Парламент

Халықтың әл-ауқаты елдің заң шығару жүйесінің сапасына байланысты – Қ.Тоқаев

Қазақстандағы бірқатар заңдардан ішкі қарама-қайшылықпен қатар теңгерімділіктің жоқтығын көруге болады. Заң шығару процесін одан әрі жетілдіру қажеттігі бар. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары палатаның заң шығаруға қатысты өткен Үкімет сағатында мәлімдеді.
Астана қаласы21 Қыркүйек , 16:04

Сенат төрағасының айтуынша,  заң шығару процесі, шын мәнінде, одан әрі жетілдіруді талап етеді. Бұл жерде кәсіби тұрғыдан ашық талқылайтын мәселелер аз емес. Шынтуайында, азаматтардың әл-ауқаты мемлекеттің заң шығару жүйесінің сапасына тікелей байланысты.

Қ.Тоқаевтың айтуынша,  заң шығару процесіне атүсті қарауды тоқтатып, бұл маңызды іске жаңаша көзқарас қалыптастыру қажет. Себебі,  еліміздегі реформалардың қарқыны мен мазмұнын қамтамасыз етуге қабілетті, жаңғыртылған заңнамалық база құру – Парламент депутаттары жұмысының негізгі мақсаты.

«Мемлекет басшысы біздің алдымызға дәл осындай міндет қойып отыр. Парламенттің өкілеттігін күшейту жұмысы заң шығарушы тұлғалардың заң жобаларын әзірлеу және оларға бастамашылық жасау тәртібін реттеуді талап етеді», - деді  Сенат төрағасы.

Қ. Тоқаев айтып өткендей, әлі күнге дейін өзгеріссіз қалып отырған заң жобалау жұмысын жоспарлау деңгейінің төмендігі, ол заң шығару жұмысындағы жүйесіздікке, әбден пісіп-жетілген түйткілдердің тым кеш шешілуіне және кодификацияланған актілердің ретсіз түзетілуіне әкеліп соғады.

« Заң нормалары құқықтық ахуал жасаудың орнына, тез өзгеріп отыратын құбылмалы жағдайлардың салдары болып отыр. Парламент қабылдаған заңнамалық актілерге күшіне енген кезден бастап бір жыл ішінде басқа заңдар негізінде жүзге жуық өзгерту енгізілетін жағдайлар да кездеседі», - деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ, Қ.Тоқаев  көп жағдайда біздің заңдарымыз экономика мен қоғам өміріндегі шұғыл проблемаларды шешуге бағытталатынын атап өтті.

«Соның салдарынан бұл заңдардың мазмұнында ағымдағы жағдайға деген тұжырымдамалық көзқарас пен мемлекеттің дамуына оң ықпал ететін үрдістердің тапшы екені бірден байқалады. Бірқатар заңдардан ішкі қарама-қайшылықпен қатар теңгерімділіктің жоқтығын көруге болады. Заң бір ұғымның өзін алуан түрлі мағынада түсіндіруі мүмкін. Бұл жағдай қоғамның Парламент пен Үкіметтің қызметіне деген сыни көзқарасын туғызары анық», - деді  Сенат төрағасы.

Сонымен қатар, Қазақстанның заңнамалық жүйесіндегі маңызды міндеттердің бірі – Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына енгізуді құқықтық қамтамасыз ету.Халықаралық ұйымдармен іс-қимыл жасаудың маңызы зор екені күмәнсіз, бірақ олардың талаптары мен сұраныстары, ең алдымен, ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге және Қазақстан азаматтарының мұң-мұқтаждары мен қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған заң шығару жұмысына тосқауыл болмауы тиіс.

«Осы процесті анағұрлым кешенді, үйлесімді және оны халықаралық қоғамдастықпен қатар өз азаматтарымызға ұғынықты ету үшін оның кезеңдері мен шарттарын құқықтық реттеу мәселесін қарауымыз қажет.Заң шығару процесінің жеткілікті түрде ұйымдастырылмауы мен жоспарланбауының салдары Заң жобаларының ретсіз, әдетте, күнтізбелік жылдың соңғы айларында немесе сессия аяқталатын кезде ұсынылуы болып табылады. Мұндай тәжірибе заң жобаларымен жүргізілетін жұмыстың сапасына әсер етпей қоймайды», - деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ, Қ.Тоқаев  бұл – заң жобаларының тұжырымдамалық негізінің сапасы екенін атап өтті.

«Кейбір жағдайларда заң жобасы реттеуге тиіс негізгі мәселелер тұжырымдамаларда қамтылмай жатады. Аталған жағдай әзірлеушілердің тарапынан заң жобаларының мазмұнына байланысты, Парламент қабылдаған жағдайда оларды іске асыру тәсілдеріне қатысты айқын көзқарастың жоқ екенін көрсетеді. Заң шығару жүйесінің негізіне қатысты теңгерімді ұстанымның болмауы – ерекше талқылау мен қарастыруды қажет ететін бөлек тақырып. Мәселен, кейбір бағыттар бойынша біз қатаңдату ұстанымдарын басшылыққа алсақ, басқа салаларда босаңдық пен еркіндікке жол береміз», - деді Қ.Тоқаев.

Қ.Тоқаев атағандай,  осылайша тұтастай Қазақстанның заңдары өзара ішкі қисыннан ажырап, сәйкесінше оның құқықтық бағдары заңға бағыну, заңды құрметтеу, құқық бұзушылықтарды азайту сияқты басты мүдделерден алшақтай түседі.

Сенат төрағасының айтуынша, заңнамалық немесе заңға тәуелді деңгейлерде регламенттеу үшін күн тәртібіне қойылатын мәселелердің аражігін ажырату - заң шығару жүйесіндегі күрделі мәселелердің бірі болып отыр. 

«Ел Конституциясының 61-бабының 3-тармағында заңнамалық реттеудің шегі нақты айқындалғанына қарамастан жекелеген мәселелердің маңызын жоғары қою үшін белгіленген шектерді бұзуға деген ұмтылыстар әлі де орын алуда. Соның салдарынан заң шығару қызметі тақырыптық жағынан тарылып, заңдар арқылы ведомстволық, салалық, өңірлік және басқа да мемлекеттік ауқымнан тыс мүдделерді қанағаттандыру үрдісі туындап отыр», - деді ол.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев  Мемлекет басшысы алтыншы шақырылымдағы Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында жаңадан қабылданатын заңдар бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына ерекше назар аударғанын еске салды.

«Біздің ойымызша, бұл мәселе түбегейлі жаңа көзқарастар мен тәсілдерді талап етеді. Мемлекеттік органдар осы мәселе бойынша цифрлық технологиялар мен қалың жұртшылық арасында кеңінен таралған әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып, неғұрлым белсенді және жаңа көзқарастарды ұстануы қажет. БАҚ кеңістігінде кеңінен жариялай отырып, өзекті мәселелер бойынша бейнероликтер көрсету, баспасөз-конференцияларын, диспуттар мен пікірталастар өткізу заң шығармашылығы процесінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Уәкілетті органдар кез-келген жаңалықты енгізбес бұрын жергілікті халықпен, бизнес-қауымдастықпен және мемлекеттік органдармен жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет», - деді Қ.Тоқаев.

Қ.Тоқаев  атап өткендей,  негізгі құқық салаларын дамытудың орнықты тәсілдерін әзірлеумен айналысатын салааралық ғылыми институттардың жоқтығы да шешімін таппаған мәселелердің қатарында.

«Мұндай институттар депутаттарға консультациялық, әдістемелік, ақпараттық және құқықтық көмек көрсетер еді. Әзірге біз Әділет министрлігі жанындағы Заңнама институтының көмегіне жүгінеміз. Халықаралық шарттарды жасасу, олардың іске асырылуын бағалау, сондай-ақ оларды ұлттық заңнамаға енгізу барысындағы анық және айқын жүйенің болмауы да айрықша назар аудару қажет. Құқықтық мониторинг институтын одан әрі дамыту үшін жүйелі және ұйымдастырушылық сипаттағы шараларды қабылдау талап етіледі. «Мемлекеттің салауаты заңдардан басталып, заңдылықпен аяқталады» деген белгілі тұжырым заңдарды тиімділігіне қарап қабылдаудың аса қажет екенін көрсетеді»,-  деді Қ.Тоқаев.  

Сенат төрағасы мемлекетіміздің қазіргі даму жағдайында жоғары сапалы заңдар жүйесін қамтамасыз ету айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

«Олардың тиімділігі заң шығармашылығы процесінің барлық тұстарын жан-жақты ойластырумен тікелей байланысты екені түсінікті. Заң шығару процесін жете бағаламау немесе оны оңайлату көптеген заңнамалық және құқық қолданудағы қателіктерге алып келетіні сөзсіз. Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында цифрлық индустрияны дамыту басқа салалардың өркен жаюына ерекше серпін беретінін атап көрсеткен еді», - деді Қ.Тоқаев.

Сенат төрағасы айтып өткендей,  алдыңғы қатарлы технологиялар мен әзірлемелерді заң шығару процесінде пайдалану заңнамалық процестің сапасына оң ықпалын тигізетіні анық.Осы ретте Қ.Тоқаев Үкімет құқық қолдану мәселелеріне ерекше назар аударуы қажеттігін ескертті.

Оның айтуынша, заңдардың дұрыс орындалмауы немесе бұрмалануы олардың сапасын жоққа шығарады және халықтың сенім деңгейіне айтарлықтай кері әсерін тигізеді, сәйкесінше бұл мемлекетіміздің реформалары мен орнықты даму стратегиясын ойдағыдай жүзеге асыру барысына айтарлықтай теріс ықпал етуі мүмкін.


 




Яндекс.Метрика