Шолу

Б.Сағынтаев Қостанай облысындағы кәсіпорындардың жұмысымен танысты

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді. Басты назарда — жақында Президент жария түрде қол қойған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды талқылау. Соныдай-ақ, Премьер Қостанай облысындағы бірнеше өнеркәсіп орындарын аралады. Толығырақ Strategy2050.kz АА дайындаған материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы25 Мамыр , 14:16

Қостанайға келгеннен кейін Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған «Қостанай» жаңа спорттық–ойын-сауық кешеніне барды.

Кешен волейбол, баскетбол, шағын футбол, гандбол секілді спорттық ойындар бойынша оқу-жаттығу сабақтарын және республикалық жарыстарды өткізуге, сондай-ақ мәдени–бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға арналған.

Аралау барысында Премьер-Министрге Қостанай облысындағы МЖӘ жобаларының ағымдағы жағдайы туралы ақпарат берілді. Қазіргі таңда өңірде 65 МЖӘ жобасы іске асырылу және жоспарлау сатысында тұр, 20 жоба бойынша келісімшарттар жасалған, 39-ы — конкурс сатысында және 6 жоба бойынша құжаттама дайындалып жатыр.

Айта кетсек, елімізде жалпы инвестициялар сомасы 782,6 млрд теңгеге 221 объект бойынша 215 МЖӘ келісімшарты жасалған. Барлығы жалпы сомасы 2,5 трлн теңге болатын 994 жоба орындалудың түрлі сатыларында тұр.

Сондай-ақ,  Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Рудный қаласында «Жас Қанат – 2006» ЖШС-де болды, онда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан «Ақылды құс фабрикасы» пилоттық жобасының жұмысымен танысты.

 Кәсіпорынды аралау кезінде «Жас Қанат – 2006» ЖШС директоры Қайрат Маишев «Бизнестің жол картасы – 2020» аясында жүргізіліп жатқан жаңғырту шаралары туралы айтып берді.

« Жалпы, кәсіпорын жаңғыртудың үш кезеңінен өтті, барлық қажетті инфрақұрылым құрылды, ең жоғары технологиялық жабдықтар сатып алынды. Инвестициялар көлемі 3 млрд теңгеден асады», - деді Қ.Маишев.

Процестерді автоматтандыру жұмыртқа өндірісін жылына 7 млн-нан 250 млн данаға, яғни шамамен 35 есеге дейін ұлғайтуға, ет өндірісін 30 тоннадан 500 тоннаға дейін немесе 15 есеге ұлғайтуға мүмкіндік берді. Құстардың орны 100 мыңнан 1,4 млн-ға дейін немесе 14 есеге артты. Еңбек өнімділігі 1,5 еседен астамға өсті.

Б. Сағынтаевқа сұрыптау цехында қуаттылығы сағатына 120 мың жұмыртқаны құрайтын жапондық «Nabel» жабдығы таныстырылды. Жаңа технологиялар өнімдерді қолмен таңбалау мен сұрыптаудан босатуға мүмкіндік берді.

Бұдан өзге, кәсіпорында жұмыртқа салатын қораптар шығару желісі іске қосылды. Өндірісті автоматтандыру күніне сегіз сағаттық жұмыс күнінде миллионға жуық жұмыртқаны тасымалдауға және қаптауға мүмкіндік береді.

Өндірілетін өнім еліміздің барлық өңірлерінде сатылып, Ресейге, Ауғанстанға, Тәжікстанға және Қырғызстанға экспортталады. Биыл өнімді Иран мен Қытайдың жаңа нарықтарына экспорттау басталды.

Сонымен қатар, алдағы үш жылда цифрлық технологияларға 2 млрд теңгеге жуық инвестиция салу жоспарланып отыр. ERP (Enterprise Resource Planning) жүйесін енгізу технологиялық процестердің сапасын жақсартуға және өндірістік мәселелерді жедел шешуге, соның ішінде қашықтан шешуге жол ашады.

Сонымен қатар, одан әрі жаңғырту аясында жұмыртқаны, ет және басқа да өнімдерді терең өңдеуге арналған автоматтандырылған желіні іске қосу мүмкіндігі қарастырылуда.

Сондай-ақ, 2019–2021 жылдарға импорт алмастыруды дамыту мақсатында әлемнің жетекші өндірушілерінің толық автоматтандырылған жабдығымен жабдықталған асыл тұқымды репродуктор құрылысы жоспарланған. Аталған жобаны іске асыру импортты 40% төмендетуге мүмкіндік береді.

Айта кетсек,  «Жас Қанат – 2006» ЖШС «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ақылды құс фабрикасы» жобасын пилоттық режимде жүзеге асырған. Кәсіпорын автоматтандыру және цифрландыру тұрғысынан бірегей өндіріс орындарының бірі.

Сонымен қатар,  Бақытжан Сағынтаев Рудный қаласында Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылған «Лидер – 2010» ЖШС-де болды, сондай-ақ өңірдің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен кездесу өткізді.

Сүт зауытының цехтарын аралау барысында «Лидер – 2010» ЖШС директоры Александр Лигай өндірістің технологиялық ерекшеліктері туралы айтып, сүт және қышқыл сүт өнімдерін шығаруға арналған жабдықпен, осында шығарылатын өнімдер сұрыптамасымен таныстырды.

Әңгімелесудің басты тақырыбы — Мемлекет басшысының кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері туралы заңға қол қоюына байланысты кеше күшіне енген бизнеске арналған жаңалықтар мен өзгерістер болды.

 Сондай-ақ, Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы мен Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды.

Бақытжан Сағынтаев құжатқа қол қойылғаннан кейін бизнеске, оның ішінде АӨК салаларында өсімнің жаңа мүмкіндіктері ашылатынын мәлімдеді. Қабылданған заң бизнесті реттеу саласындағы заңнаманы ырықтандыруға бағытталған және мемлекеттік бақылау функцияларын шамамен 30%-ке қысқартуды көздейді.

 Олардың ішінде аңшылық және балық шаруашылығын жүргізу саласындағы бақылау. Осылайша, 14 кодекске және 109 заңға енгізілген 1000-ға жуық түзетулер бизнесті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасап, елімізде кәсіпкерлік қызметті нығайтуға жаңа маңызды ынталандыру шарасы болады.

АӨК дамыту мәселелерін талқылау барысында өңірде Мемлекет басшысының 2018 жылғы Жолдауында берген тапсырмаларының орындалу қарқыны қаралды. Агроөнеркәсіп кешені саласында бес жыл ішінде кемінде 2,5 есеге еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын ұлғайту міндеттері қойылған.

Мемлекет тарапынан тиісті жағдайлар жасалып жатыр. Соңғы бес жылда саланы тікелей мемлекеттік қолдау көлемі үш есеге артып, шамамен 260 млрд теңгеге жетті. Өткен жылы 2017–2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.

ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес шағын және орта шаруашылықтарды ауыл шаруашылығы кооперациясына тарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Балық шаруашылығы, қой шаруашылығы, ара шаруашылығы өнімдерін және жылқыларды, сондай-ақ кебекті экспорттауға Қытай нарығы ашық. БАӘ-ға ірі және ұсақ қара мал жеткізуге қойылған кедергілер жойылды.

Қабылданған шаралар нәтижесінде ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2017 жылы 2,9%-ке артып, 4,1 трлн тг құрады. Сондай-ақ, азық-түлік өнімдерінің 4,1%-ке өскені байқалады. Азық-түлік өнімдері өндірісіне және ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялардың өсімі шамамен 30% құрады.

Премьер-Министр Қостанай облысы ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру көлемі бойынша жетекші аймақ екенін атап өтті.

Өндірілетін азық-түлік өнімдерінің үштен бірі экспортталады. Индустриялық-аграрлық ерекшеліктерін ескере отырып, өңір АӨК саласын цифрландыру бойынша пилоттық өңір ретінде анықталған. Облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өткен жылдағы негізгі көрсеткіштері тұрақты өсімді көрсетеді.

Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі А. Евниев кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру туралы қабылданған заңды ескере отырып, фермерлерге берілетін мүмкіндіктер туралы толығырақ айтып берді.

 «Біз Елбасының тарихи шешімін қолдаймыз. Қабылданған заң бізге бизнесті кеңейтуге үлкен мүмкіндіктер береді», — деді облыстың қоғамдық кеңесінің төрағасы, «Қарқын» ЖШС құрылтайшысы С. Бұқанов.

Мәселелерді талқылау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев аграрлық сектордың стратегиялық маңыздылығын ескере отырып Мемлекет басшысының алға қойған барлық тапсырмалары таяу мерзімде іске асырылуы қажет екенін атап өтті. Агробизнес алға қойылған міндеттерді орындау процесіне тартылып, идеялар мен нақты шешімдерді ұсынуы керек.

Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, кездесу барысында айтылған сұрақтар мен ұсыныстарды қарастыруы қажет.

Премьер-Министрдің орынбасары — ауыл шаруашылығы министрі Ө. Шөкеевке АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында әзірленіп жатқан етті және сүтті мал шаруашылығын, құс шаруашылығын дамыту, суармалы жерлер және т.б. салалардағы салалық бағдарламаларды егжей-тегжейлі талқылау мақсатында өңірдің аграршыларымен кездесу өткізу тапсырылды. Пайдалы кеңестер ескерілуі керек.

Сондай-ақ, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев АШМ цифрландыру бағыты бойынша міндеттерді орындауға басымдық беру керектігін атап өтті. Премьер-Министрдің орынбасары А. Жұмағалиевке АӨК саласында бөлініп жатқан барлық субсидияларды цифрландыру бойынша басталған жұмысты аяқтау тапсырылды. Сонымен бірге, аграрлық бизнес өкілдерінің ескертулері мен ұсыныстарын ескеру қажет.

Еске сала кетейік, Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан өңірлерін жұмыс сапарымен аралап жүр. Бұған дейін Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Атырау облыстарында жұмыс сапарымен болып қайтқан еді.

Аягөз Құрмаш 

 

 




Яндекс.Метрика