Салық саясаты

Мемлекеттік қызметкерлер салық декларациясын электронды түрде ұсынуы керек - Салық комитеті

Мемлекеттік қызметкерлер салық декларацияларын тек қана электронды түрде тапсырғаны жақсы. Бұл туралы бүгін Қаржы министрлігіне қарасты Салық комитеті мен Кедендік бақылау комитетінің бірлескен алқа отырыстарында Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев мәлім етті.
Астана қаласы23 Шілде , 00:00

Салық комитетінің төрағасы алқа отырысына қатысқан Үкімет басшысы Серік Ахметовтен осы мәселені заңнамалық түрде міндеттеуді сұрады.

 

«Біз, мемлекеттік қызметкерлер жыл сайын кіріс пен мүлік туралы декларация тапсырамыз. Өкінішке орай, мемлекеттік қызметкерлердің тек 30 пайызы ғана ол құжатты электронды түрде тапсырады. Сондықтан, Серік Нығметұлы барлық мемлекеттік қызметкерлер жыл сайынғы салықтық декларацияларын тек қана электронды түрде тапсыруы туралы біздің ұсынымызға қолдау білдіруіңізді сұраймын.

Бұл ең алдымен мемлекеттік қызметкерлердің имиджін жақсартса, екінші жағынан алдағы бес жылда барлық салық төлеушілердің есебін электронды нұсқаға ауыстыру жөніндегі Мемлекет башысының «Қазақстан-2050» стратегиясындағы тапсырмасын орындаудың алғашқы қадамы болмақ», - деген салық комитетінің төрағасынан Үкімет басшысы «электронды нұсқада тапсыруға кімдер қарсы болып жүргенін» сұрады. 

«Ешкім қарсы болған жоқ. Тек, біз осы ұсынысты айтып, мемлекеттік органдарға хат жазған болатынбыз. Алайда, одан ешқандай нәтиже шықпады», - деп түсіндірген Салық комитетінің басшысы ең дұрысы - бұл мәселені Үкімет қаулысы арқылы міндеттеу керек деген ойын білдірді.

«Электронды нұсқада тапсырылуына ешкім де қарсы емес. Керісінше, бұл жақсы бастама, мен мүлде қарсы емеспін. Болат Бидахметұлы (Қаржы министрі - агенттік), бұл мәселені зерттеңіздер. Егер бұл мәселе Үкімет деңгейінде шешілуді талап етсе, Үкіметке шығарыңыз, егер бір ғана министрдің бұйрығы арқылы декарацияның электронды тапсырылуын міндеттеу мүмкін болса, оны да өз араларыңызда шешіңіздер», - деді Үкімет басшысы. 




Яндекс.Метрика