Евразиялық одақ

Интеграциялық үрдістерді сапалы деңгейге жеткізу қажет– Г.Қарағұсова

Қазіргі таңда интеграциялық үрдіссіз өмір сүру мүмкін емес. Біз бұл үрдісті жаңа деңгейге көтеруіміз керек, дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарағұсова.
Астана қаласы30 Мамыр , 18:21

«Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы келісімнің ақырғы құжатына мен Қазақстанның азаматы және экономисі ретінде қанағаттанамын. Өйткені бұл шын мәнісіндегі экономикалық одақ. Шын мәнісіндегі экономикалық кеңістік. Бұл ұлы өзгерістерге толы жолдың басы ғана», - дейді депутат.

Оның айтуынша, аталмыш одақтың құрылуы кәсіпкерліктердің мойнына жаңа жауапкершіліктер жүктейді. Бәсекелестік артып, бизнес өкілдерінің ендігі кезекте қосымша міндеттемелері де көбеймек. Алайда бұл тұтыну нарығын кеңейтіп, ел экономикасына оң әсер етпек.

«Адам капиталы, тауар мен қызмет қозғалысына барынша еркіндік беріледі. Өйткені бірыңғай экономикалық кеңістікте ветеринарлық, санитарлық талаптар ортақ болып, қызмет пен өнім бойынша бірыңғай техникалық реттеулер енгізілмек. Біздің жастар бұдан былай одақтың кез келген мемлекетінде еркін білім ала алады», - дейді ол.

Депутаттың пікірінше, қазіргі таңда интеграциялық  үрдіссіз өмір сүру мүмкін емес. «Интеграциялық  үрдістер біздің экономиканы жаңа деңгейге көтереді».

Сонымен қатар, ол Еуразиялық экономикалық одақты Еуропа одағымен салыстыруға болмайды. «Екі одақтың шарттары да жағдайлары да екі түрлі. Біздің сапа талаптарымыз да алуан түрлі», - дейді төменгі палата өкілі.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдың 29 мамырында Астанада Қазақстан, Ресей мен Беларусь Президенттері Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы Келісімге қол қойды. 




Яндекс.Метрика