындағы(Ертіс пен Іле), Қазақстан-Ресей(Жайық, Ертіс, Есіл, Тобыл, Қиғаш, Қараөзен және Сарыөзен), Қазақстан-Қырғызстан(Шу мен Талас), Қазақстан-Өзбекстан-Қырғызстан-Тәжікстан-Түркіменстан (Амудария мен Сырдария) өзендері тиісті келісімдерге сәйкес реттеледі. Соңғысы бойынша Орталық Азиялық үйлестіру комиссиясы да жұмыс істейді. Бұл көпжақты ынтымақтастың жемісі деп есептейміз.

2017 жылы 23 наурызда Н. Назарбаев Өзбекстан Президентімен кездесуінде: «Орталық Азиядағы трансшекаралық су ресурстары ортақ игілігіміз және бауырлас елдердің суды пайдалануына түсіністікпен қарауымыз қажет. Біз осы жұмысқа дайынбыз және ол ағыстың төменгі бөлігіндегі елдерге нұқсан келтірмеуі керек. Суды орынды қолданумен ондаған миллион халықтың тағдыры, аймақтағы тұрақтылық пен келісім, елдер арасындағы достық пен сенім тығыз байланысты» - деді. Қазақстан Президентінің бұл сөзі еліміздің шекара бойындағы барлық өзендерге қатысты ұстанымын білдірендей. Қазақстан трансшекаралық су ресурстары мәселесін халықаралық норма талаптарына сәйкес конструктивті диалог арқылы шешуді көздейді.  

2013 жылы Қазақстан үкіметі салаға жауапты министрлік атауын «ҚР қоршаған орта және су ресурстары министрлігі» деп ауыстырып, еліміздің су ресурстары қатаң қадағалауға алынды. Алайда бір жыл өткен соң,  министрлік тарап кетті. Қазір су мәселесімен АШМ жанындағы трансшекаралық өзендер департаменті айналысады. Соңғы бес жылдағы Су ресурстары комитетінің жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен министрліктің жауапты қызметкерлері бірнеше мәрте жемқорлық фактісімен құрықталды. Мамандардың сапасы тұтас мемлекеттің позициясын қорғауға, имиджін қалыптастыруға кедергі келтіреді.

Қытай – Трансшекаралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі Конвенция және Халықаралық су ағындарын пайдаланудың кеме жүзбейтін түрлерінің құқығы туралы конвенцияларына қосылудан бас тартқан мемлекет. Сондай-ақ, Қытай аймақтық ұстанымдарына сәйкес, келіссөздерді екіжақты форматтан шығармай келеді. Қазақстан Үкіметі мен сарапшы-ғалымдары трансшекаралық өзендер мәселесінің шешілу практикасын мұқият зерделеп, екіжақты келіссөздерде өз ұстанымын нақты дәлелдей білуі қажет.

Қоғам не дейді?

Соңғы жылдары белсенді айтылмағанымен, аталған тақырып ақпарат құралдарында жиі көтерілді. Шолу жасай отырып, отандық БАҚ-та Ертіс пен Іленің бөгелуі, оның елімізге әкелетін салдары жиі көтерілетінін байқаймыз. Қоғам қозғайтын сұрақ мынадай:

-Зайсан мен Балқаш көлдеріндегі су балансының бұзылуы;

-шеттен келетін өзен суындағы зиянды қалдықтың көбеюі;

-климаттың тұрақсыздануы;

-аймақтағы эпидемиологиялық жағдайдың ушығуы;

-жағалаудағы елді-мекеннің сусыз қалуы;

-ауылшаруашылық түсімінің азаюы.

Алайда ҚХР ресми билігі мұндай алаңдаушылықты жоққа шығарып, көрші мемлекеттердің мүддесі ескерілетінін айтып келеді. Қытай СІМ Ван И ақпарат өкілдеріне: «Мен Қазақстан мен Қытайдың сенімді әріптес екендігін тағы да бір мәрте атап өткім келеді және Қытай трансшекаралық өзендер бойынша Қазақстан мүддесіне зиян келетін еш қадамға бармайды» - деп мәлім еткен болатын.

Басты себептің бірі – өзен суын пайдалану туралы ақпараттың жабықтығы. Алдағы уақытта ақпарат құралдары мен халық тарапынан сенімсіздік туып, трансшекаралық өзендерді рационалды пайдалану мақсатында:

-Трансшекаралық өзендер суын пайдалану мен қорғау мәселесін ШЫҰ, АӨСШК деңгейінде талқылау;

-Цифрлық Жібек жолы аясында халықаралық суларды экологиялық бақылау мен мониторингілеу бойынша жедел ақпарат алмасу;

-Ертіс, Іле өзендерінің ресурстарын пайдалану мен қорғау бойынша сапалық, сандық көрсеткіштерді ашық жариялау, комиссия жұмыстарын хабарлап отыру қажет.

Жібек жолының экономикалық белдеуі және 21 ғасырдағы Теңіздегі Жібек жолы

Қорыта сөйлегенде

Мемлекеттік шекараны шегендеу, трансшекаралық өзенді бірлесіп пайдалану ұзақ және көптеген кедергілермен орындалса да, қазақстандық дипломатияның үлкен жетістігі. Өйткені, Индия, Жапония, Оңтүстік Шығыс Азия елдері Қытаймен шекаралық және трансшекаралық сулар проблемасында бір шешімге келе алмай отыр. Қазақстан-Қытай ширек ғасырлық трансшекаралық талқылауында Қытай тарапы уақытты тиімді пайдаланғаны белгілі. Әрине, өзеннің жоғары ағысындағы мемлекет ретінде Қытай артықшылықтарға ие, бірақ ол төменгі ағыстағы елдің құқығына нұқсан келтірмеуі тиіс. Бұл ретте БҰҰ конвенциялары мен екіжақты келісімдер басшылыққа алынады. Қорғас өзені жағасындағы Халықаралық ынтымақтастық орталығы рухында екіжақты сауда байланысы ары қарай дамуы қажет.

Жібек жолының экономикалық белдеуі Қытайда басталып, Қазақстан арқылы Еуропаға беттейді. Экономикалық белдеуді бірлесіп құруда Қазақстан мен Қытайдың ортақ қызығушылықтары мен мүмкіндіктері көп. Сондықтан қос мемлекет трансшекаралық өзендерді айналып өте алмайды. Экономиканың кілті болған су ресурстары – «Экономикалық белдеудің» күретамыры. Қазақстан мен Қытайды жеңінен жалғап жатқан Ертіс пен Іле достық пен ынтымақтастықтың өзені болуы керек деп есептейміз.

Олжас Бейсенбаев, шығыстанушы




Яндекс.Метрика