Сараптама

Сайлау-2019: Президенттікке кандидаттар кімдер болуы мүмкін?

Эксклюзив
2019 жылдың алғашқы жартысында еліміздегі саяси процестер жедел өрбуде. Қазақстандағы саяси конъюнктураның өзгерісі Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың өз өкілеттігін тоқтату туралы шешімінен кейін үдей түсті. ҚР Конституциясына сәйкес Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев ант қабылдап, ресми ел Президенті қызметіне кірісті. Жаңа Мемлекет Басшысы ел аймақтарын аралап, Ресей Федерациясына ресми, Өзбекстанға мемлекеттік сапарымен барып келді. Сонымен қоса, жауапты ведомство басшыларына жеке тапсырма беріп, лауазымды қызметкердің бірқатарын ауыстырды. Яғни, ішкі-сыртқы контурда сабақтастық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге алғашқы қадамдар жасалды. Алайда, көптің көкейінде алдағы сайлаудың сайрап тұрғаны рас. Орталық Азиядағы билік транзиті – соңғы онжылдықта эксперттік ортада жиі талқыланатын тақырып. Оңтүстік көршіміз – Өзбекстандағы басшылықтың ауысуы мемлекеттің ішкі трансформациясына ғана емес, аймақтық ынтымақтастық динамикасына ықпал етті. Сондықтан Қазақстандағы Президент сайлауы алдыңғы саяси курстың сабақтастығы мен жүйелі жалғастығы тұрғысынан ел тұрғындары мен алыс-жақын мемлекеттер үшін маңызды болмақ.
Нұр-Сұлтан22 Сәуір , 15:48

Сонымен, Қазақстанда биылғы жылы 9 маусымда мерзімінен бұрын Президент сайлауы өтеді. Ол туралы ҚР Президенті Қ.Тоқаев халыққа үндеуінде мәлімдеді. Конституция бойынша «кезектен тыс сайлау Республика Президентінің шешімімен тағайындалады және конституциялық заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі». Қ.Тоқаев Президент сайлауының ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беретіндігін атап өтті. Жалпы, заң бойынша 2020 жылы өтуі қажет болған сайлау қоғамда қызу талқыланып та жатыр. Елбасы Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының отырысында «Бұл сайлау биліктің заңдылығын одан әрі нығайтып, елімізде тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет» деген пікір айтты. Мәжіліс спикері Н.Нығматулиннің айтуынша, «ҚР Президентінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізу демократия принциптеріне толықтай жауап береді және мемлекеттің түбегейлі қызығушылықтарына сәйкес келеді. Жалпыхалықтық дауыс берумен сайланған Мемлекет басшысы халықтық сенім мандатына ие болады. Нәтижесінде Елбасы Н.Назарбаев анықтап берген жол бойынша сенімді қадам басып, оның ұзақмерімді даму Стратегиясын табысты орындауға мүмкіндік береді».

Саясаттанушы А.Сарым сайлаудың уақытылы өтетініне 4 түрлі себеп айтады:

- Геосаяси фактор. Яғни, Тұңғыш Президенттің өз өкілеттігін тоқтатуы көпшілік күтпеген шешім болды. Мәселен, ҚХР елшісі алғашқы күндері ел басшыларымен бес рет кездесті.

- Инвестициялық және бизнес-климатқа әсері. Бұл өзара сенімділік пен ұзақмерзімді байланысты қайта бекітуде маңызды болмақ.

- Истеблишмент пен мемлекеттік аппараттың бірлігі. Егер өтпелі кезең ұзаққа созылатын болса, мемлекеттік аппарат пен элитаның бір бөлігін демотивациялауы мүмкін еді.

- Еліміздегі партиялық-саяси жағдайға оң ықпалы. Бұл партиялардың электорат алдындағы жұмысын жаңартуға, бағдарламасын қайта қарауға ықпал етуі мүмкін.

