Өңірлер

Б.Сағынтаев Жезқазған өңірінің жұртшылығымен кездесті

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қарағанды ​​облысына жұмыс сапары жалғасуда.Премьер Жезқазған өңірінің активімен және жұртшылығымен әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кездесу өткізіп, өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Толығырақ Strategy2050.kz АА дайындаған шолудан оқи аласыздар.
Астана қаласы26 Сәуір , 09:48

Премьер-Министр  Жезқазғанның   активімен кездесуінде   облыстың моноқалаларын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, нарық жағдаятының өзгерістеріне және жаңа технологиялардың пайда болуына байланысты мамандарды даярлау және қайта дайындау мәселелері талқыланып, «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру нәтижелері мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» орындау  тетіктері қаралды.  

Атап айтқанда, кездесуге қатысушылар Қызылорда — Жезқазған — Қарағанды — Астана бағыты бойынша «Сарыарқа» магистральді газ құбыры жобасын іске асыру аясында өңірді газдандыру және ішкі газ тарату желілерін салу жоспарлары туралы әңгімеледі.

«Елбасының «Бес әлеуметтік бастама» үндеуін іске асыру мақсатында тиісті тетіктер әзірленіп, нақты іс-шаралар мен орындау мерзімдерін қамтитын Жол картасы жүзеге асырылып жатыр.  Қажетті заңнамалық өзгерістер жасалды. Бюджет қаражаты бөлінді. Үкімет алға қойылған міндеттерді орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр», - деді Б.Сағынтаев.

Бұдан өзге, білім берудің қолжетімділігін арттыру, үй-жай жағдайларын жақсарту: жаңа жатақханалар мен «7–20–25» тұрғын үй бағдарламасы секілді студент жастарға арналған жаңа мүмкіндіктер талқыланды.

Қарағанды облысының әкімі Е. Қошанов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жұмыс жоспарлары туралы баяндады.

«Жезқазған өңірінде 2017 жылы өнеркәсіптік өндіріс өнімінің көлемі 5% артып, 382,3 млрд теңгені құрады, ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 10,6% құрап, инвестициялар 14%-ке артты. Осы жылдың І тоқсанындағы индикаторлар экономика дамуының оң қарқынын көрсетеді»,- деді өңір әкімі.

Әкімнің   айтуынша, өңірде моноқалалар экономикасын әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылы қабылданған үш жылдық жоспар шағын және орта бизнесті, сервистік экономиканы, әлеуметтік нысандардың құрылысы мен инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ жұмыспен қамтуға бағытталған. Жоспардың орындалуы өнеркәсіп өндірісінің көлемін 13,2%-ке арттыруға мүмкіндік береді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемін 63,1%-ке ұлғайту жоспарда бар. 1500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» орындау туралы есеп беру барысында Е. Қошанов газ құбырын салу жобасын іске асыру облыс тұрғындарының 70%-ын қамтитынын айтты.

«Жезқазғанда бірінші кезеңде орталықтан жылумен қамтамасыз етілмеген көшелер мен шағын аудандарды қосымша қамту арқылы қалаішілік желілерді салу көзделген. Мұнда 2,5 мыңға жуық үйді газдандыру жоспарланып отыр. Келесі саты — Сәтбаев қаласы мен көрші елді мекендерді газдандыру», - деді ол.

Сондай-ақ,  ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Жезқазғанда кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау аясында жүзеге асырылған «BAYAN компаниясы» ЖШС мамандандырылған өнімдер шығаратын өндірістік кәсіпорнына барды.

Бақытжан Сағынтаев объектіде азық-түлік өнімдерін өндіру бойынша технологиялық желілер жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Премьер-Министрге кәсіпорынның ғылыми әзірлемелері туралы баяндалып, осында шығарылатын өнімдердің сұрыпталымы таныстырылды.

«BAYAN компаниясы» ЖШС бас директоры Ә. Ысқақова кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы 150 млн теңгеден астам сомаға, жылына 143,5 тонна өнімді құрайтынын мәлімдеді.

«Зауытта ірімшік және қышқыл сүт өнімдері, шырындар, сарысулы сусындар мен ішетін йогурттер шығарылады.Өнімдер түсті металлургия кәсіпорындарының өндіріс алаңдарына, Жезқазған мен Сәтпаевтың сауда орындарына, сондай-ақ Ресей Федерациясының нарығына (Иркутск, Красноярск, Омбы, Барнаул, Новоалтайск) жеткізіледі», - деді ол.

