Үкімет

Сағынтаев СҚО-ға сапарлады

Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді.Сапардың мақсаты — Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдаулары мен «Бес әлеуметтік бастамасының», сондай-ақ, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың өңірде жүзеге асырылу барысымен танысу.
Солтүстік Қазақстан03 Қыркүйек , 18:34

Сапар аясында Солтүстік-Қазақстан облысының 2018–2021 жылдарға арналған кешенді әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын жүзеге асыру барысы туралы кеңес өткізіп, сондай-ақ, бірқатар әлеуметтік және өнеркәсіптік инфрақұрылым нысандарын аралау жоспарланған. Бұдан өзге, Премьер-Министр Б. Сағынтаев Қазақстан мен Ресейдің XV аймақаралық ынтымақтастық форумын өткізуге дайындық барысымен танысады, деп хабарлады primeminister.kz.

Сапар барысында Бақытжан Сағынтаев өңірде білім беру сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шараларға назар аударды. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына жолдауында Мемлекет басшысы білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс екенін атап өтті.

Еліміздің барлық өңірлерінде оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, зертханаларды, 3D-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылыммен бизнес-инкубаторлар мен балалар технопарктерінің желісін құру тапсырылған. Бұл жас буынды ғылыми-зерттеушілік және өнеркәсіптік-технологиялық ортаға сәтті ықпалдастыруға жол ашады.

Премьер-Министр Петропавл қаласында жаңадан салынып жатқан Оқушылар сарайына барды. Нысан алдыңғы қатарлы заманауи технологиялармен жарақтандырылады. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары А. Федяевтің айтуынша, нысанда АT-индустриясының перспективалы бағыттары мен STEM-білім беру жүйесімен жоғар технологиялы кабинеттер базасы мен зертхана кешендерін құру көзделген.

Оқушылар сарайында бағдарламалау және графикалық дизайн зертханалары, виртуалды және толықтырылған шынайылық, TecQuipment (Ұлыбритания) инженерлік ғылымдары, роботты техника құрылымдау (АҚШ), анимациялық студия, голография, каркасты-вакуумды кинотеатр, Lexsolar (Германия) электромобильдері, Thespian (Ұлыбритания) гуманоидты роботы мен адамнан аумайтын NAO (Франция) роботтары және басқа да технологиялар болады.

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Бақытжан Сағынтаев студенттер жатақханасының бір корпусын аралады, онда Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының орындалуымен танысты. Жатақхана бөлмелерін аралау кезінде университет ректоры С. Өмірбаев бүгінгі таңда ЖОО-да 5531 студент білім алып жатқанын, оларға арналған 4 жатақхананың бар екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, жыл сайынғы қабылдау көлемінің артуы мен университетте білім алушылардың санын ескергенде, 2018/19 оқу жылында жатақханаға деген қажеттілік 3150-ден астам орынды құрайды. СҚО әкімдігінің деректеріне сәйкес, 2018 жылы өңірде білім беру жүйесін қаржыландыруға 55,3 млрд тг қарастырылған. 31,2 млрд тг 01.08.2018 ж. жоспар кезінде игеру 100% құрады.

Айта кету керек, жоғары білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру аясында жергілікті бюджеттен жергілікті ЖОО-ға оқуға түсуге ниет білдірушілерге 75 грант бөлінді.

Бұған қоса, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Универсалды теннис орталығына барды. Жаңа әлеуметтік нысан 4 жабық және 3 ашық теннис алаңынан тұрады. Сонымен қатар, екі жабық алаң баскетбол мен волейболға арналған әмбебап спорт алаңына түрленеді. Көрермендер трибунасы 1000-нан астам адамға арналған. Қабылданып жатқан шаралар өңір халқы арасында спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға жол ашады.

Сонымен қатар, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жаңадан бой көтерген «Жас Өркен» шағын ауданына барып "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынып жатқан құрылыс нысандарымен және Президенттің Бес әлеуметтік бастамасы аясындағы "7–20–25" жаңа ипотекалық бағдарламасының атқарылу барысымен танысты.Премьер-Министр білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде болды.

Петропавл қаласындағы жаңадан салынған «Жас Өркен» шағын ауданы мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтеріп отыр. Ол жерде 2019 жылы қазан айына қарай 332 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады. Пәтер алатын тұрғындар үй кезегінде тұрған және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшысы болып отырған қала тұрғындары. Шағын ауданда қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Көп қабатты үйлер салынып жатыр. 900 орынға арналған қазақ мектебі жұмыс істеп тұр. Спорт сарайы және теннис алаңы бар. Тағы 88 балаға арналған шағын орталық бой көтергелі отыр. Сонымен қатар,  қазақ театры мен ауысымды 250 орындық емхана салу жоспарда бар.

Премьер-Министр сонымен қатар, «7–20–25» жаңа ипотекалық бағдарламасын одан әрі іске асыру жоспарларымен және Петропавл қаласының басқа да шағын аудандарындағы құрылыс жобаларымен танысты. Мемлекеттік бағдарлама аясында облыс орталығында төрт панелді бес қабатты үйлер салынып жатыр. Келешекте жекешелендіру құқығына ие болмайтын жалға берілетін екі нысанның құрылысы басталатыны айтылды. Бұл үйлер әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға берілетін болады. Бағдарламаға сәйкес, әр шаршы метрінің бағасы 140 000 теңгеден аспайтын болады.

«Аталған үйлердің құрылыс жұмыстары «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр. Жаңадан салынатын бұл үйлерді «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша беру мүмкіндігі бар», — деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары А. Федяев.

СҚО әкімдігінің деректері бойынша, өңірде құрылыс жұмыстары жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр. 2018 жылдың тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары 230 мың шаршы метрді құрап отыр. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштің 115% құрайды. Осы жылы 1500 пәтер берілгелі отыр. Екі жылдың ішінде 620 ескі үй құлатылды. Олардың орнына 2000-нан астам жаңа пәтер салынатын болады.

 «Нұрлы жер» мемлекетік тұрғын үй құрылыс бағдарламасы 2016 жылдың соңына қарай қабылданған болатын. Бағдарлама аясында жылына 100 мың пәтер салынады деген жоспар бар. Осылайша 15 жылдың ішінде шамамен 1,5 млн отбасыны баспанамен қамтамасыз ету жоспары жасалған.

Естеріңізге сала кетейік, Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің өңірлерін жұмыс сапарымен аралап жүр. Бұған дейін Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Батыс Қазақстан және Түркістан, Ақтөбе облыстарында болып қайтты.




Яндекс.Метрика