Жалпы, көпшіліктің көзқарасын салмақтайтын болсақ, сайлаудың дер кезінде өтетінін, қоғамға қажет екендігін айтып отыр. Ұйымдар мен бірлестіктер тарапынан өтпелі кезеңді мейлінше байсалды, қалыпты өткізуге деген мүдделілік бар. Қош, енді халық кімді сайлайды? Оған қандай кандидаттар қатысады? Қойылатын талап қандай? Бұл сайлаудың басты ерекшелігі – оған Тұңғыш Президент Н.Назарбаев қатыспайды. Сондықтан, әлемнің назары, бақылаушының беті бері бұрылып тұр. ҚР Конституциясының 3 бөлімі, 41-бабы 2-тармағына сәйкес: Республика Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар Республика азаматы сайлана алады. Сайлаушылар дауысының елу процентінен астамын алған кандидат сайланды деп есептеледі.  

Президенттікке кандидат мемлекеттік тілді жетік меңгеруі, кірістері мен мүлкі туралы құжаттарының талапқа сәйкес болуы, сондай-ақ денсаулық жағдайы туралы медициналық оң қорытынды берілуі қажет. Осы талаптарға сақадай сай үміткерді республикалық қоғамдық бірлестіктер сәуірдің 28-не дейін ұсына алады. Қазақстанда барлығы 7 саяси партия болса, миллионға жуық партия мүшесі мен жастар қанаты бар «Нұр Отанның» бәсі әлдеқайда биік екендігі белгілі. «Бірлік» партиясы осы реткі сайлау додасына қатыспайтынын мәлімдеп үлгерді. «Ақ жол», «Ауыл» партиялары сары майдай сақтап отырған кандитаттарын ұсынбақ. Бұл сайлау нұротандықтар үшін тағы бір сынақ кезеңі болмақ. «Партия Лидері қатыспайтын жаңа сайлау жағдайында партия электораттың толық сеніміне ие бола ала ма» деген сұрақ туындайды.

Президент лауазымына кіріскеніне бір ай толған, «Нұр Отан» мүшесі Қ.Тоқаевтың мәлімдемелері мен әлеуметтік желідегі пікірлері қоғамда қолдау тауып, Мемлекет Басшысының оң имиджін қалыптастыруға ықпал етуде. Президент ел ішіндегі сапарлары, мәлімдемелері, желідегі жазбаларында әр саладағы, әлеуметтік топ пен жастағы азаматтарға «месседждер» жолдап келеді. Қ.Тоқаевтың ел ішіндегі сапарын Түркістаннан бастауы да идеологиялық тұрғыда маңызды қадам болды. Президенттің бюджет қызметкерлерінің айлығын осы жылдың 1 маусымынан бастап көтеру, Маңғыстау облысына сапарында айытылған өткір проблемалар, әкімдерді ашықтыққа, үнемшілдікке шақыруы, жағымпаздықты тоқтату, кейінгі «Көк жайлау» мәселесін шегеру, полиция қызметін сынға алу, шет елдегі қандастарды қолдау туралы мәлімдемелері жылы қабылданды. Президенттің «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында қазақ тілі және үш тілділік, әділеттілік принципі қоғамнан қолдау тапты. Президент осының барлығы саяси сабақтастық арқылы іске асатын қайталап айтып, жазып келеді. Ол Қытай елшісін қабылдаған соң, АҚШ-тың жаңа елшісіне сенім грамотасын тапсырып, кейін Ресейге және Өзбекстанға баруынан, сыртқы саясаттағы аймақтық балансты сақтау, геосаяси тепе-теңдікті ұстау принципінен де көрінді.

Біздің болжауымызша, бұл шаралар мен мәлімдемелер Қ.Тоқаевтың сайлауға қатысу мүмкіндігін анықтай түседі. Президенттің өз командасына саясаттанушы, білікті сарапшы Е.Қарин, тәжірибелі журналист Б.Құрманғали және т.б мамандарды алуы осы ауқымды шараға дайындықты білдіретіндей. Ішкі және сыртқы «аудиторияға» аты белгілі, түрі таныс Қасым-Жомарт Кемелұлын кандидат ретінде ұсыну сценарийі басым деп есептейміз. Дегенмен, басты кандидаттың кім болатынын ертең өтетін «Нұр Отан» партиясының съезі қабылдайды. Тек, жылдың басында жария қылған «Жастар жылы» саяси науқанның сыртында қалып кетпеуі қажет деп есептейміз.

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ




Яндекс.Метрика