Сонымен қатар,  Бақытжан Сағынтаев Жезқазғандағы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС медициналық орталығында болды.

Нысанды тексеру кезінде медициналық орталықтың директоры В. Моторыкин Премьер-Министрге мекеме жұмысы туралы айтып, жүрекке күрделі операцияларды жүргізуге мүмкіндік беретін Innova IGS 530 жаңа ангиографиялық қондырғыны көрсетті.

Б. Сағынтаев Бубновский орталығына барған кезде осында енгізілген кинезитерапия әдістерімен және оңалтуға арналған жаңа құралдармен танысты.

Бүгінгі таңда «Қазақмыс» корпорациясының медициналық орталығында 1200-ден астам адам, оның ішінде 124 дәрігер (жоғары санаттағы 45 дәрігер), 800-ден астам медбике жұмыс істейді. Орталық денсаулық сақтау орындарына қызмет көрсету, кәсіби дәрігерлік тексеру, шұғыл, амбулаторлық-емханалық, стационарлық медициналық көмек көрсету, дәріхана қызметтерімен айналысады. Төсек орындарының саны — 300, емханада қабылдау — күніне 1000 адамға дейін.

Сапар аясында Премьер  ЖОО мен колледждерінің студенттерімен, «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алушылармен, студенттер ұйымдарының көшбасшыларымен, ЖОО ректорларымен, колледждердің директорларымен кездесті.

Б. Сағынтаев кездесуді аша отырып, әр өңірге жұмыс сапарлары барысында міндетті түрде жұмыс істейтін жастармен және студенттермен кездесетінін айтып өтті. Қарағанды өңірінің студенттері әрқашан жаңа идеялар ұсынумен және зияткерлік құндылықтарымен ерекшеленеді.

Бақытжан Сағынтаев «Президенттің бес бастамасын» жүзеге асыру үшін Үкімет нақты іс-шараларды және іске асыру мерзімдерін қамтитын Жол картасын қабылдағанын айтты.

«Еліміздің барлық өңірлерінде әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға қатысты жұмыстар басталды. Алға қойылған тапсырмаларды орындау бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр», - деді Б.Сағынтаев.

Б. Сағынтаев қазіргі кезде Үкімет еңбек нарығының инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Премьер-Министр барған тағы бір нысандары  -  «Сарыарқа» АЭА аумағында Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша іске асырылған «Бёмер Арматура» ЖШС мен «Recycling Company» ЖШС өнеркәсіптік кәсіпорындары.

Нысанды аралау барысында Бақытжан Сағынтаевқа ИИДМБ-2 аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы баяндалды. Жалпы өңірде 2018 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 689 жаңа жұмыс орнын құрумен төрт өнеркәсіптік жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары А. Айдаров «Сарыарқа» АЭА аумағында 15 қатысушы тіркелгенін айтты.

«Металлургия өнеркәсібін және металл өңдеу саласын дамыту, атап айтқанда әлемдік сауда маркаларын өндірушілерді тарту арқылы дайын өнім өндірісін дамыту қызметтің басым бағыттары саналады.01.04.2018 жылғы жағдай бойынша өндірістік өнім көлемі 50,9 млрд тг құрады, экспорт көлемі — 28,2 млрд тг. Инвестициялар көлемі — 44,1 млрд тг, соның ішінде «Бёмер Арматура» — 3,1 млрд тг, «Recycling Company» — 3,4 млрд тг құрады», - деді А.Айдаров.

«Бёмер Арматура» зауытының бас директоры Кефер Андреас зауыт іске қосылған сәттен бері жалпы сомасы 7,4 млрд теңгеге 14 мыңнан астам өнім шығарылғанын айтты. Келешекте осында шығарылатын шарлы крандар мен ілмекті арматура «Сарыарқа» магистральді газ құбырын салу кезінде пайдаланылатын болады деп жоспарлануда.

АЭА аумағындағы келесі нысан пайдаланудан шыққан көлік құралдарын кәдеге жарату саласындағы Орталық Азия өңіріндегі алғашқы әрі жалғыз зауыт — «RecyclingCompany» болды.

