Цифрлы Қазақстан 2022

Сандық трансформация: Интернет журналистиканы жаулап ала ма

Astana Media Week аясында Өңірлік БАҚ форумы өз жұмысын бастады. Шараның ашылуында Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев аталмыш шара маңызды және өзекті екенін атап өтті. Министр бір алаңда жетекші өңірлік БАҚ өкілдерін жинай отыра, өңірлік медианы дамытудың маңызды мәселелерін талқылауға мүмкіндік бар екенін алға тартты.
Астана қаласы27 Қыркүйек , 11:33

Дәурен Абаевтың айтуынша, өңірлік ресурстардың жыл санап жаңа технологиялар мен сауатты журналистік жұмысы мен менеджмент нәтижесінде жалпы республикалық рейтингтердің ТОП-ына  шығады.

«Министрлік өз тарапынан қолдауға дайын. Біз ұсыныстар мен бастамаларды әркез қолдаймыз», - деді АКМ басшысы.

Д.Абаев өңірлерде  нарықта ұзақ жылдар бойы  қызмет етіп келе  жатқан   теле және баспа қызметкерлерін марапаттады.

Одан әрі Өңірлік БАҚ форумының  «Медианың сандық трансформациясы : нарық, өндіріс және контент дистрибуциясы қандай болмақ?» сессиясында салалық журналистиканың  танымал спикерлері өз ойларын ортаға салды.

TNS Central Asia бас директоры Татьяна Старцева қазақстандықтардың БАҚ-қа жұмсайтын уақыты бойынша бірқатар әлеуметтік зерттеулердің нәтижесін ұсынды.  Оның айтуынша, Қазақстанда  халықтың  76 пайызы  күніне бір рет теледидар қосады.

«Бұл қала тұрғындарына қатысты статистика. Ауылдарда бұл әдет басқаша болуы мүмкін. Интернетті  халықтың  51 пайызы қолданса, радионы  36 пайызы тыңдап, баспасөзді  халықтың  10 пайызы оқиды. 3 жыл ішінде көрсеткіштер әлдеқайда өзгергенін байқап отырмыз. Әсіресе, интернет. Соңғы үш жыл ішінде интернет қолданушылар саны  14 пайызға өсті», - деді Т. Старцева.

Ол атап өткендей, теледидар көретін аудитория саны 5 пайызға қысқарады, баспасөзді оқитындардың саны да  5 пайызға кеміп  отырады.

«Радиоға келетін болсақ, аудиториясы аз, алайда өте тұрақты. Адамдар  өздерінің  200 минутын теледидарға, 150 минутын интернетке жұмсайды. Радио қосқан адам  2 сағатын тәрк етеді. Теледидар көретін халықтың саны азаюда. Интернет қолданушылары да уақытын желіге аздау жұмсап келеді, себебі  қолданушылардың саны артты. Олар көп уақты отырмай, керек ақпаратын оқып шығуы мүмкін», - деді  ол.

Өз кезегінде, танымал публицист,   «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп   21-ғасыр инновацияның ғасыры деп белгіленіп, БҰҰ бұл ғасырды ақпараттандыру ғасыры деп атағанын жеткізді.

«Мемлекет басшысы бұл салаға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Қазіргі БАҚ-тың осы заманға лайықты болуы, дамуы мен өркендеуіне қатысты бірқатар заң жобалары қабылданғанын да білеміз. Дәстүрлі бақ деген біздің ұғымымызда газеттер, журналдар. Қазір жаңа медиа деген өмірге келген, күнде тұтынып отырмыз. Ұлымыз да, қызымыз да, жас пен кәріміз де смартфон арқылы дүниежүзіндегі ақпарат атаулының барлығын біліп отыр. Қазір қонаққа барсаңыз, дастархан басындағы  6 адамның  5-уі телефонға үңіліп отырады. Өзінің тойын өз телефонымен көріп отырған адамдар да бар. Сондықтан да, ақпаратты алу жағынан бізде ешқандай проблема жоқ», - деді ол.

Танымал журналистің айтуынша, Қазақстанда  9 млн адам интернет қызметін пайдаланады. Күніне 25-30 мың адам электронды қызметке жүгінеді.

«Осының барлығы ақпараттық жаһанданудың жоғары қарқынмен жүріп жатқанын көрсетеді. 2002 жылы  1,1 млрд адам жаңалықтарды интернеттен оқып білсе, 2014 жылы оның саны  3,4 млрд-қа көбейген. Сонда әлемдегі адамдардың жартысынан астамы интернетке шұқшиып отыр деген сөз», - деді Н. Жүсіп.

Ол айтып өткендей, осындай жағдайда дәстүрлі БАҚ  нарық жағдайына төтеп бере ала ма? Өмір сүре ала ма? Болашағы қалай болады?  деген сұрақ туындайды. Спикер  бұл мәселе көптен бері әңгіме болып келе жатқанын жеткізді.

«Кейбір сарапшылар газет-журналдар уақытпен бірге тыныстап шыға беретінін айтады. Кейбіреуі газеттер өлді деген ниетте. Қалай өлтіруге болады? Жалпы, Қазақстанда оқу мәдениеті қалыптасқан. Сол оқу мәдениеті  деген өте үлкен құндылық деп білемін. Бұл сауатты адамның әрекеті. Дүниетанымын кеңейтетін, адам ретінде рухани қазынадан ажырамас бөлігі», - деді Н.Жүсіп.

Маманның пікірінше, қазіргі  заманда ойлайтын адамдардың саны азаятын сияқты. Өйткені, оқуды қойған  адамдар көбейді. Оқымайтын адам ойлау қабілетін де жоғалтады.

«Газет те, кітап та оқылмайды. Сонда не үшін шығарып жатырмыз? Жыл сайын мемлекеттік тапсырыспен әлеуметтік бағдарланған қаншама кітап шығады. Оларды кім оқып жатыр? Жақында  осы іспен айналысып жүрген, жас журналистердің өздері «Жастар жүгенсіз кетпейді» деген тақырыптағы жүген сөзін білмейтінін көрдім. Тіл майданында жүрген адамдар жүгенді, тартпаны, айылды, ауыздықты білмесе, сыртта жүрген адамдардан не сұрауға болады. Қазақ сөзінің қайнарын сақтап отырған – дәстүрлі бақ. Қазақ тілін сақтап отырған осы газеттер мен журналдар», - деді Н.Жүсіп.

Публицист интернет басылымдар мен жаңа медиаға ешқандай дауы жоқ екенін айтты. Алайда, ол жерлерде тілдің шұбарлануы, тілдік қорымыздың бұзылуы деген нәрселер өте көп екенін жеткізді.

«Дәстүрлі БАҚ мемлекеттік тілдің бірден-бір қорғаушысы, бірден-бір сақтаушысы. Дәстүрлі БАҚ-сыз мемлекеттік тілдің сақталуын әрі қарай елестету қиын. Жаңа медиа - жақсы нәрсе. Дәстүрлі  БАҚ-тың барлығы өздерінің сайттарын ашты. Күнделікті шығарып отырған газетпен бірге сайтта да өмір жүріп жатыр. Кейде екеуін бір-біріне қарсы қоятын жағдайлар көп. Сайт та, газет те айналып келгенде мемлекеттің, ұлттың идеологиясын насихаттап отыр», - деді Нұртөре Жүсіп.

Оның айтуынша, жаңа медианың ұшқыр да ұтқыр тәсілдері көп. Кез келген шараны Қазақстанның барлық аймағынан тікелей эфирде талқылау мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, журналист журналистиканың өлмейтін мамандық екенін жеткізді.

«Сөз тұрған кезде адамзатта журналистиканың сипаты жоғалмайды және сөз өліп қалғанша,яғни адам өліп қалғанша журналистика болады деген сөз», - деді ол.

Нұртөре Жүсіп ең алдымен оқырманды тәрбиелеп қалыптастыру керек екенін айтты.

«Кез келген басылымның оқырманын түбінен тәрбиелеуіміз керек. Бала кезден бастап балаларға арналған газет, журнал, кітаптарды оқытып, бейімдеу керек. Оларды жоғалтып алмау керек. Оқу мәдениеті деген өте үлкен құндылық. Жапония, Қытай, Ресейге барыңыз барлық елде метрода, қоғамдық жерде қолына кітап, газет алып оқыған адамды көресің. Цифрландыру дамыған, жаһандану жаулады. Бірақ, олар не үшін оқып отыр? Біз 30 елдің қатарына қосыламыз дейміз. Ол елдердің барлығы газет-журнал оқиды. Ал, біз басылымның қажеті жоқ десек, қай бағытқа бара жатқанымыз. Сондықтан, оқу мәдениетін барынша сақтаған дұрыс», - деді Н.Жүсіп.

Маманның айтуынша, медиа немесе газет болсын, барлық басылымда ақпараттық, танымдық, сараптамалық сипат сақталу керек. 

«Ақпарат беру жағынан интернет журналистикаға ешкім ілесе алмайды. Телевизияның өзі шарадан тікелей эфир жасауға бейімделді. Осы жағдайда газет,журналдардың ақпараттық қызметі әлсірейді. Басылымдардың барлығы салалық бағытқа қарай ойысады, сараптамалық контент көбейеді», - дледі Н. Жүсіп.

Ол айтып өткендей, Қазақстанда 10 мың сайт тіркелген. Оның  10 пайызы ғана қазақ тілінде ғана шығады.

«Қазақ тілінде шығып жатқан газетті сонда қай сайт жұтып қоя алады? Бұл жерде технологиялық, дамыған инновацияларға қатысты сайттар мемлекеттік тілде қаншалықты қызмет көрсетіп отыр дегенге келу керек. Бұл бойынша мәселе бар», - деді Н.Жүсіп.

Сондай-ақ, ол медиа мен дәстүрлі БАҚ бір бағытта, достасып жұмыс істеу қажеттігін айтты.

Осы орайда Nur.kz  компаниясының бас директоры Қуат Бахридинов Нұртөре Жүсіптің қазақ тілді сайттардың аздығына қатысты айтылған назына жауап берді.

«Сіз  10 мың сайт тіркеліп, оның  10 пайызы ғана қазақ тілінде шығатынын айттыңыз. Бүгінде ақпараттық сайттардың көп бөлігі қазақша контентті ұсынып отыр. Қазақ тілі нұсқасындағы сайттар  4 млн адамды қамтып отыр. Бұл тек қазақша сөйлейтін жастар болып отыр», - деді Қ.Бахридинов.

Қорытындысында, спикерлер жаһандану кезеңінде интернеттің мүмкіндігі қанша жоғары болса, сонша  БАҚ өкілдері бейімделуге дайын болу керек. Айта кетейік, Astana Media Week үш күнге созылады. 

Аягөз Құрмаш 

Фото: Бауыржан Жуасбаев 




Яндекс.Метрика