Кәсіпорында Бақытжан Сағынтаев ескі автокөліктерді кәдеге жарату үшін жинайтын өндіріс үрдісімен танысты, сондай-ақ өнеркәсіптің түрлі салаларында одан әрі пайдалану үшін қалдықтардан металл қорытпалары мен пеш отынының аналогы шығарылатын пиролиз және балқыту цехтарын тексерді.

Сондай-ақ, Б.Сағынтаевтың сапары   «Сарыарқа» АЭА аумағында Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша облыс активімен, ірі және шағын бизнес өкілдерімен өткен кездесумен аяқталды.

Б. Сағынтаев кездесуді ашу барысында өңірге Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Президенттің Жолдаулары мен «Бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру аясында облысты дамыту барысымен танысу мақсатында жұмыс сапарымен келгенін айтты.  

Қарағанды — еліміздің ең ірі өндірістік орталығы. Өңірдің ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіп үлесі 50% құрайды. Өңірдегі көптеген өзекті мәселелерді, Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын іске асыру барысын қарап, облысты дамытудың бүгінгі және келешектегі бағдарларын анықтау қажет. Бірлесіп экономикалық өсім, кәсіпкерлікті дамыту және басқа да мәселелерді талқылау қажет.

Өңірде экономикалық өсімнің жаңа моделі қалай қалыптасып жатқаны, экономиканың жаңа сервистік секторлары қалай дамып жатқаны, кадр ресурстарын басқару қалай жүргізілетіні, бәсекеге қабілеттілікті арттыру мәселелері қалай шешілетіні және мұндай бизнестің рөлі қандай екені туралы облыс әкімі Е. Қошанов баяндады.

«Облыста қазіргі таңда шамамен 6 мың жұмыс орнын құрумен 26 жаңа инвестициялық жоба (әрқайсысы бір миллиард теңгеден асады) және 48 өңірлік деңгейдегі жоба іске асырылу сатысында тұр. Инвестициялық жобаларды іске асыру таяу жылдары өңір экономикасына 1,3 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Облыс әкімінің айтуынша, жаңа жобалардың басым бөлігі — жоғары еңбек өнімділігі бар өңдеуші кәсіпорындар, олар, әдетте, өнеркәсіптік интернетпен жабдықталған алдыңғы қатарлы жабдықтарды қолданады», - деді ол.

Сонымен бірге жаппай цифрландыру кадр әлеуетінің бейімделуін, сондай-ақ жұмыстан босатылған адамдарды еңбекпен қамту шараларын қабылдауды талап етеді. Бір жыл ішінде облыс экономикасының барлық салаларында шамамен 10 мың жаңа жұмыс орнын, оның ішінде 6 мыңын тұрақты жұмыс орны ретінде ашу көзделген. Бұдан өзге, 104 мың адам компьютерлік сауаттылыққа оқытылады, бұл халықты тұрмыстық және әлеуметтік салаларда цифрландыруды енгізуге дайындайды.

Өңірде шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде қабылданған шаралар туралы баяндай отырып, Ерлан Қошанов өндіріс көлемі алғаш рет триллион теңге деңгейіне жақындағанын атап өтті. Бір жыл ішіндегі өсім 12% құрады. Сонымен бірге, бизнесті жүргізудегі әкімшілік кедергілерді азайту жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы тексерістер саны 20%-ке қысқартылды, осы жылдың аяғына қарай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тағы 30%-ке қысқарту жоспарланған.

Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда цифрлық технологияларды енгізуге салыстырмалы түрде жақсы дайындалған тау-кен саласы болып табылады. 2025 жылға дейін жүйе құрушы кәсіпорындар 14 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр, олардың әрқайсысы бойынша егжей-тегжейлі жүзеге асыру жоспарлары бар.

Айта кетейік,  Қарағанды облысында төрт цифрландыру жобасы іске асырылуда: «Қазақмыс» корпорациясының екі жобасы — «Жомарт кенішінде жұмысшылар мен көлікті орнықтырудың ақпараттық жүйесін енгізу» және «Нұрқазған цифрлық өндірістік кешені», олар еңбек қауіпсіздігі мен жұмыс тиімділігін арттырып, еңбек өнімділігін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика